Атырауда аққулар қырылып жатыр
Аққу ғана емес, үйрек, қаз, күйкентай, бозторғай, тырналар тізбегі де ұшып келе жатып, электр бағандарына соғылып ажал құшуда. Екі қанатын жайып, бағанаға қонамын дегенінде токқа тартылып жерге құлап жатқан ірі құстарда да есеп жоқ. Облыстағы кернеуі 10 киловольтқа дейін жететін электр тарату желілерінің ұзындығы сегіз мың шақырымға созылып жатыр. Соның 410 шақырымын шолып шыққан ресейлік ғалым Марк Пестов бағаналар түбінде өліп жатқан 136 құсты тіркепті. Аджип ҚКО, КТК компанияларына тиесілі бұл желілердің бойында, әсіресе дала бүркітінің өлігі көп ұшырасқан. Онсыз да «Қызыл кітапқа» енген, өсімі тым баяу бағалы құстың бұл өлімінің алдын алуға болар еді. Еліміздегі Экологиялық кодекстің 237-бабында электр желілерін пайдаланған кезде құстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайы айтылғанымен, мекемелер бұл іске мүдделілік танытпай келеді.
«Дронт» деп аталатын экологиялық орталықта жұмыс жасайтын Марк Пестов тұйықталған электр тізбегінің салдары құстардың қырылуына әкеліп отырғанын айтады. Заң жүзінде әр кәсіпорын өздеріне қарасты электр тарату желілерін құстардан қорғау қондырғыларымен жабдықтауға тиісті болғанымен, бұған бас қатырып отырған ешкім жоқ. Жоғарыда аттары аталған мекемелермен қатар, «ҚазТрансГаз» компаниясының электр тарату желілерінде де құстардың токқа ұшуының 96 фактісі тіркелген. «Шын мәнінде құстардың өлімі бұдан да көп болуы мүмкін, – дейді ресейлік ғалым. – Экспедиция болған жерлерде жабайы аңдардың іздері байқалды, дайын асты олар да текке қалдырмай жеп кетеді ғой. Электр сымдарына құстар ауа райы ашық кезде қонса, қауіп те аз. Ал жаңбырлы күндері тобымен қонақтайтын торғайлар тобының аман қалуы екіталай».
Сонда не істемек керек? Құстарды қорғайтын заманауи сым қаптағыштар біраз ақшаны қажет етеді. «Ембімұнайгаз» ӨФ бас энергетигі Ғабит Иманғалиев: «мұнай кәсіпорындарындағы әуе желілеріне қорғаныш сымдарды орнату үшін 55 млн теңге қажет», – дейді. Мекеме тіреулерді бекіту аудандарына 350 манжет орнатқан. Бұл жердегі тағы бір мәселе – қондырғыны орнатқан кезде электр беруді тоқтата тұру керек, ал бұлай істеу мұнай өндірісіне залалын тигізеді. Әрі сым бойындағы токты әркім өз қалауымен айыра алмайды, ол үшін міндетті түрде облыс энергетиктерінің келісімі керек. Сондықтан да қалған манжеттерді орналастыру келер жылдың күзінде және көктемінде жүзеге асатын болады, – дейді. Ал күзгі-көктемгі электр желісіне сынақ жасайтын аз ғана уақытта құстарды қорғаушы жабдықтарды орналастырып үлгеруге бола ма деген сауалға «КТК» компаниясының менеджері Виктор Сутягин «мұндай мүмкіндік жоқ» деп жауап берді.
«Құстар өлімі болған сайын желілерде қысқа тұйықталу пайда болады, соның кесірінен жабдықтар істен шығады, мұнай тасымалдау тоқтатылады, – дейді В.Сутягин. – Компания тарапынан қанаттыларды қорғау жұмыстары жасалып жатыр, құстарды үркітетін ультрадыбысты қондырғылар 30 бағанаға орнатылды».
Сым қаптағыштан бөлек, құстарды қорғаудың бір жолы ретінде ғалымдар электр желілерін жер астынан жүргізу әдісін де ұсынып отыр. Алайда аса көп қаржыны керек ететін бұл әдістің іске аса қоюы неғайбіл. Қалай дегенмен де, кең даланы мекендеген қанатты құстардың бұлай қырыла беруіне көз жұмып қарап отыруға болмайды. Асқар тауы мен биік бәйтерегі жоқ Атырау жері қонатын биіктік іздеп токқа соғылған қанатты құстардың өлімтігіне толмасын десек...