Алаштың ЖЕТІ ЖАРҒЫСЫ

Тыңшылар тыныштық үшін де керек
                                   Абай ОМАРОВ (коллаж)
Абылай хан ертоуылдарға көп үміт артқан
Жалпы, тыңшылық кәсібінің тарихы тым тереңде, беттері шежіреге бай.  Оның ықылым заманнан бері кең қолданылып келе жатқандығына мифтік аңыздардың өзі-ақ айғақ. Сол сияқты қазақ халқының да барлау қызметі ертеде қалыптасқан. Ал мұрағаттағы нақты деректер қазақ хандығы құрылған 1400 жылдардың орта шенінен бастау алады. Мұндай тарихи жазбалар Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегінде де көрініс тапқан. Айта кетейік, тыңшылық қызметінің көмегіне әсіресе Әбілқайыр хан мен Керей, Жәнібектер, яғни 1450 жылдар шамасында көп жүгінсе керек. Дәл солай Абылай хан билік құрған жылдары да жансыздарды жан-жақты дайындауды уақыт өзі талап етті. Сырттан анталаған ойраттарға тойтарыс беруде, елді, жерді қорғауда ертоуылдар да айрықша үлес қосып отырды. Өз заманының ұлы қайраткері атанған Абылай хан тегеурінді әскери қимылмен қатар, құпия қызметті де орнымен пайдаланған дейді тарихшылар.  Ол тіпті елде саяси ахуал тұрақталған шақта да жерінің бүтіндігі үшін ертоуылдарды бір сәт босаңсытпаған.
Ғалым ба, тыңшы ма?
Мына бір оқиғаны айтпай кету мүмкін емес. Ғалым Арминий Вамбериді көпшілік білетін болар. Түркітанушы атанған оның білімділігіне ешкім шүбә келтірмейді. Алайда тарихқа сенсек, ол сонымен қатар, тыңшылық қызметін атқарған деседі. Жалдап алушы – Англия. Мақсаты –  Орта Азия жерін барлау, сол арқылы өзінің экспансиясын жүргізу. Арнайы дайындықтан өткен ол түрік тілін, ислам қағидаларын үйреніп, шейх атанған-ды. Вамбери Түркістанда болып, Майлықожа ақынмен де кездескені көпшілікке мәлім. Самарқан, Бұқарадағы діни білім беру жүйесін зерттеп, жазып отырады. Ал «оны әшкерелеген – Бұқара әмірлігі» деп жазылған жылнама жазбаларда. Оқиға былай болған көрінеді: Бұқара әмірі оны қажы деп сыйлап, ордасына шақырады. Ас үстінде оның құрметіне күй тартқыза­ды. Вамбери күйдің ырғағымен бір ая­ғын және қолының саусақтарын қозғал­тып отырса керек. Оны байқап қалған әмір «Сен мұсылман емессің.  Мұсылмандар әуенді жүрегімен тыңдайды. Кеуде – жүректің бесігі.  Ал әуен бесікті тербетеді. Сол себепті біз кеудемізді қозғалтып, басымызды шайқаймыз. Сен жансызсың» дейді. Арминий Вамберидің мойындамасқа лажы қалмайды.
Бір айта кетерлігі, әр мемлекет сон­дай-ақ өз елінің ғалым, ақын-жазу­шыларын да жансыз ретінде пай­далан­ған екен. Өйткені олар күмән туғыза қой­майды.
«Смерштегі» қазақтар
Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің қазақ жауынгерлерінің арасында да барлаушыға лайық жігіттер аз болмапты. Ал барлаушы қандай болу керек: сенім артуға болатын адал, отансүйгіш, саяси сауатты, ержүрек, алғыр. Немістер жайында құпия ақпарат жинаумен айналысқан барлаушылар қатарында міне осындай қазақтар да болған. Гитлердің мынандай бір сөзі бар: «Совет әскерлерінің бізден бір артықшылығы – олардың барлау қызметі қуатты», – деген екен. Бұл жерде ол аты аңызға айналған «Смерш» барлау тобын айтады. «Смершке» тек сайдың тасындай жігіттерді іріктеп алғанын білеміз. Солардың арасында соғыс ардагері Кәкен Әбенов те бар. Оның неміс шпионы – лақап аты Лаконтасты қалай ұстағаны аңызға айналып кеткен.
Жалпы, біздің Қазақстанның барлау қызметіне тек жақсы пікірлер айтылып жататын. Соғыстан кейінгі жылдары да бұл сала өзгелерден ерек тұрды.

