Балқашты сақтау үшін атом емес, жел стансысы қажет
Балқаш көлі бүгінде ерекше күтімді қажет етеді. Егер көлге қамқорлық жасалмаса, ертең Арал теңізінің кебін киіп кетуі бек мүмкін. Бұл орайда көлде атом стансысын салудың ешқандай қажеті жоқ. Бұл туралы кеше Алматыда өткен баспасөз брифингінде «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов мәлім етті.
«Табиғат» экологиялық одағының басшысы көлде атом электр стансысын салуға қарсы екендігін айтты. Оның сөзіне қарағанда, бұл жоспар бойынша халықтың денсаулығы, көлдің тазалығы ескерілмеген. «Егер біз бұл жерге атом электр стансысын салатын болсақ, Балқаш көлі Арал теңізінің кебін киіп кетуі мүмкін. Біз керісінше, оны тазалық айлағына айналдыруға күш жұмсауымыз қажет. Мен бірнеше жылдан бері бұл мәселені көтеріп келемін»,– деді М.Елеусізов. Табиғат жанашыры атом стансысының орнына бірнеше жел стансысын салуға болатынын айтады. Көрші Қытайдың өзінде мұндай стансылар көп. Ал Қазақстанда соңғы 20 жылда бірде-бір жел стансысы салынбаған екен. М.Елеусізов сондай-ақ соңғы бірнеше жыл бойы аталған одақ Балқашқа «Желкенді регата» атты шара ұйымдастырып жүргенін айтты. Оған тек Қазақстан ғана емес, көрші Ресей, Украина сынды елдерден де азаматтар келеді. Регатаның мақсаты – Балқаш көлін түрлі зиянды жобалардан сақтап қалу. «Бұл біздің дәстүрлі шарамызға айналды. Мұндай туризм түрі тіпті халықаралық сипат алып келеді»,– деді одақ төрағасы.
Мэлс ЕЛЕУСІЗОВ, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы:
– Бұл мәселені мен бұрыннан көтеріп жүрмін. Бізге ешқандай атом стансысының керегі жоқ. Стансының үлкен зардаптары болады. Уранды тапқаннан бастап оның қалдықтары, ауаға шығаратын улы заттары – бәрі табиғатымызға кері әсерін тигізеді. Бұл – өте қымбат жоба. Бірақ 30-40 жылдан кейін оны тоқтатуға тура келеді. Реактор жұмыс істесе, онда адамдардың еңбек етуіне мүмкіндік болмай қалады.