Шындық па әлде қауесет пе?
Еліміздегі түрлі деңгейдегі психиатриялық ауруханаларға қатысты жағымсыз ақпараттар ара-тұра болса да айтылып қалып жатыр. Мәселен, «балқаштық адвокат Зинаида Мухортованың еркінен тыс 11 ай бойы психиатриялық мекемеде қамауда отырғаны» (оның сегіз айын Ақтас кентіндегі жіті бақыланатын психиатриялық ауруханада өткізген – авт.). Түрлі ұйымдар араша түсіп, аты аталған қорғаушы өзінің сау екендігін шетелдік мамандардың көмегімен дәлелдеп шыққан көрінеді. Естуімізше, ол қазір өмірі үшін қауіптеніп, Қазақстаннан мүлде қоныс аударса керек. Сонымен қатар, «Алматы облысындағы психикалық денсаулық және наркологиялық бұзылушылықтар орталығы бас дәрігерінің орынбасары И.Кетовтың 7 жылға сотталғанын» алайық. Оған тағылған айып: «И. есімді азаматшаның жұбайынан күштеп емдеу шараларын алып тастау үшін одан 1 миллион теңге алған». Қазақстандық азаматша Әлия Мәжибаева өзінің Facebook парақшасында «еліміздегі психиатриялық ауруханалар маклерлердің «сұрауы» бойынша 20 мың АҚШ долларына үй-жайы бар жалғыз басты қарттарды бір-ақ күнде «есі ауысқан» деген диагнозбен еркінен тыс ауруханаға өмір бойына тығып тастайды» деп ашық жазғаны тағы бар. «Қылмыстық жазаға тартылуы тиіс адамдарға «есі ауысқан» деген анықтама сатылады-мыс» сияқты ақпараттар да қылаң беріп қалады. Ең қорқыныштысы – «Ақтас кентіндегі жіті бақыланатын психиатриялық ауруханада науқастарды адам төзгісіз жағдайда ұстап, тәжірибелік тәсілдермен тыныштандырады. Дәрігерлер мұндай әдісті тәртіпке шақырудың бір амалы деп қана қарайды. Тиісті жерге шағымдану мүмкін емес. Араша сұрадың ба, азапқа дайындала бер» (olegprio.narod.ru) дегенді де оқыдық. Бәрін айт та, бірін айт, қазір елімізде өз-өздеріне есеп бере алмай, жан түршігерлік қылмыстарға баратын жандар саны артпаса, азаймай тұрған көрінеді. Қазір әлем бойынша психикалық ауытқушылықпен тізімде тұрғандар саны 500 млн (!). ДДҰ мамандары оның себебі «әр түрлі» дейді. 500 миллионның 80 пайызы әлеуметтік факторлардан.
Сау адамды жынды қылудың тәсілі
Кім-кімде де «осы айтылғандар шындық па әлде қауесет пе екен?» деген ой туындайтыны заңдылық. Міне, осы мақсатта, ал ең бастысы – қоғамдық проблеманы көтеріп, мақала жазбақ ниетпен «Алаш айнасы» ҚР Денсаулық сақтау министрі С.З.Қайырбекованың атына «Алматы облысы, Ақтас кентінде орналасқан республикалық психиатриялық аурухана жұмысымен танысып, арнайы мақала дайындауға рұқсат беруіңізді сұраймыз» деген мәтінмен хат жолдаған болатын. Арада 1-2 күн өткенде министрліктен хабарласып, хатты алғандарын жеткізді. Шыны керек, құзырлы саланың шұғыл қимылына риза болдық. Алайда неге екенін білмейміз, ол ауруханаға бармауымызға, басқасын таңдауымызға құзырлы орын мамандары ерінбей біраз үгіттеді. Бірақ өз дегенімізде тұрдық әрине. Бұл принцип емес, тек аталмыш аурухана осы сынды мекемелердің ірісі. Қалай дегенде де, олар «дүйсенбі күні аурухана барарсыздар, сіздерді бас дәрігер күтеді. Келісіп қойды» дегендеріне алғысымызды білдірдік.
