Бір жылдан кейін еліміз екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 70 жылдығын атап өтеді. Осы ретте жерлесіміз, Ұлан ауданының Тайынты ауылының тумасы, майдан даласында теңдессіз ерлік көрсетіп, жат жерде мәңгілікке тыным тапқан батыр Әбілғазы Кенжалин жайында әңгімелеуді жөн көрдік.
«Боздақтар» атты естелік кітабында ол туралы Шығыс Қазақстан облысының Бұқтырма ауданында 1921 жылы дүниеге келгені, 1945 жылдың наурыз айында аға лейтенант шенінде қаза тауып, Латвия елінде жерленгені туралы қысқаша дерек бар. Кейінірек жалғыз інісі Шаймардан ағасы жөнінде былай деп жазады: «Әбілғазы оқуға алғыр болды. 1936-1937 жылдары Шыбынды, Манат мектептерінде мұғалімдік қызмет атқарды. 1939-1940 жылдары Өскемен-Зырян тас жолын салуға қатысты. Соғыс басталғанда ішінде Әбілғазы бар бірнеше жігітті Тайынты ауылынан аудан орталығы Бұқтырмаға шанамен алып кетті». Бұл 1941 жылдың қыркүйек айы еді.
Сұрапыл соғыстың оты тұтанғанда Әбілғазы әулетінен ағайындары Мағарап пен Нұртаза майданға аттанады. Әбілғазының інісі Шаймардан ол кезде он үш жаста еді. Қан майданнан Марғарап пен Нұртаза ғана аман-есен оралды.
Әбілғазы Шаймарданға үнемі хат жазып тұрды. Алғашқы хаттарында ағасы бірден сапқа тұрып, жауға қарсы шабуылға қосылғаны, жаудың бетін қайтаруда ерліктің үлгісін көрсеткені үшін Ташкентке офицерлер курсына оқуға жіберілгені туралы жазады. Ол төрт айдан соң лейтенант шенін алып, Ленинград майданында қолына қару ұстап рота командирі ретінде ондаған шақырымға созылған алғы шепте ұрысқа кіреді.
Әбілғазы өмірге құштар, зерек адам болды. Кенжалиндер әулетінің жеке мұрағатында сақталған хаттарынан оның бауырмалдығы мен кісілік келбеті айқын көрінеді. Інісіне жазған хатында: «аман-есен елге барсам, өзім оқытып-жеткіземін, уайымдама» деп күш-жігер береді екен оған.
«...Қымбатты, аса құрметті көретін ағайға, тәтеме, бауырым Мардаш (Шаймардан), Бағила, Мәрзия, Өзипаға, барлығыңызға сағынған жүректен сансыз сәлем! Мен де аман-сау, денсаулықта, тиісті командирлік қызметімді атқарып жүріп жатырмын. Хал-тұрмыс жақсы. Екі рет наград алдым. Старший лейтенант деген звание алдым. Рота басқарып, дәл майданның өзінде жүріп жатқан жайым бар.
Қарағым Бағила, сіздің 12 январь күні жазған хатыңызды алып оқып, хабарларыңызды біліп, өте қатты қуанып қалдым. Хабар білдірген Әбілғазы.
...Елдің, өздеріңнің қалдарыңды толық жазыңдар, сіздердің хабарларыңызды білмегеніме көп айлар, көп күндер өтті, сіздерден хат алған күннен қуаныштымын... Ауылдағыларға амандық тілей отырып, амандық жазса...» деп және бір мәрте қайталапты қайран жауынгер. Бұл - батырдың туыстарына айтылған соңғы сөзі, жазған соңғы хаты еді. Соңғы хат 1945 жылдың 13 наурызында жазылып, төрт күннен кейін Әбілғазы ерлікпен қаза табады. Төрт жыл бойы майдан даласында жаумен жан аямай шайқасып, Ұлы жеңіске 2 ай уақыт қалғанда бар-жоғы 24 жыл ғұмыр кешіп, қыршынынан қиылды.
