Осыдан біраз бұрын Елбасымыз Н.Назарбаев барлық министрлік, облыс, қала әкімдеріне “Электронды Үкімет» бағдарламасын дамыту жөнінде тапсырма берді. Артпа-арт Үкімет басшысынан бастап, барлық министрлік, облыс әкімдері өздерінің сайттары мен жеке блогтарын ашты. Оған еліміздің әр аймақтарынан хаттар мен арыз-шағымдар толассыз түсіп жатыр. Тіпті оқып үлгере алмайсың. Егер сол жазған хаттарға жауап келіп, жазғандарың нәтижелі болып жатса, қуанасың, әрине. Бірақ билік басында отырған мүйізі қарағайдай басшыларға жазған арыз-шағымдарың сол күйі «баяғы жартас, сол жартас» болса, онда ондай блог ашып, әуреге салынудың қажеті не?
Таяуда Түркістан қаласының сайтына кірдік. (www.turakimat.kz). Онда осыдан 3-4 ай бұрын Түркістан қаласынан Отырар ауданына ауысқан әкім – Бейбіт Шалдарұлы Сыздықовтың суреті әлі тұр. «Түркістан қаласының әкімі – Бейбіт Сыздықов» деп бадырайтып жазып қойыпты. Демек, Түркістан қаласының жеке сайты 3-4 ай, тіпті бір жылға дейін жаңартылмайды деген сөз. Әлде сайт жасаушылар Бекеңді қимай жүр ме? Түркістанның қазіргі әкімі Қайрат Молдасейітов қалай үндемей жүр екен бұған?
Түркістан – бүкіл түркі жұртына белгілі жәдігер қала. Сондықтан бұл қалаға қызыға қарайтындар өте көп. Түркістанға келуге мүмкіндігі болмай жүрген жұрт қаншама! Олардың барлығы киелі шаһардың сайтына кіру арқылы қаламен танысқысы келеді. Алайда аталмыш сайтта Яссауи кесенесі түсірілген төрт суреттен басқа түк жоқ.
Айта кетейік, жақында Түркістан қаласына жолай соққанда әкім Қайрат Молдасейітовке арнайы кіріп, осы мәселені айтқан болатынбыз. Ол: «Болды, барлығын қатырамыз. Алдағы уақытта ескеріледі» деп, өзінің жеке қойын кітапшасына түртіп қойған болатын. Алайда әлі де бәз-баяғы қалпы. Тіпті бұл мәселе төңірегінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің жеке блогына хат та жаздық. (№518, қыркүйектің 29-ы, 2009 ж.) Жауаптары мынау: «Сіздің сұрағыңыз бойынша Түркістан қаласының әкімдігі тиісті шара қолданып, қателіктерін жойғанын хабарлады. Жауапты маманға алдағы уақытта Түркістан қаласының ресми www.turakimat.kz сайтындағы мәліметтерді уақтылы жаңартып тұру керектігі ескертілді»...
Міне, осы. Алайда біз осыдан кейін Түркістан қаласының сайтына тағы да бір үңілдік. Өзгерген түгі жоқ. Тек жаңа келген әкім мен оның орынбасарларының ғана аты-жөнін өзгерткен. Тіпті онда қ,ғ,ұ,ү,ң,і,ө әріптері түсіп қалған.
Жаңылыспасақ, қалада жергілікті «Түркістан» газеті апта сайын шығып отырады. Неге сондағы жаңалықтарды сайтқа енгізіп, үнемі жаңартып отырмасқа? Бұл – Республикамыздағы барлық облыстарға қарасты аудан-қалалардың сайттарында бар тәжірибе. Мәселен, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарына қарасты қалалардың жеке сайттарына кірсеңіз, ондағы жаңалықтардың үнемі жаңартылып тұратынына көз жеткізер едіңіз. Ал оңтүстіктің ірі қалалары — Түркістан, Кентау, Сарыағаш, Жетісайдың сайттарына кірсеңіз, түңіліп шығасыз. Әлде сайтты жасайтын маман жоқ па, бәлкім, қаражат жоқ шығар? Бірақ бұған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің өзі: «Электронды Үкімет» бағдарламасын жүзеге асыруға жеткілікті дәрежеде қаржы бөлінді» деген болатын.
Әлжан ҚАЛДЫБЕКОВ, Түркістан қаласының веб-сайтын жасаушы маман:
—Сайт мәселесі бойынша мен әкімшіліктегілерге айтқанмын. Бірақ солай болып тұр ғой. Хотя бы жаңа әкімді енгізіп қояйық дегенмін. Бірақ жауап жоқ. Қайтесің енді?!. Мені әкім қабылдай қояды деп ойламаймын. Мен сайтты жасап бергенмін. Ары қарай өздерің мәлімет енгізіп отырыңдар дегенмін. Бірақ істейтін адамы нашарлау. Егер маған хабарласып жатса, барлығын ретке келтіріп беремін. Өздері хабарласпайды. Ал мен көмегімді аямаспын.
Қаз-қалпында
Ерсұлтан АХМЕТОВ, Түркістан қаласы әкімінің көмекшісі:
– Сіздер сайтты ауыстыру жағынан көмек берсеңіздер.
Әйтпесе Түркістанда ондай мамандар жоқ, мұндағылар сайттың не екендігін білмейтін де шығар. Хорошо, мен өзім осымен айналысып көремін. Біз өзіміз жақында келдік жұмысқа. Ол туралы әкіммен сөйлесудің керегі жоқ. Өзім барлығын ұйымдастырамын.