Кешегі құпия – бүгін жария
Еліміздің, жеріміздің тыныштығы үшін адал қызмет еткен барлаушыларымыздың аты-жөндері сол жылдары құпия сақталып келгенімен, шындық кейінгі кездері жария болуда, яғни қазір кімнің қандай ерлікке барғандығы құрметпен айтылып жүр. Солардың барлығының басын біріктіріп естелік жазғандардың бірі – жоғарыда аты аталған, КСРО-ның Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті мен ҚР ҰҚК-нің ардагері Кәкен Әбенов. Оның отандық барлаудың бүгінгі күнге дейін тарихы қамтылған кітаптары қазір сұранысқа ие.
Өзімен жүздескенімізде отставакадағы полковник Кәкен Әбенов:
– Қарапайым жұртшылық біле бермейді, біздің береке-бірлігімізге, ұлан- байтақ жеріміз бен табиғи байлықтарымызға қызғана да қызығып қарап, өз мүдделері үшін Қазақ­стан жайында құпия ақпарат жинаушылар батыстан да, шығыстан да келіп жататын. Алайда Қазақстанның барлау қызметі оларды дер кезінде әшкере етіп, қуатты ел екенімізді әр кез дәлелдеп отырды. Мақтануымыз керек, біздің барлау қызметіміз қай жағынан алып қарасақ та, дайындық­та­ры жоғары деңгейде. Тіпті жемқорлық жайлаған мына алмағайып заманда былғанбағандардың бірі солар дер едім.
Отанына адал қызмет еткен, білімді-білікті барлаушыларымыз аз болған жоқ. Әрқайсысының өмірі өзінше өнеге, өзінше үлгі. Олар тіпті өмірлерін паш етуге дайын еді.
Мысалдар келтіре кетейін, контрбарлаушы Қалиақпар Баймұханов бірнеше елде, сондай-ақ Қазақстанда тыңшылықпен айналысқан германдық журналист Мартине Кишкені әшкерелеген. Тыңшы әйелден күдіктенгендер аз болған жоқ. Бірақ дәйекті дәлелдерді Қазақстан жағы анықтады. Кишкенің ісіне байланысты «Кобра» кинофильмі де жарық көрді. Сол сияқты тілші әрі барлаушы Байдаулет Әлібаевты да айтар едім. Осы салада 30 жылдай еңбек еткен ол, негізінен, Тынық мұхиты жағалауындағы елдерде жұмыс істеді. Бірнеше тілді меңгерген ол өзінің алғырлығымен де ерекшеленді. Ғабдолла Байжановтың да есімін айтпай кету мүмкін емес. Барлау қызметіне ол 45 жылын арнапты. Хамит Әлжанов – нағыз сұңқардың өзі. Ол Тынық мұхитында орналасқан әскери блок штабтарының Вьетнам, Лаос, Кампучии, Бирма сияқты елдерге қарсы саяси-экономикалық, әскери және ғылыми-техникалық сипаттағы акцияларды анықтаумен айналысты. Айта берсе, ой-өрісі жоғары, саяси сауатты, жауапты, қырағы, сақ жігіттер аз болған жоқ. Қазіргі ҰҚК «Барлауына» да қатысты айтарым осы. «Күн-түн демей, елінің-жерінің тыныштығы үшін жанын аямай жүргендер кім?» десе, «солар» дер едім, – дейді.

P.S.
Иә, кешегі құпия қазір жария болып жатқанымен, бүгінгі «Барлаудың» әрбір қимылы әзірге жұмбақ. Бұл тек барлаушылар­дың өмірлерінің қауіпсіздігі үшін ғана емес, Туымыздың көкте желбіреп, тұғырымыздың берік болуы үшін де керек. Кеңес үкіметі кезінде Қазақстан­ның барлау қызметі атына қандай жақсы пікірлер айтылса, Тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі кезеңдерге де селкеу түспесе екен дейік, өйткені барлау қызметіне жүктелетін сенім мен жауапкершілік жүгі өте ауыр. Біреуінің шалыс қимылы бүтіней елге зардабын тигізуі әбден мүмкін.


