Алаштың ЕМХАНАСЫ

Дәрі ішемін деп дерт жамап алмаңыз...
Мамандар елімізде дәрі-дәрмекті дәрігердің нұсқауынсыз, өз бетімен қолданатын науқастар санының артып бара жатқанына алаңдаулы. Дертінен сауығамын деп өз бетінше дәрі қабылдаудан соң, сал болып қалып жатқан науқастар тағдыры мамандарды еріксіз алаңдатуда. Өйткені науқастың ауруына сай дәрі құрамының көптеген маманның сұрыптауынан өтіп, құрамындағы заттардың қатаң дозамен бекітілетінін ескерсек, дәрігер кеңесінсіз ішілген бармақтай дәріден келетін зардаптың орасан зор екеніне көз жеткізуге болады.
Бүгінде қабағы да сатулы дәрігер қабылдауының айтарлықтай теңге тұратынын ескерсек, науқастар көбі­несе қалтасының жұқалығынан ем-домды өзіне-өзі тағайындауға мәжбүр болады деген қорытындыға келуге болады. Немесе білікті маман­ның кеңесінен гөрі танысының ақыл-кеңесі немесе теледидардағы жар­на­маның көрсетілімі арзанға түсетіндіктен, науқастар өз бетінше дәрі алуға әуес. Тауарын тезірек өткізуге асыққан дәріхана қызмет­керлері де сатып алушыдан дәрігер рецептісін сұра­май-ақ, сұраған дәрісін ұстата салуға үйренген. Оның сыртында күнделікті жарнамасы жер жарып жатқан дәрі­лердің қаншалықты пайдалы екендігін теледидардан-ақ естіп қаныққан нау­қастар­дың өз бетінше ем-дом қол­дану­ға әуестігін аңғаруға болады.
Осылайша, бүгінгі күні ешқандай дәрігер рецептісін қажет етпейтін қол­дан-қолға өтіп жүрген «семізді арық­тататын», «ақсақты тыңдай қыла­тын» қытай препараттарынан да зардап шегушілер қатары артқан. Айта кетер жайт, көптеген елде көпшіліктің қо­лын­да, бейберекет сатылатын дәрі­лерге шектеу қойылған. Тіпті Еуропада дәріханалар дәрігер рецептінсіз мүлдем дәрі сатпайды. Ал бізде, керісінше... Сондықтан елімізде дәрі­ден уланып ауруханаға түсетін науқас­тар саны да айтарлықтай өсе түскен. Мәселен, өткен жылы еліміз бойынша 20 шақты адам дәріден уланып, өлімші халде ауруханаға жеткізілген. Сондай-ақ 2011 жылы шекара асып келген дәрі атаулының жартысынан астамы, яғни 57 пайызы тексерістен өтпеген. Ал Қазақстанда жасалған дәрілік өнімдердің 30 пайызы жарамсыз, адам өміріне қауіпті екені анықталған. Әсіресе Шымкент пен Қарағанды қа­ла­ларында жасал­ған аналгин, Аспирин, но-шпа дәрілерінің құрамы еш­қан­дай стандартқа сай еместігін, сапасы сын көтермейтінін тексерушілер зерттеуі көрсетіп берген.
Әлия РҮСТЕМОВА, Алматы қалалық фармацевтикалық және медициналық өнімдерді қадағалау департаментінің директоры:
Дәріге қатысты мәселе ушығып барады. Елі­міз­дегі көп дәрілерді дайындау барысында құра­мындағы қоспаларды кем не артық қосып жібереді. Ал артық доза адамды өлімге апарады.
Онсыз да дәріге қатысты мәселе осынша ушығып тұрғанда өз бетінше дәрі пайдалану тіпті қауіпті екені айдан анық. Сондай-ақ соңғы кездері артық салмағы­нан арылғысы келетіндер де жалған жарнамаға алданып, өз бетінше дәрі сатып алудан соң денсаулық­тарына айтарлықтай зиян келіп, аурухана төсегіне таңылған. Тіпті бүгінгі күні көптеген қыз-келіншектің жүкті­лік­тің алдын алу мақсатында пайдаланып жүрген таблеткала­рының бедеулікке алып келетіні де белгілі болып отыр. Демек, дәрігер нұсқауынсыз ем­делемін деп, дәрі арқылы дерт жамап алу әбден мүмкін. Өткен жылы дәрі-дәрмек сапасына қатысты фарм­бақылау мекемесіне 140-тан астам шағым түсіпті. Сондықтан мамандар дәріге қатысты күдік көбейіп тұрған кезде ең алдымен, әр азамат өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыруы қажет дейді.
Айта кетер жайт, еліміздегі халық денсаулығына алаңдайтын құзырлы орындар қауіпті дәрілердің алдын алу үшін арнайы сайт ашып, елімізде қандай тауарға лицензия берілгені жөнінде, дәрі-дәрмектің құрамы, тіпті арнайы нұсқаулығымен де ғалам­тор арқылы толық таныс алатындай мүмкіншілік жасапты. Дәрі-дәрмек ақ­параттық орталығының сайтындағы (https://www.druginfo.kz) сұрақ-жауап бөлімі арқылы да халықтың өзіне қажетті дәрі-дәрмек туралы ақпаратты білуіне жағдай жасалған. Әйтсе де халықтың басым бөлігінің әлі де болса интернетке қолы жетпей отырға­нын ескерсек, мұндай жобалардың жұрт­шылыққа берері аз екенін түсінуге болады.
Ақмарал ДӘУЛЕТКЕЛДІҚЫЗЫ, фармацевт:
– Шыны керек, бүгінде дәріге қатысты мәселе көп. Сырттан келетін күмәнді дәрілер де күн санап көбейіп барады. Оның жарнамасына сенген жұртшылық беталды дәрі қолдануға әуес. Сон­дық­тан біз халықтың медициналық сауатын арттырып, дәрілерді дұрыс таңдауды үйретуіміз керек. Сондай-ақ еліміздегі кез келген жерде сатылып жатқан дәрілерді қатаң тексеруге алып, дәріханалардың дәрігер рецептінсіз дәрі сатуына тыйым салып, бақылауға алу арқылы ғана халқымыздың дәріден улануы мен беталды дәрі қолдануының алдын ала аламыз.

