Ғасырлар бойы толқыны жағаға ұрып жатқан Арал теңізінің қақ ортасында орын тепкен Барсакелмес аралы беріде жүгірген аң, ұшқан құс және өсімдіктер әлемін қорғайтын табиғи мекенге айналды. Сонау бір замандарда осы аймақта өріп жүретін жан-жануарлар қатары кеміп, көкте қалықтаған қанаттылар да көзге көп ұшыраса бермейтін болды. Өсімдіктер де даламызда азайып, адамзат баласы өмірінде экологиялық апат орын алды. Беріде сол Арал теңізі аумағында арнайы қорық құрылып, аталмыш аумақтағы қоршаған құндылықтарын көзіміздің қарашығындай қарауға мүмкіндік туды. Десе де, қорық өмірінде сан алуан қиындықтар да кездесіп жатты.
Барсакелмес аумағында бүгінгі заманға сай бірқатар іс-шараларды қолға алу ісі кезек күттірмейді. Оның барлығын сырт көз біле бермес. Алайда, сол жерде қызмет етіп жүрген мамандар оның барлығын жақсы біледі. Олардың айтуынша, қазіргі таңда қорықта израильдік технология бойынша көгалдандыру шарасы жүзеге асырылуда. Бұл жобаның қолға алуда күтіліп отырған үміт үлкен. Ол толығымен жүзеге асқаннан кейін жергілікті жағдайға қолайлы су сақтау технологиясының түрлі формаларын(тамшылатып суару, ылғалды көлдетіп жинақтау, егістік жерлерді сатылау) енгізуге, аумақтық кластерлер теңіздің кепкен табанына орман отырғызу мүмкіндігі туындайды. Осындай жұмыстарды қала мен ауылдық округтерде екі қатарлы қорғауыш «жасыл белдеу» құру арқылы ағаш өсіруді жетілдіруге, озық үрдіспен сапалы топырағы бар контейнерлерде, көшеттерде, топырақ қабатын картографиялау негізінде орман отырғызу учаскелерін таңдауға жол ашылады.
Бұл орайда «Барсакелмес» қорығы мамандарының ұсынып отырған жобасы бар. Олардың айтуынша, «Барсакелмес» орталығына жеміс-жидек дақылдарын, тәжірибелік орман тәлімбағын қоса алғанда тоғайлық және бұталы өсімдіктер өсіруге учаскелер бөлу қажет. Нақты кезеңде қорық аумағында 300-ге тарта түрлі өсімдік бар. Олардың көптеген түрлері Қазақстанның «Қызыл кітабына» енігізілген...
...Рас, кезінде Барсакелместің базары қайнап жататын еді. Жүгірген аң, ұшқан құс және өсімдіктер әлемі аталмыш қорықты құтты мекенге айналдырды. Ілгеріде оған адам аяғы жете бермейтін. Қорық теңіздің тап ортасына қоныс тепкен еді. Жан-жағын теңіз қоршап жатты. Жұрт аталмыш аралға қайықпен әупірімдеп жететін. Қазір бұл көрініс басқаша кейіпке енген. Қорық құрлықпен шектесті. Ерінбеген адам ермекке бара алады. Дерек көздерінде Барсакелместе қазақ құланы болғаны айтылады. Өкінішке қарай, өткен ғасырдың 30-жылдарында аталмыш аңның соңғы тұяғы құралайды көзге атқан бір мергеннің мылтық шүріппесіне байланған екен. Одан беріде бұл жерге Түрікменстанның Бадхыз қорығынан 13 бас құлан жеткізілген. Жануар жарықтық Барсакелместі жатсына қоймапты.
«80-жылдардың басында олардың басы 300-ге дейін жеткен» дейді мамандар. Теңіздің табаны құрғаған кезеңнен бастап қорықта тұщы су көздері тапшы болды. Осының салдарынан құландар суат іздеп, басқа аймақтарға ауа бастаған еді. Ғалымдар одан шығудың жолын іздеп, аталмыш аңды еліміздің өзге өңірлеріндегі қорықтарға жерсіндіруге күш салды. Барсакелместе бар-жоғы 50 шақты кәрі-құртаң құлан қалдырылды. Дегенмен олар да өсіп-өнуді тоқтатқан жоқ. Қорық қызметкерлерінің айтуынша, биылғы жылы құландар саны 347 басқа жетіпті.
Қазіргі таңда қорықта жоғары сатыдағы 298 өсімдік түрі, 29 сүтқоректі, 12 бауырымен жорғалаушы, екі қос мекенді мен 2000-нан астам жәндіктің түрі кездеседі. Қазір Барсакелмес құрлықпен шектесіп жатыр. Ғалымдар осыған орай техникалық-экономикалық негіздеме жасаған еді. Онда қорықты негізгі үш кластерлік жүйе бойынша дамыту көзделген болатын. Алайда әлі күнге дейін шешімін таппай жүрген жайлар аз емес. Негізгісі, «Дельта» теліміне қатысты болып отыр. Бұл аймақ сулы-батпақты болып табылады.
Қазіргі уақытта аталған телімді қосудың қажеттігі туындап отыр. Бұл аймақтың ғажайып флора мен фаунасын сақтауға бей-жай қарауға болмайды. Бүгінгі таңда жүзеге асырылып жатқан «Сырдария арнасын реттеу және Солтүстік Аралды қалпына келтіру» жобасының екінші кезеңін жүзеге асыру барысында ескерілуі тиіс. Осының арқасында биологиялық ресурстарды сақтап, табиғи тепе-теңдікті қалпында ұстау мақсатында қорық режимін орнатқанымыз артықтық етпейді. 2005 жылы Үкіметтің Барсакелместің аумағын кеңейту туралы шешімі еліміздің шөлейттенумен күрес, биоалуантүрлілікті сақтау мен климаттың өзгеруіне қарсы шаралар жүзеге асыруға бағытталған. Бұл шара БҰҰ-ның конвенциясының міндеттемелерін орындау мақсатында қолға алынған. Сондай-ақ қорыққа сулы-батпақты жерлерді қосып беру Рамсар конвенциясының міндеттерін шешеді. Дегенмен бұл мәселе Арал теңізі аймағында «Көкарал» бөгеті мен «Ақлақ» су тоспасын салуға байланысты тоқтатылған.
Теңіздің тартылуы қорықтың аумағын кеңейтті. Ертеде оның көлемі 16 795 гектарды қамтитын. Қазір ол он есеге көбейді. Барсакелмес арал атауының шекпенін шешті. Ондағы аң-құстың да саны азайып кетті. Жасыл желек те көзден ғайып болды. Барсакелместің түп-төркініне терең үңілген ғалымдар кезінде бұл аймақ сұлу табиғатымен талайды таңдай қақтырғанын тілге тиек етеді. Онда суы тұщы көлдер көп болған екен. Өсімдіктер әлемі де өзге жерлерде кездесе қоймағанға ұқсайды. Атап айтқанда, Протов көкпегі, Борщев сарғалдағы, қос жарнақты қызғалдақ сынды өсімдіктер Барсакелместің айбынын асырды. Сондай-ақ құлан, қарақұйрық, шағыл мысығы сынды жануарлар қорықтың қоршаған ортасына сән береді.
Соңғы жылдары теңіздің құрғаған табанына сексеуіл егуге көңіл бөлініп отыр. Әрине, оның құм көшкінін тоқтатуға пайдасы зор. Бұл орайда бірқатар жайлар ескерілмей қалған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ғалымдары Тұран ойпаты аймағында орналасқан Арал теңізінің аумағы жерасты су көздеріне өте бай екенін айтады. Осы орайда ғылыми тұрғыдан зерделеп, ұңғымалардың арақашықтығын шахмат кестесі әдісімен 20-30 шақырымнан тастап, жерасты су көздерін пайдалануға болады. Оның пайдасы орасан. Ең алдымен ол осы аумақтағы тұзды шаң мен топырақты басады. Тағы бір пайдалы жағы – бұл жерлерде өсімдіктер дүниесі өседі. Осының нәтижесінде, аң мен құстың саны бұрынғыдан арта түседі. Сондай-ақ экологиялық тепе-теңдік орнайды. Айталық, қолдан егілген сексеуілдің 25-30 пайызы ғана көктеп шығады. Сонда жылына 10 мың гектар аймаққа орман отырғыздық делік. Қазір теңіздің құраған аймағы 4 млн гектар делінеді.
Қалай десек те, Арал теңізі аумағындағы қоршаған ортаны қалпына келтіруге көңіл бөлгеніміз артық емес. Бұл біздің басты мәселеміздің біріне айналуы тиіс...
Барсакелмес аралын қалай көгалдандыруға болады?
Последние статьи автора