Базар маңында былық бар

Базар маңында былық бар

Жалпы, еліміздегі базарларға қатысты айтылар сын өте көп. Қазір республикамыздағы базарлардың денін көшіріп, оның орнына заманауи сауда кешендерін салу біртіндеп қолға алынуда. Алайда бұрыннан келе жатқан орталық базарларды көшіру оңай шаруа емес. Мұны қарапайым жұртшылық қолдағанмен, базар басшылары мен онда сауда жасайтын кәсіпкерлер бұған үзілді-кесілді қарсылық танытуда. Бірақ көшірмеске лаж, жаңасын салмасқа амал қалмағандай. Өйткені базар іші былыққа толы. Ең болмағанда қарапайым санитарлық талаптар мен өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмаған. Базарға жұмыс іздеп келетін заңсыз мигранттар мен онда орын алатын түрлі қылмыстар толастар емес. Базар ішіндегі былықтар жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Сондықтан біз бүгін  базар іші жайлы емес, оның сыртындағы, дәлірек айтқанда, базар маңындағы жалға берілетін үйлер төңірегінде сөз етпекпіз.  Осы ретте біз әйгілі «Барахолка» базарының маңындағы жалға берілетін үйлердің әлеуметтік және санитарлық жағына назар аударып, арнайы зерттеу жүргізген едік.

Санитарлық нормаға еш сай емес
«Барахолканың» «Болашақ» база­ры­ның ар­тында бұрынғы Шоссейная, қазір Го­ло­вацкий деп аталатын үлкен көше бар. Ол көшенің бойындағы үйлердің барлығы дер­лік пәтерлерін жалға береді. Екі қа­бат­ты етіп жағалай салынған үйлердің әр­бі­рінде жалға берілетін 20-25 пәтерден бар. Онда ұйғырың да, қырғызың да, дүнгенің де, өзбегің де, «пропискасы» бары да, жо­ғы да бар – бәрі-бәрі тұрып жатыр. Тәу­лік­тік жалға берілетін пәтерлердің күндік ақы­сы 1000 мен 1500 тең­ге­нің айналасында. Бір пәтерде шамамен төрт-бес адамнан жатады. Енді бір үйде 20-25 пәтер бар деп есептейтін болсақ, он­да ол көшенің бойындағы бір үйде ке­мінде 100-ге тарта адам тұрады деген сөз.
Ал сол 100 адамға – бір-ақ дәретхана. Жуы­­натын бөлме, жылы су деген атымен жоқ. Оның үстіне, дәретханаға тек сонда пә­тер жал­дап тұратындар ғана емес, ба­зарда сау­да істейтіндер де 30 теңгесін тө­леп, кі­ріп-шығып жатыр. Кейбіреулер үй­ле­рінің жа­нындағы «времянкаларын» жал­ға беріп қойған, онда дүнгендер, ұй­ғыр­лар асхана ашып, гуйру, суйру секілді лағ­мандардың неше түрін, палау, сорпа, кә­у­ап, одан бө­лек, самса, бөлішке, гриль, ход-дог, гам­бур­гер, бәліш секілді тез да­йын­далатын та­ғамдарды сатып отыр. Са­ту­шылардың же­ке гигиенасы мүлде сақ­тал­майды. Еден жуып жүргендердің қолын жумастан ыдыс жуып, тамақ салып, тамақ тасып жүр­ген­дерін көз көрді.
Ал бұған Алматы қаласы Алатау ауданы бо­йынша МСЭҚБ тағам нысандарын қада­ға­лау бөлімінің бас маманы Салтанат БӨ­ПЕ­ЖАНОВА былай дейді:
– Сіздің айтып отырған Шоссейная кө­ше­сі Алатау ауданының «Заря-Восток» ық­шам­ауданында орналасқан. Иә, ондағы ас­­ханалар өте күрделі жағдайда тұр, сани­тар­лық норма сақталмайды. Қазір онда 30-дан аса қоғамдық тамақтандыру орны бар. Біз оларды тоқсан сайын тексеріп тұ­рамыз. Ондағы асханалардың басым кө­бі са­нитарлық талаптарға сай болмаған­дық­тан, сотқа да арыз бергенбіз. Тіпті сот ше­­шімі «ол асханалар жабылсын» деп шық­қа­нымен, оның орындалуы көңіл көн­­­шіт­пей тұр. Енді біз ондағы асханаларды «плом­­балап» жауып тастай алмаймыз, ол біз­дің құзыретімізге кірмейді. Осы ретте сот орын­даушылары өз істеріне ыждағатты бол­са екен деймін. Әйтпесе онда халықтың та­ғамнан уланып қалу қаупі жоғары. Оны жа­сырудың керегі жоқ. Сондықтан мен көп­шілікке ол көшенің бойындағы ас­ха­на­лар­дан тамақ ішпеуге кеңес беремін.