Майдангер атасының рухын немересі Әбілтай тірілтті
Шаймарданның ұлы Ербол: «Ағама Жеңіс күнінің қуанышын көру бақыты жазбады. Туған жердің бір уыс топырағы бұйырмай, мәңгіге тыныстап жатқан жерінің белгісіз болуы бізге тыным бермей, ағамыз туралы мәліметтерді іздеп, жан-жаққа сұрау салдым» -дейді. Алайда, әскери қызметін өтеп жүрген Ербол Кенжалин үшін бұл ізгі мақсаттың орындалуына біраз уақыт керек еді. Ақыры бір ұшығы шықты-ау, әйтеуір.
Шаймардан ақсақал көзі тірі кезінде Ерболдан сүйген немересіне үлкен аталарын кейінгі ұрпақтары ұмытпай жүрсін деп Әбілғазыға ұқсатып Әбілтай деп қойып еді. Әбілтай атасының сүйегі жатқан қасиетті жерді интернет арқылы шарқ ұрып іздеп жүріп тапты. Латвиядағы Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне қойылған ескерткіш тақтаның ұзын-сонар тізбесінің алтыншысында «гв.старший лейтенант Кенжалин А.» деп тайға таңба басқандай жазылған. Шайқас өткен жердің картасы, суреттері электронды нұсқамен жіберілді. Ал шайқас деректері туралы құжаттар құпия мұрағаттардан екі жыл бұрын жарыққа шықты.
Үш мәрте «Отан соғысы» орденімен марапатталған
Ерекше атап өтетін жәйт, Әбілғазы Кенжалин- қатардағы жауынгер емес, Тайынты ауылынан шыққан тұңғыш офицер, нағыз қаһарман жауынгер. 1945 жылдың 28 ақпанындағы шыққан бұйрықта Панфилов атындағы 8 гвардиялық атқыштар дивизиясы, 19 гвардиялық атқыштар полкі пулеметшілер ротасының командирі, гвардия аға лейтенанты Әбілғазы Кенжалинді II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапаттау туралы айтылады. Ал наурыз айында ол Жарнах, Вознесенское деревнялары мен Космодемьянск қаласы үшін болған шайқастарда 14 фашисті жер жастандырып, Великая өзенінен өтерде өзі басқаратын ротаның арғы бетке жедел және шығынсыз өтуін ұйымдастырып, 7 пулемет нүктесін тас-талқан етіп, 2 миномет расчетының көзін құртады. Араға ай салмай, екінші мәрте II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталады, ол туралы үйіне жазған хатында да айтылған. Осы ұрыстарда ол үш мәрте қатты жараланған.
Батыр жауынгер ерлікпен қаза тапқаннан кейінгі марапат қағазында 1945 жылдың 17 наурызындағы ерлігі тәптіштеп баяндалған. «Донгас хуторы аймағындағы қанды қырғында командир Ә.Кенжалин өзі пулемет тетігіне отырып, бірден 30 фашисті жайратып салды, біздің жаяу әскердің адымын аштырмай тұрған жау ДЗОТ-ы амбразурасын талқандады. Қайсар мінез танытқан Кенжалин жолдас жаяу әскерге жол ашты. Фашистер бес мәрте шабуылға шығып, бесеуінде де кері қайтуға мәжбүр болды, осы шайқаста оның ротасы тағы да 70 фашистің көзін құртты. Әбілғазы Кенжалин кезекті қиян-кескі шабуылда мерт болды». Бұл ерлігі үшін қаһарман жауынгер үшінші мәрте I дәрежелі Отан «соғысы орденімен» марапатталды.
