Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі – кездейсоқ қабылдана салған дүние емес

Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі – кездейсоқ қабылдана салған дүние емес

 

– Жақсылық Ақмырзаұлы, қия басуды көтермейтін саланың бірі – денсаулық сақтау жүйесі. Олай дейтініміз – бұл жерде таразы басында ылғи адам тағдыры тұра­ды. Сіз министр ретінде қазақстандық ден­сау­лық сақтау жүйесінің қазіргі ахуалын қалай бағалайсыз?

– Әрине, елдің және қоғамның ең басты байлығы – адам және оның денсаулығы. Бүгінгі таңда еліміз дамыған елдер секілді денсаулық саласына аса мән беріп отыр. Өйткені адам денсаулығы әр мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі мен оның тұрмыс жағдайының көрсеткіші болып саналады. Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласына қомақты қаражат бөлініп, көптеген рефор­малар жасалып жатыр. Осыған байланысты елімізде денсаулық сақтау жүйесін рефор­малау мен дамытудың 2005-2010 жылдар­ға арналған мемлекеттік бағдарламасы, кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек көрсету туралы және салауатты өмір салтын қалыптастыру, сондай-ақ донорлық қызметті жоғары сатыға көтеру сияқты бірқатар салалық бағдарламалар жүзеге асырылып келеді.

Республикамызда негізгі демография­лық көрсеткіштер жақсарғанын атап өту қажет. Соңғы жылдары туу көрсеткіштері мен халықтың табиғи өсімі арта түсті. Өлім көрсеткіштері біршама төмендеп, тубер­ку­лез, қатерлі ісік, инфекциялық патология­лар, психиатриялық және наркологиялық бұзылушылықтар сияқты бірқатар әлеумет­тік елеулі аурулар көрсеткіштерінің тұрақты түрде төмендеуі байқалып отыр.

Медицинамызды халықаралық стан­дарт­тарға сай келтіру үшін «Халық денсау­лығы және денсаулық сақтау жүйесі тура­лы» Қазақстан Республикасының Кодексі шеңберінде 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілуде. Мұның барлығы қазақстандық денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі ахуалының жақсарып келе жатқанын білдіреді.

– Өзіңіз министрліктің тізгінін қолыңызға алғалы бірқатар өзгерістерді енгізіп жатыр­сыз. Солардың бірі – Бірыңғай ұлттық ден­саулық сақтау жүйесі. Бұл жүйеден қандай игіліктер күтуге болады?

– Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі – халық үшін сапалы медициналық көмек алудағы тиімді жолдың бірі. Бұл жо­ға­ры білімді медицина қызметкерлері мен аса сапалы медициналық қызмет ұсынушы ұйымдардың қалыптасуына жол ашады.

Пациенттің дәрігерлер мен медицина­лық мекемелерге өзі таңдау жасауы, әрине, медициналық қызмет көрсету саласына бә­секелестік ортаны қалыптастыратыны сөзсіз. Бұл орындалып та жатыр. Бір мысал келтіре кетейін: осы жоба қолға алынғаннан бері 115 мыңдай науқас ем қабылдайтын меке­мелерді өздері таңдаған. Тағы бір айта кетерлігі, бұлардың 34 пайызы – ауыл тұр­ғындары. Көбіне адамдар өзінің тұрған жерінен тыс жерге барып емделуді қалап жатыр. Мысалы, Алматы облысы аумағын­дағы науқастардың басым көпшілігі Алматы қаласының емханаларын таңдаса, Ақмола, Қызылорда, Атырау, Жамбыл облыстары­ның тұрғындары Астана қаласына барып, ем қабылдағанды жөн көрген.

Бүгінгі таңда медициналық қызмет көр­сетуші мекемелер арасында өзара бәсеке басталып кетті. Бұл өз кезегінде қызмет көр­сету сапасын жақсартады. Мысалы, мұн­дай мекемелер көрсетілетін стационар­лық және стационарлы қызметтердің сапа­сын арттыру арқылы науқастарды өз­де­ріне тарту жөніндегі шараларды қабылдайды және жоғары мамандан­дырылған меди­циналық көмекті дамыту тәрізді бірқатар шаралар атқарады деген сөз.