                                   Саудагерлер тар бөлмеде күн кешуге мәжбүр

                                    Әжетхана мен жуынатын жердің түрі – осы

                                    Жалға берілетін үйлердің жарнамасы қызып тұр

Мемлекет ішінен мемлекет құрып алған тәрізді
Бір қызығы, бұл үйлерді әр ауданнан кел­ген сатушылар тұрғылықты тұратын же­рі етіп меншіктеп алған. Мәселен, Голо­вод­ский көшесіндегі №48 үйде тек Ақтөбе, Ора­л­дан келгендер ғана жатса, ал №49 үй­де Атырау, Ақтау, Жаңаөзеннен кел­ген­дер қоныс тепкен. Зайсандықтардың да, шым­кенттіктердің де өздерінің белгіленген үй­лері бар. Бірақ ол үйлердің бірінде са­ни­тарлық норма сақталмаған. Тіпті кейбір үй­лерде тыйым салынған ойын авто­мат­та­ры, компьютерлік клубтар бар. Оның ішін­де жастар лық толы. Жеке куәлігіңіздің бар-жо­ғын, бірлі-жарымы болмаса, сұрап жат­қандар жоқтың қасы. Тек ақысын төле­се­ңіз болғаны, кім екеніңіз ешкімді қызық­тыр­майды. Бір күн түнеп шығасыз. Сауда­гер­лер үйлердің қора-қопсыларын да та­уар сақтайтын қойма ретінде жалға ал­ған. Осының бәрін өз көзімізбен көру үшін біз аталмыш көшедегі №47 үйге қондық. Онда бір күндік ақы жайлылығына қарай, 500 бен  1 мың теңгенің аралығында екен. Ая­дай ғана бөлмеде үш адам жаттық. Қа­сым­дағы жігіттердің бірі арбакеш болса, екіншісі бір аяғы жоқ қайыршы кісі болды. Ал көрші бөлмеде шағын арбаға тиеп, «термоспен» шай, бәліш, шемішке, сағыз, құрт, темекі сататын апа саудагер қыздар­мен қоныстанды.
Мұрат, арбакеш:
– Отбасым – ауылда, мен қаладамын. Ауыл­ға төрт-бес айда бір барып тұрамын. Мұнда арба сүйрегенің үшін осындағы жігіттерге тапқан табысыңның 30 пайызын бе­ріп тұрасың. Әйтпесе жұмыс істетпейді. Жұ­мыс ауыр. Күн жылы кезде далада ар­баның үстіне қона салушы едік, қазір күн суық. Денсаулықты да байқау керек.  Мұн­да жертөледе, сыз үйде кішкене бала­ла­рымен тұрып жатқандар бар. Балалары күрк-күрк жөтеледі. Ауылдан келген көп қа­­зақтың тіршілік көзі – дәл осы базар. Ауылда жұмыс болса, қаңғып, арба сүйреп неміз бар. Осы жұмыстың өзіне талас. Өйт­кені мұнда өзбек, қырғыздар қаптап жүр.

