Киелі құс құрып кетудің алдында тұр
Орнитолог ғалымдар бүгінде елімізде үкінің тым азайып бара жатқанына алаңдаулы. Алайда ұлттық қолөнерде аса сұранысқа ие, сондай-ақ ұлттық салт-дәстүрімізде кәделі сый ретінде жүретін үкі қауырсындары базарларда сықап тұр. Ұзынша таяқтың ұшына неше түрлі ағын, қарасын, сары түсті үкінің қауырсындарын қадап қойып, саудасын қыздырып жатқандар көп. Бағасы аса қымбат та емес. 1-2 мың теңгенің айналасында. Бірақ үкі қауырсынының бағасын сұраған соң саудаласпай алу керек деген қағидаларын көлденең тартып, біраз ақшаға пұлдай қояды. Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген, бірақ қорғау, көбейтуі кемшін болып тұрған құсқа, расында да, қамқорлық қажет болып тұр. Әйтпегенде, қалыңдықтарымызға, бесіктің басына тағатын үкі таппай қалатын түріміз бар.
Пайдасы көп, зияны жоқ....
Бір қарағанда көпшілік үкіні тек үлпілдеген жүні ғана кәдеге жарайды деп ойлауы бек мүмкін. Алайда өткір көзді «түн қарақшысының» келтірер пайдасы шаш-етектен. Бидай алқаптарындағы зиянкестерді түп-тұқиянымен жоятын да – осы құс. Ен даладағы егістіктегі кеміргіштерден тегін залалсыздандырады. Жыл өткен сайын саны да кеміп, сиреп келе жатқан құстың жауы көбейіп тұр бүгінде. Ең басты дұшпаны – әрине екі аяқтылар. Ұстап алып, үкінің үлпілдеген қауырсынын базардағы көтерме саудагерлерге сатса, қалтасын біраз қампайтады. Аз құсты аялаудан да бұрын ақша қажеттірек болуы, осылайша, тұқымын тұздай құртуға бет алғандай. Мекені адам аяғы баспас құз жартас, шөлді алқап, ит тұмсығы батпас орман болса да, теңге деп тентірегендер ол жақтан да тауып алуда. Ресейлік ғалымдар үкінің жылдан-жылға азайып бара жатқандығынан кеміргіштердің тым көбейіп кеткендігін, соның салдарынан қайбір жылдары егіс алқаптары түсім бермей қойғанын айтып дабыл қаққан болатын. Ал бізде тым-тырыс... Бір кездері Түрікменстанның Красноводск қаласына елімізден жүздеген үкі әкетіліп, басын көбейткен екен. Табиғат ананың баурайына жіберілген соң олардың жыл сайын 600 данасын аулап, сатылымға шығарып отырған екен. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары Қызылорда өңірінде көбірек кездеседі деп бақылауға шыққан В.Мищенко бастаған орнитологтер бірді-екілі ғана үкі кездестіргендіктерін жазыпты. Одан басқа үкіге мойын бұрып, маңызды мәселе көтерген маман болмапты. Өкінішті, әрине. Соның салдарынан бүгінде елімізде қанша үкі қалғаны туралы бірде-бір мәлімет жоқ.
Тек «Қызыл кітапқа» ендірілгені ғана – медет. Алайда оның да қорған болып жарытар түрі жоқ. Натуралист ғалым А.Брем үкіні ұзақ жылдар зерттеп, арнайы ғылыми талдау жасаған. Оның пайдасы орасан екенін білген ғалымның үкіні «түн ханзадасы» деп атауы, әрине, тегіннен тегін емес. Ал біз...Үкі біткенді «Қызыл кітапқа» қуып тыққандаймыз да, бірақ...
Ұлттық қолөнерде аса сұранысқа ие...
Үкіні қасиетті құс санайтын қандастарымыз оның үлпүлдегін тіл-көзден сақтайды деп баланың бесігіне, қалыңдықтың орамалы мен сәукелесіне, домбыраға, үйдің төріне, тіпті шашасына шаң жұқтырмас тұлпарларға да таққан. Қазақы дәстүрде құдандалы екі жақ үкі тағу рәсімін жасаған. Бүгінгі күні де үкінің қауырсынына деген құрмет бәсеңдемеген. Автокөлікке дейін үкі тағып қоятын болғанбыз. Ұлы ержетіп, қызы бойжетіп отырған отбасының үкіге деген сұранысы жоғары. Базардағы саудагерлердің саудасын қыздыратын да – солар. Қыз жасауына қосылар басты кәденің бірі де – осы үкі. Келін түсірсе де үкіні шымылдыққа тағып қояды. Бүгінде ұлттық қолөнер бұйымдарына, кәдесыйларға сұраныс жоғары екені белгілі. Қолөнер шеберлері үкіні базардағы сөреге жеткізбей қағып кететін болған. Өйткені үкіні қоспай жасайтын бұйымдары кемде-кем. Әрі үкі қауырсынын сатып алушылардың көшін бастайтын да – осы шеберлер.
Шарипа ЕСІМҚЫЗЫ, суретші, қолөнер шебері:
– Бүгінде ұлттық нақыштағы бұйымдарға көзқарас өзгеріп, қандастарымыз көптеп сатып алуда. Қыз жасауын тіккенде жастықтарына үкі тағамыз, шымылдық тіккенде де үкісіз сәні жараспайды. Ұлттық киімдерге де орайын тауып үкіні әдемілеп тігеміз. Әсіресе баскиімдердің ажарын ашып тұратын атрибуттардың бірі. Қысқасы, үкісіз жасайтын дүниеміз аз. Тапсырыспен көптеп сатып алып қоямыз. Сатушылардың қайдан алатынын білмеймін. Бірақ кейде сатып алуға да таппай қалатын кездеріміз болады.
Бүгінде облыс орталықтарындағы зообақтарда, биологиялық орталықтарда үкіні баптап, бағып отыр. Егер қараторғай, кептер сияқты күнде көріп жүретін құс болса, оны зообаққа апармасы анық, әрине. Былтыр Семей қаласындағы биологиялық орталықта үкі балапан басып шығарып, талайларды таңғалдырып еді. Осы уақытқа дейін тек еркіндікте, өз ұясында ғана балапанын басады деген үкі жүрісінен жаңылып, «жаңалық» ашқан болатын. Үкінің мұндай жағдайда дүниеге келуі өте сирек құбылыс саналады екен... Бүгінде ауыл-аймақтан ауып, таудың бөктеріне қашып кеткен үкі біткеннің тұқымы тұздай құрып кетпес үшін әлі де кеш емес секілді. Ол үшін «Қызыл кітапқа» енген киелі құсты базарларға кімдер, қайдан әкеліп саудалап жүргеніне бақылауды күшейту қажет сықылды. Бәлкім, сонда мәселе шешімін табар?!
Нұртай ДАСТАНОВ, биолог:
– Өзім тауға жақын ауылда тұрамын. Бұрындары тауға шыққанда үкінің ұясын көптеп кездестіретінбіз. Құз, жартасты қиын жерлерге ұя салатын құсты алыстан болса да көретінбіз. Бүгіндері ұясы да, өзі де көзге шалынбайды. Аудандағы, облыстағы ауыл шаруашылығы бөлімдеріне сиреп бара жатқан құсқа қамқорлықты күшейтетіндей бір талап қою керек сияқты.