Дәрі-дәрмек ақпараттық орталығының өз сайттарында (https://www.druginfo.kz/kz/contact/) жүргізген арнайы сауалнамасына көз жүгірте отырып та, дәрі-дәрмекті өз бетімен қолданушылар санының айтарлықтай екеніне көз жеткізуге болады (Сайттағы 16 тамыз күнгі ақпарат бойынша алынды). Тіпті халықпен жүргізілген сауалнама нәтижесіне қарап отырып та, дәрігер кеңесінен гөрі дәріханадан өз бетімен дәрі сатып алушылардың көп екенін бірден аңғаруға болады. Сонымен...


АЛМАТЫДАН АУРУХАНА АШҚАН АСЫЛ ЕР
1937-38жылдардағы репрессияның зіл батпан тақсыретін тартқан Алаш ардақтыларының арасында денсаулық сақ­тау саласының мамандары, яғни дәрігерлер көп бол­ғанымен, олардың есі­мін бүгінгі ұрпақ біле бермейді. Солардың бірі – Әли­хан Бөкейханов баста­ған Алаш қозғалысы­ның белді басшыларының қа­та­рында болған, ХХ ғасыр­дың бас кезінде «Қазақ», «Айқап» секілді басылым­дарға халқының мұң-мұқтажын көтеретін мақалаларды үздіксіз жазып тұрған ұлтжанды, оқыған, зиялы азамат Асылбек Сейітов еді.

1894 жылы Омбыда туған Асылбек Сейітов – қазақ арасынан Томбы универ­си­тет­інің медицина факультетін тамамда­ған алғашқы кәсіби дәрігер. Ал ең басты айтар­лығы, бұл азамат – Алматы қаласын­дағы Жетісу аудандық №5 емхананың негізін қалаушы. Ал оған дейінгі дәрігерлік қызме­тіне үңілсек, Баянауылда Асылбек есімін білмейтін қазақ жоқ. Себебі ол кісі Баянауылда аудандық ауруханада бас дәрігер қыз­метін атқарған. Ол әлі азамат соғысы аяқ­талмаған кезең: ел тұрмысы нашар, безгек, тырысқақ сынды ауру жұрт ішін жайлап, жалмап бара жатқан тұс болатын. Сондай қиын тұста А. Сейітов халық­тың денсау­лы­ғын жақсартуға, мыңдаған адамдарды ажал аузынан алып қалу үшін бар күш-жігері мен білімін аяған жоқ.Сол еңбегі ескеріліп, 1922 жылы Семейдің губздравын басқаруға шақы­рылып, 1937 жылға дейін бес жыл сонда қызмет етті. Сол тұста туберкулезге ұшы­рағандарды емдейтін «Березовка» санаторийін, «Ауыл» курортын ашады. Алаш қозғалысына араласып, Әлихан Бөкейха­нов­тың сенімді серігіне айналғаны осы шама еді. Солайша көзі ашық дәрігер ХХ ғасыр басында қазақ даласында шығып тұр­ған «Қазақ», «Айқап» басылымдарымен қатар Семейде небары 4-ақ саны шығып, жабылып қалған «Таң» журналының төрте­уіне де халықтың мұң-мұқтажын қозғайтын мақа­лалар жазды.
1937 жылдың жазында жол түсіп Мәс­кеуге барған дәрігер сол сапардан елге қай­тып келе жатқан жолда жақын досын кездестіреді. Ол Асылбектің әзірге Семейге бармай, басқа бір жерде бой тасалай тұруын өтінеді. Себебі ел ішінде «ананы ұстапты, мынаны ұстайды екен» деген дүр­белең шақ туған еді. Бірақ өзінің еш кінәсі болмағандықтан Асылбек ешкімнен қа­шып, жасырынуды жөн санамайды. Осы са­пардан оралған соң алғашында басшы­лық ол кісінің қызметін жоғарылатып, Алма­тыға алдырады. Сөйтіп, Алматының Жетісу ауда­нындағы №5 ірі де іргелі амбулаторияны үлкен емханаға айналдыру ісін білімді де білікті дәрігердің иығына артады. Алайда осы оқиғадан тура бір жеті өткенде Асылбек Сейітовті жедел тұтқындап, «халық жауы» деген жаламен атып тастайды.


Медицинадағы соңғы жаңалық

Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов «алдағы уақытта жүктілік кезеңінің 12 аптасына дейін медициналық есепте тұрған әйелдерге қосымша жәрдемақы берілетінін» хабарлады.
«Егер әйел 12 аптаға дейін медици­на­лық ереже бойынша есепке тұрса және тоғыз айдың ішінде дәрігерлердің нұс­қау­лығын толығымен орындаса, мемлекет белгілеген жәрдемақыдан бөлек өз ден­саулығына немқұрайды қарамағаны үшін үстемеақы түрінде қандай да бір про­центтер беріледі. Қазір үстемеақының қанша пайыз болатынын біз қарастырып жатырмыз» – деді Байжүнісов мырза. Халқымыздың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру мақсатында жасалып жатқан мұндай оң қадамның берері мол деп күтілуде...


Таңқурай (малина) өсімдігінің емдік қасиеттері
Нәзік хош иісті таңқурай өсімдігінің құрамында адам ағзасы үшін пайдалы заттар өте көп, атап айтқанда: аскорбин қышқылы, глюкоза, органикалық қышқылдар, спирттер, кетондар, ақуыздар, пектиндер, азот қоспалары, илік заттар,С, А, В топ дәрумендері.


Таңқурайдан жасалған қайнатпаны дене қызуын түсіруге, несеп жүргізуге, бүй­рек тасын шығаруға, іш ауруына, қант диабетіне, өт айдауға пайдаланады. Гемоглобин мөлшерін арттыру, қан тоқ­тату, суық тигенде дене қызуын басу­ға, іш тоқтатуға, қаназдыққа, жүйке ауруларына, бронхитке, жөтелге қарсы қол­данады. Таңқурай жемісін табиғи қал­пында немесе кептірілген күйінде қайнатып, сусын жасап, қыста тұмау кезінде пайдаланады. Әсіресе тибет медицинасында таңқу­райдың жапырағы, жемісі және сабағы қолданылады. Жа­пы­рақтарын бұқтырып шайдың орнына ішеді. Сонымен қатар таңқурайдан тосап, сусын, шырын, джем жасайды. Кондитерлік тағам­дарға қоса­ды.


Өкпенің қабынуы – өлімге апарады
немесе балалар арасындағы өлімнің 18 пайызы өкпенің қабынуынан болып отыр
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, әлемде жыл сайын бес жасқа дейінгі 2 миллионға жуық бала өкпе қабынуынан көз жұмады екен. Сондай-ақ әлемде балалар арасында өлім себебінің 20 пайызын осы ауру құрайды. Ал Қазақстандағы балалар арасындағы өлімнің 18 пайызы осы өкпенің қабынуынан болатын көрінеді. Енді балалар арасындағы бұл қауіпті аурудың алдын алу үшін елімізде не жасалып жатыр, одан толық айығудың жолдары қандай? Осы төңіректе педиатр маманмен пікірлескен едік.