Онда ауру да, қылмыс та өршіп барады
Арбакеш жігіттің сөзінің жаны бар. «Ба­ра­холкада» Қытай, Тәжікстан, Қыр­ғызстан, Өз­бекстаннан келіп, заңсыз жұмыс істей­тін­дердің қарасы көп. Еш жерде тіркелмей, құ­жатсыз жүрген келімсектер Алматыда қыл­мыстың артуына, неше түрлі ауру­дың таралуына себепкер болуда. Олардың по­лиция көзіне қалай түспейтіні белгісіз. Алматы қаласы Ішкі істер департаменті өкіл­дерінің айтуынша, қала базарларында криминогендік жағдай күрделене түскен. «Көп жағдайда ол жерде елімізде заңсыз жүрген шетелдік азаматтар жұмыс істейді. Үс­тіміздегі жылдың тоғыз айында базар­лар­да 1146 қылмыс жасалынған, оның ішін­де тонаушылық, зорлау, бұзақылық жә­н­е бір кісі өлтіру оқиғасы бар», – дейді ІІД-нің баспасөз қызметі бізге берген ақ­паратында.
Оның үстіне саудагерлердің ден­сау­лығын да тексеріп жатқан ешкім жоқ.  Олардың арасында неше түрлі жұқпалы аурумен ауыратындар қарасы да көп.
Сейілбек ҚАЛАҚОВ, Алматы қалалық мәслихатының депутаты, қалалық экология, денсаулық сақтау және ТЖ мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы:
– Қалалық денсаулық сақтау басқар­ма­сының «Салауатты қала» акциясы шең­берінде атышулы «Барахолка» жайма ба­зар­ларына ұйымдастырған жылжымалы ме­дициналық-профилактикалық тексеру ша­раларының екі күндік нәтижесінде өз ер­кімен дәрігерлік тексерістен өткен мың адамның жүзге жуығынан туберкулез дер­ті­нің вирусы анықталды. Фтизиатр ма­ман­дардың айтуынша, бұл көрсеткіш – же­дел дабыл қағатын жағдай. Тексеріс ке­зін­де он­дағы туберкулезбен ауыратын­дар түр­ме­дегі жағдаймен бірдей  – жеті есе­ге өс­кен. Демек, азаматтық қоғамға қа­ра­ғанда, түр­ме мен «Барахолкадағы» ту­беркулез жағ­дайы жеті есе жоғары тұр. Өкі­ніштісі сол: абақтылардағы азаматтар әй­теуір мәж­бүр­лікпен болса да емделсе, ал базардағылар өздігінен келіп қа­рал­май­ды. Және олар қасымызда жүр. Бұл қауіпті емей немене? «Барахолкада» си­филиспен ауыратындар – 12,5 есе, әйел­дер ара­сын­да жатыр мойнының қа­терлі ісігімен ауы­ра­тындар 3,3 есеге көп еке­ні анықталған. Қыс­қасы, базар­да­ғылардың ба­сым көп­ші­лі­гінің денсаулығы жоқ. Бұл тек ресми де­рек қана... Ал өз­дігімен тек­се­рілмей, ем­дел­мей жүргендер қан­шама. Сон­дықтан он­дағы халықтың ме­ди­ци­налық тек­се­руден өтуін қадағалау қа­жет. Мигранттар мәселесі де өзекті. Он­дағы заң­сыз келім­сек­тер неше түрлі ин­фек­ция­лық ауруларды та­ратуы мүмкін. Сол се­бептен, базардағы саудагерлерді Ал­ма­тының емханаларына тіркеуге алып, тек­се­ру қажет. Сауда жасай­тын­дардың көпшілігі өз­дігімен келіп қарал­майды. Сондықтан сау­дагерлердің ем­делулері үшін олардың ара­сында түсін­дірме, ынталандыру жұмыс­тарын жүргіз­ге­німіз жөн.
Қалай десек те, базар ішінде де, оның сыр­тында да шешілуі тиіс мәселелер шаш етек­тен. «Барахолканың» артындағы кө­ше­лердің барлығы күн бата салысымен тас қараңғы болады. Түнде жүру өте қор­қы­нышты.  Алматыдағы бұл ең ірі базардан мемлекетке қаншама салық түсіп отыр­ған­нан кейін, ең болмаса халық көп шо­ғыр­ланған көшелерге жарық орнатып қоюға бо­лады ғой. Әттең... Ең сорақысы, базарда өрт қауіпсіздігі сақталмаған. Егер бір өрт бо­ла қалса, оған төтенше жағдайдың кө­лік­тері кіре алмайды. Бір сөзбен айтқанда, өрт бола қалған жағдайда басындағы бас­па­насын банкке кепілдікке қойып, күн­көрістің қамы үшін қыруар қаржыға тауар әкелетін саудагерлердің дүниесін өрттен аман алып қалу қиын. Өрт қауіпсіздігі сақ­талмайтын Алматы базарларының бір сәт­те күлге айналған Шымкенттегі «Бекжан» ба­зарының күйін кешпесіне ешқандай ке­пілдік жоқ. Сондықтан қандай жағдай бол­масын, санитарлық, өрт қауіпсіздігі та­лаптарына сай келмейтін базарларды жөн­ге келтіріп, базардағы халықтың ден­саулығына, жайлы өмір сүруіне жағдай жасау қажет-ақ болып тұр.
Сондай-ақ осыдан біраз бұрын Ішкі іс­тер қызметкерлері мен Салық басқармасы бір­лескен тексеру жүргізіп, Алматыдағы тұр­ғын үйлердің тең жартысы жалға бе­рілетіндігін анықтады. Жалпы есеп бо­йынша, қалада 7 000 көпқабатты тұрғын үй мен 115 мыңнан астам жеке сектор бар екен. Бірақ соның жартысынан астамы үйін жалға береді. Дегенмен соның 9 200 пәтер иесі ғана жеке кәсіпкер ретінде тір­келіп, салық төлейді. Ал қалғандары пә­тер­лерін астыртын жалға беріп отыр.
«Барахолкада» да жалға берілетін бір үйде 100-ге тарта адам тұратынын ескер­сек, оның әрқайсысынан 1 мың теңгеден ал­ғанның өзінде күніне 100 мың теңгеден аса пайда табады екен. Бірақ оның еш­қай­сысы салық төлемесе, онда неге айыппұл са­лынбайды, неге санитарлық талаптарды орындауды міндеттемеске? Онымен қоса, құ­зырлы органдар базар маңындағы жал­ға берілетін үйлерде кімдер тұрып жат­қандарын тексеріп отыруы тиіс. Әйтпесе мұн­да да лаңкестік әрекеттердің белең алуы бек мүмкін. Алматыдағы Ақкентте, Ба­­ға­нашыл мен Таусамалында болған атыс-жарылыстар сол пәтер жалдап тұр­ған­дардың сал­­дарынан орын ал­ған­дығын әсте ұм­ытуға болмайды.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста