Наурыз – дін мейрамы емес, халық мейрамы

Наурыз – дін мейрамы емес, халық мейрамы

Наурыз. Оның жыл басы болуының толық астрономиялық негізі бар. Ал Григорий календары бойынша аталып келе жатқан қазіргі жаңа жылдың 1 қаңтарға белгіленуі мүлде басқа мәселе.

Қай жұрт, қай елде болмасын ертедегі жыл санаудың алғашқы бастамасы наурызбен тікелей байланысты болды. Белгілі ғалым, әлем халықтары күнтізбесін зерттеуші Мыңбай Исқақов 1980 жылы Алматыдағы “Қазақстан” баспасынан жарық көрген өзінің “Халық календары” кітабында: “Наурыз мейрамы өте ерте заманнан келе жатыр, ол көктем мейрамы ретінде халықтардың көпшілігінде бар. Екіншіден, бұл пікірді “нау” – парсы тілінен аударғанда “жаңа”, “ырыз” – “күн” сөздері де сипаттайды. Әртүрлі өзгерістерге ұшырай отырса да ол бірталай халықтардың тілдерінде сақталып қалды: орысша – нов /ай/, немісше – нойе, латынша – нео. Сонда “нау” сөзі индо-еуропалық халықтар дараланудан да бұрын қолданылған сөз болып шығады. Ал одан бері кемінде 5000-нан аса жыл өтті!..” деп жазды.

Наурыз мейрамының ерте заманнан бастау алатыны жөнінде бұдан басқа де-ректер де өте көп. Олардың көбі мәселен Нұх пайғамбар кемесінің Қазығұрт тауына келген сәтінде топан суының кері қайтқанын, сонда жерге табаны тиген тіршілік иелері қуанғандарынан қауышып, аспаннан түскен қасиетті қазаннан бірге дәм татқанын, сондықтан да көктемнің бұл күнінің жай жаңа күн емес, ұлыстың ұлы күні деп аталатынын айтары хақ. М.Исақов жоғарыда аты аталған кітабында наурыздың аңыздан берідегі сипатын былайша түсіндіреді. “Наурыз – дін мейрамы емес, халық мейрамы”, “Аурулар сауығамын деп, аштар тойынамыз деп, жалаңаштар киімсіз де күн көреміз дегендей, жұрттың бәрінде үміт, әркімде жылы шырай сезіле бастап, “бәріміз де табиғаттың бергеніне ортақпыз” дегендей сағынышты көрісулері, жалынды құшақ-тасуларымен жаңа жылды қарсы алатын” (Сәбит Дөненбаев) кез. Қай аңызды оқысақ та, қай ғылыми деректі зерделесек те, наурыз мейрамының, жаңа күн жаңа жылдың көктем айында басталатынына көз жеткіземіз.

Қазақ халқының байырғы күнтізбесінің негізі де осында жатыр. Оған қайран қалмасқа еш шара жоқ. Халқымыз о бастан-ақ жыл мөлшерлеу мен күнтізбе жасаудың бірнеше тәсілін білген. Оны аспандағы жеке жарық жұлдыздар және шоқжұлдыздармен байланыстырып отырған. Жылдың төрт мезгілін, ол мез-гілдердегі ауа райының құбылуын, тәулік пен сағаттық мезгілдерді сол жұлдыздар мен шоқжұлдыздардың, аспан денелерінің қозғалыстарына қарап дәл аңғарған.

Халқымыз жыл басы наурыздың жаңа күнін 22-інен санайды. Бұл көктемнің келуі, жер бетінің ақ қардан арылып, жіпсіп, тоң еріп, бәйшешек гүл бас көтеріп, шөп жайқалып, қой қоздап қорада шу болатындықтан емес, қысқы ұзақ түн қысқара-қысқара келіп, наурыздың 21-інде 12 де 12 сағаттық уақыт болып теңеліп, 22 наурызда секөндтеп жарығы ұзара беретін ғаламдық заңдылықтың сәйкес келетіндігінен. Аспан әлемі үнемі айналыста болып, Күн бір жыл ішінде өзіміз жақсы білетін зодиактық шоқжұлдыздар: тоқты, торпақ, егіздер, шаян, арыстан, бикеш, таразы, сарышаян, мерген, ешкімүйіз, суқұюшы, балықтар шоқжұлдыздарының тұстарынан жүріп өтеді. Эклиптика делінетін осы жолында Күн аспан экваторын екі рет қияды. Оның бірі наурыздың 21-індегі күн мен түннің теңелуіне дәл келеді. Күннің осы күннен келесі осы күнге дейінгі жүріп өткен мерзімі жыл деп аталады. Астрономия ғылымында тропикалық жыл делінетін бұл жыл 365 күн 5 сағат 48 минөт 46 секөндті құрайды. Бұл мерзім негізінен қалыпты болып келеді, ол арада бірнеше мыңдаған жылдар өткеннің өзінде небәрі секөндтің бөлшегіндей ғана уақытқа ауытқиды, сондай уақытқа ғана ұзайды.

