Отандық фарминдустрия әлемдік нарыққа бағыт алды
Отандық фармацевтика саласының іргелі жұмыс істей бастағанына табаны күректей 130 жылдай болып қалыпты. Іргетасы қаланған уақытты нақтылай түссек, 1882 жыл. «Химфарма» деген атаумен белгілі зауыт 1980 жылға дейін КСРО елдеріне шикізат өндірумен айналысқан-ды. «Химфарманың» еліміздегі жалғыз зауыт саналғаны да баршамызға белгілі.
Ілкімді істер
Қазіргі кезде Қазақстанның фарминдустрия нарығында ірілі-ұсақты компаниялар саны 80-ге жуық. Ал, жалпы, елімізде шығарылатын дәрілік өнімдердің 90 пайызы «Химфарма», Global Pharm, NobelАФФ, «Ромат», «Қарағанды фармацевтика кешені» сияқты ең ірі зауыттардың үлесінен. Бұдан нені байқауға болады? Отандық фармацевтика саласы даму үстінде. Бұл Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауларындағы «Дәрілердің 50 пайызын өзімізде шығаруға тиіспіз» және «Медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, саламатты өмір салтын алға бастыру –адами әлеуеттің деңгейін арттырудың келесі бір маңызды бағыты» деген сөздерінің нәтижесі болса керек. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Н.Назарбаев құзырлы салаларға 2014 жылға қарай ішкі сұраныстың 50 пайызын отандық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді тапсырған-ды. Ол жөнінде жұртшылық осыдан төрт жылдай бұрын Елбасының Қазақстан халқымен тікелей байланыс кезінде хабардар болған еді. Н.Назарбаевтың айтуынша, Қазақстан бағасы 900 млн АҚШ доллары болатын дәрі-дәрмектердің 90 пайызын импорттайды. Демек, бертінге дейін Қазақстан мұқтаждықтың 10 пайызын ғана өндіре алған.
Айта кетейік, елдегі ішкі дәрі-дәрмек нарығын бірізділендіру үшін арнайы «Самұрық-Қазына Фармация» компаниясы құрылған болатын. Оның негізгі міндеті – еліміздің фармацевтика саласының тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, дәрілік заттарды мемлекеттік сатып алуды орталықтандыру жолымен фармацевтік өнеркәсіпті дамыту және тегін медициналық көмек көрсету шеңберінде дәрілік заттарды сатып алу мен қамтамасыз ету бойынша бірыңғай дистрибьютерлік қызметті іске асыру. Сонымен қатар дәрілерді сатып алудың жүйесін орталықтандыру. Мойындау керек, елдегі қордаланып қалған көп проблема аталмыш компанияның құрылуымен біртіндеп шешіле бастады. Қысқасын айтқанда, сең қозғалды.
Нәтиже
Сонымен нәтиже қандай болды? Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған жетістіктерге қол жеткізе бастады. 2009 жылы өндірілген отандық дәрі-дәрмектер құны 10 миллиард теңге болса, ол 2011 жылы 22 миллиардқа көтерілген. Ал 2012 жылы 28 миллиард теңгенің өнімі өндірілген.
Нарықта инвестициясыз болмайды. Ол кімге де болса мәлім. Алға қойған мақсатты орындау үшін отандық дәрі-дәрмек өндіруші кәсіпорындар инвестиция тартқан-ды. Атап айтсақ, қазіргі кезде Алматы фармацевтика фабрикасы Түркияның NOBEL Pharmaceuticals, «Химфарма» АҚ «Polpharma», «Қарағанды фармацевтика зауыты», ресейлік «Фармстандарт», «ФК Ромат» ЖШС чехиялық FAVEA Europe компанияларымен келісімшартқа отырды.
Солардың қаржылай көмегімен алдағы жылдары елімізде халықаралық GMP стандартына сай сапалы дәрі-дәрмек өндіретін зауыттар салынбақшы. Оның өзінде де Қазақстанның «ФармМедИндустрия» қауымдастығының президенті Серік Сұлтанов айтпақшы, «қаптатып 100 зауыт емес, сапалы өнім шығаратын бірнеше ғана зауыт» салу. Ал жалпы «фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған салалық бағдарламасы» негізінде болашақта жаңартылатыны бар, салынатыны бар, барлығы 26 зауытты іске қосамыз деп отыр құзырлы сала. Олардың бірі дәрі-дәрмек шығарса, енді бірі медициналық керек-жарақ өндірумен айналыспақ. Жоғары технологиялармен жабдықталған мұндай зауыттардың негізгі инвестициялық жобалары 2013-2014 жылдары басталмақшы. Міндет – ішкі сұранысты қамтып қана қоймай, отандық дәрі-дәрмектің 30 пайызын экспорттау.
Негізі, шетелдік, соның өзінде әлемдік нарықта алпауыт саналатын компаниялардың біздің елмен жұмыс істеуге құлшыныс білдірулері жайдан-жай емес. Оларды Қазақстанның әлемдік нарықта пайда табудан есірткі, қару-жарақ, көмірсутектері саудасынан кейінгі төртінші орында тұрған фармация саласына айрықша көңіл бөлулері қызықтырып отырғаны анық. Біраз мысалдар келтіре кетсек, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өткен жылы Францияның «Санофи-Авентис», АҚШ-тың «Мерк Шарп энд Доум» және «Пфайзер Эйч-Си-Пи Корпорэйшн» компанияларымен меморандумға қол қойса, «Самұрық Қазына Фармация» дәрілік заттарды тікелей тасымалдау үшін «Элай Лили», «Санофи Авентис» (Франция), «Тева» (Израиль), «Глаксо Смит Кляйн» (Ұлыбритания), «Хоффманн ля Рош» (Швейцария), «Фармстандарт-Биолек» (Украина) және «Биомарин», «Янссен Силаг» «Мерк Шарп энд Доум», «Пфайзер Эйч-Си-Пи Корпорэйшн» (АҚШ) компанияларымен келісімшартқа отырған. Осындай екі жаққа да тиімді келіссөздердің арқасында «Самұрық Қазына Фармацияның» өзі құрылған 2009 жылдан бергі тегін медициналық көмек көрсету шеңберінде дәрілік заттарды сатып алуда үнемдеген қаржысы қомақты, яғни 18 миллиард теңге.
Жағымды жаңалық: мемлекеттік сатып алулар бойынша айтар болсақ, дәрілік заттар шығарумен айналысатын отандық кәсіпорындардың өндірістік қуаты жылдан-жылға артып келеді:
2009 – 16 – 767 миллион
2010 – 152 – 5 миллиард
2011 – 151 – 7 миллиард
2012 – 168 – 9,3 миллиард
Соны жаңалық: Амбулаторлық науқастарды дәрілік заттармен қамтамасыз етудің ілкімді жобасы қолға алынуда. Нақтырақ айтсақ, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. «Науқастарды электронды тіркеу және амбулаторлық деңгейде есепке алу» порталын құру қажеттілік болып тұр. Бұл бағдарлама бойынша әрбір дәрігердің, сондай-ақ әрбір науқастың жеке коды белгіленеді. Соның нәтижесінде бір науқасқа бірнеше емханадан дәрілік препараттар алуына жол берілмейді. Осылай тегін медициналық көмек көрсету шеңберінде дәрілік заттарды тарату кезінде етек алып бара жатқан жемқорлықтың жолы кесілмек.
Білікті не дейді, биліктегі не дейді?
Қалдыбай Пірәлиев, химия ғылымының докторы, академик:
– Отандық субстанса өндірісіне көңіл бөлсек қана дәрі-дәрмек тәуелсіздігін қамтамасыз етеміз. Бізге толық циклда жұмыс істейтін фармацевтикалық өндіріс қажет. Ол үшін дәл қазір субстансалар импортына негізделеген фармацевтикалық зауыттар салып жатсақ та, болашақта субстансалардың отандық өндірісін жолға қоймайынша, Елбасымыз алға қойған міндетті толық орындадық деп айтуға қақымыз жоқ. («Айқын» газетінен)
Серік Сұлтанов, «ФармМедИндустрия» қауымдастығының президенті:
– Дәрілік өнімдердің субстансасын жасау бізге тиімді емес әрі оның қоршаған ортаға зиянды екенін де ескерген жөн. Сол себепті де біз дайын субстанса өнімдерін пайдаланамыз. Әлемдегі барлық белсенді субстансаның 80 пайызы Қытай мен Үндістанда ғана шығарылады. («Курсив kz» басылымынан)
Түйінді түйткіл
«Фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған салалық бағдарламасын» кешенді жүзеге асырудағы түйіні шешілмей тұрған түйткілке келсек, ол – кадр мәселесі. Өкінішке қарай, біздің елде білімді, білікті фармацевт маманын дайындайын медициналық оқу орны жоқтың қасы.