Жаз мезгілінде тұрғындар арасында ішек аурулары көбейетіні қалыпты жағдайға айналды. Биылғы жылдың алты айлық көрсеткіші бойынша Республика көлемінде жалпы 7 288 адам ішек ауруымен тіркелген. Оның 5 549-ы балалар болса, 1 739-ы – ересектер. Ал Алматы қаласы бойынша биылғы жылдың алты айы ішінде жалпы 699 адам ішек ауруымен ауырған. Оның 683-і – балалар. Жалпы көрсеткіштің 16-сы ғана ересектер. Келтірілген мәліметке қарап отырып-ақ ересектерге қарағанда балалардың ішек ауруына шалдыққыш келетінін байқауға болады.
Жалпы, өткен жылмен салыстырғанда, аталмыш аурудың айтарлықтай төмендеу көрсеткіші байқалмайды. Бар болғаны республика бойынша өткен жылмен салыстырғанда 3,2 пайызға төмендеу байқалса, Алматы қаласы бойынша 18,5 пайызға ішек ауруымен ауырғандардың саны азайғаны байқалған. Ал жалпы көрсеткіш бұрынғыша. Статистиканы сөйлетер болсақ, өткен жылы дәл осы уақытта республика бойынша 7483 ішек ауруы тіркелген. Оның ішінде балалар саны 5 839-ды көрсеткен. Алматы қаласы бойынша жалпы 844 адам ауырса, оның 818-і – балалар. Ересектерге қарағанда неге балалар көбірек ауырады? Себебі ішек ауруы көбінесе тұрмыстық қатынас, тамақ, су, жуылмаған жеміс-жидек арқылы жұққыш келеді. Осы орайда балалардың ересектер назарынан тыс қалып, жуылмаған жеміс-жидек жеп, қайнамаған су ішіп, жеке бас гигиенасын сақтамауының салдары жұқпалы ішек ауруына әкеп соқтыратын көрінеді. Тез өрбитін ішек жұқпаларына шигеллез, эширихиоз, ротавирустық жұқпалар, кампилобактериоз және иерсиниоз жатады. Ішек жұқпасының барлық түріне тән нәрсе – жалпы организмнің улану синдромы және жергілікті ағзалардың, әсіресе қарын және ішек жолдарына жататын бөліктердің зақымдалуы салдарынан (гастрит, энтерит, колит, гастроэнтерит) пайда болатын белгілер.
Қазіргі таңда әсіресе шілде айынан бастап тез өрбитін ішек жұқпаларының күрт өсуі байқалады. Осы уақытта ішек жұқпаларының көбеюіне қолайлы жағдай туады, жұқпалардың берілу жолдары да күшейе түседі. Ішек ауруының қоздырғыштары, сыртқы ортада сақталуы жағынан үлкен тұрақтылық көрсетеді. Сыртқы ортаның ылғалдылығына, ыстығына байланысты олар өзінің биологиялық белсенділігін 3-4 тәуліктен бастап, 1-2 айға дейін сақтайды. Ал кейде бұл қасиетінің сақталуы 3-4 айға және одан да көпке созылуы мүмкін. Қолайлы жағдай қалыптасқан кезде ішек қоздырғыштары әсіресе сұйық немесе жартылай сұйық тағамдық өнімдерде өсіп-өне алады. Эпидемиологиялық тұрғыдан қоғамдық тамақтандыру ұйымдарында тұрақты жұмыс істейтіндер арасында бактерия тасымалдаушылар ерекше қауіп туғызады екен.
Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық стансысының дәрігер-эпидемиологі Аяпбергенов Қасенхан Қабиұлы:
– Кез келген жұқпалы аурудың алдын алуға әрбір адам жауапты. Ол үшін қарапайым гигиеналық ережелерді сақтап, өз денсаулығына бейжай қарамаса болғаны, – дейді.
Жұқпалы ішек ауруының клиникалық белгілері: ауру басталғаннан кейін өтетін жасырын уақыт бірнеше сағаттан жеті күнге дейін созылады, орташа 2-3 күнді құрайды. Егер тағам арқылы жұқтырса, аурудың жасырын өтетін уақыты өте қысқа. Ауру күрт басталып, дене қызуы 38-39˚С-қа дейін көтеріледі. Мұндай жағдай 3-5 күнге созылады. Ауруға шалдыққан мазасызданып, тамақ ішпейді. Басы ауырып және толғақ тәрізді қайталанып іші ауырады. Үлкен дәретке отыру жиіленіп, алғашқыда нәжіс бөлінсе, артынан тек сұйық зат қана бөлінеді (оның құрамы іріңнен, қаннан және көк түсті заттан тұрады).
Ішек жұқпасын алдын алу үшін келесі ережелерді сақтау керек:
– тағамдарды рұқсат берілмеген жерден (көлік жолдарынан, көшеден, тұрғын үй аулаларынан, құжаты және жеке медициналық кітапшасы жоқ сатушылардан) алуға болмайды;
– тез бүлінетін тағамдарды алар кезде оның сақталу мерзімін қарау керек және жаз уақытында жеміс-жидек, көкөністерді жуып жеп, тез бұзылатын тағамдарды тоңазытқышта сақтау керек;
– шіріген жеміс-жидектерді «арзан» деп сатып алуға болмайды, себебі бактериялар тек қана сыртында ғана емес, оның ішкі жағында да болады;
– кесілген қарбызды және қауынды сатып алуға болмайды, себебі сыртқы микробтар оның кесілген ішкі жұмсақ бөлігіне өтеді;
– жеміс-жидектерді жеу алдында ағып тұрған ауызсумен жуу керек;
– пісірілген тамақтарды және салаттарды көп уақыт сақтауға болмайды;
– үйде шикі тағамдарды дайындаған кезде оған бөлек тақтайша және пышақ дайындау керек;
– кішкентай балаларға тамақ дайындағанда, тек қана жаңадан дайындап берген дұрыс. Ал бұрыннан дайындалған балалар тағамын мүлдем бермеу қажет;
– сүтті қайнатып ішу керек;
– су ішкенде тек қана қайнатылған немесе арнайы құтыдағы суды ішу қажет;
– жеке бас гигиенасын сақтау, сонымен қатар үйде тазалықты сақтау, уақытында ыдыс-аяқты жуып отыру, әжетханаларды жинау, оны таза ұстау секілді қағидаларды қатаң сақтау арқылы ішек ауруын жолатпауға болады.