Көктемнің ізгілік төгілген мерекесі Бруклинде алғаш рет тойланды.
Түркі елдерінің өкілдері мен «Қазақ-Америка Альянсы» ұйымының өкілдері ұлттық дәстүр әспеттелген мәдени бағдарлама ұсынды. Мерекелік шараға қатысқан Бруклин мэрі Наурыз мейрамы жылда өткізілетінін жеткізді. Сан түрлі ұлттық мәдени және салт-дәстүр көріністері ұштасқан қойылым Бруклиннің ресми әкімшілік ғимаратында алғаш өтіп отыр.
Түркітілдес елдер фестивалінің ашылуына қатысқан Бруклин мэрі Эрик Адамс жұртшылықты күн мен түн теңескен Наурыз мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ Бруклин тұрғындарының 47%-ын құрайтын өзге ұлт өкілдері әдет-ғұрпын, ана тілдерін сақтауға мүмкіндік жасалғанын жеткізді. Осыдан 5 жыл бұрын БҰҰ Бас aссамблеясының шешімімен молшылық пен достықты паш ететін Наурыз мейрамы халықаралық мереке болып жарияланған болатын.
Эрик Адамс, Бруклин мэрі
-Ондаған ұлтты ортақ мереке аясында біріктірген Наурыз мейрамының мән-маңызының жоғары екендігіне көз жеткіздім. Бірлікке үндейтін бұл мерекеден сіздердің бай мәдени мұраларыңызға қанықтым. Бруклин қазақ диаспорасының ең көп шоғырланған мекені болып саналады. Біз алғаш рет Наурызды тойлап отырмыз. Енді дәстүрлі түрде атап өтілетін болады.
Мерекелік концертте қазақ, түрік, әзербайжан, түрікмен, өзбек, қырғыз әндері шырқалды. Әсіресе би ұжымдарының өнері көпшілікті таңқалдырды. Сызылтып ән салған Алтынай Сапарғалиева көрермендер көңілінен шықты.
Қарлығаш Сәрсекеева, «Қазақ-Америка Альянсының» президенті
-Біздің ұйым коммерциялық емес. Бірақ Нью-Йоркте жүздеген шараның өтуіне ұйытқы болдық. Суретшілер көрмесі, концерттік бағдарламалар және мәдени-көпшілік шаралар өткіздік. Осылайша біз Америка халқына ұлттық өнерімізді танытудамыз. Өйткені әрбір жүрекке тек мейірім мен мәдениет арқылы жол табуға болады. Біз өз Отанымызбен мақтанамыз.
Бруклин әкімшілік ғимаратының қабылдау бөлмесі бір күнге түркі елдері халықтарының асханасына айналды. Оның ішінде қазақтың ұлттық тағамдары ерекше орын алады.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Майра Кабиева, Майк Джоел