Әке атанғанның барлығы бірдей «асқар таудай» болса ғой шіркін! Әттең олардың арасында баласына жат саналып жүргендер қаншама! «Жат» демеске амалың қане? Үйленіп, балалы болып, дәм-тұзы жараспаған ерлі-зайыптылар артынша айырылысып тына ма, үйінен қалай кетеді, кейбір ер-азаматтарымыз үйінен қалай кетсе, әйел-баласын солай ұмытып кете барар. Біреулері тіпті алимент төлемес үшін із жасыруға бар. Мұндайда араға заң органдары араласады. Ер-азаматтың бала алдындағы борышын сот арқылы орындату қайбір оңғандық дерсің? Алайда «ен» салмасқа шараң жоқ, әйтпесе қашып кетер.
«Қашқын» дейміз бе, «жауапсыз» дейміз бе, әйтеуір барын баласынан тығып жүргендерге қатысты нақты мәлімет ешкімде жоқ. Бұл нені білдіреді? Біздің елде алимент төлету мәселесі әлі де пісіп-жетілмеген. Бұл – бір. Екіншіден – сот орындаушыларының іскерлігі мен біліктілігін және қажыр-қайратын қажет етеді. Шыны керек, сот орындаушыларының жұмыстарына көпшіліктің көңілі толмай жүр. Оған мына айтпағымыз дәлел: алимент өндіріп алу жөніндегі сот шешімінің тек 10 пайызы ғана орындалса керек. Мұны Соттар әкімшілігінің өздері мойындап отыр. Егер ресми дерекке жүгінсек, өткен жылы алимент төлемей жүрген 160 мыңға жуық әке анықталса, соның тек 10 мыңға жуығы ғана табысын бөліп беруге келіскен.
Сөз арасында айта кетейік, ажырасқандар саны соңғы жылдары көбейіп келеді. Мәселен, 2008 жылдың қаңтар айындағы статистикалық деректе «еліміз бойынша ажырасқандар саны 17 007 жетті» делінсе, 2009 жылдың осы мерзіміндегі көрсеткіш 19 046 жеткен. Сарапшы мамандар зерттеулерінің қорытындысы тіптен қорқынышты. Нақтырақ айтсақ, 1950 жылдары 100 некенің тек біреуі бұзылса, қазір әрбір үшінші ерлі-зайыпты ажырасып жатса керек. Ал жалпы заңды түрде некесін бұзғандар тізімінде қазір 35 852 адам тұр. Ескерте кетейік, бұлардың барлығы ресми деректер. Нақты жағдай қандай, бір Аллаға ғана аян.
Бірқатар елдерде адастырып кетпес үшін «ен» салынғандарға мықты тұзақ құрылады екен. Мәселен, алимент төлемеген еркектің есепшотын жауып, шетелге шығу сапарын да шектеп, тіпті ұялы телефонына ақша аудартпай қояды.
Негізі, біздің елде бұл тұрғыда заңдық нормалар жоқ емес. Алайда оларды жүзеге асыру қиынның қиыны көрінеді.
– Алимент төлеуден жалтарып жүргендерді заңға сәйкес жауапқа тартудың бірқатар түрлері біздің елде де қарастырылған. Бұл тұрғыда біздің елде «Неке және отбасы туралы» Заң жұмыс істейді. Өкінішке қарай, нәтижеге қол жеткізу анау айтқандай оңай шаруа болмай тұр. Сол себепті заңды жүзеге асыру механизмдеріне көбірек күш жұмсау керек. Былайша айтқанда, қолданыстағы заңымызға жан бітірсек болғаны. Сондай-ақ құзырлы органдар арасындағы ақпарат алмасу жүйесін жетілдіре түссек деймін, – дейді Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі судьясы С.Балбеков.
Міне, алимент төлегісі келмей жүргендер осындай шала істі пайдаланып қалып жүр. Сондықтан, біздің ойымызша, жұмыс орнына іздеу салу, мекенжайын анықтау, айыппұл төлету, мүлкін бөліп алу, т.с.с. шараларға қосымша шетелдегідей шектеулер қою керек.
Соңғы кездері баласын жалғыз асырап отырған аналар үшін арнайы әлеуметтік көмек ретінде резервтік қор ашу туралы әңгіме көтеріліп жүр. Нақтырақ айтсақ, жалғызбасты әйелдерге сол қордан «қарызға» қаражат беріліп, ол сот арқылы алимент өндіріп алғаннан кейін, ақшаны қорға қайтарады. Құптарлық бастама. Ал ол орындала ма, жоқ па, оны уақыт көрсете жатар.
Г.Сейілова:
– Кәмелеттік жасқа толмаған екі балам бар. Күйеуім ажырасарда балаларын еш ойламады. Нағыз безбүйрек болып шықты. Оның «полуторка» пәтерімізге таласқанын көріп, қатты түңілдім. Қалай амалын тапқанын кім білсін, әйтеуір, сот шешімімен баспананы сатқызып, жарты ақшасын алып тынды. Қалған ақша Алматы қаласының сыртындағы еш жағдай жасалмаған ауылдағы кішкене ғана жер үйге жетті. Ал алимент төлеуге келгенде бір тиын бергісі жоқ. Иә, мен сот арқылы өндіріп алармын. Алайда сергелдеңге салғызатынын білемін.
Ә.Мыңжасарова:
– Күйеуім басқа әйелге кетіп, үш балам менімен қалды. Алматыға көнкөріс қамымен осыдан он шақты жыл бұрын көшіп келген едік. Рас қатты қиналдық. Пәтерден-пәтерге көштік пе, әйтеуір басымыздан не өтпеді. Жағдайымыз әлі де мүшкіл. Күйеуім осындай ауыртпалықтардан қашып, бізді тастады да, үйі бар әйелдің қолына кіріп алды. Міне, жылға жуықтады, балалардың қалын сұрап бір келген емес. Алимент туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Өйткені алдымен сот арқылы ажырасуымыз керек. Ол үшін туған жеріміз Қызылорда облысына баруға тура келеді. Базарда күні бойы отырып нанға ғана ақша тауып отырғанда, оның үстіне балаларды тастап Қызылордаға бару қайда? Тіпті оның алимент төлейтініне күмәнім бар. Баласын ойлаған әке болса, сотты араластырмай-ақ қарайласып тұрар еді ғой.З.Айманова:
– Күйеуіммен ажырасқаныма бес-алты жылдай болып қалды. Шынымды айтсам, өзінің ар-ұяты білер деп алиментті сот арқылы төлетпеуді жөн санадым. Алайда ол менің мұнымды түсінбеді. Пластикалық терезе жасайтын цех ашып, материалдық жағдайын жап-жақсы көтеріп алды. Өзі де, екінші әйелі де көліктен көлік ауыстырып, не киеміз, не ішеміз демейді.
Ал мен «екеумізге ортақ екі қыз балаға керек» деп ақша сұрасам, араға екі-үш ай салып 5-10 мың теңге беріп, алдап қойып жүрді. Онысына келіспей, осы жуырда сотқа арыздандым. Сөйтсем, «бұл не істегінің!?» деп қоқан-лоқы көрсетіп, ұрып жіберуге дейін барды.