Панфиловшылар дивизиясының тарихы әлі күнге толық жазылмай келеді
Интернет желісі арқылы тапқан іздеу тобының мүшесі Михаил есімді жігіт былай деп жазады: Панфиловшылардың 8-ші атқыштар дивизиясының тарихы әлі күнге дейін толық жазылып болған жоқ. Бұл құраманың 1941 жылы Мәскеу түбінде қандай ерлік көрсеткенін жұртшылық жақсы біледі. Ал бұл даңқты дивизияның соңғы қасіретті тағдыры туралы көпшілік біле бермейтіні және ақиқат.1945 жылдың наурыз айында Курляндия шұңқырына кезекті шабуыл кезінде әуелі жартылай қоршауға түсіп, сосын ол қысым тарыла түседі. Нәтижесінде көптеген кеңес жауынгерлері қаза табады. Дивизия қоршаудан шыққаннан кейін, соғыс аяқталғанша белсенді әрекет көрсете алмайды. Негізінде оқиға былай болған. Даңқты дивизия шабуылға бір жарым айдай дайындалады. Олар сақадай-сай күйінде алға ұмтылып, жау тылына дендеп енді. Алайда қанаттас көршілер бұл уақытта шамамен 4-5 шақырымдай кейіндеп қалады. 18 наурызда түс ауа жау төрт рет қарсы шабуылға шығады, олар мүмкіндікті пайдаланып бұлардың тылына да өтіп алады. Сөйтіп, ілгері шығыңқырап кеткен дивизияны бір жағынан қауқарсыз жағдайда қалдырады. 26 наурызға дейін дивизия жартылай қоршауда әрекет етеді. Немістер қазан шұңқырдың шығар аузына күштерін аямай төгіп, қысымды үдете түседі...
Міне, осы ахуалдағы дивизия құрамында Әбілғазы Кенжалин де бар. Оның ерлікпен қаза табатын сәті де осы тұсқа сәйкес келеді.
Латвиядан келген тағы бір хат авторы – Александр Ржавин өзінде бар мәліметтерге сүйеніп, аға лейтенант Әбілғазы Кенжалиннің Салдус өлкесі Броцен ауданындағы Тушки хуторында жерленгенін баяндайды. Бұл – Пелсблидене станциясына тақау жер.
Тарихтың тірі куәгерлерінің әрбір айтқан салиқалы сөзі ел арасында өлшеусіз құрметке лайық. Сондай көкірегі қазынаға толы, көзі ашық қариялардың бірі - Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентінің тұрғыны, соғыс ардагері Мағауия Мұқашев. Майданда оқ астында жүріп байланысшы болған 90 жастағы ақсақал бүгінде бәйбішесі екеуі бала-шағасының ортасында бақытты ғұмыр кешуде. Мағауия ата – Әбілғазыны тірідей көрген жалғыз куәгер. «Әбілғазы - Тайынты ауылынан шыққан тұңғыш офицер. Жоқшылықтан, таршылықтан шыңдалған болар, сабағын өте жақсы оқып, зұлмат жылдары мұғалімдік қызмет атқарды. Қажыр-қайратты, рухы биік, сезімі сергек, келбетті жігіт еді. Соғыста осы қасиеттері серік болып, офицер шенін алды, пулеметшілер ротасының командирі болды. Пулеметшілерде бір-ақ мақсат бар - ол жаудың жаяу әскерін жою. Ал наганмен жүретін командир Әбілғазы қиямет-қайым шабуылда өзі пулеметті қолға алып, 30 фрицті жастандырды, ДЗОТ амбразурасының аузын жауып, пулеметтің үнін өшірді. Бұл ерлігі үшін ол Кеңес Одағы Батырының атағын алуға лайық еді.
Келесі жылы - Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы. Ардагерлер саны да сиреп барады. Тайынты ауылынан соғысқа аттанғандардың 200-ге тартасы оралмапты. Жеңістің 63 жылдығы қарсаңында ауылдың бір көшесіне Әбілғазы Кенжалиннің есімін бергізіп едік. Енді құпия мұрағаттардың құлыбы ашылып жатқан уақытта Әбілғазының жасаған ерлігін көріп отырмыз. Тарихи шындық ашылды. Ауылдың атына Әбілғазы Кенжалиннің есімі беріліп, батыр «Халық Қаһарманы» атағына ұсынылса, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілер еді», - дейді ардагер.
Расында да, бар-жоғы 24 жыл ғұмыр кешіп, Отаны үшін қасық қаны қалғанша күресіп, жанын құрбан еткен Әбілғазы Кенжалин - нағыз Халық Қаһарманы. Оған қандай құрмет көрсетілсе де, лайық деп ойлаймыз.
Бір шайқаста 70 фашистің көзін жойған жауынгер
Последние статьи автора