Бұдан 2,5 мың жылға жуық уақыт бұрын күн мен түннің аспандағы теңелу нүктесі тоқты шоқжұлдызы тұсында болған. Ал шоқжұлдыздың басқа емес, тоқты аталуының өзі бабаларымыздың наурызды сонша жыл бұрын бастағанына айғақ бола алады. Ол кезде өмір сүрген ата-бабаларымыздың көзілдірік тағып, дүрбіні қолданбай-ақ қырағы көздерімен түнгі аспандағы ең көмескі деген жұлдыздардың өзін көре алғаны түсінікті. Жасанды жарықсыз, Айсыз, бұлтсыз тұнық аспанды түнде қай жұлдыздың да шырақша нұр шаша-тыны белгілі. Ал көктемнің салқын самалды ауасы саф түндерінде ол жұлдыздар жайнай түспек. Көктемнің көңілді кештерінде, қой қоздаған, қорада шулаған түндерінде сыртқа шыққан ата-бабаларымыз сол күн мен түннің теңелген тәулігінде көрген шоқжұлдызын тоқты деп атауы да заңды.

Бабаларымыз ол шоқжұлдыздан қойдың өзін, оның мүйізін көзге елестеткен. Оның астрономиялық таңбасы да осы жануардың мүйізіне келеді. Бұл жөнінде қазақтың белгілі ғалым-астрономы, физика-математика ғылымдарының кандидаты Хасен Әбішев өзінің “Аспан сыры” атты ғылыми-танымдық кітабында былай деп жазады: “Қой мүйізіне ұқсас осы таңбаның өзінше шежіресі бар. Ол шынында да қой мүйізін сымбалдайды. Астрономия кур-сының авторлары бұл таңбаны отын жарғыш сынаға, не балтаға ұқсатады. Ол таңбаға сәйкес келмейді. Одан гөрі қоймүйіз деген термин таңбаның түріне сәйкес әрі көңілге қонымды”.

Күн мен түннің көктемгі теңелу нүктесінің бастапқы символы болып қалыптасқан таңбалы шоқжұлдыздан араб жұлдызшылары да қойды елестеткен. Тоқтыдан негізінен екі жұлдыз жақсы байқалады. Одан көмескілеу екеуі көздің қырағылығын қажет етеді. Осы төртеуі аңғарған адамға қойдың мүйізін көз алдыға еселтетеді. 

Ата-бабаларымыздың жаңа жылды көктемгі күн мен түннің теңелу тәулігінен ерте заманнан бастағанын дәлелдейтін ғылыми негіз тек аспанда ғана емес, жер бетінде де бар. Наурыздың 22-індегі таңнан бастап күннің секөндтеп ұзара беретінін, нағыз жаңа жыл, жаңа күн мен жаңару табиғи түрде бастау алатынын дәл есептеген ертедегі қазақ жұлдызшалары жер бетіне расытхана – обсерватория салған. Оның қалдығын ғалым П.И.Мариковский Алматыдан 142 шақырым жердегі Іле бойынан тапқан. Ол жерде көктемгі күн мен түннің теңелуі тәулігіндегі таң мезгілінде түсетін Күн сәулесінің жолы көрсететін ап-анық сызық-арықтар бар. Жазушы-ғалым М.Дүйсеновтің “Біз – күн перзентіміз” атты деректі туындысында Бесшатырдың бар жағындағы осы құпия расытхана жақсы суреттелген. Ондағы сызықтарға Күн сәулесі жылдың бір мезгілінде, тек сол тәулікте ғана түседі. Сөйтіп, ол жаңа таңның, жаңа күн мен жаңа жылдың басталғанын, сол тәуліктен бастап түннің қысқара, күннің ұзара беретінін айғақтайды.

