Гранттық қаржыландырудың мәні мен мазмұны түсіндірілді
Таяуда ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ғылым комитеті 2015-2017 жылдарға арналған ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру бойынша өтінімдерді даярлау үшін конкурстық құжаттаманы қабылдайтындарын хабарлаған болатын. Гранттық қаржыландыру отандық ғылымды дамытудағы маңызды қадам екені белгілі. Сол себепті «Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ (МҰҒТСО) «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ-ның (ҰҒТАО) үлкен мәжіліс залында Алматыдағы ғалымдар мен ізденушілердің басын қосып, гранттық қаржыландырудың мәні мен мазмұнын түсіндірді. Астанадан арнайы келген Ғылым комитетінің Ғылыми зерттеулер және инновациялық қызмет басқармасының бас сарапшысы Арыстан Иманғазиев пен «МҰҒТСО» АҚ-ның президенті Асанбай Жұмабеков көкейде жүрген ойларын ортаға салып, ғалымдардың сұрақтарына жан-жақты жауап берді.
Жаңа талап бойынша ғалымдар тарапынан ұсынылған ғылыми жобалар бірінші кезекте «МҰҒТСО» АҚ-да жан-жақты сараптаудан өтеді. Бұл үшін ғалымдардың жобаны дұрыс толтырып, тиісті құжаттарды өткізуінің маңызы зор. Жиын барысында мән-жайды байыппен түсіндірген «МҰҒТСО» АҚ президенті Асанбай Жұмабеков:
– Гранттық қаржыландыруға арналған өтінім мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылатынын жақсы білесіздер. Өйткені ғылыми жобаға баға беру үшін біздер тәуелсіз сарапшыларды өзге елдерден тартамыз. Шетелдік ғалымдардың ғылыми жұмыспен танысып шығуы үшін осындай талап қойылуда. Бұдан басқа өтінімдер қағаз және электрондық тасымалдаушыда екі данада ұсынылу қажет екенін естеріңізге сала кетейін. Бұдан басқа гранттық қаржыландыруға арналған өтінімде жоба жүзеге асырылатын 3 жылдық мерзімнен аспайтын ақпарат болуы тиіс, – деді. Осы ретте, Астанадан арнайы ат терлетіп келген сарапшылар іргелі ғылыми зерттеулер бойынша өтінімнің қаржылық көлемі жылына 30 млн теңгеден аспауы керек екенін ескертті. Ал қолданбалы ғылым зерттеулер бойынша жылдық шығын 60 млн теңге болуы керек екенін де осы басқосу барысында білдік.
Өз кезегінде ғалымдар қанша ғылыми жобаға жетекші бола алатынын сұрағанда, оған А.Жұмабеков ғылыми мекеме жетекшілері екі жобаға ғылыми жетекші немесе орындаушы бола алатынын алға тартты. Басқосуда ғылыми орта өкілдері ғылыми жобаны іске асыруда құрал-жабдыққа кететін шығынға жалпы жобаға бөлінген қаржының қанша пайызы жұмсалатынын білуге тырысты. Бұл сұраққа Ғылым комитетінің Ғылыми зерттеулер және инновациялық қызмет басқармасының бас сарапшысы Арыстан Иманғазиев:
– Ғылыми жобаға қажетті жабдықтарға арналған шығындар жобаны жүзеге асырған барлық кезеңінде гранттық қаржыландырудың 20 пайызынан аспауы қажет, – деп қысқа да нұсқа жауап берді. Гранттық қаржыландырудың айрықша атап өтетін тұсы ретінде жас ғалымдар мен ізденушілердің ғылыми жұмыспен айналысуына барынша мүмкіндік туғызып отырғанын атап айтуымыз керек. Жаңа талап бойынша ғылыми жобаны іске асыру барысында Ғылым комитеті белгілі көлемде оған жас мамандарды тартуды міндеттеп отыр. Бұл қос қолды көтеріп тұрып қолдайтын орынды бастама екені сөзсіз. Осы жайттан гранттық қаржыландыру ісі елімізде ғылыми кадрларды дайындауға айрықша серпіліс туғызып отырғанын байқаймыз.