Арал теңізі тоғыз мәрте тартылған ба?
Бағзы замандарда Аралдың Каспиймен қосылып жатқаны жайында түрлі деректер бар. Нақтырақ айтқанда, кайнозой дәуірінің орта шенінде қоршаған ортаның заңдылығымен дәл осындай көрініс болған екен. Бұл шамамен 21 млн жылдай бұрын деуге негіз бар. Бір қызығы, дәл осы байланыс беріге дейін жалғасқан. Осыдан бес ғасырдан астам уақыт бұрын да сол жағдай жағасындағы елдің көз алдындағы көрініс болғанға ұқсайды. Жалпы алғанда, Каспий теңізі әлемдегі ең тұйық көл санал-ғанымен, іргесі бөлінбеген қос су айдыны бүгінгі заманнан 12-13 мың жылдай бұрын Қара теңіз бен Жерорта теңізі арқылы әлемдік мұхитпен шектескен өте ірі су айдыны болған деседі. Арал теңізінің кешегі және бүгінгі тағдырына алаңдаған "Алаш айнасы" тілшісі өз ойын ортаға салады.
Қайсыбір кезеңде ақ жал толқыны жағалауды ұрып жататын, ауқымы көз жетпес көкжиекке ұласатын Арал теңізі қаншама ғасырдан бері адамзат баласымен бірге өмір сүріп келеді. Әрине, соңғы 50-60 жылдағы ахуалы жұмыр жердегі жұрттың жанын жегідей жейтін жағдай саналғанымен, баз бір кезеңде теңіздің аққу ұшып, қаз қонған базарлы шағын көргендер де аз емес. Тарихтың қалың қатпарлы беттеріне үңілсең, тұтас бір дәуірлерге созылатын деректерге кезігіп, сол жайында зерделі зерттеулерге зер салуды дұрыс көретінің ақиқат.
Бір қызығы, әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып жүрген сауалдар да алдыңнан шығып, оған нақты тұжырым таба алмастан күмілжіп қалатын кезіміз аз емес. Сол бір дәуірлерде тасқа басылып қалған шежіре біздің қолымызда жоққа тән десек те болады. Алыс-жақындағы елдердің жұмыр жерді тануға шыққан жиһанкез жандары жазып қалдырған бірді-екілі еңбектері сол сауалдың ұштығын ұстатқандай болатыны рас. Дегенмен олардың барлығы белгілі бір кезеңнен ғана сыр шертуден әріге аса қоймайды. Әйтсе де өткен шақтан аз-маз болса да мағлұмат алып, теңіздің тіршілігі жайында білеміз. Ерте кезеңдегі деректерде Арал теңізінің ауқымы бұдан кең болғаны айтылады. Тіпті бұл уақытта аталмыш су айдыны Каспиймен қосылып, екі теңіздің ортасы бөлінбей жатқан көрінеді. Иә, бүгінгі күні ол заманды көзі көрген тірі пенде қалған жоқ. Бірақ әрбір еңбектен тірнектеп жинаған мәліметтерде солай деп көрсетіледі.
Ұзақ жылдар бойы Сыр өңірінің экология саласында басшылық қызмет атқарған Қуанышқали Шапшаңов ағамыз:
– В.В.Бартольдтің айтуынша Аралға жақын аумақ тарихи өмір айналымына салыстырмалы түрде кейінірек енген. Арал теңізінің тіршілігі туралы ой-пікір грек авторларында кездеседі. Страбон «Танаис пен Меотид сыртындағы» елден шыққан көшпелі дайлар халқы Каспий теңізінен шығысқа қарай орналасқанын атап көрсеткен. Әңгіме Сырдария мен Әмудария туралы болып отығанын айта кетелік, – дейді.
