Бес күндік сабақ жүктемені жеңілдетер ме?
2014 жылдың күз айында жаңа оқу жылы басталар алдында мәжілісмендер қазақстандық оқушыларға бес күндік оқу апталығын енгізуді ұсынған болатын. Айта кетер жайт бес күндік оқу апталығы туралы ұсыныс бұған дейін де айтылған болатын. Алайда оқу бағдарламасындағы жүктеменің көптігі соншалық, қанша айтылса да пәндерді бес күндік оқу апталығына сыйғызу мүмкін болмағандықтан бұған дейінгі айтылған ұсыныстар шешімін таппаған болатын.
Енді ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева «Қазіргі уақытта бірінші сынып оқушылары үшін пәндерді қысқарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, оларды бес күндік оқу аптасына ауыстыру жөнінде жұмыстар жүру үстінде. 30 мектепте сынақ өткіземіз, 2015-2016 жылдары бес күндік оқу апталығы енгізіледі», - деп отыр. Министрлік маманының айтуы бойынша сынақ қорытындысында бұл стандарттың елдегі барлық мектепке енгізілу-енгізілмеуі белгілі болады екен.
Айта кетер жайт бес күндік оқу апталығы еліміздегі кейбір мектептерде бұрыннан бар. Мәселен Алматы қаласындағы №82 жалпы білім беретін аралас мектепте бірінші сынып оқушылары бес күндік оқу апталығымен оқиды. Алайда басқа мектептерге қарағанда күнделікті сабақтан бір сағат кеш шығады. Яғни мектеп әкімшілігі сенбі күнгі сабақтың жүктемесін басқа күндерге сыйғызуға тырысқан. Расында да соңғы кездері оқушылардың жүктемесіне жиі сын айтылып кеткен болатын.
Еліміздегі заңгерлер де «оқушылардың мектептегі және мектептен тыс жерлердегі, факультативтік және үйірмелік сабақтарға бөлетін апталық жүктемесі белгілі бір уақыттан аспауы керек. Оқушылардың апталық жүктемесінің көбеюі олардың денсаулығына кері әсер етеді. 1 сынып оқушысының апталық оқу жүктемесі 24 сағаттан, 2 сынып оқушысының сабақ жүктемесі аптасына 25 сағаттан, 3 және 4 сыныптың оқушысының жүктемесі 29 сағаттан, 5 сыныптікі 32 сағаттан, 6 сыныптікі 33 сағаттан, 7 сыныптікі 34 сағаттан, 8 сыныптікі 36 сағаттан, 9 сыныптікі 38 сағаттан, 10-11 сынып оқушысынікі 39 сағаттан аспауы керек» деген болатын. Алайда оқушылардың апталық жүктемесі арнайы заңмен бекітіле тұра, көп жағдайда бұл талап сақтала бермейтіні де айтылған болатын. Мәселен 1 сыныптың оқушысы аптасына 24 сағат уақытын ғана сабақ оқуға бөлетін болса онда не үй тапсырмасын бермеу керек, не сабақ уақытын бес күндікке ауыстыру керек еді. Сол секілді басқа сыныптардың да сабақ орындауға, дайындауға бөлетін уақыты белгіленген уақыттан асып кететіні белгілі болып отыр. Кейбір елдер үйге үй тапсырмасын бермеу арқылы немесе бес күндік оқу аптасына көшу арқылы бұл мәселені шешіп отыр.
Психологтар «бұлай бала ағзасына күш түсіру олардың психологиялық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да оқу бағдарламасына кері әсер етеді, денсаулығын төмендетеді» дейді. Еріксіз «артық қыламыз деп тыртық қылып алмаймыз ба» деген күдік қылаң береді.
Осы орайда айта кетер бір жайт соңғы үш жылда мектеп бағдарламасына пән ретінде енгізуге бас аяғы жиырма шақты ұсыныс жасалыпты. 12 жылдық оқу бағдарламасының да кешенді түрде енгізе берілетіні белгілі болып отыр. Бұл түрімізбен бес күндік оқу аптасына көше алар ма екенбіз?! Тағы күні қысқартылғанмен, қалған 5 күннің оқу сағаттары ұзармаса болғаны...