Брест қаһарманы – Ғаббас Жұматов
Біздің тұрақты авторымыз Тілеу Сәдуақасұлы Көлбаев 1942 жылы Ақмола облысының Макин қаласында туған. Қазақтың әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінің тарих факультетін бітірген. Ширек ғасырдан астам жылдары «Қазақстан – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы» деген ғылыми тақырыппен айналысып келеді. Оның қаламынан «Жеңіс жолында», «Алматы – Ұлы Отан соғысы жылдарында», «Депортация», «Әбдірахман Әйтиев – ерлік пен қасіретке толы өмір», «Левон Мирзоян. Өмірбаяндық очерк» деген кітаптар жарық көрген. Ұлы Отан соғысының әртүрлі проблемаларын зерттеу барысында Мәскеу, Екатеринбург, Ташкент, Душанбе, Ашхабад, Бішкек мемлекеттік мұрағаттарындағы тың деректерді молынан жинаған ол мыңнан астам мақалалар мен очерктерін баспасөз бетінде жариялаған. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте лауреаты, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, тарих ғылымының докторы, профессор.
Немістермен болған бірінші шайқасқа қатысқан қазақстандық жауынгерлер. Солдан оңға қарай отырғандар: Тұрар Сатыбалдин (қаза тапқан),
Ғаббас Жұматов.
Солдан оңға қарай тұрғандар: Қыдияр Жоншаров (қаза тапқан),
Орынбай Әдібаев (қаза тапқан).
Кеңес халқын герман фашизміне қарсы күресте Жеңіске жеткізген жол – соғыстың алғашқы күндерінен, Брест қамалынан басталды. Батыс Еуропа елдеріндегі жеңіл-желпі жеңістеріне мастанған гитлершілер еліміздің шекара шептеріне жеткен кезде-ақ, аяқ алысынан жаңылып, батыл қарсылықтарға тап болды. Брест қамалының шағын гарнизоны гитлершілердің тегеурініне төтеп беріп, ең таңдаулы деген «Ұлы рейх» армиясының 45-жаяу әскерлер дивизиясымен табандатқан бір ай бойы шайқасты.
Брест қорғанысына үш мыңнан аса қазақстандықтар қатысқан. Солардан қазір біздің арамызда жүрген – алматылық Ғаббас Жұматов.
Қазір Брест қамалының музейінде көрсетілетін фашистердің кинохроникасы кадрлары қамалды қорғаушылардың қандай қиын кездерді бастан кешулеріне тура келгенін айдан айқын сипаттап береді. Ол кадрлардан ұлтарақтай жерге бомбалардың қалай жауғанын, бөшке-бөшке жанармайдың қалай тасталғанын көресің. Лапылдаған от ішіндегілердің бәрі өртеніп кеткендей әсер қалдырады. Бір кезде құлаққа ұрған танадай тыныштық орнайды, бой тасалап келіп, қамалдың шағын терезелерін оқпен емес-ау, отпен атқылай бастаған фашистерді көресіз. Алайда қамалды қорғаушылар қайта көтеріледі, автоматтар мен пулеметтерден оқты қардай боратқан кеңес жауынгерлері жау шабуылының бетін осылай қайтарып тастап отырады.
Неміс фашистері 4-армиясының бұрынғы штаб бастығы Блюмен-таритт былай деп жазды. «1941 жылдың маусым айындағы бастапқы шайқастар бізге Қызыл Армияның кім екенін танытты. Біз әскери күштеріміздің тең жарымынан айырылдық». Ол Брест қамалы үшін болған шайқастар жайлы тоқтала келіп: «бомбалармен төпеп, ірі калибрлі зеңбіректермен үсті-үстіне атқылап жатқанымызға қарамастан, кеңес солдаттары ақтық демі біткенше шайқасты».
Брест қорғанысы – Ұлы Отан соғысы тарихының аса қымбат беттерінің бірі. Брест қорғанысы – аңызға айналған, теңдесі жоқ ерлік пен асқан батылдықтың үлгісі. Күші әлдеқайда басым жау қаһарман қамалды жеңіл жеңіп ала алмады. Фашистерге қамалдағы шағын ғана гарнизонға қарсы ұрыс жүргізу басқа бір елдердегі тұтас армияға қарсы шыққандай сезілді.
Бір ғана Брест қамалы фашистерге Франция үшін жүргізілген бүкіл соғыстың ауыртпалығындай тиді.