Сонымен не керек, дүйсенбі күні ауруханаға келдік. Аурухананың бас дәрігері Айдос Әдихан Кеңесұлы келгенімізді естіп, ішке кіруге рұқсат берді. Тәртіп бойынша күзет бар заттарымызды алып қалып, бас дәрігердің қабылдау бөлмесіне шығарып салды. Бөлмеге кіріп жайғасып, жылы амандастық. Бөлмедегі әңгіме былай өрбіді (қаз-қалпында беріп отырмыз.авт.):
– Не себеппен келдіңіздер?
– Министрліктен рұқсат алып, мақала дайындауға...
– Мен сіздерге сұхбат бермеймін.
– ...
– Бұл жабық мекеме. Мен БАҚ тұрмақ прокуратурадан келгендерге ешқандай мәлімет бермеймін. Сондай заң бар.
– Әлбетте. Десек те, прокуратураға керек нәрсе бөлек, біздікі бір басқа. Жүйкесі сыр берген адамдардың ауыр қылмысқа баруының себеп-салдары мемлекеттік құпия емес болар. Мінез-құлқындағы ақаулары бар, ақыл-есі кем жандардың саны артып, олар қоғам үшін үлкен мəселеге айналып отыр. Бұл баршамызға ортақ проблема. Осы тұрғыда әңгімелессек және басқа да сауалдарымыз бар. Бірақ сіз өзіңіз білесіз, жария етуге тыйым салынған деректер төңірегінде сөз қозғамаймыз ғой.
– Мен айтып отырмын, мен сіздермен сөйлеспеймін!
– Онда неге кеше министрлікке солай деп айтпадыңыз? Редакциядан үш адам бірдей Алматыдан 40 шақырым жатқан Ақтас кентіне келмес едік қой.
– Енді айтып отырмын ғой, сұхбат бермейтінімді...
– Сонда сұхбат бермейтініңізді осылай арнайы шақырып айтқаныңыз сіздің ойыңызша дұрыс па?
– ...
– Жақсы, сау болыңыз!
– Жақсы!
Шыны керек, дауласып жатпадық, бірақ ренішімізді жасырмадық.
Иә, «Республикалық жіті бақылаудағы мамандандырылған психиатриялық аурухана» бас дәрігерінің бұл қылығынан кейін «сау адамды жынды қылудың амалдары сан алуан екен» деген ойда қалдық. Әлбетте, аурухана аумағынан сырт жерге шыққан соң біздің «кездесуімізді ұйымдастырған» ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің маманы Баян Қаппарқызымен хабарластық. Мән-жайды анықтап алып, қайта хабарласқан ол «Айдос Кенесович, говорить что вы вели себя неадекватно. По этому он отказывается дать интерьвю». Мәссаған! Айтарға сөз табылмай қалды. Ал Баян Қаппарқызы: «үлкен кісі, қайта-қайта мазалай бермейік. Ертең басқа бір мекемеге баруларыңызға көмектесеміз» деп жас баланы алдағандай асығыс зуылдай жөнелді де, тұтқаны қоя салды.
Айдос Кеңесұлы да, Баян Қаппарқызы «ағама жеңгем сай, апама жездем сай» демекші, бірінен-бірі асып түсті. «Білгенімді істеймін» деп шалқайған бас дәрігер мен оның бұрыс әрекетін «дұрыс» қабылдаған білдей бір құзырлы министрлік маманының бұл қылықтарын қалай түсінуге болады? БАҚ-қа құрметпен қарау дегеннен мақұрым Айдос Кеңесұлының мұнысы мазақ емей, немене? Ойына келгенін жасап отырған бас дәрігердің осынша еркінсуіне ренжімей көр! Қанша дегенмен ол өзінің жекеменшік клиникасында емес, мемлекеттік мекемде жұмыс істейтінін ұмытпағаны абзал. «БАҚ-қа жабық мекеме» дегенді желеу қылған екен, ондай болса, дені дұрыс адам ғой, алдын-ала хабарласқанымызда бір ауыз сөз айтса жетіп жатыр. Немесе, министрлік хатымызға ресми түрде «ол жабық мекеме» деп жауап жазса қайтер еді? Айдос Кеңесұлы мен Баян Қаппарқызының құзыреттік деңгейде ың-шыңсыз ғана шешулері тиіс қарапайым ғана шаруаны осылай шалағай іске айналдырулары ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сын. Әрине, кез-келген БАҚ өкілінен сұрай қалсаңыз осы сынды жағдайлармен бет пе бет келмейтіні жоқ. Ол өз алдына үлкен бір тақырып. Ал ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Зекенқызы бір уақыт тауып осылай тізгінсіз кеткендерді анда-санда болсын тәртіпке шақырып отырса игі еді.
Балаға таласқандар дауын қазір психиатр шешеді
«Бұл ауруханадағы аурулар саны қазір бұрынғыдан көп. Уақыт озған сайын артып келеді десем де болады. Ауруханада жалпы 14 бөлімше бар. Бір бөлімшеде 50-60 науқастан жатса, қызметкерлер саны 30-ға жуықтайды. Біреуі әйелдерге, қалған 13-і ер адамдарға арналған. Науқастар саны 800 адамның көлемінде. Ауруханада қатаң, былайша айтқанда түрме режимі қалыптасқан. Тіпті қызметкерлердің өзін күзет аса жіті бақылауға алған» дейді аты-жөнін құпия сақтауды өтінген Ақтас кентіндегі психиатриялық аурухананың бір медбикесі.
– Жүйке ауруына шалдыққандар санының артып келе жатқаны рас. Сонымен қатар, қазір бізде сараптамалар да көп жасалады. Десе де, басым бөлігі азаматтық істерге қатысты. Дәлірек айтсақ, дүние-мүлікке талас кезінде туындаған даулардың салдары. Мәселен, бір қарт қайтыс боларында үй-жайын кіші баласына мұраға қалдырған екен, оның бауырлары сотқа «әкеміздің есі ауысқан, сондықтан да бұл өсиетхаттың күшін жою керек» деп арызданады. Тағы бір ерекше тоқталып айтпағым, баласына таласқандардың даулары кезінде де осындай сараптама жасалады, яғни не әйелі, не күйеуі сотқа бір-бірін «есі дұрыс емес» деп айыптайтынды шығарды. Сараптаманың осы түрі бұрындары мүлде болмаған еді, қазір күрт өсіп кетті.
Жалпы Қазақстан бойынша психиатриялық сараптама жасайтын құзырлы орындардың ұзын саны – 24. Ал стационарлық деңгейдегі тек біз ғана. Айта кетейін, сараптама кезінде үштен жоғары маман қатысады. Бұл құрамға міндетті түрде білікті деген мамандар іріктеліп алынады. Өйткені сараптама кезінде симуляция тәсілдерін қолданатындар жоқ емес, – дейді Республикалық психиатрия, психотерапия жəне наркология ғылыми-практикалық орталығының бөлім меңгерушісі Ринат Мұзафаров.
Керек емес адамнан құтылудың кеңестік тәсілі
Біреуден құтылу үшін, қылмысқа бармай-ақ, тергеулер жүргізіп, айғақтар мен куәлар іздеп әуре болмайтын әдіс, яғни «есі ауысқан» деп жындыханаға оқшаулау тәсіл КСРО кезінде өте көп қолданылған. Ол жөнінде 1989 жылдың 12-19 қазанында Афиныдағы Дүниежүзі психиатрлар ассоциациясының Бас Ассамблеясында ашық айтылып, КСРО қатты сынға алынады. Оны КСРО Денсаулық сақтау министрлігі ресми түрде мойындады.
Қайта құру кезіндегі ресми мәліметтерге жүгінсек, 1978 жылы психатриялық есепте 4,5 млн. адам тұрған. Олардың саны 1988 жылдың басында 5,5 млн-ға жеткен. Кезінде атышулы болған «Белая книга России» жария еткендей, шындық үшін шырылдаған 2 млн-дай адам дәл осындай психиатриялық қуғын-сүргіннен зардап шеккен.
Тым шектен шыққан КСРО-ны тексеруге бел буған әлемдік ұйымдар біраз сергелдеңге салынып барып, әйтеуір рұқсат алады.
Мына сорақылықты қараңыз, «шетелдік психиатрлар мен сот-дәрігерлік сарапшыларының делегациясы келеді» дегенді естігенде КСРО 1989 жылдың ақпан-наурыз айларында 1 млн-дай адамды жедел түрде «емдеп», ауруханадан шығарған. Бұл 1 млн. жоғарыда көрсетілген есепте тұрған 5,5 млн. адамның 18 пайызы. Бір қызығы, көп адам мұндай есепке қашан және не үшін алынғандарын білмей де қалған.