– Жаңа жүйе қашан нақты жемісін бере бастауға тиіс?

– Жаңа жүйенің нәтижесі үстіміздегі жылдың аяғынан бастап біліне бастауы тиіс. Дегенмен оның кейбір артықшылық­тары мен оң өзгерістері қазірдің өзінде-ақ байқалып жатыр.

– Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін жасағанда, әлемдік тәжірибелер де ескерілген болар? Басқа мемлекеттерде бар ма, болса, қалай жүзеге асырылады?

– Әрине, жаңа жүйе – кездейсоқ қабыл­­дан­ған дүние емес. Бұл – әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесіне сүйеніп жасалған жүйе. Денсаулық сақтау саласын­да жаңа жүйені енгізер алдында көптеген елдердің денсаулық сақтау жүйе­сінің бірнеше модельдері зерттелді. Соның ішін­де әсіресе Швейцария, Сингапур секіл­ді дамыған елдердің медицина саласын­дағы көпжүйелі қаржыландыру моделін де қарап көрдік. Бұл жүйенің басқа модель­дер­ге қарағандағы артықшылығы – икем­ділігінде. Оның үстіне біздің елдегі денсау­лық саласын қаржыландыру жүйесіне қойылатын талаптармен өте ұқсас болған­дықтан, аталған екі елдің тиімді жақтары негізге алынды.

– Қалай дегенмен де, жаңаның аты – жаңа. Бастаманы қоғам қалай қабылдады деп ойлайсыз? Кейбір сарапшылар тарапынан бұл жүйенің тиімділігіне күмән келтіретін пікірлер де айтылып жүр. Бұған не дейсіз?

– Бұл іс-шара жаңа болғандықтан, оған деген көзқарас та біркелкі бола бермейді, әрине. Денсаулық сақтау министрлігі бұл жүйені ойдағыдай енгізіп, іске асыру үшін барлық тиімді жолдарын қарастырды. Мы­са­лы, медициналық қызмет көрсету бары­сын­дағы айқындылықты қамтамасыз ету үшін министрліктің ұсынысы бойынша әр өңірде облыс әкімдерінің орынбасарлары басқаратын Үйлестіру кеңестері құрылды. Үйлестіру кеңестерінің 21 отырысы өткізі­ліп, Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізуге медициналық меке­ме­лер­дің дайындығы, ауруханалардың ахуалы, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, қаржылан­дыру, стационарды алмастыратын техноло­гияларды жетілдіру және тағы да өзге мә­се­лелер жіті қаралды.

 Осы үрдіске мемлекеттік органдар және ұйымдармен қоса, мемлекеттік емес қо­ға­м­­­дық ұйымдар, сондай-ақ бұқаралық ақпа­рат құралдарының өкілдері де атсалысты. Науқас адамдар арасында көрсетілген ме­ди­циналық көмектің сапасы мен деңгейін анықтау мақсатында әлеуметтік сауална­ма­лар жүргізілді. Осы шараларды іске асыру үшін «Лига потребителей Казахстана» мемлекеттік емес қоғамдық қоры да бел­се­не атсалысты. Әрине, басында адамдар дұрыс түсінбей, көптеген сұрақтар қойып жатты. Бірақ кейіннен түсініп, министрлікке хабарласып, алғысын айтып жатқандар да бар. Мысалы, бұрын науқас адамдардың өз қалауы бойынша бір облыстан бір облысқа емделуге баруы мүмкін болмаған. Осы жүйенің арқасында Астана қаласында­ғы клиникаларды таңдап, ем алып, жүйенің оң жақтарын атап жатқан адамдар да аз емес. Сондықтан уақыт бұл жүйенің тиім­ді­лігін, халық үшін ұтымдылығын көрсе­те­тініне сенімдімін.

– Денсаулық сақтау саласы бойынша ТМД-да алдыңғы қатардағылардың біріміз дегенді естіп жатамыз. Достастық елдерімен салыстырғанда, біздегі бұл саланың басты артықшылықтары неде?

– Мемлекеттік саясаттың басты ба­ғыт­тарының бірі – Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті елдер қатарына ену және азаматтардың денсаулығын сақтау, әл-ауқатын арттыру екендігі хақ. Дүниежүзілік экономикалық форумның денсаулық сақ­тау саласына қатысты бөлімінде еліміз бәсекеге қабілеттілігі жөнінен 96-орында тұр. Мысалы, нәрестенің шетінеуі бойынша – 85-орында, ЖИТС (СПИД) таралуы бойын­ша 15-орында тұр. Керісінше, басқа елдер­мен салыстырғанда туу бойынша көрсеткі­шіміз өте жоғары – 3-орында тұрмыз.

Мемлекет басшысы «Жаңа онжылдық, жаңа экономикалық өрлеу – Қазақ­станның жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында денсаулық сақтау саласы алдына бірнеше мәселелерді шешу міндетін қойды. Солардың бірі – обыр және созыл­малы аурулардың алдын алу және олардан туындап жататын өлім көрсеткішін төмен­дету, азаматтардың орташа өмір сүру ұзақ­ты­ғын арттыру және салауатты өмір салтын насихаттап, оны белсенді жүзеге асыру. Бұл мақсаттар Денсаулық сақтау ісін дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Салауатты Қазақстан» мемлекет­тік бағдарламасына қосылып, жүзеге асырылады.

Біздің денсаулық сақтау саласының ал­дың­ғы қатарда болуы, әрине, эконо­ми­ка­ның дамуына, әлеуметтік салаға, соның ішін­де денсаулық сақтау саласына мемлекет тарапынан басты назар аударылып отыр­ға­нына байланысты. Әсіресе көптеген мәселелердің (медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығай­ту, жаңа технологияларды қолдану, кадр­лар­дың білімін жетілдіру және т.б) дер кезінде қамтылып, шаралар қолданылып, нақты шешілуіне байланысты болып отыр.

– Жыл басында Үкімет басшысының қатысуымен болған алқа мәжілісінде денсаулық сақтау жүйесі, соның ішінде қыруар қаржыға сатып алынған медициналық технологияларды игеретін мамандардың жоқтығы қатаң сынға ұшырағаны белгілі. Бүгінде бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?

– Бүгінде бұл мәселе жан-жақты талқы­ланып жатыр. Нақты жұмыстар да қолға алынып отыр. Медицина заманауи техно­логияларды қолдануды қажет ететін жоға­ры технологиялық сала болып табылады. Осыған байланысты дәрігерлердің біліміне, шеберлігіне және дағдыларына жоғары талаптар қойылып, өз кезегінде дәрігердің біліктілігін үздіксіз әрі тұрақты түрде арт­ты­руын қажет етеді.

Біліктілікті арттырудың бірнеше түрі бар. Соның ең маңыздысы – дәрігердің кәсі­би білімін өз бетінше жетілдіруі. Ден­саулық сақтау саласы бойынша отандық және әлемдік әдебиеттер, мерзімдік басы­лымдар және интернет жүйесі – дәрігердің кәсіби білімін өз бетінше жетілдіруінің ақпарат көздері болып табылады.
 
Сонымен қатар жыл сайын денсаулық сақтау саласының шамамен 14 000 маманы еліміздің медициналық және ғылыми білім беру ұйымдарында республикалық бюджет есебінен біліктілігін арттырып жатады. Со­ған қоса, біліктілікті арттыру жергілікті бюд­жет есебінен шетелдерде де жүзеге асыры­лады. Оқу процесінің сапасын арт­тыру мақ­сатында жыл сайын республикалық бюджет есебінен біліктілікті арттыруға бөлінетін қаржы да көбейтіліп отырады. Мысалы, 2009 жылы біліктілікті арттыруға арналған 1 циклды өткізуге мемлекет орта есеппен 66 249 теңге бөлсе, 2010 жылы 148 845 теңге бөлді.