Ол кісінің айтуынша, біздің дәуірімізге дейінгі 138 жылдары Орта Азияға келген Қытай елшісі Чжан Цянь бұл жақта биік жағалауы жоқ үлкен теңіз туралы алғашқы деректерді алға тартады. 568 жылдары Түркия еліне жіберілген Византия елшісі де Арал теңізі жөнінде мағлұматтар ала келген. Дегенмен, 2 ғасырда Птолемей жасап, 1490 жылы Еуропада шығарылған картада Әмудария мен Сырдария Каспийге құяды деп көрсетілген. Ал Арал теңізі туралы ештеңе айтылмаған. Ал Арал теңізінің бар екенін бірден-бір және бірінші болып өз сөздерінде келтірген IV ғасырдағы грек тарихшысы Аммиан Марцеллин болды. Әбілғазының 1630 жылғы жазбасында Арал теңізінің аталуы Әмударияның құйылысын мекендеген арал еліне байланысты делінеді. Араб зерттеушілерінің 1600 жылы шыққан «Үлкен сызба кітабында» Ховарезм (Хиуа) немесе Сырдарияның құйылысындағы Жанкент (Жент) қаласының атауымен Жент аталған. Арал теңізі деп алғаш рет 910 жылы араб жазушысы ибн Русте атайды. Көне заманда Каспий мен Аралдың қосылып жатқаны жайында шашыранды пікірлер де бар. 1417 жылы Хафизи Абу Хорезм (Арал) көлі құрыды, Жейхунның арнасы ауып, Хозарға (Каспий) құйды десе, 1570 ж. Әбілғазы Әму қайтадан Аралға құйылды дейді.
Осылайша, ХVI ғасырға дейін Арал теңізі туралы жаңа деректер кездеспейді. Тек 1552 жылы Иван Грозный «мемлекеттің сызбасын жасап, жерді өлшеу» жөнінде бұйрық беріп, 1627 жылы оның сипаттамасы дайындалып шығады. Міне, осы жазбада «Көк теңіз» деген атаумен Арал теңізі туралы айтылады. ХVIII ғасырдың аяғында көрнекті орыс географы және тарихшысы С.Ремизов «Сібірдің сызба кітабы» делінген үлкен еңбек құрастырып, осында Арал теңізінін Әмудария, Сырдария құйылыстарын әжептәуір жақсы көрсете білген. Арал өңірі табиғатын ғылыми зерттеудің алғашқысы ретінде 1715 жылы жіберген князь А.Бекович-Черкасскийдің экспедициясы жөніндегі І Петрдің жарлығында, әңгіме арқауы болып отырған теңіз алғаш рет Арал деп көрсетілген. Сөйтіп, теңіз туралы карта біршама анықтала түсіп, топография-геодезиялық нақты деректер 1731 жылы қазақ хандығына орыс елшілері-геодезистерді жіберу арқылы алына бастады. ХVIII ғасырдың ортасында Ресей мен Қазақстан аралығындағы байланыстың қалыптаса бастауына орай Арал өңірін мақсатты сипатта зерттеу басталып, 1740-1741 жылдары келешек Сырдария сағасында қала салу мақсатында жер таңдау үшін И.Муравин басшылығындағы гидрографикалық экспедициясы Аралдың. шығыс жағалауына жіберіліп, ландшафтық карта жасалады.
Тек 1825 жылы полковник Ф.Ф.Бергтің басшылығындағы экспедиция теңіздің батыс жағалауы Үстірт жазығына нивелировка жасауға келген. Осы кезеңнен бастап теңіз деңгейі жөнінде әңгіме басталады. Арал теңізі деңгейінің төмендегенін барон Е.К.Майндорф 1820 жылы Бұқараға жол сапары кезінде, содан соң, ХIХ ғасырдың 30-жылдарында теңіз жағалауын зерттеуге жіберілген Қазан университетінің профессоры, атақты зоолог Э.А Эверсман сипаттаған. Соңғы жылдары ғалымдар (проф. Ю.В.Новиков) Арал теңізі 9 рет жер бетінен жойылып, сонша рет қалпына келгенін ғылыми негізде әңгіме етті. 1831 жылы Орынбор шекаралық комисиясының мұрағат деректері мен 1820-1821, 1824-1826 жылдардағы қазақтар даласындағы инженерлердің айтқан әңгімелері негізінде А.Левшин Арал теңізінің картасын сызады. Бұдан соң ХIX ғасырдың 40-жылдары полковник Г.И. Данилевский мен натуралист Ф.И.Базинердің Хиуа экспедициясы жүргізген топографиялық жұмыстары кейін А.Гумбольдтің «Орталық Азия» кітабында және «Хиуа хандығының сипаттамасы» туралы есебінде Арал өңірі жөнінде мағлұматтар жан-жақты көрініс тапты.
