Қазір қай мешіттің ауласына кіріп барсаңыз да, көзіңіз ең әуелі есік алдында қолын жайып отырған қайыршылар мен заттарын алдына толтырып, қыз-қыз сауда жасап тұрған саудагерге түседі. Өзіңізді мешітке емес, әлдебір сауда орнына тап болғандай сезінесіз. Содан соң, амал жоқ, қалтаңыздың түбінде қалған тиынның жартысын қайыршыға салып, екіншісіне зат сатып аласыз. Саудагерлер мен тіленшектер де адамның буынына пышақ ұрады екен-ау деген ойға қаласыз.
Жақында Алматыдағы бір мешіттің алдында жолдасымды күтіп тұр едім, мынандай қызық оқиғаның куәсі болдым. Қызыл «Тойота» автокөлігінен орта жастағы кісі түсті де, мешіт қақпасына қарай бет алды. Намазға не жеке шаруасымен келген адамның бірі шығар деп ойладым. Ойлағаным сол еді, әлгі кісі мешіттің алдында қаз қатар отырған қайыршылардың қасына барып, бос орындыққа отыра кетті. Сөйтті де, тізелеріне алжапқышты жауып, қолын созып, өткен-кеткендерден қайыр сұрай бастады. Шынымды айтайын, мына оқиға мені қайран қалдырды. Сонда өзін-өзі мүгедек етіп көрсетіп, мешітке келген адамдарды алдау арқылы жеңіл ақша табудың қаншалықты рақаты бар екен? Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз «Егер бір күндік тамағың мен бір күндік жатар орның болса қайыр сұрама» деген жоқ па еді?! Мешіт ауласында қайыршыдан кейін көзге бірден ілігетіні – саудагерлер. Бүгінде қай мешіттің ауласында да алдына тауарларын жайып қойып, саудасын қыз-қыз қайнатып жатқан саудагерлерге тап боласың. Тауарын алмай, саудагердің қасынан өте алмайсың, «мешітке келген соң Алла үшін сатып алуың керек» деп амалсыз қалтаңдағы ақшаңды шығартады. Ал тауарларының бағасы базардағы бағадан әлдеқайда қымбат. Әрине, саудагерлердің неге мешіт ауласына кіріп алатыны түсінікті. Себебі мұнда ешкім саудагерлерді тергеп, тексеріп жатпайды. Тәртіп сақшылары да мешіттің ауласында тұрғандықтан және Құран, дұғаларды сататындықтан, оларды елемей жүре береді. Ең қауіптісі, мешіттің ауласында сатылып жатқан кітаптар, неше түрлі аудио-бейнежазбалар теріс ағымды насихаттайтын дүниелер болуы мүмкін. Оны да тексеріп жатқан арнайы органдар жоқ. Біздің азаматтарға айтарымыз, еліміздегі өзі азғантай ғана мешіттерді қайыршылар мен саудагерлер ортасына айналдырмайық. Мешіттерімізді таза, адал ұстайық!
Оңғар қажы Өмірбек, ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы:
– Жалпы, біз қазір шетелден келетін түрлі діни аудио-бейнежазбаларға тұсау сала алмай отырмыз. Оны кейбіреулер бизнес көзіне айналдырып алған. Сонымен бірге басқа діни ағымның өкілдері мұндай жазбаларды көптеп шығарып, еркін таратып жүрген жағдайлар кездеседі. Мұндай жазбалар қазір кез келген жерде сатыла беретін болды. Осыған тосқауыл қою керек. Ал орталық мешіттің ауласында сатылатын кітаптардың барлығы діни басқарманың сараптамасынан өткен. Біздің мәзһабтың кітаптары. Рас, қазіргі күні мешіттердің айналасында қайыршылар отырады. Бұл әр адамның жағдайына, санасына байланысты. Күнін көре алмай жүрген адамдарға біз не айта аламыз?
Сәбит Тоқтасынов, тұрғын:
– Шын мәнінде, мешіттердегі саудагерлер қандай тауар сатып отыр, ұлтқа қауіпті ме, қауіпсіз бе, сапалы ма, сапасыз ба, онда ешкімнің шаруасы жоқ. Елімізге кітаптарды айтпағанның өзінде, сырттан неше түрлі аудио-бейнежазбалар ағылып жатыр. Сонымен бірге бұрын дұға, сүрелерді Құран кітаптардан оқушы едік, қазір кез келген қарапайым заттың сыртынан көретін болдық. Ол заттардың кейін аяқастында жатқанын көргенде жүрегің ауырады. Қазір жаңадан неке қидырған жұбайларға арналған «Мұсылман неке куәлігі» шықты. Оны саудагерлер жас отбасыға «Осы неке куәлігі арқылы сіз Алланың алдында куәліктен өтесіз» деп алдап, 100 теңгеден сатады. Әрине, мұндай жайттарды тізе берсек өте көп.
Мешіт қайыршылар мен саудагерлер үшін табыс көзі болып кетті
Последние статьи автора