Елімізде жыл басында жұмыссыз әкелер төлейтін алимент мөлшері өсіп, төлемдер республика бойынша орташа айлық жалақы көлеміне байланысты есептелетін болды. Статистика комитетінің мәліметтерінше, орташа айлық жалақы көлемі 108 640 теңгеге тең. Осылайша, бір балаға төленетін төлемақы – 27 160 теңге, екі балаға – 36 213 теңге, үш және одан көп балаға 54 320 теңге болды.
Осы уақытқа дейін жұмыссыз әкелер төлейтін алимент мөлшері ең төменгі еңбекақыдан есептеліп келгені белгілі. Төменгі жалақы 18 мың теңгеден сәл астам болғандықтан, жұмыссыз әкеден баласына небәрі 4 мың теңге бұйыратын-ы. Алименттің бұлайша есептелуі балаларын ойламайтын «көкек» әкелер үшін аса ыңғайлы еді. Ресми түрде еш жерде жұмыс істемегенімен, әртүрлі жолмен жақсы табыс тауып жүрген әкелер «жұмыссызбын» деген желеумен 4 мың теңге төлеп құтылатын, тіпті оның өзін төлемейтін. Ал бұдан былай ондай жайбарақаттыққа жол жоқ: алимент төлемеген борышкердің тіпті 7 жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
- Өзінің кәмелетке толмаған, сондай-ақ, 18-ге толған еңбекке қабілетсіз балаларына 3 айдан аса алимент төлемеген ата-анаға бас бостандығынан айыру немесе еркіндігін шектеу жазасы қолданылады, — деп нақтылады бұл жайтты заңгер Жанна Қалымжанова. – Осы тұста сот орындаушыларының да құзыреттері артқанын атап өткен жөн. Өздерінің жұмыс орындарын жасыратын да борышкерлер болады. Оларды сот орындаушылары тауып алған кезде, басқа жұмысқа ауысып кетуі де мүмкін. Ондай жағдайда сот орындаушылары борышкер туралы материалды сотқа тапсырып, әкімшілік жазаға (5-10 тәулікке тұтқындау) тартады.
Заңдағы атап өтерлік бір өзгеріс – ажырасып кеткен ерлі-зайыптылардың балалары 3 жасқа толмаған болса, бала 3-ке толғанша анасы әкесінен сот арқылы өз күнкөрісіне де (баланың алиментінен басқа) төлем талап ете алады.
Алимент төлеу ардың ісі болса да, бәз біреулер баласы 18-ге толғанда, қарыздан құтылам деп ойлайды. Тіпті де олай емес. Бала он сегізге толып кетсе де, төленіп бітпеген қарыз әкенің мойнында аманат болып қала береді. Түрмеде отырғандар да, науқас жандар да алименттен жалтара алмайды. 2, 3-топтағы мүгедек әкелер де алимент төлеуге міндетті.
Бұрын алименттен әлдебір себептермен бас тартқан аналар кейін оны қайта талап ете алмайтын. Соңғы жылдардағы өзгерістер аналарға алиментті қайта талап етуге мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, он сегізге толған бала оқу оқып жүрген болса, онда да анасы сотқа қайта талап арыз беріп, алиментті баласының оқуы біткенше өндіре алады.
Жалпы, алимент бүгінгі қоғамның көкейтесті мәселесінің бірі боғандықтан, біз «Алаш айнасы» интернет-басылымы оқырмандарының назарына осы тақырыпқа қатысты бірқатар сұраққа заңгер Жанна Қалымжанова берген жауаптарды ұсынғанды жөн көрдік.
Сұрақ: Бұрынғы күйеуім алиментті ай сайынғы кірісі – 20 мың теңгеден салық шығындарын алып тастағанда қалатын сомадан төлеп келеді. Негізі, ол – 2-топ мүгедегі және ауған соғысының ардагері ретінде де жәрдемақы алады. Оның басқа кірісі неге есепке алынбайды?
Жауап: Ауған ардагерлері алатын жәрдемақыдан алиментке төлем ұста-лынбайды, тек мүгедектік жәрдемақыдан ұсталады.
Сұрақ: Мен күйеуімнен 10 жыл бұрын ажырасқанмын. Ай сайын алиментке оның жалақысының 25 пайызын, яғни, 11 мың теңге алып жүрмін. Жаңа қаулыға сәйкес алимент мөлшері көбейе ме? Мен 27 мың теңге ала аламын ба? Өзім 2-топ мүгедегімін, бала менің қолымда. Бұрынғы күйеуімнен өз күнкөрісіме де алимент талап ете аламын ба?
Жауап: Алимент мөлшеріндегі өзгерістер жұмыссыз әкелерге ғана қатысты. Ал мүгедектігіңіз туралы айтар болсақ, денсаулық жағдайыңызға байланысты сіз өз күнкөрісіңізге де одан алимент талап ете аласыз. Ол үшін соттың жаңа шешімі керек, сотқа жүгініңіз.
Сұрақ: 18 жасқа толған бала жоғары оқу орнында оқитын болса, алимент мерзімін ұзартуға бола ма?
Жауап: «Неке (зайыптылық) және отбасы туралы» кодексте оқу оқитын балаға немесе қосымша күтім қажет ететін балаға қатысты қосымша төлемдер жайы қарастырылған. Алайда алимент мерзімі өз бетінше ұзартылмайтынын ескерген абзал. Сотқа жаңадан талап арыз беру керек.
Сұрақ: Мен балаға және ол 3-ке толғанға дейін өз күнкөрісіме алимент талап етіп, яғни, екі талапты бір арызда бере аламын ба? Және ол үшін мемлекеттік баж салығын төлеуім керек пе?
Жауап: ҚР АІЖК 140-бабына сәйкес, талап-арыз әкелікті анықтаумен немесе үшінші тұлғалардың сотқа қатысуымен байланысты болмаса, соттан кәмелетке толмаған баланы асырауға алимент өндіру туралы сот бұйрығын шығаруды өтіну керек. Сот үш күн ішінде бұйрық шығарып, орындауға жібереді. Ал өз күнкөрісіңізге алимент талап ету арызын жеке берген жөн. ҚР «Салық және бюджетке міндетті басқа да төлемдер туралы» кодексінің 541-бабы 4-бөлігіне сәйкес, екі жағдайда да сіз мемлекеттік баж салығынан босатыласыз.
Сұрақ: Бұрынғы күйеуім екеуіміз екі ауданда тұрып жатырмыз. Алимент алу үшін мен арызды қай жақтың сотына беруім керек?
Жауап: ҚР АІЖК 32-бабы 4-бөлігіне сәйкес, алимент өндіруге талап-арызды талапкер өз тұрғылықты мекенжайы бойынша бере алады. Сондай-ақ, осы кодекстің 31-бабына сәйкес, жауапкердің тұрғылықты жері бойынша да арыз беруге құқылы.
Құрметті оқырмандар! Көкейіңізде алимент жайына қатысты өзіңізді мазалап жүрген сұрақ болса, бізге жолдаңыз! Заңгер Жанна Қалымжанова сіздерге «Алаш айнасы» порталы арқылы онлайн-кеңес беруге әзір!
Алимент әке бола ала ма...
Последние статьи автора