"Қайтер едік өмірге келмегенде..."
«...Өлі балық жолығар өлмегенге
Көнеміз ғой, қайтеміз көнбегенде,
Өмір деген осындай жаным менің,
Қайтер едік өмірге келмегенде...»
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың осы бір өлеңін естіген сайын олар Тәңірдің берген сиына мың мәрте шүкіршілік айтады. Қыздары Алина «Сендер қашан көресіңдер, көздерің көрмей осылай жүре бересіңдер ме?» - деп жиі сұрайды.
- Қызымыз осы сөздерді айтқанда, не жыларымызды, не күлерімізді білмей қаламыз. Бір жағынан, қызымыздың сол сөздері бізге үміт сыйлайтын сияқты, - дейді сегіз жасында көз жанарынан айырылып, зағип болып қалған Кербез апай.
Олардың өзіміз күнде көретін жандардан еш айырмасы жоқ. Екеуі де жұмыс жасайды. Ерте тұрып қыздарын мектепке апарып, өздері қызметке асығады. Олар бір-бірімен 1990 жылдардың басында танысты. Тағдырдың тәлкегімен көз жанарынан айырылған олар зағиптар қоғамына жұмысқа келген еді. Танысқан сәттен бастап жан дүниелерінің жақын екенін екеуі де сезген. Содан жыл жарымдай кездесіп жүріп, алдағы өмірді қол ұстасып бірге өткізуге бел байлады. Кейін, бір жылдан соң кіршіксіз сезімдерінің куәсіндей тұңғыштары Данияр дүниеге келді. Міне, жиырма жылға жуық уақыттан бері бір-бірінен еш ажыраған емес. Қиналған сәттерінде бір-бірін қолтығынан демеп, қуанышты күндерін бөлісіп бірге келеді. Жарық дүниенің сәулесін жүректерімен сезінген Мұрат, Кербез Қадырбековтер күндердің күнінде зағип болып қаламыз деп мүлдем ойламаған еді. «Бәрі де жазмыш қой, тағдырдың басқа салғанынан ешкім қашып құтыла алмайды, біз өмірге ризамыз» - дейді жұптары жарасқан жұбайлар.
- 25 жасымда жол апатына түсіп, жанарымнан айырылдым. Сап-сау адамның аяқ астынан зағип болуы қиын екен. Басында қатты қиналдым. Жарық дүниеде өмір сүріп үйреніп қалған маған тас қараңғылыққа үйрену, оған көндігу қиын тиді. Көп уақыт үйден шықпадым. Тай-құлындай тебісіп, бірге өскен достарым мені жалғыз қалдырмауға тырысып, орталарына шақырып, қолдау көрсетті. Көзім көрмегендіктен, талай мәрте шұңқырға да құладым, көлік қағып кетіп, аяғымды сындырдым. Бірақ адам басына түскеннің бәріне шыдайды екен. Ең алғаш осы соқырлар қоғамына келгенде өзімдей адамдармен кездесіп, өзімді жақсы сезінгенім бар. Өмірлік жарымды да осы қоғамнан таптым. Ол да өзім сықылды, көз жанарынан айырылған, зағип жан. Мұңымыз бір болғандықтан шығар, бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Ұлым Данияр жарық дүниеге келгенде қатты қуандым. Бірақ өзегіңді жарып шыққан өз балаңның кімге тартқанын, түр-тұлғасын көре алмаудан асқан азап жоқ. Сонда да болса, ұл мен қыз сыйлаған Тәңірге ризамын. Баламыз да зағип. Қаламыздағы көзі көрмейтіндерге арналған арнайы мектепті бітірді. 10-сыныпты арнайы бағдарлама бойынша Америкада оқып келді, қазір атақты КИМЭП-те «Халықаралық қатынастар әлеуметтік ғылым және саясат» факультетінде екінші курста оқып жүр. Құдайға мың шүкір, қызымыздың көзі көреді. №5 орта мектепте 2-сыныпта оқиды. Біздің үйдегі оң қолымыз - сол қызымыз. Әзірге күнде «бес» алып, бізді қуантып жүр. Жалпы, біреуге жаутаңдап отырғанды ұнатпаймыз. Екі баламызды да жұбайым Кербез өзі өсірді. Коммуналдық төлемдерді төлеп келуге, киім таңдауға туыстарымыз көмектеседі, - дейді Мұрат Жақсығалиұлы.
Ағайдың жары Кербез апай облыстық көзі көрмейтіндер кітапханасында қызмет жасайды. Тифлокомпьютерді меңгерген. Өзі сықылды зағип жандардың заман ағымына сай жылдам ақпарат алуына үлес қосып жүр. «Брайлист» үйірмесіне жетекшілік етеді.
- Бала кезімде тұмау мен қызылша асқынып, бір түнде көз жанарымнан айырылдым. Ыстығым қатты көтерілгеннен көзімнің қан тамырлары байланып қалыпты. Алғашында түсінбей жүрдім. Біртүрлі, бүгін-ертең көзім қайта көріп кететіндей сезімде болдым. Ол кезде мен бар болғаны сегіз жаста едім. Содан кейін бірінен соң бірі екі көзіме ота жасалды. Бірақ бәрі де нәтижесіз болды. Алматыдағы көзі көрмейтіндер мектеп-интернатында білім алдым. Мектеп бітірген соң Оралға келіп зағиптар қоғамындағы цехқа жұмысқа орналастым. Сол жерде Мұратпен кездестім. М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да оқып, кітапханашы мамандығын алдым. Сол кезде де қиындау болды. Брайль әдісімен жазғанда аппараттың дыбысы шығады ғой. Соған кейбір группаластарымыз «Тарсылдатпаңыз» деп ұрсып жүрді. «Мүгедек оқымасын деген заң қай жерде жазылған», - деп біз де өз уәжімізді айтамыз. Қазір балам да сау балалармен оқиды. Кейде соны ойлаймын. Ол да қиналып жүрген жоқ па екен деп. Бірақ сөйлескенде бәрі жақсы деп білдірмейді, - дейді Кербез апай.
«Бәрі де адамның өзіне байланысты» дегенді өмірлік ұстанымына айналдырған олар әркез өздеріне тілектес жақсы адамдардың жолығатынына сенеді.
- Мүмкіндігімізше уақыт ағымынан қалмауға тырысамыз. Қазір мүгедектер үшін барлық жағдай жасалған. Тіпті ғаламтор арқылы да барлық ақпаратты біліп отырамыз. Әдемі, таза киініп жүруге, адамдармен мәдениетті қарым-қатынас орнатуға тырысамыз. «Мен мүгедекпін» деп адам өз-өзін баса берсе, тар шеңберден шыға алмай қалады. Сондықтан өзімізді толыққанды сезініп, ортамен тіл табыса білуге бар күшімізді саламыз, - дейді Кербез апай.
«Біз оқымаған психологпыз»
Олар адамды даусынан таниды. «Біз оқымаған психологпыз» - дейді өздері. Мұрат Жақсығалиұлына өзі басқаратын «Шырақ» мүгедектер қорының жұмысымен көп басшылардың есігін қағуға тура келеді. Сол сәттерде: «Өй, бұл мүгедек адам ғой» деп өзін менсінбеген жандар да болғанын жасырмайды. Тауы шағылып, жаны жабырқаған сәттері де аз болған жоқ. Бірақ адам құлаған сайын тырмысып, алға ұмтыла береді екен, - дейді ол.
– Менде бәрі бар, бәрі жетеді. Құдайға мың мәрте шүкіршілік етемін. Әйтсе де өзім құрған «Шырақ» мүгедектер қоғамында талантты зағип жастар көп. Мені солардың болашағы толғандырады. Көпшілігі қаламыздағы арнайы мектепті бітірген соң үйде отырып қалады. Менің мақсатым – солардың төрт қабырғада отырып қалмауына өз үлесімді қосу. Қазір біразы саз колледжінде, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да оқып жүр. Кей жағдайда оқу орнының басшылары балаларымыздың оқуына қарсы болады. Көздері көрмей қалай оқиды, - деп дау шығаратындары бар. Ондайда өзім хабарласып, мән-жайды түсіндіруге тырысамын, – дейді Мұрат ағай.
Жұбайы Кербезбен алғаш қосылған сәттен бастап, бетпе-бет келген қиындықтар аз болған жоқ. Сондай сәттерде қолдау көрсетіп, жанашырлық танытып, көмек қолын ұсынған мейірімді жандар аз болмапты. Әсіресе заты нәзікжанды болса да, ер-азаматқа бергісіз қажыр-қайратымен үй алуына көмектескен Бәтес Исмағұлованың жасаған жақсылығын ол жиі айтып жүреді. Қашан барса да, жылы қабақпен қарсы алып, тұрақты қолдау көрсетіп жүретін облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Мүсілім Оңдағанұлына да Мұрат ағай дән риза.
Арманын ақиқатқа айналдырған - Алина
Кербез апай көп жылдар бойы шашын өріп тарайтын, қолғанатым болатын қызым болса деп армандап жүріпті. Шын ниетімен тілеген ниетіне орай қызы көрінгенде қатты қуанғанын айтады.
Қаламыздағы №5 орта мектептің 1-сыныбында оқитын Алина - ата-анасына кәдімгідей қолғанат. Пысық, сабақты жақсы оқиды. Кербез апай қызына сабақ дайындауға өзі көмектеседі. Тек жазуын көре алмайтындықтан, арасында репетитордың көмегіне сүйенеді. Картоп аршығанда қалып қойған қара дақтарды тазалау – Алинаның жұмысы.
Тағдырмен тайталасқан олар үй шаруасын өздері атқарады. Демалыс күндері Кербез апай жұбайы Мұраттың жақсы көретін асын пісіріп, мерекелік дастарқан дайындайды. Олар бір-бірін қуантқанды, тосынсый жасағанды жақсы көреді. Дүкен, дәріхана - бәрі үйлерінің қасында. Айналасындағы адамдардың бәрі жұптары жазылмайтын жұбайларды жақсы таниды. Өздерінің ниетінің түзулігінен шығар, өзге адамдардан қиянат көрген күндері жоқ. «Ұл-қызымыз бен «Шырақ» мүгедектер қоғамындағы талантты жастар өмірден өз орындарын тауып, орнығып кетсе екен», - дейді тағдыр тауқыметін бірге көтерген жұбайлар.