Ұлы Отан соғысының алдында Бресте 125-атқыштар полкі тұрғаны мәлім. Бұл полкте жүзден астам қазақстандықтар әскери қызмет атқарған. Солардың бірі, соғыстан кейін әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің профессоры болған. 1995 жылы дүние салған В.И.Фурсов басқарған батареяда Алматы облысының өзінен ғана 15 адам болатын. Қаһарман қамалдағы шайқастан нарынқолдық Көпесбай Иманқұлов елге аман-есен оралып, қамал туралы жыр шертілгенде көптеген жерлес жауынгерлердің, атап айтқанда, сержанттар Ерегешев пен Сарыбаевтың, қатардағы жауынгерлер Сарпековтың, Айтпаевтың, Болдыревтің, Кравченконың, Жигаревтің, Жанпейісовтің, Технерядневтің, кіші офицерлер Ш.Шолтыровтың, У.Гаджиевтің, С.Арискиннің, дәрігер-хирург Мыржақып Нығматуллиннің, полк писарі Айтбаевтың және басқалардың есімін атаған-ды.
Александр Сопиков, Мақсат Ниязов, Қажымұрат Сыздықов, Мұртаза Қаралиев, Ғаббас Жұматов, Сергей Лебедев, Валерий Вишняков, Асхат Набиуллин, Дастан Көшекбаев, Сайлау Сағындықов, Ержан Төлепбаев, Владимир Фурсов, Нұрым Сыдықов және басқалары – Брест қаласын қорғауда ержүректілікпен ұрыс жүргізіп, содан кейін майдан жолдары 1418 күнге созылған қанды шайқастарға қатысып елге оралған-ды.
Біздің жауынгерлеріміз еңсесі түспей, ерлікпен күресті. Күші басым жаудың алдында тізе бүкпеді. Олар ақырғы демі біткенше шайқасты. «Өлемін, бірақ берілмеймін. Хош бол, Отан!» деп, біздің жауынгерлер тасқа қашап жазды. Әрине, бұл бір адамның қолы ғана емес. Қамалды қорғаушы бүкіл жауынгерлердің ой-еркі. Оған тағы бір мысал келтірейік. Қамалды қорғауға қатысқан сержант Көпесбай Иманқұлов 1963 жылы желтоқсанда Брестке барып, өзінің көміп кеткен документтерін іздестіріп жүргенде, штыктың ұшымен «Өліп барамын. Ахметов» деген жазуы бар кірпішті тауып алды.
Сол қастерлі кірпіш қазір де Қазақстанның Мемлекеттік орталық мұражайында сақтаулы тұр.
Бресте қазір лейтенант Нагановтың есімімен аталатын көше мен жасыл бақ бар. 1962 жылы мұнда Нагановқа ескерткіш орнатылған. Бұл семейлік Алексей Наганов еді. 1949 жылы қамалдың қираған орнын аршыған кезде тастың астынан лейтенант Алексей Нагановтың сүйегі табылды. Әлі шіріп бітпеген гимнастерканың қалтасында комсомол билеті сақталыпты. Оның кім екені осы билеттен анықталған. Нагановтың сүйегімен қатар оның тапаншасы табылған. Оқшантайда – үш оқ, төртіншісі – стволда, ал тапаншаның шаппасы қайырылған күйінде қалыпты. Бұл – ержүрек офицердің жаумен шайқас үстінде жан қиғанын дәлелдейді. Наганов қайтыс болғаннан кейін І дәрежелі Отан соғысы орденімен наградталды. Брест қамалы үшін ерлерше күрескендердің бірі – Нұрым Сыдықов. Ол 125-атқыштар полкінің 3-ротасында пулеметчик болды. Жерлесі алматылық Қилыбай Әлиасқаровпен бірге Брестің оңтүстігінде шайқасқан. 1941 жылғы маусымның 23-інен 24-іне қараған түнде басқа жауынгерлермен бірге Сыдықов та Стогросельск орманына шегінеді. Бұл орманда партизандар отряды құрылып, Нұрым көп кешікпей партизандар отрядының бір ротасын басқарады. 1944 жылғы шілдеге дейін Нұрым партизандар отрядында болып, халықтың кегін алу үшін күрес жүргізеді. Ол жаудың әскерлері мен техникасы тиелген үш эшелонды қиратқан.
Соғыстан кейін ол Бресте қалып, қалалық милиция бөлімінде қызмет істейді. Ержүрек партизанның омырауында «Қызыл Ту», «ІІ дәрежелі Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендері және бірнеше медальдар жарқырайды.
Нұрым Сыдықовтың ержүректігі мен табандылығы С.Смирновтың «Брест қамалы» кітабында да асқан жылы лебізбен айтылады.
«... Брестің ардагер партизаны, алыстағы күн сәулетті Қазақстанның перзенті Нұрым Сыдықов осында қалып, бақытты семья құрып, соңғы жылдарға дейін Бресте милиция лейтенанты болып істеп келді. Оның «Нұрым» деген атын Бресте білмейтін жан жоқ десе болғандай», – деп суреттейді жазушы Нұрымды.
Брест қорғанысына қатысқан жауынгерлердің ішінде үш мыңнан астам қазақстандықтардың болғандығы елең еткізерлік қой! Солардан қазір біздің арамызда жүргендері – тек қана 12 адам.
... Маусым айының жайма-шуақ күндері зымырай түскен сайын, Брест қаласының түбінде әскери борышын атқарып жүрген Ғаббас Жұматовтың жүрегі алабұртып, қобалжулы еді. Әрине, қуаныш басым. Әскери қызметін абыроймен аяқтады, таяу күндері туған ауылына жол тартпақ. Мынау кең-байтақ Отанымыз Ғаббас үшін ыстық болса, кіндік қаны тамған Баянауыл жауынгер жүрегінің түбінен ерекше орын алады.
Ғаббас туған жері Баянауыл маңынан жастай кетті. Мақсат жолына түсті, оқу іздеді. 1937 жылы Алматы қаласындағы байланыс-электр техникумын бітіріп, мамандығы бойынша Қарағанды қаласында бір жарым жыл жұмыс істеді. Оны таңдау жолы жетелеп, жоғары оқу орнына әкелді. Алматының тау-кен институтының геологиялық барлау факультетінен басталған оқуы үзіліп, Ғаббас азаматтық борышын өтеу үшін қызыл әскер қатарына алынды.
Жұматов Ғаббас қызмет ететін 6-атқыштар дивизиясындағы 204-ші артиллериялық полктің жауынгерлері маужыраған сол бір таңда тәтті ұйқыда жатқан еді. Оларды найзағайдай жарқылдап, күндей күркірей шыққан зеңбірек үні аяқтарынан тік тұрғызды. Жер дүние шыр көбелек айналғандай, астан-кестен.
– Соғыс! ... Қаруға! – деген командирдің әмірлі бұйрығы естілді.
Батарея зеңбіректі дайындап, қорғанысқа көшті. Байланыс взводының командирі, кіші лейтенант Ғаббас Жұматов рация арқылы дивизиямен, болмаса полкпен байланысуға жанталасты. Шифр қабылдайтын толқынның бірде-бірі жауап бермейді. Амал жоқ, жау құлағына естіртіп, ашық текспен хабарласуға мәжбүр болды. Штабта тіршілік белгісі білінбейді, жауап жоқ. Үшінші дивизияның әуе взводымен және артта тұрған бірінші дивизияның үшінші батареясымен тілдесуге мүмкіндік туды.
Осы сәт жол үстінде жау танктері көрінді. 152 миллиметрлік гаубицалар тажал танктерге қарсы оқ ата бастады. Ғаббас барлау пунктінде арттағы дивизион командирінің бұйрығын жауынгерлерге жеткізіп тұр.
– Жұматов, Жұматов, тыңда, бір расчетке командирлікті өзіңе ал. Өліспей беріспе! – Дивизион командирінің қарлыққан дауысы рациядан үзік-үзік шығып естіледі.
...Тірі қалғандар позицияға лезде жиналды, келіп жеткен кіші лейтенант Жұматов командирлікті өз қолына алды. Құралған топты қалашықтан Пугачево деревнясына таман алып шығып, орман шетінде қорғанысқа әзірледі. Жау мен қорғанысшылар арасындағы күш айырмашылығы барған сайын алшақтай берді. Фашист автоматшыларының қарасы көбейе түсті. Қызыл әскерлер саны көрінер көзге кеміп бара жатты. Бұл соғыстың алғашқы күні болатын. Жауды бұқпантайлауға үйрету үшін әлі ерлікке толы көп күндер мен түндер қажет еді. Ал әзірге олар аз топтың атылған оғынан тайсалмай алға ұмтылып, өлім құшып жатты...
«Брест қамалын қорғаушылар». 1951 жыл.
Авторы П. А. Кривоногов.
Жау шабуылы төрт рет тойтарылды.
Фашистердің бесінші шабуылы шағын топтың әскерлеріне тіпті ауыр тиді. Соған қарамастан олар жан аямай жұлқысып, жаудың ілгері жылжуына елеулі кедергі келтіруге тырысты. Оқ-дәрі таусылған соң, зеңбіректі істен шығарып, өздері кейін шегінуге мәжбүр болды. Таңға жақын ормандағы алаңқайға келіп жеткенде Ғаббас өзінің өлердей шаршағанын сезді. Алған жеңіл жарақаты да бар. Оны елер емес. Жолдастарының халі де бұдан жеңіл емес екендігі анық. Шіркін, азырақ қана демалып, әл жинар ма еді! Шегініс күйініші еңсе көтертпейді.
Иә, бұл соғыстың небәрі алғашқы күні еді. Тағдыр Ғаббасты соғыстың басынан аяғына дейін қатысуға жазыпты. Кескілесе ұрыс сала отырып, бірнеше айға созылатын шегіністер де, жойқын шабуылдар арқылы Отан шебін фашистерден азат етудің теңдесі жоқ қуанышы да – бәрі-бәрі де әлі алда болатын.
Арада бес күн өткенде ол Бородино алқабына жақын маңдағы Звенигород қаласының түбінде ұрысқа қатысып жүрді. Бұл кезде әбден шыңдалған, оқ пен оттан өткен, тәжірибелі взвод жауынгер командирі болатын.
Бір күні қатардағы жауынгер Астапов екеуіне жау күшінің орналасуы жөнінде рация арқылы дәл бағдар беру мақсатымен алдағы фашистер орналасқан биіктердің біріне көтерілудің сәті түсті. Көп ойланып-толғанып жатуға уақыт жоқ, қайткен күнде де жауға есеңгірете соққы беруді қамтамасыз ету қажет.
– Зеңбірекшілерден біз тұрған жерге оқ атуды өтінуіміз керек, – деді ол серігі Астаповқа бұрылып.
Екеуі осыған келісіп, үнсіз құшақтасып қоштасты.
– Сендер немене, естеріңнен адастыңдар ма? – Наушниктен командирдің қаһарлы үні естілді. Ол күйінгеннен ұрсып та жіберді.
– Біз қатты өтінеміз! – Ғаббас жағдайды түсіндіріп, айтқанынан қайтпады. Артынша координаттарды хабарлай бастады. Дәлме-дәл бағдар өз дегенін істеді. Зеңбірек оқтары барған сайын жау шебіне дәл түсіп, Жұматов пен Астаповтың жандарынан жарыла бастады. Жау шебінің ойраны шығып, әскерлерінің берекесі кетті.
– Жарайсыңдар бауырларым! Шыдаңдар! Аз уақыттан соң біз де жетеміз, – жауынгерлерінің ерлігіне сүйсінген командир оларды жігерлендіруге тырысты. Екеуінің өмірін сақтауға ешқандай бекініс көмектеспейтін-ді. Тек кездейсоқтыққа ғана үміт артуға болады. Мақсатымыз тек хабарлау деп ұққан Жұматов пен Астаповтың тірі қалу жөнінде ойлауға мұршасы да жоқ еді.
Мұның бәрі Ғаббас Жұматовтың майдан өмірінен шағын көріністері ғана. Ол 1942 жылдың аяғында Томск қаласындағы командирлер курсын бітірді. Сонан соң 2-Украин майданының құрамындағы 5-Дондағы гвардиялық атты әскер кавалериясының 150-артиллеристер полкінде Отанымызды жау шеңгелінен азат етуге офицер ретінде өз үлесін қоса берді. Фашистердің Корсунь – Шевченко, Ясско – Кишинев тобын жоюға, Румыния, Венгрия, Австрия елдерін жаудан тазартуға қатысты. Әлденеше рет жараланып, көрсеткен ерліктері үшін «І дәрежелі Отан соғысы» және «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, тағы басқа да медальдармен наградталды.
Жеңіс күнін ол Вена қаласында қарсы алды. 1946 жылы аға лейтенант Ғаббас Жұматов әскери қызметін аяқтап, туған жерге оралды. Бейбіт күннің қадір-қасиетін ерекше түсінген Ғаббас білімін көтеруге кірісті. Университеттің тарих факультетіне оқуға түсіп, оны үздік тамамдады. Аспирантураны аяқтап, ғылыммен айналысты. Диссертация қорғап, тарих ғылымы кандидаты дәрежесін алды.
1979 жылы Республика Жоғарғы кеңесі президиумының Жарлығы бойынша оған «Қазақ КСР Жоғары мектебіне еңбек сіңірген қызметкер» атағы беріліп, «Республика алдында сіңірген еңбегі үшін» медалі қоса тапсырылды. Ғ.Жұматов жиырма жылдан астам Алматы қалалық соғыс ардагерлері кеңесінің мүшесі.
Өзінің сүйікті жары, медицина ғылымының докторы, профессор Раиса Мақашевамен (1992 жылы қайтыс болған) Ғ.Жұматов үш бала тәрбиелеп өсірген. Бес немересі бар. Ғаббас Жұматов қазір осы бір мәуелі бәйтеректің діңгегі болып саналады. Оның отбасының тарихы – бүкіл адамзат баласының тарихы.
Жауынгер жарасын жаумен арпалысқандар ғана білсе керек. Ғаббас ағаның ар жағында әлі де айтылмаған талай сырлар, аңыз боларлық талай жырлар жатқанында біздің күмәніміз болған жоқ.