Калиспеллдегі қазақ баласы қандай күйде?
АҚШ-тың Монтана штаты – қазір бүкіл әлемнің назарында. Нақтырақ айтсақ, аталған штаттағы қиын балаларға арналған Ranch for Kids шаруашылығы төңірегінде. Сөз болып отырған лагерьде, негізінен, өзге елдерден асырап алынған жетім балалар оқшауланған, яғни америкалық отбасылар бас тартқандар. Әңгімені тарата айтсақ, Ranch for Kids лагері шетелдерден бала асырап алған ата-аналар үшін жұмыс істейді. Егер балалар девиантты деп танылса, онда сол лагерьге жіберіледі екен.
Міне, сол лагерьге қатысты дау барған сайын ушыға түсуде. Кезінде, яғни 2010 жылы бұл лагерь жергілікті бақылаушылардың араласуымен лицензиясынан айырылып қалса керек. Алайда жұмыс істеуін тоқтатпаған. Ұзынқұлақтан лагерьдегі балалардың құқықтарының өрескел бұзылып жатқандығын естіп, Ресейдің Президент жанындағы балалар құқығы жөніндегі өкілі Павел Астахов пен  СІМ-нің адам құқығы жөніндегі маманы Константин Долгов осыдан біраз уақыт бұрын Ranch for Kids шаруашылығына барып, балалармен жүздеспекші болған екен, лагерь қожайыны Джойс Стеркел үзілді-кесілді қарсылық көрсеткен. Осы тұста айта кетейік, лагердегі балалардың 25-і – ресейлік. Қалғандары – Қытай, Эфиопия және Гаити т.б. елдерден. Арасында қазақстандық бала да бар көрінеді.
Аты аталған заңгерлер анық­таған­дай, шаруашылық қожайыны лицензиясын қайтып алыпты. Ал неге аумағына ешкімді кіргізбейді, ол жағы түсініксіз. «Егер барлығы заңды болса, балалардың құқықтары бұзылмаса, Джойс Стеркел неге бізден басын ала қашады?», – дейді Астахов пен Долгов. Сондай-ақ олар бұл мекеменің діни жолға түскендігін алға тартады. Ішінде не болып жатқаны бір Аллаға аян. Ал Джойс Стеркел бұл әрекетін жергілікті органдардың орынсыз тексерулері­нен мезі болғандығынан деп түсіндіреді.
Олардың естуінше, жетім балалар қара жұмысқа жегілген, дұрыс тамақтанбайды және санитарлық тазалық еш сақталмайды. Ресейлік омбудсмендер қазір Монтана штатындағы  Калиспелл қалалық прокуратурасына шағымданған екен. Олар өз кезектерінде шаруашылық­тың нақты қандай санаттағы мекемеге жататындығын анықтап, тексеру жүргізуге уәде берген. Егер олар сөздерінде тұрмаса, жоғары жаққа шағымданбақшы.
Біз Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрайымының орынбасары Бақыт Әлібаевамен сөйлескен едік, ол:
– Қазіргі кезде бұл ақпаратты анықтау үстіндеміз. Елшілікке шұғыл хат жолдадық. Олар жан-жақты тексеру жүргізуде. Қандай ақпарат болмасын, нақты жауап алғанда ресми түрде мәлімдеме жасаймыз, – деді.

Тақырыпқа тұздық                                                                                                                   
ҚР СІМ-нің министрі Е.Қазыхов отандық БАҚ-тарға берген бір мәлімдемесінде былай деген еді:
«Шетелдіктердің бала асырап алуына келетін болсақ, олардың саны 8 мыңға жуық. Яғни Тәуелсіздіктің 20 жылында осынша баланы шетелдіктер асырап алды. Негізінен, олардың басым бөлігі – Батыс Еуропа мен АҚШ-та. Сөзсіз, біз шетелдіктер асырап алған балаларды есепке аламыз. Алайда егер Американың жағрапиясына салсақ, Ресейден сәл ғана кішкене осы елде Қазақстанның екі консулдық мекемесі, бірі – Вашингтонда, екіншісі Нью-Йоркте қызмет етеді. Ал асырап алынған балалар шашыраңқы орналасып, әр жақта тұрып жатыр. Сондықтан оларды бақылап-қадағалап отыру қиынға соғуда. Оған консулдың күші де, қаражаты да жетпейді. Дегенмен тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Түрлі жағдайлардан ешкім де сақтана алмайды. Дегенмен қазақстандықтар арасындағы бала асырап алушылар саны жылдан-жылға артып келеді».
Онысы рас. Статистикалық мәліметке жүгінсек, 1999-2010 жылдар аралығында барлығы 41 091 жетім бала асырап алынса, оның 77,7 пайызы қазақстандықтардың еншісінде.  21,1 пайызы – шетелдіктер. Қалған 1,2 пайызы  – шетелдік туысқан­дары асырап алғандар.


Жүргізушілерді жаңа нөмір мен куәлік күтіп тұр
Баршаға мәлім, үстіміздегі жылдың осы, яғни тамыз айынан бастап Қазақстандағы барлық транспорттық құралдардың нөмірлері мен жүргізуші куәлігі өзгертіле бастайды. Бұдан былай мемлекеттік белгінің жаңа үлгісінде туымыздың суреті орналастырылады және, мәселен, Астана қаласында тіркеуде тұрған көліктер – 01, Алматы қаласы 02-ден, одан әрі әріптер  жазылатынға ұқсайды. Ал куәліктерге бірнеше санат қосылады. Бұл жөнінде ҚР ІІМ-нің Жол полициясы комитетінің басшылығы хабарлаған болатын. Қоғамда осы мәселеге байланысты қазір түрлі пікірлер белең алуда. Шынымен, күтпеген жағдай болып тұр.

Білікті не дейді?

Ғабиден Жайлин, заң ғылымының кандидаты, профессор:
– Менің еліміздің бас жол полицейінің бұл ұсынысына еш қарсылығым жоқ. Нөмір мен куәлік ауыстырғанда ешбір жүргізушінің құқы бұзылмайды. Барлығы мемлекет есебінен жүзеге аспақшы.
Қайта қолдаймын десем де болады. Рас, кейбіреулер қарсылық білдіріп жатқан көрінеді. Алайда мұндай қажеттіліктің пайдалы жағын ескергеніміз жөн. Мәселен, жасөспірім балалар игеріп жүрген мопед  сияқты транспорттық көліктерді ендігі заңдастырып, арнайы рұқсат беруді жолға қоймасақ, өздеріңіз білесіздер, солардың тарапынан жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті. Тіпті өлім-жітім де жоқ емес. Мектеп жасындағы балалар да жүйткіп қала көшелерінде жүргендері. Өздерімен қоймай, өзгелердің де өмірлеріне қауіп төндіруде.
Сол сияқты жаңа нөмірге ие болу адамдардың өздеріне тиімді. Біз қазір БҰҰ-ның Жол қозғалысы Конвенциясын ратификацияладық. Егер бірыңғай мемлекеттік нөмір мен бірыңғай жүргізуші куәлігі болса, олардың шетелдерде заңдық күші сақталып қалмақ. Сонысымен де қажет.
Сонымен қатар бізге жаһандану үдерісінен тыс қалуға болмайды. Әлем көшімен бірге дамуымыз керек. Рас, түрлі халықаралық ұйымдарға мүше болып, заман талабына сай құжаттарды қабылдап жатыр екенбіз, оның талабын орындауға тиіспіз.

Білімді не дейді?

Берік Бисенқұлов, ҚР ІІМ-нің Жол полициясы комитетінің төрағасы:
– Қазіргі қолданыстағы нөмірлер мүлде жойылатын болады. Жаңа нөмірге ие болу барысы республикалық бюджеттен қосымша қаражат алуда қажет етпейді. Сол бұрынғы баға бойынша жүзеге аспақ. Ал келесі жылдан бастап жаңа жүргізуші куәлігін енгізуді жоспарлап отырмыз. Ол куәліктерге мопед, квадроцикл сияқты құралдарды жүргізуге құқық беретін санат та кіреді. Олар да білім алып, жан-жақты сынақтан өтеді. Оған да қосымша шығын керек емес. Куәліктерді дайындау мемлекеттік тапсырыс аясында жасалады. Мұндай қадамға барып отырған себебіміз, Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның Жол қозғалысы Конвенциясын ратификациялаған-ды. Ал мемлекеттік транспорттық құралдардың нөмірлері мен куәліктің жаңа түріне көшу – сол Конвенцияның талабы. 

Жұртшылық арасында түсінбестіктер туындап жатқан көрінеді. Айта кетейін, көліктердің нөмірі мен куәлік жаппай ауыстырылмайды. Қазір қолданыстағы мемлекеттік белгілер сол көлік қайта тіркеуден өткенше сақталатын болады. Мұның барлығы, айтып отырғанымдай, қайта тіркеуден өткен көлік құралы мен жаңа тіркелген көліктерге ғана қатысты. Сол сияқты қазіргі куәліктердің заңдық күші сақталып қалады. Ал егер оның мерзімі аяқталып немесе куәлік енді алынған жағдайда ғана жаңа түрі берілетін болады. 

Бетті дайындаған Ләззат Билан b.lazat @mail.ru

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста