Ғибратты ғұмыр кешкен, қазақ ауылының сыйлы анасы болған Ғүлзағи Тастанбекқызы туралы сыр-сұхбат
Ақ кимешек киген, жоталы қыр мұрынды, әжімі мол, қараторы өңді Гүлзағи әже қозғалғанда екі бүктетіліп, еденді дүңк-дүңк еткізіп, ширақ қозғалады. Белін жаза алмағаны болмаса, әлі тың, 85-те деп ойлау қиянат тәрізді. Екі сөзінің бірінде «Құдай біледі, құдай сақтаймын десе, сақтайды» деп сөйлейді. Әңгімелесе келе ұққаным, 13 жасынан намаз оқиды екен.
Әже жас бала тәрізді сыр жасырар емес. Алдында отырған шөбересі Азамат әй-шайға қарамай , көзіне көрінген нәрсеге ұмтылып, бағынбай әлек. Оған әже мәз болып күледі. Дауыс көтеріп, жеку жоқ, қайта шөбересінің еркін қимылын қызық көріп, еркін өссе екен деген тілек жетегіне ергендей, сәбидің ырқына әбден көндігіп алған. Балпанақтай толық Азамат ашуға мініп, қолын сермей басынан ұрса, әже бір тісі жоқ иегін жоғары көтеріп, бұрынғысынан да сақылдап күледі.
– Ақымақ тентек емес, ақылды тентек болса, жарады, құлыным. Құдай күнәға жазбасын, өз басым момынды жаратпаймын. Мен үшін момын – жаманның бір түрі.
– Неге олай дейсіз?
– Өзің ақылға салып көрші, қуатым. Момынның әркімге өз есесі де, сөз есесі де кетеді. Кей адам әйел, еркек демей, өткір келеді. Қисынды жерде өткірлік жақсы. Бірақ оның да орны бар. «Мен өткірмін» деп, беталды тау-тасқа соқтыға берсең, не болады. Сол тәрізді, момындықтың да орны бар...
Гүлзағи әже ертеңді-кеш намаз оқиды, былайғы кездің бәрінде шөберелерін жұбатып ойнатады. Бұл да болса – келіндері Әмина мен Бұлбұлға үлкен көмек.
– Сталин өлгенде осындағылардың бәрі жылады. «Көздерің ақсын, неге жылайсыңдар? Кәпірдің өлгені рас па, өтірік пе? Тажалдан құтылдық па, құтылмадық па?» – дедім. Ұлым Кәбір:
– Апа, ұстатып жіберейін бе ?! – деп әзілдеді.
– Ұстатсаң, ұстат. Тауықтың қарасын көрмесем де, тоқсан жұмыртқадан салық салғанын ұмытқаным жоқ, – дедім. Расы солай еді.
– Сізді төрт жыл Алматының абақтысында болған деп естідім...
Гүлзағи әже маған шоши, таңдана қарады.
– Әкем-ау, оны саған кім айтты?
– Немереңіз Бағдат айтты.
– Әй, айналайын ашық ауыз, ақкөңілім-ай. Ол жайында ешкімге жақ ашпаушы едім... Расында, мен Алматының абақтысында төрт жыл отырдым.
–Қалайша , әже ?
Бір тісі жоқ иегін сәл жоғары көтере, мәсісінің қонышын қайта-қайта жұмарлай қысқан күйі: «Ешқашан ұрлық, қылмыс жасамасам да абақтыға қамалдым», – деді тұнжырай.
– Ерім төрт-бес күн төсек тартып, 51 жасында дүние салды. Қазір ойласам, сырқаты соқырішек екен. Үш баламен жесір қалдым. Шиеттей жас бала. «Қалай асыраймын» деген ой жанымды жегідей жеді. Қолдағы бар малды «кәмпеске» деген желеумен «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп, түк қоймай сыпырып алған. Е-е-е, амалсыздың күнінен саудагерлерге ілесіп, үйдегі бар жасау- жабдығымды Қытайға түн жамылып барып сатып, азын- аулақ мал басын құрай бастадым. Бұл «халық жауы» деп қазақтың бар зиялыларын құртқан қаһарлы 1937 жыл еді ғой, балам. Мен де «Жапон тыңшысы» деген атпен қамауға алындым...
– Сізді шекарашылар көрсетті ме?
– Жоқ.Атқа мініп, ақжүрек болып жүрген өзіміздің ағайынымыз Жұмабай деген кедей жігіт көрсетті.
– Иттің баласы, сен мені абақтыға жаптырғаныңмен, ізім өшпейді. Өсімін алдым ғой деп, байлар бес-алты қоздаған қойын сойып жейтін. Мен сол қой құрлы жоқпын ба, артымда өсімім бар. Өкімет аман болса, балаларым жетімдік көрмейді. Алла сазайыңды берсін! – деп, тұтқындалып, Алматының абақтысынан бір-ақ шықтым.
Әркімнің қайғысы өзіне. Ертеңді-кеш балаларымды ойлап тұншығамын. Бір күні оңаша зарлап отырып, өлең шығардым.
– Өлеңіңізді айтыңызшы?
Жүр екен қандай күйде балаларым,
Сарғаяр бала десе саналарым.
Арманым үшеуің де тым жас едің,
Келмейтін ештеңеге шамаларың.
Аман бол, мен көргенше, құлыншағым,
Сынып тұр болымсызбен есіл сағым.
Өзіңе, Жаратқаным, жалынамын,
Өзіңсің тексеретін істің ағын.
Аман бол мен көргенше Әмір, Кәбір,
Қалмайды-ау бала десе менде сабыр.
Қайтейін , тұтқындағы бір мен емес,
Кім жүрмес, өз елінен көрсе зәбір.
Көбін ұмытыппын қалқам. Зарлап айтқанда есіме түскендері ғой.
– Темір тордан қай жылы босап шықтыңыз?
– Абақтыдан 1941 жылы 5 мамырда шықтым. Ұшарға қанатым жоқ. Мақаншыға үшінші күні әзер жеттім. Бала-шағамның қайда екені белгілі. Әуелі жағдайды білгелі колхоз кеңсесіне бардым. Үлкен ұлым Әмір – Темірхан деген, кіші ұлым Кәбір Әмірхан деген қайындарымның қолында көрінеді. Қызым Бәһан үшінші туысқанымыздың үйінде домбаз жасап жүр екен. Мен айдалып кеткенде үш балам да Темірханның қолында қалып еді.
Алдымен қызыма бардым. Ол мені алыстан байқаса да: «Көрісіп жылағанымызды ел мазақ қылады. Төрт жыл шыдағанда енді шыдамай ма?» – деп, алдымнан шықпапты. Шіркіннің намысқойлығын көрмеймісің?!
Ертеңіне Темірхан қайнымның үйіне бардым. Көршілер өліп-тіріліп көрісті.
– Үш балаңның терісі жыртылмай, қолыңа тисе деп едім. Алла аман келтірді. Өзіңді аман көрдім, көріспеймін, – деп қайным Темірхан жылап, бетімнен сүйді.
Сол күні ауыл шетіндегі қараусыз қалған кішігірім ескі үйді сылап-сипап, әктеп, сонда көшіп шықтым. Малымның біразын жеп тауысыпты. Бұтадан қора жасап, қалған бес-алты қойымды, сиырымды өз қарауыма алдым. Түнде ұйқыға жатар алдында: «Астапыралла-а, тар қапаста азап шексем де, көкірегім басылмапты-ау», – деп өзіме-өзім қайран қалдым. Адам қанша қиындық, қиянат көрсе, сонша өршіп, өжеттеніп, қайраттанып кете ме деп ойладым... Әйтеуір, өзім күні бүгінге дейін еңсемді түсірген емеспін.
Бірте-бірте ел қатарына қосылдық, немере, шөбере сүйдік. Бәрінен Құдайға мың шүкір ететінім, ұлым Кәбір халқына қамқоршы азамат атанды...
– Абақтыдан келген соң, Жұмабаймен кездестіңіз бе?
– Жоқ. Көп ұзамай соғыс басталды. Жұмабай мен жоқта үйге келіпті.
– Соғысқа аттанып барамын. Гүлзағи апамның қолынан дәм татсам деп едім. Садық ағамның баласы, қолыңнан дәм татқызшы? – десе:
– Дәмнен садаға кет, иттің баласы, шық үйден! – деп қызым қуып жіберіпті.
Мен өзім болғанда Құдайдан күттім деп, үйге кіргізіп, дәм татқызар едім. «Таспен ұрғанды, аспен ұр» деген ата-бабамыздың салты бар емес пе, қалқам. Ол қан майданнан қайтпай қалды. Тағдыр ғой.
– Біреуге қиянат жасамаңдар, жан баласын жылатпаңдар, – деп балаларыма айтып отырамын.
Әже ақ кимешегінің жиегін қолымен түзеп: «Аллаға өкпем жоқ», – деді жадырай түсіп. – Бір мәрте емес, мың мәрте тоба етем, жесір әйел, жетім бала едік. Арманым – бөбектерім ер жетіп, ешкімнен таяқ жемесе, қорлық, зорлық көрмесе, өз шаруасын өзі істесе деп тілеп едім. Құдайға тоба, бұл күнге де жеттім. Мен жеткем жоқ, Алла жеткізді.
– «Әркімнің балалық шағы – патшаның тағы» деген бар. Жас кезіңізде қандай болдыңыз?
– Бала күнімнен алған бетінен қайтпайтын өр боп өстім.
– Ауылда көрген бейнетіңіз аз емес шығар.
– Жесір әйел, жетім баланың тірлігі қашан оңған? Таң атқаннан күн батқанға дейін колхоз даласында тыным таппай жұмыс істедік емес пе?! Қырман уағы еді. Тізе бүгіп, демалуды білмей, шаң жұтып, шаршап-шалдығып, өңшең әйелдер бидай толы теңкиген-теңкиген қаптарды арбаға тиеп жатқанбыз. Колхоз басқарма төрағасы, егде кісі аттың үстінде шірене отырып, маған қалжың айтса бола ма. Екі білегінен шап беріп ұстап, ерден жұлып алдым. Содан кейін бір сөз айтпайтын болды.
– Қарулы екенсіз ғой?
– Қарулы едім. Екі қап бидайды екі қолтығыма қысып ап, арбаға тией беретінмін. Мереке-тойларда ерлермен қатар, әйелдер де бір-бірімен күреске түсетін. Сондай кездерде қарсыласымның бәрін жеңіп, жеңімпаз атанғам. Өзім балуанның тұқымымын. Амалбек деген бауырым Қытайда күрестен үш дүркін бірінші орынды жеңіп алған. Кейін Қазақстанға көшіп келіп, өзіміздің Одақ, шетел балуандарымен белдесіп, жеңіс тұғырына талай көтерілген. Ол бауырымның айлакерлігі сондай, қарсыласы лақтырғанда кілемге төрт аяқтап түседі екен. Оның жолын қуған Сағдат немерем де бірталай жүлделерге ие болды.
Гүлзағи әже бір қауым уақыт үнсіз қалып, қайта сөйледі.
– Е, ұмытып барады екем. Шамада 1962 жылы-ау деймін, кезінде біздің Қожақұл әулетінен Қытайға ауып кеткен тумаларымыз ауылымызға қайта оралып, өзеннің арғы жағындағы жазыққа Сәнік ауылы боп қоныстанды. Жаңа келгендіктен оларға еңбекақыға бөлінетін астық берілмеді. Ұлым Кәбір мен келінім Әминаның еңбекақысына тиесілі бидайды үйге түсіртпей, машинаның үстіне шелегімді лақтырып жіберіп, өзім кабинаға мініп, Сәнік ауылына бардым.
– Шаңырағыңда қанша жан бар?
– Алты жан.
– Мә, мына алты шелек бидайды ал. Осылай барлық туысқанға ұлым мен келінімнің еңбекақысына тиесілі астықты бөліп бердім. Содан «Біздің ауылды асыраған әже » атандым.
Дүниенің түбіне кім жеткен, қарағым. Алла аманатын абыроймен алса деймін. Балаларымның, ел-жұртымның алдында өлсем, арманым жоқ. Кім біледі. Бәрін Алла біледі. Әйтеуір, аманатын өзіне абыроймен тапсырсам деймін...
Етжеңді, ұзын бойлы, балуандарға тән жалпақ жауырынды әженің сымбатты, мейірімге толы, әжімді, қоңыр, ойлы жүзі бейне астығы аңызақ желмен тербелген күзгі даланы еске салғандай. Азамат атты балпанақтай ерке немересін қасынан бір елі шығармай, оның әрбір қылығына сақылдай күліп, балаша мәз болғанына әуесім келіп, бір жағынан аяп:
– Әже, жасыңыз келген кісісіз, шаршайсыз ғой. Келініңіз көмектессе қайтеді? – деген маған:
– Қарағым, мен шаршамаймын. Неге шаршаймын? Бала бағу да – еңбек. Ата-бабамыз «Еңбексіз рахат келмес, машақатсыз бақыт келмес» деген. Бұл –менің кештеу көрген тұңғыш немерем. Келінім Әмина көмектесер еді, сырқаттанып жүр. Әнеукүні қояр да қоймай, көрші аудандағы атақты тәуіпке алып барғам. Қазір, шүкір, тәуір. Тілегім: Алла-тағалама аманатын осы келінім алдында тапсырсам, өзі мына шаңыраққа, бала-шағасына иелік етсе деген тілек...