2005 жылы шамамен 1000 маман он­ко­­гематология (сүйек кемігінің трансп­лан­тациясы), кардиология және кар­дио­хирургия, акушерия және гинеко­логия, неанотология, клиникалық трансфу­зиоло­гия, денсаулық сақтау саласының менедж­менті сияқты басым бағыттар бойынша шетелде біліктіліктерін арттырды. Сонымен бірге жоғарыда аталған басым бағыттар бойынша мастер-кластар өткізу үшін шетелдің үздік клиникалық орталықтарынан жыл сайын мамандар шақырылады.
Бүгінгі таңда осы іс-шаралардың бар­лығы денсаулық сақтау ісінің барлық қыз­мет ету салаларын халыққа сапалы меди­ци­налық көмек көрсете алатын білікті ма­ман­дармен қамтамасыз ету үшін жасалып жатыр.

– Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жұқпалы аурулар, сондай-ақ ана мен бала өлімі азаймай отыр. Мұның себебі неде?

– Жоғарыда айтып өттім, 2009 жылдың қорытындысы бойынша 2008 жылмен салыстырғанда республикамызда жұқпалы аурулар көрсеткіші әжептәуір төмендеді деп. Мысалы, қызамықпен сырқаттана­тын­дар саны – 5,5 есеге, тұмаумен ауру – 40,4 пайызға, тез тарайтын паротитпен ауырған­дар – 46,1; сальмонеллез – 32,4; вирусты гепатит­термен ауыратындар – 35,7; ғасыр індеті – ЖИТС 11,8 пайызға азайған.

Сондай-ақ паратиф, құтырма, іш сүзегі, лептоспироз, күйдіргі сияқты аурулардың бірлі-жарым жағдайы тіркелді. Ал сіреспе, күл, қызылша, полиомиелит, тырысқақ, оба, туляремия секілді жағдайлар мүлдем тіркелген жоқ.

Қандай да болсын аурудың, дерттің болмауы, таралмауы қоғамға, жеке адамға, әлеуметтік жағдайларға, қоршаған ортаға байланысты. Бүгінгі таңда дамыған елдерде мемлекет қана емес, әркім өз денсаулығына жауапты болуы керек деген ұстаным қалып­тасқан. Яғни адамдар салауатты өмір сал­тын ұстануға, ауру белгілері біліне баста­ған кезде дәрігерге қаралуға, дәрігердің нұс­қау­ларын орындауға, ауруды асқындыр­мауға тырысады. Сондықтан «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» де­ме­к­­ші, біз де осы қағидаларды ұстансақ, кез кел­ген дерт­ті жеңе аламыз.

– Бүгінгі таңда қандай мәселе қозғасақ та, әлемді дүр сілкіндірген дағдарыс салқыны туралы сөз қозғамай кету мүмкін емес. Бұл процесс денсаулық сақтау саласына қалай әсер етті?

– Дағдарыс қай салаға болсын, әрине, өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Бірақ әлеу­меттік, денсаулық сақтау саласында теріс өзгерістерді, айтарлықтай қиыншылық­тар­ды бастан кештік деп айтуға еш негіз жоқ. Өйткені мемлекетіміз дағдарыстан айналып өту үшін арнайы шаралар қабылдап жа­тыр.

2009 жылы Денсаулық сақтау минис­тр­лігінің бекітілген бюджеті 197,4 млрд теңгені құрап, кейбір маңызы жоқ шығыстар қысқартылды. «Жол картасы» өңірлік бағдарламасы шеңберінде 2009 жылы 489 денсаулық сақтау объектісі жөнделіп, 1481 медицина қызметкері қайта даярла­нып шықты. Ал биыл «Жол картасы» бағ­дар­ламасы шеңберінде 319 денсаулық сақтау объектісіне күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Бұл отандық медицина саласына қатты әсер етпегенін көрсетсе керек.

