Мал мен құстың экологияға қатысы жоқ па?
Әдетте, экология дегенде, ең алдымен, аузымызға ірі өндірісті өнеркәсібі көп шаһарлар ілігеді. «Түйенің танығаны – жантақ» болған соң ғой, әрине. Көз алдымызға будақ-будақ түтін мен қолқаны алған газ елестейді. Лас экологияның «тірі» көрінісі тек қалалар ғана секілді. Айналайын ауыл мұндай проблемадан ада деп ойлайтынбыз күні кешеге дейін. Сөйтсек, күн ұзақ төрт түлігін жайғап, оның қиын үйінің іргесіне үйіп қойып, қаперсіз шайын ішкен ауылдың экологиясы жетісіп тұрған жоқ екен…
Кең даланың төсінде түтін түтеткен, залалды зауыт-фабрикасы жоқ ауылда «қайдағы адасып жүрген экологиялық проблема?» дерсіз. Бір қарағанда, мұныңыз да жөн. Ал зерттеулер мен деректерге үңілсек, ауыл – алтын бесіктегі атмосфера әлдеқашан-ақ «бұзылып» кетіпті.
Деректерді зерделей отырып, экологиясы жұрттың жадынан шығып қала беретін ауыл адамына жанымыз ашыды. Мал жарықтықтың еті мен сүті – тамақ. Қиы – отын. Бірақ ашық жатқан тезектен табиғатқа тиер зиян бар. Демек, ауыл адамының денсаулығының дімкәстігінің бір ұшығы – осында, – дейді ғалымдар.
Сонымен, бір зерттеулер бүгінде мал және құс шаруашылықтарын атмосфералық ауа, топырақ, су көздері ең ірі ластаушылар қатарына жатқызыпты. Шынымен де, солай ма? Мәліметтердің айтуынша, олар қуаттылығы мен ауқымы жағынан ірі өнеркәсіптік нысандарымен пара-пар.
Мәселен, ірі қараның қиында аса жоғары мөлшерде органикалық және бактериялық лас заттар болады. Органикалығы жөн-ақ. Бірақ бактериясы қиындау. Дәл осындай бактериялар өзге де түліктен шығады екен. Бұл-бұл ма, оған мал шаруашылығындағы жуынды ағындарында туберкулез, бруцеллез, сүзекті-паратифозды инфекциялар, сальмонеллез, гельминтоздар, энтеровирустар қоздырғыштары бар дегенді және қосыпты.
Бұл мал шаруашылығының көң араласқан шайынды суларында эпидемиологиялық қауіп төндіретін заттардың болатындығын көрсеткен. Төрт түлік түнейтін қора-қопсының ауасы, негізінен, аммиакпен (26 мг/м3 дейін) және күкіртті сутегімен (14 мг/м3 дейін) ластанады екен. Мұның өзі аз емес. Осының салдарынан суда нитраттар, аммиак және органикалық қосылыстар шоғыры күрт жоғарылайды. Ал бұған ауыл-аймақтағы ағайынның ел шай қайнататын ауыз су алып ішетін су құбырының басына малын айдап апарып, суаратынын қосып қойыңыз. Сонда ауыл адамының денсаулығының қандайлығын ұғыну аса қиын емес. Ол үшін керемет көрегендіктің де қажеті болмай қалады.
Темірғали ШАУШЕКОВ, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, доцент:
– Атмосфералық ауаны газдармен ластаудың негізгі көзі – көң мен құс саңғырығы. Газдар жерге түсу, тасымалдану, сақтау, өңдеу және жою үрдістерінде шығады. Жерге жаңа түскен тезекте анаэробтық үрдістер дами бастайды. Мал шаруашылығы мен құс шаруашылығы қалдықтарының анаэробтық үрдістерінің нәтижесінде 27 газ тәрізді қосылыстар шығады, олардың негізгілері – күкіртті сутегі, аммиак, көмірқышқыл газы, индол, скатол, меркаптандар. Олар фекалийлерден иістер шығуының себебінен болады. Олар жануарларға да, адамдарға да зиянды әсер етеді.
Сондай-ақ ғалым мал шаруашылығына қатысты ірі кешендердің ауылдан мейлінше аулақ салынуы тиіс дейді. «Мысалы, – дейді ғалым, – Қарағандының іргесінде Құрма құс фабрикасы мен Доскей ауылындағы құс фабрикасын алайық. Бұлар маңындағы ауылмен етене араласып жатыр. Олардан шығатын иістен жаздыгүні демалу мүмкін емес. Онда қаншама зиянды газ, нитрат бөлінетінін есептеп шығарудың өзі мүмкін емес». Осындай залалды қалдық заттардың салдарынан бас ауру, жүрек айну аурулары дендеп, тыныс алу, орталық жүйке мен сезім органдарының жұмысы бұзылады екен. Ал деректер «құс шаруашылығы кешендерінен органолептикалық анықталатын арнайы иіс 2500 м дейін таралады. 1000 м дейін – үнемі және күшті, 1500 – 2000 м – үнемі және әлсіз, 2500 – 3000 м – үнемі емес және әлсіз. Сонда 2500 м құс шаруашылығы кешенінен ұнамсыз иістердің таралатын шекарасы деп санауға болады» деседі. Дәл осындай теңдеу ірі қараға да қатысты.
Ауыл адамының қалалықтарға қарағанда аурушаң болуының сансыз себебінің бірі – осы десек, ешкім «тек» дей қоймас. Сондықтан да ауыл экологиясы жүре тыңдап, күле сөйлеуден тыйылуды талап етеді. Өйткені қазақтың 45 пайызы ауылда отыр. Мамандар ол үшін мал шаруашылығының қора-қопсысын үйлерден біршама қашық жерлерге салу, лас заттарды өңдеу мен жоюдың дұрыс жолын таңдап алу қажет деп біледі. Сұйық және қатты қалдықтарды жинау мен шығару және механизацияның көмегі арқылы көң жиналатын орындар болуы тиіс дегенді айтады. Ал, шын мәнінде, үй арасында таудай болып үйіліп жататын көңі жоқ ауыл кемде-кем. Ауыл тұрғыны үшін бұл қалыпты жағдай. Онда тұрған ешбір зиян жоқ секілді көрінуі әбден мүмкін. Алайда зерттеушілер еріккеннен ермек қылмаған болар мұны. Экологияға келгенде, ауылдың ұмыт қалатын осынау олқы тұсының орны қайтсе толығады?
Бұл – ауыл мал өсіруден тыйылсын дегендік емес. Мәселе сол мал шаруашылығын дұрыс үйлестіру мен ауылдың абаттандырылуына баса ден қоюда болып тұр.