Фельдшерлер «Жедел жәрдемді» сүйретіп жүр

Фельдшерлер «Жедел жәрдемді» сүйретіп жүр

Алматы облысы Қарасай аудандық аурухана басшылығы аудандық же­дел жәрдем бөлімі тағдырының қыл үстінде тұрғандығын айта-ай­та шаршаса керек, еститін құлақ бол­са... Бірақ «жаны ашымастың қасын­да басың ауырмасын» деген бар. Соңғы демдері біткенше көмек сұрап жыларман халге түскен жедел жәрдемдіктердің жанайқайы, әйтеуір, бір жерге жетуін жетеді, бірақ сол жақта «жер жастанады». Ол жер құзырлы ми­нистрлік пе, жергілікті облыстық әкім­ші­лік пе, Алматы облыстық ден­сау­­лық басқармасы ма – қазір ол ма­ңыз­ды емес. Бұл мәселені ендігі ел қалау­лы­ла­рының араласуымен ғана шешу ке­рек сияқты. Өйткені жағдай шынымен мүшкіл.

 Алматы облысы Қарасай ауданында бүгінгі күні төрт жедел жәрдем пункті жұмыс істейді, яғни Ка­мен­ка елді мекенінде, Алатау мен Шамалған ауы­л­дарында және Шамалған стансысында. Нормативтік құжат­тарға байланысты, яғни ҚР Денсаулық сақтау iсi жөнiндегi агенттiгiнiң 2001 жылы қабылданған №756 бұйрығына сәйкес, негізі, әрбір 10 000 адам­ға бір «Жедел жәрдем» көлігі қызмет көрсетуі тиіс екен. Ал сөз болып отырған аудандағы «Жедел жәр­дем» көліктерінің саны осы талапқа сай ма?

Сәуле Дүйсенбаева, Алматы облысы Қарасай ауданы жедел жәрдем бөлімінің меңгерушісі:
– Негізі, бұл төрт жедел жәрдем пунктері 2005 жылдан бастап ашыла бастады. Оған дейін жағдай тіптен қиын болатын. Не рация жоқ, не диспетчер жоқ. Рас, қазір жағдай аз да болса жақсарып қалды. Де­генмен «адамның өзі жетпеген жерге сөзі жетеді» демекші, тықырға тіреліп отырмыз ғой, мүшкіл халімізді тиісті орындардың назарына тағы бір салсақ дейміз. Ресми дерек бойынша, біздің ау­данда 172 мыңға жуық тұрғын тұрады-мыс. Ал шын мә­нісінде, біздің есебіміз бойынша, халық саны 260 мыңнан (!) асып жығылады. Ал аудан бойынша бар-жоғы тоғыз «Жедел жәрдем» көлігі бар. Алтауы – Қаскелең қаласында, төртеуі мана айтылған төрт жедел жәрдем пункттеріне бекітілген. Ал нормативтік құжат бойынша, әлгі 260 мыңға 26 көлік бө­лінуі тиіс. Тіпті оған мүмкіндік болмаса, жоғарыда айтыл­ған 172 мың халыққа жеткізіп берсінші. Со­ның өзі көп проблеманы шешкен болар еді.
Тағы бір айта кетерлігі, көліктердің басым бөлігі әбден тозған. Онсыз да жетпей жататын транспорт бүгін жүріп тұрса, ертең істен шығып қалады. Оны жөн­детудің өзі – біз үшін бір қиямет-қайым. Фельд­­шер­леріміздің кезекшілікте жүргендерінде оталмай қалған «Жедел жәрдем» көлігін өздері итеруге дейін ба­ратын кездері аз емес. Нақақтан-нақақ ауыр сөздер ес­ти­тіндер де солар. Өткенде бір жігіт «Жедел жәр­демді» күте-күте шыдамы таусылған соң, ауыр халде жат­қан туыс­қанын ауруханаға өзі алып келіпті. Келе дау шы­ғарып, аузына келгенді айтты. Әрине, оны тү­сі­неміз. Бірақ не дейміз? Кінәлі адамдай жақ ашпа­дық.

С.Дүйсенбаеваның сөзіне біздің де қосарымыз бар. Қарасай ауданына қарасты ауылдардың дені іргетасын кейін қалаған. Жолдары әлі де болса тау-тас. Қыстың күні тайғақ, көктем, күз айларында бат­пақ, яғни шапшаң келуі тиіс көмек мұндай күндері тым шабан. Жедел жәрдем шақырғандар кей күн­дері күрт көбейіп кетеді. Ал науқас өмір мен өлім үс­тін­де жатса ше? Бұл аздай, қосалқы пункттер әлі де болса сапалы әрі қолжетімді байланыс жүйесімен дұ­рыс қамтамасыз етілмеген.

Тағы бір нормативтік құжаттың бұзылып отыр­ғандығынан да хабардар болдық: же­дел жәрдем көлігі әрбір үш жыл сайын жа­ңар­тылып отыруы тиіс екен. Ал біз сөз етіп отыр­ған аудандағы көліктердің ба­сым бөлігінің үзіліссіз жұмыс істеп жат­қан­да­рына 10 жылға жуықтап қалыпты.
Қазір бұл жедел жәрдем пункттерінің әр­қайсысында 10-ға жетеғабыл ауылдар­дан бар. Оларда да тұрғындары мен бөлініп отыр­ған бір-бір жедел жәрдем көліктерінің жә­не бригадаларының саны алшақтығы жер мен көктей.
Оған төменде сөз алған мамандардың сөз­дері дәлел.
Гүлжахан НУРИЕВА,
«Алатау» жедел жәрдем пунктінің меңгерушісі:
– Біз 10-ға жуық ауылға қызмет көр­се­­теміз. Халық саны болса 20 мыңнан жо­ғары. Бар-жоғы бір ғана көлік. Оның өзі әбден ескірген. Жүргізушілер кей кез­дері көлікті өз қаржысына жөндету­ге мәж­бүр болады. Тіпті олардың пай­да­ла­нуға жарамай қалатын күндері де аз емес. Ондай жағдайда емхана мен­ші­гін­дегі көлікті сұрауға тура келеді. Жан-жақ­тан хабар түсіп жатқанда, жа­ны­мыз­ды қоярға жер таппаймыз. Жа­­­­­­­­нар-жағармай да қасқалдақтың қа­нын­­дай. Амал жоқ, тығырықтан шығар жол­­ды өзімізге табуға тура келеді. Ал қат­­ты науқастанып жатқан адамға осы жағ­­дайымызды айтып көріңізші, біреуі тү­сінеді, біреуі түсінбейді. Қатты ашуға бу­лық­қан адамдардың балағат сөз­де­ріне тіпті етіміз де үйреніп кетті. Халықтың ден­саулығы тек біздің ғана емес, мем­лекеттің де жауапкершілігінде шығар?

Адалят ОСМАНОВА, Каменка ауылдық округіндегі жедел жәрдем пунктінің меңгерушісі:
– Біздің қарамағымыздағы аумақтың ха­лық саны қазір 50 мыңға жуықтаған. Ал ресми дерек бойынша 29 мыңдай. Тіпті шынайы көрсеткішті айтпағанда, әлгі 29 мыңға үш көлік тиесілі болуы керек. Өздеріңіз білесіздер, қала ма­ңын­дағы ауылдарда жаңадан салынып жат­қан баспаналар көп. Олардың бар­лығы бір­дей тіркелмеген. Оның үстіне бас­пана жалдап тұрып жатқандар қан­шама! Оны баршасы біледі. Ешкімге жа­ңа­лық емес. Алайда бұл мәліметті еш­кім­нің ес­кергісі келмейді. Біздің пункт осы­­дан 10 жыл бұрынғы көрсеткішке сәйкес жаб­дық­талған. Нақтырақ айтсам, 2000 жыл­­дардың басында бұл аймақта 7000-нан астам халық тұрған деген дерек бар. Міне, осы 7000-ға бір көлік бұ­йы­рып отыр. Ал өткен жылғы халық санағы бо­йынша, қазір бұл көрсеткіш, жо­ғарыда айтып өттім, 29 мыңға жеткен. Осы 29 мың адамға есептеп бөлсінші кө­лік санын. Ал әлгі шынайы 50 мың адам жайында айтпай-ақ та қояйық.

 «Байдың асын байғұс қызғаныпты» демеңіздер, бірақ айтуға тура келіп тұр, есесіне еншісіне миллиардтар тиіп жатқан нысандар жеткілікті. Мысалы, «Салауатты өмір салты» ұлттық орталығын алайық. Отан­дық БАҚ мәліметтеріне сенсек, аталған бағдарламаны жүзеге асыру мақ­са­тында 2008-2010 жылдары мемлекеттiк бюд­­жеттен 4 628 852 мың теңге, оның iшiнде рес­пу­бли­калық бюджеттен 2 438 130 мың теңге, жергiлiктi бюд­­жет­терден 2 190 722 мың теңге қарастырылған.
 «Салауатты өмір салты» ұлттық ор­та­лы­ғы жайында бір сөзінде Қазақстан ден­сау­лық сақтау ісінің үздігі Тұрарбек Төлендиев бы­лай деген еді:
– «Салауатты өмір салты» ұлттық орта­лығының жұмыстарынан біз күт­кен­дей нәтиже көріп отырған жоқпын. Олар­ға, мә­се­лен, 2009 жылы 1,5 мил­лиард тең­ге қар­жы бөлінген екен. «Ай­да­ғаны бес ешкі, ыс­қырығы жер жа­ра­ды» деген осы емес пе? Са­лауатты өмір салтын қа­лып­тастыру про­бле­маларының ұлт­тық ор­талығы  бар екенін білсе де, олар­дың не істеп жүргендерінен хабар­сыз жандар жоқ емес.

Мойындау керек, «Салауатты өмір сал­ты» ұлттық орталығының жұмысы бас­шы­лық­қа Сәуле Диханбаева келгелі бері қолға алы­на бастаған. Алайда халық жедел жәр­дем­ге зәру болып отырғанда, «Салауатты өмір салты» ұлттық орталығына осынша қар­жы бөлгеніміз қалай екен?
Денсаулық саласына бөлінген қаржы қай­да кетпей жатыр?.. Желге ұшып жатқан қаржыны ойласаң, ішің удай ашиды. Мысал келтіре кетсек, еліміз қолы аузына жеткелі бері 2009 жылға дейін 43 миллиард теңгеге жуық қаржыға заман талабына сай меди­ци­налық құрал-жабдықтар сатып алыпты. Құ­зырлы министрліктің өзі жариялаған мә­лі­метке сенсек, қазіргі кезде 500 миллионға жуық теңгеге сатып алынған 300-дей бірлік құ­рал-жабдық қоймаларда қаңтарулы күйі тұр екен. Алайда бұл – ресми дерек. Ал құ­зырлы министрлік жа­уырды жаба то­қып, әлгі қорап күйінде тұр­ған құнды құ­рал-жабдықтар санын қайтсе де кемітіп көр­сетуге тырысып бақпаса, неғыл дей­сіз. Өйт­кені жоғарыдағылардың қаһарына ілі­гу­лері әбден мүмкін.
Енді осы жуырда «Саламатты Қазақ­стан» атты жаңа жоба қабылданды. Үкімет 2011-2015 жылдарға арналған ден­сау­лық сақтау саласын дамыту жөніндегі бұл бағ­дар­ламаны жүзеге асыру үшін 500 миллиардқа жуық теңге қарастырған. Ма­ман­дар­дың пікірлерін алға тартсақ, бұл жоба әлі пісіп-жетілмеген. Иә, шикі жобаға осын­ша қаржы сұ­раған құзырлы ми­нистр­ліктің араны тағы ашы­ла түскен екен. Шыны керек, «Са­ла­матты Қазақ­стан­ның» да бағы жанбай қа­лар ма екен?» де­ген күдігіміз бар. Қомағай жо­баларды қо­жырата бергенше, бөлініп жат­қан қаржыны дұрыс игеріп, әл­де­қа­шан­нан қа­лыптасқан жұмыс ырғағын жөнімен ат­қа­рып отырса, содан абзалы жоқ.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста