Шымкент қаласындағы «Рахмет, саған, анашым!» атты мүмкіндігі шектеулі балалар аналарының қоғамдық бірлестігі 2017-жылдан бері жұмыс істеуде. Қазіргі таңда бірлестікке 11 адам мүше. Мұндағы аналар біраздан бері өз басындағы мәселелерінің шешімін таба алмай келеді. Олар мүгедек балаларға арналған орталық ашуды армандайды. Жанайқайын жеткізе алмай жүрген аналардың бірі – Алмагүл Кенжетаева. Ол осы қоғамдық бірлестіктің төрайымы.
«Менің екі мүгедек балам бар. Біреуі – 17-де, екіншісі – 19-да, – дейді ол. – Баратын жерлері жоқ болғандықтан көбіне күні бойы төрт қабырғада қамалып отырады. Өкініштісі, қаламызда 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталық жоқ. Біз осыны өзіміз қолға алсақ деп едік. Бұл жерде балаларды өнерге, еңбекке баулығымыз келеді. Бос уақыттарында сурет салып, шахмат, дойбы ойнап, би билеп, ән айтып көңіл көтеріп, осы жерден өз уақытында массажын, тиісті емін алып отырар еді.
Балаларымыздың көпшілігі арбада отырады. Өздіктерінен жүріп-тұруы қиын, сөйлей алмайды. Өз беттерінше киініп-шешінуге де, тамақтануға да мүмкіндіктері жоқ. Барлығы да күтімге мұқтаж. Сондықтан олар үнемі назарда болуы тиіс, өзіміз де сол жерде жұмыс істесек дейміз. Балаларымызға қарайлап әрі бір-бірімізге сүйеу болар едік.
Кәсіпкерлер тарапынан демеуші ретінде бірі ғимарат ұсынып, енді бірі ішін жабдықтап беріп жатса, арғысын өзіміз алып кетер едік. Бір бұрышынан шағын тігін цехын ашып, көрпе-жастық тігіп сатсақ та, шаштараз ашып, ақылы түрде шаш қисақ та, кондитерлік цех ашып, сол жерден тәттілерімізді сатсақ та өз өзімізді қаржыландыра алатынымызға көзіміз жетеді. Мүгедек балаларынан шыға алмай жүрген, бірақ жұмыс істеуге ынталы қаншама ана бар.
Былай-былай шыға қалсақ, балаларды қайда тастап кетеміз деген сұрақ ылғи да мазалап тұрады. Балаларға өзіміз немесе арнаулы мамандар болмаса ешкім қарай алмайды. Орталық ашылса, осы мәселенің барлығы да шешімін табар еді».
Алмагүл ханым осылай дейді. Ол балаларының күтіміне байланысты үйде отыр. Мүгедек балалардың жәрдемақысы есебінен күн көріп отырғанын да жасырмайды.
«Жасымыз 50-ге жуықтады. Бізді еш жерде жұмысқа қабылдамайды. Жаман айтпай, жақсы жоқ, балаларымыз олай-бұлай болып кетсе, жағдайымыз не болмақ? Біз секілді аналарды зейнет жасына ертерек іліктірсе екен дейміз. Сонымен қатар екі бірдей мүгедек баласы барларды қолдаса, мемлекет тарапынан баспана, коммуналдық төлемақы мәселесінде жеңілдіктер жасалса деген де тілек бар. Өз жағдайымызды өзіміз айтпасақ, кім айтады?» – дейді тағы да ол кісі.
«Рахмет, саған, анашым!» қоғамдық бірлестігінің тағы бір мүшесі – Ақмарал Тұшпанбетова. Ол үш баланың анасы, екеуінің мүмкіндігі шектеулі.
– Менің балаларымның бірі – 12-де, екіншісі жақында 18-ге толады. Балаларым өздігінен тамақ іше алмайды, дәретке отыра алмайды, ұдайы жөргекпен жүреді. Бізді алаңдататыны – перзенттеріміздің өмірі мен денсаулығы. Маңдайымызға жазылғаны осы болар, бәріне де мойынсынамыз. Тек мүмкіндігінше олардың жағдайын жасасақ дейміз. Өздері секілді балалардың ортасында жүрсе олардың да көңілі тоқ болар еді. Бір ауық сыртқа шығып, басқалармен де қарым-қатынаста болса, бұл оларға тек пайдасын әкеледі ғой. Әйтеуір бірлесіп жұмыс істесек, әрбірімізге оңайлау тиер еді. Сол мақсатта орталық ашсақ деп сабылып жүрген жайымыз бар. Осы ниетімізді қабыл алып, қол ұшын созамын дейтіндер табылып жатса, әрине, біз де қуанышты болар едік», – дейді ол.
Бұл аналардың мұңы бір. Бәрі де бір жақсылық болар деп ертеңінен үміт күтіп отырған жандар. Бәлкім ел арасынан мұндай ана мен баланың жайына бейжай қарамайтындар табылып қалар?
М. БИБОЛ