Мемлекеттік рәмізді аяқасты еткендер жазалануы тиіс
Павлодар облыстық ішкі саясат басқармасы ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің облыстық департаментімен бірлесіп Баянауыл мен Железинка аудандарындағы мемлекеттік мекемелерге, облыстық денсаулық сақтау ұйымдары мен әділет басқармасына тексеру жүргізді. Нәтижесінде, бірқатар мекемелердегі мемлекеттік рәміздер бекітілген стандарттарға сай еместігі анықталған.
Облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Бауыржан Қапеновтің айтуынша, облыстық диагностикалық орталықтың ғимаратында Мемлекеттік Ту орнатылмаған. «Бұл ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңын бұзу болып табылады», – дейді ол. Сондай-ақ осы мекеменің мәжіліс залында Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаның орналасу тәртібінің дұрыс еместігі белгілі болған. «Мемлекеттік стандарттарға сәйкес рәміздер мәжіліске төраға етушінің жұмыс орнының сыртына қойылуы тиіс. Ал мұнда, керісінше қарсы қабырғаға орналастырылған. Мекемені қайта тексеру барысында диагностикалық орталықтың ғимаратына Мемлекеттік Ту орнатылды. Ал мәжіліс залы бойынша ескерту сол күйі орындалмаған. Сонымен қатар Ғ.Сұлтанов атындағы Облыстық аурухананың, облыстық балалар ауруханасының, Павлодар қаласындағы №5 емхана ғимараттарында Мемлекеттік Ту мүлде ілінбеген», – деді Бауыржан Әутәліпұлы. Алайда бұл кемшіліктер жайлы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ардақ Күзеков мүлде білмейтін болып шықты.
Ал Железинка, Баянауыл аудандарында рәміздерге қатысты орын алған қателіктер бүгінгі күні қалпына келтіріліп үлгерген.
Бақытжан Сағынтаев, Павлодар облысының әкімі:
– Мемлекеттік рәміздерді кабинеттерге, ғимараттарға орналастыру үшін бюджеттен қаншама қаражат бөлінеді. Сондағы істеп жатқан әрекетіміз мынау. Мемлекеттік рәміздерге аға буын өкілдері атүсті қараса, жастарымыздан қандай сый күтеміз? Ата-бабаларымыз кезінде қанша қырғын соғыс болса да, Туларын тік ұстап, жықпаған. Біз де сол батыр бабалардың ұрпағы емеспіз бе?! Мемлекеттік рәміздердің аяққа тапталуы – Мемлекеттің тапталуы деген сөз. Рәміздерге құрмет көрсетпейтін мемлекеттік мекеме басшылары қатаң жазалануы тиіс.
Ерлан Арын, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, экономика ғылымының докторы:
– Мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарамайтын шенеуніктерге қатаң жаза қолдану керек. Сонымен қатар әрбір мекеменің бастығы, аудан әкімдері осы мәселе жөнінде комиссия құрып, рәміздерді жіті бақылауда ұстау қажет.