Кінәлі мен кінәсізді қалай ажыратамыз?

Кінәлі мен кінәсізді қалай ажыратамыз?

Барлық мамандықтардың ішінде дәрігердің қателікке ұрынуының зардабы өте үлкен. Өйткені дәрігер қателігінің артында әрбір адамның тағдыры, тұтас өмірі тұрады. Әйтсе де қоғамымызда «дәрігердің қателігі­нен мүгедек атандым», «ақ халаттының жұмысына салғырт қарауының салдарынан туысымнан айырылдым» деп арыз-шағым айтатын жандар жетерлік. Сондағы олардың қалауы – дәрігер қолынан тағы бір науқас зардап шекпеуі үшін, қателік жіберген дәрігердің істеген қателігіне сай өз жазасын алуы. Сондай жандардың бірі – Мәмбетова Анар редакциямызға Қызылорда облысы Қазалы ауданы Әйтеке би кентінен хат жолдапты.
«2011 жылғы қаңтар айының 24-і күні дәрі­герлердің міндеттерін дұрыс орын­да­мауының салдарынан, қайта ана болу қа­бі­летімнен айырылып, мүгедекке айнал­дым. 22 қаңтар күні таңғы сағат 10:00-да ішім­нен суы кетіп аурухананың босану бө­лім­шесіне бардым. Гинекология бөліміне жат­қызу туралы тапсырма берілсе де, аку­шер-гинеколог Кутекеева Сәуле: «Толғақ бас­талмайынша перзентханаға жатқыза ал­маймыз», – деп өзімнен қолхат алып, үй­ге қайтарды. Сол күні кешкі сағат 18:00-де әлсіз толғақ басталып, түнгі 23:00-де же­дел жәрдеммен ауруханаға қайта бар­дым. Акушер-гинеколог Ерболатова Ораз­күл қабылдап алып, босану бөліміне жат­қыз­ды. Толғақ күшейіп, 24 қаңтар күні  таң­ғы сағат 6:00-ге дейін созылып, толға­ғым 4 минут сайын қайталанып тұрды. Алай­да баланың жүрек соғысының әлс­і­реуі­не байланысты, перзентхана бөлімінің бас дәрігері Тәжіғұлова Сара мен гинеколог Айтчекова Адия кесар тілігі арқылы босандырып алды. Операциядан кейін, екі тәулік өзімді жақсы сезіндім. Үшінші тәулікте жағдайым нашарлап, дене қызуым күрт көтеріліп, қан кетті. 28-29 қаңтар күндері дәрігерлер: «Жатырға қан ұйып қалған», – деп операция жасап, жатырым­ды тазалады. Айта кетер жайт, кейін белгілі болғандай, сол кезеңде жатырыма қан ұйығанынан емес, сәбидің жолдасының кішкене бөлігі жатырымда қалып кеткеннен операция жасалған екен. Жатырымды операция арқылы екі мәрте тазаласа да ыстығым түспеді. Ыстығым түспеген соң, А.Айт­чекова мен С.Тәжіғұлова мені облыс­тық ауруханаға жіберді. Ақпан айының екі­сі күні облыстық аурухананың реа­ни­мация бөліміне түстім. Облыстық дәрігер­лер диагнозымды анықтап, қайта операция жасап, жатырымды алып тастап, екінші рет ана болу бақытынан айырды.Өзім жаты­рым­ның алынып тасталғанын бір айдан соң естідім. Мен әлі жаспын, көп балалы ана болуды кішкентайымнан армандай­тынмын, бірақ қазір ол арманым мәңгі орындалмасқа  кетті»,– дейді хат иесі.
Мәмбетова Анар мен оның күйеуі Сүлей­мен Әлібеков осы жағдайға байла­ныс­ты өз ісіне салғырттықпен қараған дәрігерлердің үстінен ақпан айының 9-ы күні облыстық прокуратураға арызданған. Осыған орай, арыздағы деректерді анық­тау мақсатында ҚР Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінің медициналық және фармацев­тикалық қызметті бақылау комитетінің Қы­зыл­орда облысы бойынша департамен­тінің 2011 жылдың наурыз айының екісін­дегі №40 тексеру тағайындау жөніндегі актісімен комиссия құрылып, Қазалы аудандық ауруханасына жоспардан тыс тексеру жүргізіледі. Нәтижесінде, кәсіптік міндеттерін дұрыс орындамаған дәрігерлер А.Айтчекова, С.Кутекеева, О.Ерболатова, Р.Бо­ранқұловаларға әкімшілік жаза қолда­ны­лып, айыппұл төлету туралы комиссия қоры­тын­ды жасаған. Редакция­мызға арыз­дан­ған Анар: «Жалғыз мен ғана емес 2009 жылы осы перзентханада босанған, аталмыш дәрігерлердің бақылауында болған туысым 1972 жылғы Алданазарова Динаға да үш рет операция жасалып, жа­ты­ры мен қуығын қоса тігіп, қазіргі таңда бүйіріне трубка қойылып, кіші дәреті сол трубка арқылы бөлініп, мүгедек болып қалды. 2011жылдың тамыз айында осы ау­дан­ның тұрғыны 1992 жылғы Темір­хано­ва Әйгерімді де А.Айтчекова босан­ды­рып, жамбас сүйегі шығып кеткен және жатырында баланың жолдасының кішкене бөлігі қалып кетуіне байланысты жатырын алып тастаған. Бұлай бола берсе, қыз-келін­шектерді үрей билеп, туудан қалады емес пе?» – дейді.
Айта кетер жайт, Мәмбетова Анардың ісі бойынша екінші қайтара құрылған комиссия тағы да дәрігерлерді ақтап шық­қан. Алайда Анар өз бетінше жатырынан айы­рылған жоқ қой, ендеше бұл тексеру­лер­ді «қарға қарғаның көзін шұқымай­тынымен» түсіндіруге болатын секілді.
Бақыт ТҮМЕНОВА, «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті:
– Дәрігердің қателігінен жапа шегіп, оның қателігін дәлелдей алмаған науқастар бізге жиі шағымданады. Бұл – өте күрделі мәселе. Осындай арыздарды қарау кезінде тәуелсіз сарапшылар жетісе бермейді. Ал шағымды қарауға тағайындалған тәуелсіз сарапшының «тәуелсіз» деген аты ғана. Шын мәнінде, ол тәуелсіз сарапшының өзі бір ауруханада дәрігерлік қызмет атқарады. Осылайша, айналып келгенде, «қарға қарғаның көзін шұқымай» бәрі сүттен ақ, судан таза болып шыға келеді. Сондықтан арызға байланысты медициналық сарапта­ма жасау, арыз-шағымдарды тексеру кезін­де  міндетті түрде қоғамдық сарапшы да та­ға­йындалғаны жөн. Әйтпесе, науқас­тар­дың құқын қорғау өте қиын.
Осы орайда, көбінесе дәрігерлердің жіберген қателігіне сай жазасын алу орны­на еш жазықсыз болып шыға келетінін түсінуге болатын секілді. Шыны керек, елі­мізде дәрігер қателігінен мүгедек атанбақ түгіл, адам өлімі тіркеліп жатса да, дәрігер­дің жазаланатын кезі сирек. Мәселен, жа­қында кәсіптік міндетін дұрыс атқармай абайсызда қарияны өлтіріп алған медбике екі жыл шартты мерзімге сотталды. Отба­сы­лық дәрігерлік амбулатория медбикесі 2009 жылы Өскемен қаласының тұрғыны 85 жастағы Надежда Угароваға «корглюк­он» атты жүрек препаратын өз дозасынан 10 есе артық егіп қойып, өлтіріп алған. Мар­құмның туыстары медбикенің салғырт­ты­ғын екі жыл өткен соң ғана дәлелдеп шыға алған. Айта кетерлік жайт, адамдар көбінесе дәрігер қателігін дәлелдеуге табандылық таныта бермейді. Оның үстіне дә­рігер қателік жіберген күннің өзінде оның ісіне тексеруді дәрігерлер жасайды. Осы­лайша, олар зардап шеккен науқасқа «бетбақтырмай» өз өздерін ақтап шығады. Сондықтан келешекте тиісті орындар науқастардың арызын тексеру кезінде шын мәнінде тәуелсіз сарапшы, қоғамдық ба­қы­лаушы тағайындаса, дәрігердің жауап­кер­шілігін күшейтуге сеп болар еді. Мәм­бето­ва Анардың ісіне орай, Қызылорда қа­лас­ынан екі қайтара құрылған комиссия да дәрігерлерді ақтап шығарған. Енді Ден­саулық сақтау министрлігіне арызданып отырған Анар: «Бар үмітім министрлікте», – дейді. Жоғарыдағы ана атанамыз деп, мүгедек атанған аналар ісіне орай тиісті дәрігерге хабарласқанымызда да өздеріне шаң жуытпайтынын байқадық.
Сара ТӘЖІҒҰЛОВА, Қазалы аудандық аурухананың перзентхана бөлімінің бас дәрігері:
– Мәмбетова Анар ауруханаға құрсақ­тағы суы кетіп қалған соң келген. Алайда ауруханаға жатудан қорқамын деп, өз қолымен қолхат жазып, кетіп қалған. Бүгінде оның қолхаты істе тігулі тұр. Іштен суы кетіп қалған соң, жатырға инфекция оңай түседі. Толғағы басталған соң, қайта келген сәтте де: «Маған ештеңе жасама­ңыз­дар, өзім босанам», – деп тағы да қол­хат жазған. Дәрігерлердің толғақ шақыра­тын дәрі егуіне де қарсылық білдірген. Құр­сақтағы бала тұншығатын болған соң, тез арада кесар тілігі арқылы босандырып ал­дық.Сол кездің өзінде жатырға инфекция түс­ке­нін байқап, емдей бастадық. Опера­ция­дан соң жатыр өздігінен жиналмағаннан кейін іште қан жиналып, оны кейін тазала­дық. Алайда инфекцияның әсерінен қа­бын­ған жатырды алып тастауға тура келді. Дәрігердің айтқанына дер кезінде көнбеу салдарынан Анар өз жағдайын өзі ушық­ты­рып алды. Ал Темірханова Әйгерім бүгін­де ауруханадан үйіне шықты. Оған «тубер­ку­лез сепсисі» деген диагноздың қойы­луы­на байланысты жатыры алынып тастал­ды. Алданазарова Динаға кесар тілігі ар­қы­лы операция жасау кезінде дәрігерлік қа­те­лік орын алғаны рас. Ол жағдайға бай­ланысты сот дәрігерді кінәлі деп тауып, айып­пұл төлеттірді.
Мәмбетова Анардың ісіне байланысты дәрігерлер кінәлі болмаса, «А.Айтчекова, С.Кутекеева, О.Ерболатова, Р.Боранқұлова­лар­ға әкімшілік айыппұл ретіндегі жаза не үшін белгіленді?» деген сұрағымызға бас дәрігер: «Науқастың қарсылығына қармас­тан емдеу шараларын жасамағаны, су ке­туіне орай, дер кезінде ауруханаға жатқыз­­бағаны үшін», – деп жауап берді. Аналар­дың да жағдайын білмек болып хабар­ласқан едік.
Әйгерім ТЕМІРХАНОВА:
– Қызылорда облыстық ауруханасы мен­де «туберкулездің белгілері жоқ» деп тап­ты. «Суық тигеннен өкпеге сары су жи­нал­­ған» деген диагноз қойды. Ал жатырға қан ұйып қалғандықтан, жатырды алып тас­таған. Алайда дәрігерлердің үстінен арыз­дану ойымызда жоқ. Олар да адамдар ғой, әдейі істемеген шығар, жанымның аман қал­ғанына шүкірлік етіп отырмын.
Дәрігер: «Біздің кінәміз жоқ, бар кінә­рат аналардың өздерінде»,– десе, аналар: «Өздігімнен осындай күйге түскен жоқпын ғой», – дейді. Әйтсе де Сара Тәжіғұлова­ның «ту­беркулез сепсисі» деп тапқан диаг­­нозының соңында дәлелденбей шы­ғуы да көңіл­ге күдік ұялатпай қоймай­ды. Ендеше, дә­рігерлердің жауапкершілігін қайтіп арт­тырамыз? Айта кетерлік жайт, елімізде кінә­сі дәлелденген дәрігерлердің өзінің жа­за­лануы өте сирек. Осы орайда қателігі, жа­уап­сыздығы дәлелденген жағ­дайда зар­дап шеккен науқасқа өмір бойы өтем­ақы төлеуді міндеттесек, дәрігердің жауап­кер­шілігін арттырар ма едік деген ой келе­ді. Сонда дәрігердің салғырт­ты­ғынан өмір­лік мүгедек атанған жанға өтем­ақы алу ар­қылы бүлінген денсаулығын қа­лыпқа кел­тіруге мүмкіндік туар ма еді?! Сондай-ақ үшінші қайтара Денсаулық сақтау ми­нистр­лігіне арызданып отырған Мәмбетова Анардың ісіне орай, әділ ше­шім шығарса, аналардың үмітінің ақтал­ғаны болар.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста