Жазғы мезгіл елдің жаппай демалысқа шығатын мезгілі саналады. Әркім көрпесіне қарай көсіледі. Қалтасы қалыңы шетел асады. Жұқасы үйде қалады. Осындайда «еліміздегі курорт пен санаторийдің жағдайы қалай» деген сауал тіл ұшына орала кететіні даусыз. Бұл тақырып қозғалғанда ойымызға Бурабай мен Сарыағаштағы сауықтыру орындары орала кетеді. Оларды бала кезімізден естіп өскеніміз рас. Өкінішке қарай, олардан да басқа осындай орындардың бар екендігін беріде білдік. Жә, әңгіме ауаны бұл емес еді. Айтпағымыз, «біз осы саланы қаншалықты зерттеп жүрміз, одан мыс-мыс ақша тауып жүрміз бе» деген сауал төңірегінде ойланып көрсек деген ой болатын. Сонымен, бізде аталмыш сала төрт аяғын тең басқан жорғадай болып тұр ма екен? Өйткені біз бүгінгі күні туризмді төрге оздырғымыз келеді. Оған барлық мүмкіндік те бар. Жер жетеді. Табиғат тамашасын да санап тауыса алмайсың. Сондай-ақ біздің елімізде курорт пен санаторий жұмысын дұрыс жолға қоя отырып, қыруар қаржы көзін табуға болатыны тағы да рас. Дегенмен бізде осы мәселе ескерілмей келе жатқаны жасырын емес.
Қасиетіне ешкім шек келтіре алмайтын қазақ даласы барлығына қолайлы. Жерасты қазба байлығы жайында қайталап айтпай-ақ қоялық. Оның жөні – бөлек әңгіме. Жерүсті де толайым табыстың көзі екені бесенеден белгілі. Соның бірі – келбеті көркем өңірлер. Шипалы су шығатын әрі емдік балшығы бар аймақтар да баршылық. Рас, олардың кейбірі кәдемізге жарап жатыр. Алайда олардың басым бөлігін әлі де елдің игілігіне айналдыра алмай жүргеніміз – тағы да шындық. Ғалымдардың айтуынша, ұлан-ғайыр даламызда химиялық құрамы әр алуан болып келетін минералды бұлақ көздері, емдік балшығы мол көлдер және тынығуға қолайлы әсем өңірлер жетерлік. Сол мүмкіндік көзін пайдалана отырып, курорт-санаторий жүйелерінің өрісін кеңейтуге әбден болады. Бұл да туризм саласының бір тармағы саналады. Дегенмен біз бұрынғы кезеңде салынған санаторий мен курорттарды місе тұтып, солар арқылы қаржы тапқанға малданып жүрген жайымыз бар. Соңғы 20 жылда бұл бағыттағы тың жобалар мен ізденіс жоққа тән.
Кең-байтақ өлкеміздегі табиғи емдік қасиеті жоғары жерлер туралы деректер осыдан екі ғасырдай бұрын елдің құлағына тие бастады. Атап айтқанда, 1834-1880 жылдар аралығында еліміздің шығыс өңіріндегі Рахман бұлағы, Көкше жеріндегі Бурабай, Алатау аймағындағы Қапал Арасан, Барлық Арасан бұлақтарының шипалық қасиеттері туралы әңгімелер жалпақ жұртқа жайылып, елдің қызығушылығын туғыза бастады. Сондай-ақ өткен ғасырдың алғашқы ширегінде Жаңақорған, Шымған курорттары ашылып, Ауыл, Сер, Мойылды, Бурабай бұлақтарына түрен тиді. Бүгінгі күні елімізде 120-дан астам курорт пен санаторий, демалыс үйлері орын тепкен. Жалпы алғанда, санаторийлер минералды сумен, балшықпен және климатпен емдейтін болып үшке бөлінеді. Мәселен, Сарыағаш, Алма-Арасан, Барлық Арасан минералды сумен емдесе, Жаңақорған, Шортанды, Мойылды, Атырау санаторийлері келушілерге шипалы балшығымен мақтана алады.
Ғалымдардың айтуынша, еліміз курорттық саланы дамытуға өте бай саналады. Өткен ғасырдың 30-жылдарында шипалы су мен емдік балшығы бар жерлер қоры мол екені белгілі болып, сол бағытта тың ізденістер жасала бастады. Содан кейінгі 30 жылдай уақыт ішінде осындай қаншама аймақтар табылып, зерттеліп, олардың біршамасы елдің игілігіне айналып үлгерді. Алайда бүгінгі күні де қолға алатын істеріміз баршылық. Кезінде ғалымдар 300-ден астам минералды су көздерін, 120 емдік балшығы бар көл мен 50-ден асатын климаттық емдеу орындарын анықтаған еді. Дегенмен олардың көпшілігі кезінде пайдаға аса қойған жоқ. Бүгінгі таңда олардың жағдайы қандай болып отыр? Бұл тұрғыда қаншама кедергі кездесіп отыр деуге болады. Бастысы, қаржының тапшылығы салдарынан аталмыш жерлер әлі де елдің көзінен таса қалып отырған жағдайы бар.
Бауыржан БЕКБАНОВ, Қызылорда қалалық №1 емхана дәрігері:
– Табиғи сауықтыру ресурстарын пайдалану арқылы адам денсаулығының физикалық және психикалық факторларын қайта қалпына келтіру көзделген. Курорт және санаторий секілді орындарда демалу арқылы денсаулықты нығайта отырып, сақтауға да мүмкіндік бар. Жалпы, осындай орындарда емделу арқылы адамдар түрлі ауруларға қарсы тұруға мүмкіндігін арттырады.
Өркениетті өмір биігіне шыққан мемлекеттерде курорттарды ұйымдастыру жоғары деңгейде дамыған деуге толық негіз бар. Атап айтқанда, АҚШ, Италия, Испания секілді елдерде олардың басым көпшілігі демалуға, емделуге және сауықтыруға арналған. Соның нәтижесінде осындай орындарда қонақүй мен пансионат салынып, алыс-жақындағы қонақтарға қызмет көрсетіп келеді. Ал Германия, Франция, Австрия, Швеция, Чехия, Венгрия курорттарында балшық және емдік минералды сулармен емдеуге мән берілген. Бір сөзбен айтқанда, ол мемлекеттерде курортология саласын зерделеп, бұл тұрғыда терең зерттеу жолға қойылған. Осы мақсатта қаншама ғылыми орталықтар жұмыс жасайды. Ал бізде ше? Бұл тұрғыда ауыз толтырып мақтана алмаймыз. Алматы қаласында курортология саласы бойынша жұмыс жасайтын жалғыз арнайы зертхана бар. Оған қоса Жүрек және ішкі ауруларды емдеу медициналық орталығы мен Алматы мемлекеттік дәрігерлерді жетілдіру институты болғанмен, олардың қазақ даласындағы курорттық саланы игеруге мүмкіндігі толық жете бермейді. Қаржы тапшылығы да қолды байлап қоятыны тағы бар.
Оразхан АЙДАРОВ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы:
– Еліміздің кейбір өңірлерінде жер астынан атқылап жатқан жылы судың көздері баршылық. Бұл суардың бірқатары денсаулыққа пайдалы екені де дәлелденген. Мұндай жерлер біздің Сыр өңірінде көп екенін білеміз. Облыстың оңтүстігіндегі Жаңақорған ауданы мен дарияның төменгі бөлігіндегі Қазалы ауданына дейін ондай орындар молынан табылады. Қызылқұм беткейінде орын тепкен осы орындар қаншалықты зерттелді? Өйткені олардың барлығы әлі күнге дейін жұрттың көзінен таса қалып жүргені жасырын емес. Мұндай жерлер еліміздің барлық өңірінде аз кездеспейді.
Ашығын айтайық, бізде бүгінгі таңда туризм саласын өркендетуге мән беріліп отыр. Ендеше, бұл бағытта оның барлық мүмкіндігін пайдалануымыз керек емес пе? Соның бірі ретінде халықты емдеу-сауықтыру жүйелерін жоғары деңгейге көтеру арқылы қаншама пайда көзін табуға әбден болады. Оны өзге елдердегі сондай орындардың қызметі дәлелдеп отырғаны белгілі. Сол себепті бұл мәселеге жауапкершілікпен қарағанымыз абзал.
Емдеу-демалыс орындарына қашан мән береміз?
Последние статьи автора