Бұдан кейінгі 1842-1849 жылдардағы А.И.Бутаков басшылығымен болған алғашқы «жазба теңіз экспедициясы» зерттеулері көпке дейін жария етілмеді. Себебі, осы экспедиция құрамында жер аударылған Т.Т Шевченконы «қатаң тәртіпте» ұстау туралы патша үкімі дұрыс орындалмады деген Бутаковқа кінә тағылып, оның іргелі ғылыми еңбегі тек 100 жылдан соң ғана жарық көрді. Дегенмен, 1871 жылғы К.Шарнгорстің, 1873 жылғы Дж Гриммнің, 1874 жылғы Э.Пратцтың жаз айларында теңізден алған тәжірибелік сулары болмаса, гидрологиялық зерделенуі ол кезде әлі де болса жеткіліксіз еді.
– Арал өңірін зерттеу жұмысы Хиуа Ресейге қосылған 1873 жылдары біршама қозғалыс алды. 1874 жылы құрылған Арал-Каспий және Әмудария экспедициясы арқылы орыс зоогеографы Н.А.Северцов өз зерделеуін негізінен сол кезде белгілі бола бастаған А.т. құрғау процесіне бағыттады. Ол 1858 жылғы сапарында екінші рет Аралға 1875 жылы келгенде, яғни 17 жылдың ішінде алғашқы көрген түбектер мен аралдар құрлыққа, шығанақтар майда көлдерге айналған екен. Осындай нақты деректерге сүйене отырып Н.А.Северцев Орта Азия мен Арал теңізінің құрғау теориясын ұсынады. Арал теңізінің құрғау заңдылығын 1900-1902 жылдары экспедиция кезінде Л.С.Берг толық зерттейді. Оның зерттеуінше 1820 жылдан басталған теңіз деңгейінің төмендеуі 60 жылға созылған. Одан кейін 1880 жылдан бастап теңіз қайтадан көтеріле бастаған. Сөйтіп 1908 жылы теңіз деңгейі төмендей бастағаннан 88 жыл кейін Арал қалпына келген. Оның бақылауынша, ХIX ғасырдың 70-80 жылдары Қамыстыбас көлінің тұзданғаны соншалық, ол ішуге де жарамай, 80 жылдың ортасында жергілікті халық бұл көлдің жағасынан көшіп кеткен. Кейін Сырдарияның деңгейі көтеріліп, оның суы кеуіп қалған арнаны өзі тазартып көлді толтыра бастаған. 1890 жылы Қамыстыбас суы түгелдей тұщыға айналып, тұрғындар қайтадан көлдің жағасына қоныстанады.Осы деректер арқылы Л.С.Берг Орта Азия мен Арал теңізінің құрғау теориясын жоққа шығарады. Ол Орта Азия даласының ауа-райы өте құрғақ келетінін, жаңбырдың өте аз жауатынын айтқан. Бұл шөлді дала үнемі «құрғақшылық сипатқа ие» деген қате пікір тудырмау керек. Сондықтан бұл үлкен аймақтың және Арал теңізінің құрғау теориясы болмайды деген пікір айтқан. Шындығында, ХХ ғасырдың алғашқы 50 жылдарында Арал теңізінің деңгейі бір қалыпта болған. Бұл шамамен 1911-1960 жылдардың аралығын құрайды, – дейді Қ.Шапшаңов.
Сондықтан да осы ретте айта кететін нәрсе, 1960 жылдардың екінші жартысында басталған Арал деңгейінің төмендеуіне қазір 50 жылдан астам уақыт өтті. Жоғарыда айтқан табиғи құбылыстың заңдылығы бойынша теңіздің көтеріле бастауы 2030 жылы, ал Аралдың қалпына келуі 2045-2050 жылдары болады деп жобалауымыз керек.
Сөзімізді әрі қарай жалғастырсақ, 1884 жылы теңіз солтүстігіндегі Сарышығанақта «Арал теңізі» ГМС-сы ашылған. Бұған дейінгі XIX ғасырдағы экспедициялар қорытындылары негізінде Арал теңізінің қоймасының флора, фауналары жөнінде алғашқы деректер бере бастады. 1897 жылы Орыс географиялық қоғамының Түркістан бөлімі Арал теңізінің деңгейінің көтерілу жағдайына зерттеу жүргізу сол кезде университет бітірген жас географ Л.С.Бергке бұйырды. Ол 1900-1903 жылдары бақылау жүргізіп, бұл жұмыстардың қорытындысы бойынша 1908 жылы іргелі «Арал теңізі» монографиясы жарық көрді.
1905 жылы Орынбор-Ташкент темір жолының салынуына орай осыған жақын аймақта Арал кенті негізделіп, 1911 жылдан бастап теңіз деңгейіне жүйелі түрдегі алғашқы бақылау орнатылды. Себебі, 1906-1911 жылдары теңіздің деңгейі көтерілген. Құрлықта жаңа шығанақтар пайда болды. Осы кезден бастап Арал өңірін зерттеу шұғыл түрде жандана бастады. 1929 жылы балық аулау мәселелерімен қоса теңіздің гидрологиясын зерттеу мақсатында Арал балық шаруашылығы стансасы (1925 жылы Л.С.Берг жетекшілік еткен экпедиция негізінде) ашылды.
Осы жұмыстарды жинақтай келе, 1932 жылы Н.М.Книпович «зерттеу әлі де болса жеткіліксіз, себебі, ол жылдың барлық маусымдық өзгерістер циклын толық қамтымаған» деп жазды. Сондықтан да, 1935 жылы ВНИРО Арал бөлімшесіне басшылық жасау Г.В.Никольскийге жүктеліп, гидрологиялық жағдайлардың маусымдық өзгерістерін тұрақты жұмыс істейтін «Арал теңізі», «Баян», «Ұялы», «Тигровый», «Лазарев» және «Барсакелмес» стансалары арқылы зерттеп, қорытындылары «Арал теңізінің балықтары» атты монографияда жинақталды.
1943 жылы «Аралрыбвод» және Арал балық шаруашылығы стансасының кешенді экспедициясы жұмыс жасап, бұдан соң 1946 жылдары теңізге құйылатын су көлемінің азаюын зерттеу, 1950 жылы Үкіметтің су құрылысы және өңірдегі жерлерді суландыру шешіміне орай, әсіресе навигациялық мерзім 7-9 мамыр, 13-15 тамыз, 20-22 қазан күндері жүйелі түрде гидрометеорологиялық бақылау жұмыстары жүргізіліп отырды. Осымен қатар, осы жылдары теңіздегі жылу алмасу, мұздақтану тәртібі, сейштік жағдайларға (ұзақ мерзімде ағынсыз толқындар) зерттеулер ұйымдастырылды. Арал теңізін қарқынды зерттеу әсіресе 60-жылдары ірі жер массивтерін суландыру, шаруашылықтар игеру, магистральдық каналдар мен сыйымдылығы жоғары су қоймаларын салу, соның нәтижесінде Арал теңізі деңгейінің төмендеуіне байланысты жүргізіле бастады. Мысалы, В.П.Львов (1965), В.И.Лымаров (1967), А.В.Шнитников (1968),Геллер (1969), И.Г.Вайнбергс (1969-1971), Богданова, Костюченко (1977,1978,1981), Кесь (1985), Станични (2000-2006, кешенді спутниктік мониторинг), В.И.Кравцов (2006,2001,2006), т.б. зерттеулер.
– Бірақ, кейінгі отыз-қырық жылдық мерзімді есепке алмағанда, одан бұрынғы 1970 жылдарға дейінгі мен шолу жасаған – жарық көрген басылымдар мен карталар, басқа да мұрағат құжаттарын көп жағдайда еш жерден кездестіре алмаймыз. Неге? Бұл мұрағатшылар мен кітапханашылар басшыларының ойланар міндеті, – дейді Қ.Шапшаңов.