Жеріміз Күнді бір айналып шығатын мерзім – жылдың шартты түрде үш-үш айдан: наурыз, сәуір, мамыр – көктем, маусым, шілде, тамыз – жаз, қыркүйек, қазан, қараша – күз, желтоқсан, қаңтар, ақпан – қыс мезгілдері болып бө-лінетіні баршамызға аян. Астрономия ғылымында бұл нақтылана түседі. Көктем наурыздың 22-інен, жаз маусымның 22-інен, күз қыркүйектің 23-інен, қыс желтоқсанның 23-інен басталады. Ендеше, жаңа жылымыздың дәл 22 наурыздан басталуы жыл мезгілдерінің астрономиялық заңдылығымен де дәл келеді.

Жаңа жылдың наурыздың 22-інен басталуы Жердің Күнді айналуы жолындағы қозғалуы ерекшелігімен де сәйкес. Жер бір жылдың айналым жолында біркелкі жылжымайды. Наурыздың 21 тәулігінен қыркүйектің 23 тәулігіне дейінгі жол – жазғы “жартыжылдығын” 186 тәулікте, ал 23 қыр-күйектен 21 наурызға дейінгі жол – қысқы “жартыжылдығын” 179 тәулікте жүріп өтеді. Бұл Жер ғаламшарымыздың да жаңа жылды көктемнен бастағанын қалайтындай қысқы мерзімге қарағанда баяу, асығып-аптықпай, жақсы мезгілді ұзақ етуге тырысқандай болатынын көрсетеді.

Көктемгі жаңару биосфераға да тікелей қатысты. Бұл уақытта туылған ұсақ мал мен ірі қара жазда өсіп, күзде жұнттай болып семіріп, қыста соғымға айналады. Ал кейбір жыртқыш аңдар мен жәндіктер көктем мен жазда дәурен-тіршілігін жасап, күзде түлеп, қыста қалың ұйқыға кетеді. Көктемде ағаш бұтақтарына, тау жартастары мен шың басындағы ұяларына жұмыртқа салып, балапан шығарып, қанаттандырған құстар да күзге қарай жылы аймаққа қарай ауады. Көктем шыға қайта оралып табиғатты сәнге бөлейді. Осы мезгілде өсімдік әлемі де масатыдай жайнап, жайқалып тұрады да күзде қурап, қыста қар астында қалады. Сөйтіп, наурыздағы жаңа күнді, жаңаруды “күтеді”. Бұл әрекеттердің бәрі де астрономиялық заңдылықтарға – жыл мезгілдерінің алмасуына келіп саяды.

Жаңа жыл мен жаңа күнді көктем мезгілінен бастау тек Шығыс халықтары емес, әлемдегі ерте кезден қала салған кейбір өркениетті елдерде де болды. Мәселен Мексикадағы Юкатан түбегі мен Белиздегі үндіс халқы біздің заманымыздың бірінші мыңжылдығында-ақ тастан қамал қалап, үй салып, егін шаруашылығымен айналысады. Сол әрекеттерінде олар алғашқы кездері алты айға созылатын нөсерлі жаңбырдан зардап шегеді. Оның қашан, қай күні басталатынын білмейді. Абыздар жұлдызды әлемге назар аударып, аспандағы біз сүмбіле деп атайтын ең жарық жұлдызды қадағалай бастайды. Сөйтсе, сол сүмбіле алғаш көрінген кезде-ақ алты айлық нөсер басталып кеп береді екен. Осыны білгеннен кейін майя халқы әлгі нөсерге дейін егіндерінің дәндерін алдын ала аударылған қара жерге сеуіп үлгеретін болады. Нөсерлі айларда олар ешқайда шықпай тастан қашап нешетүрлі әдемі мүсіндер жасаумен айналысады, ал жаңбыр тоқтаған кезде өсіп-өніп, жайқалып тұрған егіндерін жинайды. Майялықтар тастан қала тұрғызу, тастан мүсін жасау, тағы басқадай қолөнері мен сауда-саттық жөнінен сол заманда алдына жан салмаған ел болған. Ол тас қалаларының жүзден астамы белгілі, ірілері – сегіз.

Арабтар жаулап алғанға дейін египеттіктер деген атқа ие болған коп ұлты Ніл өзенін жағалай өмір сүргені тарихтан белгілі. Сол Ніл әр көктем сайын ернеуінен асып тасып, египеттіктердің енді ғана сепкен егістік алқабын шайып кетіп отырған. Бұдан құтылу үшін елдегі абыздар өздері сотис деп атайтын сүмбіле жұлдызына көңіл бөледі. Сүмбіленің шығыс көкжиектен Нілдің тасуы алдында ғана шығатынын аңғарған абыздар оның келесі шығуына дейінгі уақыт аралығындағы күндерді санайды. Ол 365 күн болып шығады. Сол есеп бойынша Ніл таситын күн жақындағанда абыздар оны халыққа ескертіп, өз беделдерін көтереді. Кейіннен ол есеп жыл күнтізбесін, жыл басын жасауға негіз болады.

Рим республикасында біздің дәуірімізден бұрынғы VІІІ ғасырдың орта шенінен бастап қолданған күнтізбеде жаңа жыл наурыз айынан басталған. Оның негізі қазіргі календарларда әлі күнге дейін сақталып келеді. Бірінші айды олар соғысқа тыйым салушы құдай Мартиустың атымен март, одан кейінгі екінші айды гүл ашу деген мағынаны беретін Априлис – апрель, үшінші айды гүлдердің жайқалып өсуін бейнелейтін Майя – май, төртіншісін Юпитер құдайдың зайыбы Юнонаның атымен июнь атаған. Онан кейінгі алты айды цифрлармен келтірген. Ал біздің дәуірімізден бұрынғы VІІ ғасырда ол он айға тағы екі ай қосылады. Он бірінші айға Янус құдайының атын, он екінші айға сол кездегі діни рәсімдерге сай тазару деген мағынаны беретін Февруариус деген атты береді. Сентябрь, октябрь, ноябрь, декабрь, январь, февраль айларының түп-негізінің сол күнтізбеде жатқаны, олардың бүгінгі күнде де қолданылып келе жатқаны белгілі. Июль айы Юлий Цезарьдың, август – Августың есімдерін беруге байланысты өзгертілген.

Біздің дәуірімізден бұрынғы 46 жылы Римде жоғарғы билікті өз қолына алғаннан кейін Юлий Цезарь ресми сапармен Египетте болып қайтады. Содан кейін ол Александрия қаласынан астроном Созингенді арнайы шақыртып алып, оған күнтізбені ретке келтіруді тапсырады. Өйткені, жыл бойындағы күндердің санын тұрақты ету қажет еді. Созиген Юлий Цезарь Египеттен әкелген үлгіні пайдалана отырып, алғашқы үш жылды 365, ал төртінші жылды 366 күн етеді. Соңғы цифрдағы артық күн бүгінде үш жыл аралап барып ақпан айы күндердің соңына қосылып жүр. Созинген сонымен бірге жаңа жылды наурыздан қаңтар айына жылжытады. Оның басты себебі Римдегі ертеден бар рәсім бойынша қаңтар айында билікті қызметке кісі тағайындалып, қаңтардың 1-інен мемлекеттік өмір басталады екен. Міне, бүгінде біз төрімізге шырша ағашын қадап қойып қыстың қақаған суығында, кей хайуанаттардың қысқы ұйқысында, жасыл әлем қар астында қалып, жеміс ағаштары тек бұтақтарымен сидиып тұрған кезде қарсы алатын жаңа жылдың 1 қаңтардан басталу сыры қысқаша осылай.

Ұлыстың ұлы күні – жаңа жылдың басы – наурыз мерекесінің Қазан төңкерісіне дейін тойланып келгені белгілі. Кеңес өкіметі орнаған соң да бұл мейрам “Еңбекші қазақ” беттерінде М.Дулатов, С.Дөнентаев, І.Жансүгіров шығармалары арқылы ел есіне салынып тұрды. Ақыры 1926 жылы оған мүлдем тыйым салынды. Тек арада 63 жыл өткенде, елдегі 1989 жылғы жариялылық лебі ескеннен кейін ол қайта тойлана бастады. 1990 жылы қазақ телевизиясы тұңғыш рет сол кездегі марттың 21-нен 22-не қараған түні тікелей эфир арқылы наурыз тойын халыққа жария етті. 

Жүніс САХИЕВ

жазушы-фантаст, 

ТМД Астрономия-геодезия 

қоғамының толық мүшесі,

adyrna.kz

(Тақырыбы өзгертілген)

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста