Қағазбастылық қолбайлау болып тұр
Қазір барлық салада жұмыс істеп, іспен көрінуден гөрі, қағаз жазып, «отчет беру» кең етек алған. Ісіңнен бұрын есебің сөйлеп тұрса, болғаны. Жақында бұл мәселені Елбасымыз да сөз етіп: «Ұстаздар оқытудың орнына қағаз жазады. Дәрігерлер де емдеудің орнына қағаз жазады. Сонда олар қашан жұмыс істейді?» – деп қоғамды қағазбастылықтан арылтуға шақырды. Қағазбастылықтың талай істі «тұсаулап», тіпті күнделікті тірлік ырғағын да баяулатып, мәселенің туындауына да себеп болып отырғаны рас.
Емхананың негізгі мақсаты аурудың алдын алып, жедел медициналық көмек көрсету болса да, бүгінгі қалыптасқан жүйе айға созылған кезектен аурудың асқынуына әкеліп соғуда. Бір қызығы,жекеменшік емханаларда қағазбастылық жоқ. Бар «қағазы» науқас алғаш емханаға келгенде компьютерге тіркеумен ғана бітеді. Одан әрі ешқандай анықтама сұрамастан, дәрігер де ешқандай қағаз толтырмастан, адамдарды тез-тез қабылдай береді. Осындай ахуалдан жекеменшік емханада айға созылған кезек те жоқ. Барған күні санаулы уақыт ішінде керекті анализ қорытындысын алып, дәрігер қабылдауына да кіріп кете беруге болады. Сондықтан да қағазбастылық пен ұзын-сонар кезектен шаршаған халық қазір лажы болса, жекеменшік емханаға барғанды тәуір көреді. Қағазбастылық тұрғысынан алып қарағанда, жекеменшік емхана мен мемлекеттік емханадағы жер мен көктей айырмашылыққа қарап отырып, науқасты «қағазсыз-ақ» емдеуге болады екен деген ойға қаласың.
Жәмила АППАҚОВА, №10 емхана мейірбикесі:
– Жекеменшік емханада сырқатты дәрігер тексеріп жатқан кезде мейірбике бірден компьютер арқылы дайын бланкіге науқастың жалпы жағдайы туралы мәліметті енгізіп отырады. Дәрігер қағаз жазып уақыт өлтірмейді. Сондай-ақ мемлекеттік емхана жоғарыға есеп беру үшін қағаз толтыруға мәжбүр. Ал жекеменшік емханадан ешкім ондай тәртіпті талап етпейтін болған соң, қағазбастылық болмайды. Дегенмен халыққа ыңғайлы дұрыс жүйе енгізсек, мемлекеттік емханалардағы бұл жағдайды да дұрыстауға мүмкіндік туар еді.
Мектептегі қағазбастылық салдарынан бүгінде ұстаздар да қағазбасты кеңсе қызметкеріне айналған. Өз бетінше ізденіп, білімін жетілдіруіне уақыт тапшы. Айта кетер жайт, қағазбастылықты азайтудың, жұмысты жеңілдетудің бір жолы ретінде кезінде мектептерді жаппай компьютерлендіру ұранға айналғаны белгілі. Әйтсе де компьютер өмірімізге енгелі қағазбастылық одан да күшейіп кеткен тәрізді. Аты-жөнін көрсеткісі келмеген алматылық мұғалім: «Апта бойы таңертеңнен кешке дейін қағаз толтырамыз. Тіпті ертеңгі сабаққа да дайындалып үлгермеймін. Бар уақытың қағаз толтырумен өтеді. Шындығында, адамды қажытып жібереді. Сөйтіп жүріп, мектеп директоры оқушылардың олимпиадаларда орын алуын, жоғары нәтиже көрсетуін талап етеді. Ал біздің оқушымен жұмыс істеуге уақытымыз жоқ», – деп наразылығын білдірді.
