Шетелдерде адамдарды арнайы жеке бала күтуші мамандығына даярлайды дегенді естуіміз бар. Бізде ше? Мектепке дейінгі бала тәрбиешісі мамандығы болғанымен, жеке бала күтуші мамандығы жоқ. Десек те, жұмыссыздық, балабақшалардың жетіспеушілігі секілді қиындықтар бұл «дипломсыз» мамандық иелерін, бүгінгі тілмен айтқанда «нянялардың» санын арттыруға себеп болып отыр. Жалақысы ата-ана мен бала күтушінің келісімі негізінде құралады. Бірақ арада ешқандай да құжат рәсімделмейді. Барлығы да жабайы түрде, қаржыны қолма-қол беру арқылы жүргізіледі.
Бүгінде бала күтушіге деген сұраныс көп екені шындық. Ал оларға сенім артуға бола ма, бала күтушіні қалай таңдайсыз? Осы тақырып төңірегінде бірнеше адамдарға сұрау салған едік.
Гүлжамал ТҰРҒЫНБАЙҚЫЗЫ, медбике, декреттік демалыстағы ана:
– Біздің отбасы құрған кезіміз еліміздегі экономикалық қиын жағдаймен тұспа-тұс келді. Жарытымды жалақы, тұрақты табыс жоқ кезең еді ғой. Сол себепті де бала күтуші қызметіне мәжбүрлікті сезіндік. Бірақ бауыр етің – балаңды бейтаныс біреудің тәрбиелегенін қаламадық. Біз үшін бала тәрбиесі – ең маңызды мақсаттарымыздың бірі. Теледидардан Шымкентте болған мынадай оқиғаны көргенім бар. Бала күтуші жалдаған отбасының соңғы кездері үйінен ақша жоғалатын әдет пайда болған. Әрине, күдік бала күтушіге ауады. Бірақ ұсталмаған ұры емес қой. Содан кейін ерлі-зайыпты екеуі ақылдасып, қаржы полициясы қызметкерлерінің көмегіне жүгінуді ойлайды. Олар мән-жайды анықтау үшін үйге бейнебақылау орнатқан. Сол бейнебақылауға жазылған көріністі теледидардан көрсеткенде еріксіз жағамызды ұстадық. Кішкене ғана сәбиді қолтығына қалай болса солай қыстырып алған «няня» күнін үйді тіміскілеумен өткізеді екен. Жылаған нәрестені сабап алады. Үйден ақша ұрлағаны анық жазылып қалыпты. Осындай оқиғаны көріп отырып, балаңызды қалайша бейтаныс күтушінің қолына тапсыруға болады?
Қазіргі таңда елімізде бала күтушілерге деген сұраныстың жоғары екендігі анықталып отыр. Осы орайда баласын күтушіге беретін ата-ана мен бала күтуші арасына шетелдегідей арнайы агенттік құрып, жұмыстарын заңдастыру керектігі сезіледі. Ол агенттік бала күтуші мамандар жайында жан-жақты мәлімет бере алуы қажет. Мәселен, «няня» бірінші кезекте өз ұл-қыздарын тәрбиелеген ана, бала күтудегі көп жылғы еңбек өтілі бар тәжірибелі маман болуы тиіс. Психикасын, соттылығын анықтайтын анықтама мен алкоголь мен есірткіге тәуелсіздігін, жұқпалы және басқа да қауіпті аурулармен ауырмайтындығын растайтын арнайы медициналық анықтамасы болуы шарт. Әйтпесе, бейтаныс жанның бұрынғы өткен өмірбаянын, немен ауыратындығын, мінезі, тазалығы қандай екенін қайдан білуге болады? Жүйке ауытқушылығы бар адамдар баланың жылағанына шыдай алмай, оған не істеп қоятынын кім біледі? Ал ол бұрын түрмеде отырып шыққан болса ше? Осының барлығын алақаныңа салғандай етіп беретін агенттік өз адамының сапалы жұмысына кепілдік беріп отырса, сол агенттікпен келісімшартқа отыру арқылы бала күтуші жалдауға болатын сияқты. Ал бізде дәл қазір мұндай қызмет түрі бар ма? Үлкен қалаларда бар дегенді естиміз, бірақ бірен-саран жеке агенттіктер көрінеді. Алайда оның жұмыс істейтінінен көпшілік ата-аналар бейхабар. Сол себепті бала күтушіге деген мәжбүрлік болса да оны іздеуге көбі қорқады.
Мырзабек САРЫБАЕВ, Ясауи атындағы ХҚТУ ШИ орталық жетекшісі:
– Бала бағу – өте жауапты іс. Бала күтушіге қойылар талап жоғары. Ол ақыл-ойды дамытатын түрлі ойындар, есептер, тақпақтар білуі керек. Оның міндеті балаға тек тамағын беріп, аулада серуендету емес. Мәселен, менің немеремді бала күтушіге тапсыратын болса міндетті түрде біліміне, ой-өрісіне, мамандығына, тәжірибесіне, мінезіне, тазалығына мән беріп, ол жайлы мәліметтерді бүге-шігесіне дейін сұрап аламын. Бала қарау үшін жан-жақты дайын болу керек. Тіпті бүгінде олардың шеттілін білетіндігіне де қатты мән беріліп жатыр. Тұрмыс деңгейі жақсы отбасы иелері арасында қазір осындай білімді де білікті жеке бала күтушінің қызметіне жүгінетіндер көбейіп келеді. Бұл да бір табыс көзі болып қалды. Ал әйтеуір баланы қарап отырса болды дегенге келіспеймін. Ондай «нянялардың» арасында бала қарамақ түгіл, ойын дұрыстап жеткізе алмайтындар да аз емес. Ол балаға қалай тәрбие бере алады? Негізінде, мүмкіндік болса, баланы кемпір-шалдың тәрбиесіне берген дұрыс. Көпті көрген қариялардан артық ешкім қазақи тәрбие бере алмақ емес.
Міне, біз сұраған азаматтардың пікірі осындай. Ал облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова соңғы жылдары бала, үй күтушілерден зардап шегетіндер қатары бұрнағы жылдарға қарағанда әлдеқайда сиреп қалғанын, биыл мұндай фактінің тіркелмегенін айтады. Бұл – жағымды жаңалық. Дегенмен балаңызға «нянка», үйіңізге күтуші іздегенде абай болғанның артықтығы жоқ.
Балаңыздың «нянясы» кім?
Последние статьи автора