– Жақында ғана 2010 жылдың бюджеті мақұлданды. Бөлінген қаржы денсаулық сақтау саласындағы қордаланып жатқан мәселелерді шешуге жете ме?

– 2010 жылы бюджетті нақтылау шеңберінде денсаулық сақтау саласына 378,0 млрд теңге бөлінді. Бұл – былтырғы жылғы бөлінген қаржыдан 1,3 пайызға артық. Сонымен қатар медицина қызмет­керлерінің еңбекақыларын 25 пайызға көтеруге, республикалық деңгейдегі бес денсаулық сақтау мекемесіне күрделі жөндеу және өртке қарсы іс-шараларын қамтамасыз етуге қосымша қаржы бөлініп отыр. Бұл қаржы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына цитогенетология лабораториясын сатып алуға, «В» және «С» гепатитімен ауыратын науқас балаларды дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге және басқа да мақсат­тарға жұмсауға жеткілікті.

– Бізде адамдар дәрігерге азын-аулақ ақша ұсынып жатады. Былтыр бұл мәселе заңдас­тырыл­ды. Бұл – дәрігер­лер­дің адам­ның қолына қарап жалтақтап тұруына әке­ліп соқпай ма? Парақорлықтың етек жайып кетуіне соқтырмай ма?

– Дәрігерлерге жасырын түрде емес, ашық түрде ақша ұсыну мәселесін заңдас­тыру жөнінде өз пікірімді айтқан болатын­мын. Қазіргі таңда бұл мәселе заңдас­ты­рылған жоқ. Денсаулық сақтау саласында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақ­сатында көптеген шаралар қолдануда. Мысалы, медициналық ұйымдарда сыбай­лас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін жауаптылық бөлігінде заңнаманы түсіндіру арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, денсаулық сақтау ұйымдарының ша­руа­шылық, қаржылық қызметіне тексеру жүргізу, БАҚ-ты белсенді түрде тарту, меди­ци­налық мекемелерде сенім телефон­да­рының болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ көзге түсетін жерде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты болдырмау және алдын кесу мақсатында жеке және заңды тұлғалардың жазбаша өтініштерін қабыл­дау үшін жәшіктер қою жөніндегі тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

– Сәуірдің 1-інен бастап мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы 25 пайызға өсті. Бұл дәрігерлердің жағдайын жақсартады деуге бола ма?

– Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы мемлекеттік қызметшілер­дің, медицина қызметкерлерінің еңбек­ақысын 25 пайызға ұлғайту туралы тапсыр­масы іске асырылып жатыр. Әрине, бұл дәрі­герлердің әлеуметтік жағдайын айтар­лық­тай жақсартады. Дәрігерлердің жала­қы­сы ұдайы өсіп отырады. Бұл мәселе Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекет­тік бағдар­ламасында да қарастырылған.

Сандар сөйлесе...
Елімізде 2008 жылмен салыстырғанда, 2009 жылы меди­циналық-демографиялық жағдайдың біршама жақсаруы байқалып отыр. Өлім-жітім көрсеткіші 1000 адамға шаққанда – 8,3 пайыз. 2008 жылы бұл көр­­сеткіш – 9,83; 2009 жылы 9,01 пайыз болған. Аза­маттарымыздың өмір сү­ру ұзақтығы 2008 жылы 67,11 жас болса, ал 2009 жылы 68,5 жас­ты құ­рады.
Ана мен бала өлімі туралы айтатын болсақ, бұл көрсеткіштердің бүгінгі таңда төмендеуі байқалып отыр. 2009 жылдың 1 тоқсанында ана өлімінің көрсеткіші 100 адамға шаққанда – 31,2; 2010 жылы бұл көрсет­кіш 30,1 пайызды құрады. Бала өлі­мі­нің көрсеткіші 2009 жылдың 1-тоқ­са­­нын­да 1000 туған балаға шаққанда – 19,6; 2010 жылы 18,5 пайыз болған.

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста