Алыс-жақындағы қандас бауырлар атамекенге ат басын бұрғалы 20 жылға жуықтап қалыпты. Сынаптай сырғыған осы уақыт ішінде қаншама қазақ баласы туған жерге туын тігіп үлгерді. Оларға қандай қамқорлық көрсетіп жатырмыз? Әрине, бұл тұрғыда әрқалай пікірлер қылаң беріп қалып жүр. Рас, әлі де шешілмеген түйіндер бар. Осындай проблема Сыр өңірінде де кездеседі.
Қызылорда қаласының іргесіндегі Тасбөгет кентінде оралмандарды уақытша бейімдеу орталығы жұмыс істейді. Дегенмен онда тұратын отбасыларға қолайсыз екені жиі айтылып жүр. Өйткені бұл ғимарат өте ескі. Іргетасының қаланғанына 70 жылдан астам уақыт өткен. Алғашқыда онда балабақша болған. Кейіннен оралмандарға арналған орталыққа айналған. Өкінішке қарай, онда өзге елден келген қандас бауырларды жаңа ортаға бейімдеуге ешбір жағдай жоқ. Бұл орталықта 13 отбасы әрең сыйып отыр. Жалпы, мұндай орталықтың маңызы ерекше. Онда өзге елдің заң-зәкөнімен жүріп жүрген жұртшылық жаңа өмірге бейімделеді. Алайда қазір аталмыш орталықта ондай жағдай мүлдем жасалмаған.
Департамент мамандарының айтуынша, еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда, Сыр бойына қоныс тебуге құлықты қандастар саны аз екен. Сондай-ақ облыста оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де өз деңгейінде емес. Арнайы кезек бойынша бар болғаны екі-үш шаңырақ қана баспанаға қол жеткізеді. Әрине, сырттан келген адамдардың өз бетімен баспана салуға шамасы жоқ.
Салхадин МЫРЗАБЕКОВ, Қызылорда облыстық көші-қон департаментінің бастығы:
– Алдағы жылы «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында кешенді жұмыстар қолға алынады деп жоспарланып отыр. Қазына қазанынан қаралған қаржыға облыс орталығының тап түбіндегі Ақсуат елді мекенінен 100 гектар жер осы мақсатта пайдаланылатын болады. Сол аумақта 500-ге жуық отбасына арналып тұрғын үй құрылысы басталады. Қаланың бас жоспарына сәйкес, аталмыш аймақ облыс орталығындағы сәулетті жерлердің бірі болады. Онда тұрмысқа қажетті барлық ғимараттар бой көтереді. Сондықтан өзге елден қандастар Қызылорданың көрнекті аймағына қоныс тебеді деуге негіз бар.
Көші-қон департаментіндегілердің айтуына қарағанда, алдағы жылы оралмандарға барлық жағдай жасалатын көрінеді. Алайда бүгінгі таңда оралмандарды бейімдеу орталығын көрген оралманның көңілі күпті. Аймақтағы мұндай жағдайды естіген қандастарымыздың Сыр еліне көшіп келемін деген ниетінен айнып қалмасына кім кепіл?
Сырға келген қандастардың көбісі қалада тұрғанды дұрыс көреді. Өйткені қалада екі қолға бір жұмыс табуға болады. Алайда қалада тұруға ниет еткен азаматтар үшін баспана жайы қиындық туғызады. Сондықтан осы күнге дейін Қызылорда облысына келген оралмандардың 80 пайызы қала маңында тұрақтапты. Дегенмен ауылдық жерлерде тұруды қалаған қандастарымыз да тіршілік көзін тауып жатыр. Мәселен, облыстың оңтүстігінде қоныс тепкен Жаңақорған ауданы аумағына орын тепкен шеттен келген бауырлар көкөніс-бақша өсірумен айналысады. Сондай-ақ жылыжай шаруашылығын дамытуға да көңіл бөліп жүргендер бар. Олардың арасында жоғары білімді жандар да жетерлік. Олар білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы салаларында қызмет етіп жүр. Жеке кәсіппен айналысатын қандастар да бар. Тек оларға жергілікті әкімдіктен азды-көпті қолғабыс жасалса болғаны.
Дерек
Бүгінгі күнге дейін Қызылорда облысына 20 мыңға тарта қандасымыз қоныс аударған екен. Оны отбасы санына шақсаңыз, 4000 түтіннен асады. Дария бойына келгендер қатарында Өзбекстаннан жеткен жұрттың қатары басым. Облыспен шекара бойлап жатқан елден 18 мыңнан астам адам келіпті. Сыр өңірінен кезінде кеткен адамдардың ұрпағы енді ағайын-туыстың ортасына қайта келуді дұрыс көрген. Сондай-ақ Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Ресейден келіп жатқандар баршылық. Алыстағы Қытай мен Иран жерінен де аздаған отбасылар облысқа атбасын тіреп жатыр. Оған қоса, квотадан тыс, құрамында 2817 адамы бар 1049 отбасы келген.
Қашықтан келген қандастар проблемасы – өзекті тақырыптың бірі. Бұл бағытта елімізде қолға алынып жатқан игілікті істер аз емес. «Нұрлы көш» бағдарламасы осындай көптеген түйткілдің түйінін тарқатады деген сенімдеміз.