Қазақ поэзиясындағы шоқтығы биік есімдердің бірегейі – Фариза Оңғарсынова. Әсіресе жастар жағы жастанып оқитын Фариза ақынның шығармаларын енді дүйім жұрт оқитын болады. Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Бір ел – бір кітап» жобасына Фариза Оңғарсынованың «Дауа» атты лирикалық жыр жинағы ұсынылды. Яғни кітапхана оқырмандары бір жыл бойы осы ақынның барлық шығармаларымен таныс болады.
Алғашқы өлеңдері баспасөз беттерінде 1960 жылдары жарық көре бастаған Фариза Оңғарсынованың әр жылдары 20-дан астам өлең жинақтары, очерктері, таңдамалы шығармалары кітап болып басылды. «Біздің Кәмшат» повесін оқырмандар жатырқамай қабылдады. Чили ақыны П.Неруда сынды өзге ұлт ақындарының жырларын, драмалық шығармаларын қазақ тіліне аударған Фариза Оңғарсынованың аудармалары мен өлендері жасандылықтан ада, азаматтық лирикасы сыршылдығымен, қоғамдағы, адам мінезіндегі келеңсіз тұстарды дәл нысанаға алуымен оқшауланады. Ақынның шығармасына тән басты қасиет – шындыққа бас июі. «Адамзат тарихында ең алғаш рет орыстың ұшқышы Юрий Гагариннің жердің тартылыс заңын бұзып, жерді айналып шыққанын жақсы білеміз. Бірақ, біле білсеңіз, космановт болып, жерді айналып шығу аса қиынға соғатын шаруа емес. Ол технологияның тіліне, техниканың мүмкіндігіне ғана байланысты. Ал онымен салыстырмалы түрде алатын болсақ, дәл жаныңда отырған адамның рухани әлеміне ұшып бару әлдеқайда қиын. Олар өмір бойы бірге тұрған ерлі-зайыптылар болуы мүмкін немесе көп жылғы әріптес, достар болуы мүмкін. Адамдар бір-бірінің жан дүниесіне ұшып бара алмайды. Әйтсе де адам жанының нотасын дөп басып, ішкі дүниесіне үңілуге тек поэзияның құдіреті жетеді. Ал поэзияны дүниеге әкелетін – ақын. Ол ақын – Фариза Оңғарсынова. Бүгінде Фариза Оңғарсынова Қазақстанда ең көп оқылатын авторлардың қатарында. Оның шығармаларына әлеуметтік пен азаматтық мазмұн тән. Ең бастысы, ақынның жауһар жырлары өз ұлтыңды сүюге, мәдениеті мен салт-дәстүрді қастерлеуге үндейді», – дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты, академик Ғарифолла Есімов.
Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Фариза Оңғарсынова еліміздің Ұлттық академиялық кітапханасы ұйымдастырған «Бір ел – бір кітап» жобасының ұйымдастыру комитетінің төрайымы болған бірінші күннен бастап шараға ыстық ықылас танытып, қамқорлық көрсетіп келген. «Фариза ақын – қазақстандық жазушылардың шығармаларын өскелең ұрпаққа насихаттауда, жастарды кітап оқуға ынталандырып жүрген жандардың бірі», – дейді Ұлттық кітапхананың директоры Әлібек Асқар.
Кітапхана ұйымдастырушылардың айтуынша, жетінші мәрте өтіп отырған жоба аясында Қазақстанның барлық өңірлерінде ақын шығармаларын насихаттау үшін мыңнан астам іс-шара ұйымдастыру жоспарланып отырған көрінеді. Әзірше «Поэзия патшайымы» құрметіне қойылған көрмені қызықтаған оқырмандар ақын шығармашылығынан үзінді оқыды. Бұлардың қатарында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің «Самұрық» журналистік-әдеби клубының мүшелері де бар.
Әлібек АСҚАР, ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры:
– Ең әуелгіде шара Абайдың шығармаларын, қара сөздерін елмен бірге оқу, талқылаумен басталған еді. Одан кейін ел болып Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» повесін оқыдық. 2009 жылы Мағжан Жұмабаевтың лирикалық шығармалары таңдап алынса, 2010 жылы Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасын, 2011 жылы Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романын, былтыр Оралхан Бөкейдің шығармаларын көпшілікке оқуға ұсындық. Сараптама жасаған кезде республика көлемінде 1200-1500-ге жуық іс-шара өткені анықталып отыр. Ал бұл шараларға 1 млн-ға жуық оқырман қатысты деген дерек бар. Биыл комиссия мүшелері алдында бірнеше классик жазушылардың кітаптары жасырын дауысқа түскенде Фариза Оңғарсынованың «Дауа» кітабы таңдалды.
«Поэзия патшайымының» шығармалары ұлықталды
Последние статьи автора