Кәсіпкерлер де қағазбастылықтың кәсіпкерлікпен айналысуға бөгет болып отырғанын жиі сөз етеді. Бір құжат алу үшін жүз құжат талап ететін халыққа қызмет көрсету орындарының әрекетінен де жұрт шаршаған. Елімізге келгісі келетін оралмандар келмей жатып қағазбастылықтан қажығандарын айтып, мұңын шағып жүр. Балалар үйінен бала асырап алғысы келетін ата-аналар да қаптаған қағазбастылықтың мақсаттарына жетуге кедергі келтіріп отырғанын айтады. Ең бастысы, жаппай қағазбастылыққа ұрыну арқылы біз бір-біріміздің уақытымызды ұрлап жатқанымызды ескермейміз. Осылайша, қағазбасты қоғам уақытты ұрлап, қолдан мәселе тудыруға себепші болып отыр. Басқалар уақытын тиімді пайдаланып, ғылым мен технологияның қарыштап дамуына көңіл бөліп жатса, біздің қағаз толтырумен уақытымызды өлтіріп жатқанымыз өкінішті.
Егер қағазбастылық қоғамдағы мәселелердің шешілуіне мұрындық болып жатса, сөз басқа. Ал кейбір жерлерде қағазбастылық парақорлыққа себеп болып отыр. Мәселен, бүгінде денсаулық туралы анықтама жұмысқа тұрар алдында, оқуға түсер кезде қажет болады. Ал оны бір анализ тапсырмай-ақ, кез келген емханадан 2000-3000 теңгеге сатып алуға болады. Денсаулық туралы анықтама қағазын талап еткен мекеме де оның қайдан, қалай алынғанын тексермейді. Кейде халыққа қызмет көрсету орындары да көптеген құжаттар тізімін талап етеді, егер «тиын-тебенін» берсеңіз, құжаттар тізімі толық болмаса да, өтінішті қабылдай береді. Демек, керекті нәрсеңді алу үшін тізімде көрсеткен құжаттардың бәрінің міндетті түрде болуы соншалықты маңызды емес.
Алдан СМАЙЫЛ, Мәжіліс депутаты:
– Жаппай қоғамның қағазбастылыққа ұрынуы – жоғарыдан есепті көп талап етуіне байланысты туындап отырған жайт. Мәселен, қалалық оқу бөлімі әрбір мектеп директорынан оқудың сапасы, бала саны, тоқсан сайын тапсырған тестілерінің нәтижесі, оқу бағдарламасының орындалуы секілді, әйтеуір, толып жатқан есепті талап етеді. Ал қалалық оқу бөлімінен оны облыстық білім басқармалары сұрайды. Өз кезегінде облыстық білім басқармаларынан министрлік талап етеді. Осы секілді жоғарыдан сұранған есептер төменгі жақты жұмыс істетпей, қағаз толтыруға мәжбүрлейді. Шыны керек, бүгінде министрліктегі кейбір бөлімдердің негізгі жұмысы – қағаз жинау. Солар отырып алып, қағаз жинағаннан гөрі, жергілікті жерлерге барып, мәселені өз көзімен көрсе, дұрыс болар еді. Олар қағаздағы өтірік есептен гөрі, нақты жағдайды өз көздерімен көрер еді әрі жергілікті жердегі қызметкерлер де қағазбастылықтан арылар еді. Осыдан келіп, қайда барсақ, қағаз жазып, бір-біріне есеп беріп отырған көрініске көзіміз үйреніп барады. Қағазбастылықтан арылудың бір жолы – электронды үкіметке көшу. Электронды хабар алмасуға үйренсек, әркім кезекте тұрып, қағаз жинап, құжаттардың көшірмелерін жасап, керекті жерге өткізіп, керек қағазы жетпей жатса, пара ұсынып, құжаттарын өткізіп жіберуге тырысу секілді мәселелер орын алмас еді. Сондай-ақ әрбір ведомствоның бүгінгі қоғамдағы қалыптасқан қағазбасты жүйені бұзуға тырысқаны жөн. Құр қағаз толтырғанша, жұмыс істесін.