Гүлжан КАДЕНОВА, дәрігер-педиатр:
– Қазақстан Респуб­ли­ка­сының денсаулық сақтау саласын дамыту­дың 2011-2015 жыл­дарға арналған «Саламатты Қа­зақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында балалар­дың өкпе қа­бы­нуына қарсы дәрі егуге 3,5 млрд тең­ге бөлу қарастырылған. Бұл өкпе қабынуымен ауыратын балалардың санын – 50 пайызға, бала шетінеуін 20 пайызға қысқартады деп күтілуде.
Өкпенің қабынуы – әсіресе жас нәресте үш­ін өте қауіпті. Бұл ауру күз-қыс айларында жиі кездеседі. Нәрестеге тұмау тигеннің өзінде оның тыныс алу жолдары тарылып, бала тек аузымен дем алады. Осының салдарынан суық ауа өкпе мен тамаққа салқын күйінде жетеді де, оның арты өкпенің қабынуына әкеліп соғады.
Пневмония қызылша, көкжөтел, тұмау, бронхтың қабынуы, демікпе сынды бірнеше аурудың асқынуынан да пайда болады. Өкпесі қабынған сәби мазасызданып, тамаққа тәбе­ті болмай, ұйқысы нашарлайды. Дене қызуы көтеріліп, жөтел пайда болады.
Әсіресе жаңа туған нәрестелер пневмония­мен жиі ауырады. Өйткені олардың иммунитеті әлсіз. Ауырған нәрестенің кейде кеудесі сырылдап, сілекейі көбіктенеді. Жас балалар мен жаңа туған нәрестелерде болатын бұл ауру өте қауіпті. Көп жағдайда ауру асқынып, отитке немесе плевритке ауысады. Сондық­тан сәбиде өкпе қабынуының алғашқы белгілері байқала салысымен ата-аналар өздері емдемей, бірден дәрігерге көрсеткені дұрыс. Сәби ауруынан түгел айығып болмайынша, дәрігерлердің бақылауында болуы тиіс.Сонымен қатар омыраудағы балаларды алғашқы алты айда емшек сүтінен айырмаған жөн. Себебі ана сүтінде нәрестенің иммунитетін көте­ретін қажетті дәрумендер бар.

Ескерту:
Балаларда өкпе қабынуының алғашқы белгілері пайда болған кезде Эвкалипт майы бар бальзаммен сәбидің кеуде қуысын уқалау керек. Жөтелді қойдырып, қақырықты түсі­ретін дәрілік сироптар ішкізген жөн. Одан кейін дәрігерге көрсетіп, аурудан айығудың жолдарын толық орындаған дұрыс. Бұл ретте кейде дәрігерлер баланы ауруханаға жатқы­зу­ға шешім қабылдауы мүмкін. Мұндай­да бас тарт­пау керек, себебі, ауруханада балаға үй шарттарында іске асыру­ға болмайтын емдік шараларын жасайды.


Дәріханалардың дәріні жаппай рецептісіз беруіне қалай тыйым салуға болады?


Зәуреш МУШАНОВА, Дәрі-дәрмек ақпараттық-сараптамалық орталығының дәрілерді рационалды қолдану бөлімінің бастығы:
ҚР Үкіметінің 2011 жылдың 5 желтоқсанындағы №1460 қаулысы бойынша тек дәрігердің нұсқауы бойынша босатылатын дәрілердің тізімі бекітілген. Дегенмен осы уақытқа дейін міндетті түрде дәрігердің рецептісімен босатылатын дәрілердің дәріханадан дәрігер рецептінсіз босатылғаны жайлы статистика жасалмаған. Алайда еліміздегі дәріханалардың дәрігер рецептісін сұрамай-ақ дәрі бере беретіні – кездесіп тұратын жайт. Негізі, мұның зияндылығы өте жоғары. Өйткені дәрігер рецептінсіз берілген дәрі науқас өміріне қауіпті, кез келген уақытта адам организміне кері әсер етіп, аллергиялық жағдай туғызуы әбден мүмкін. Дәрігер рецептінсіз дәрі алу кезінде оны сатып алушы жауапкершілігін өзі көтереді. Ал дәріханалардың жауапкершілігін арттырып, мұндай заңсыздықтың орын алмауын құзырлы орган – медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті тексеріп, қажетті жағдайда айыппұл салуға құқылы. Сондықтан алдағы уақытта бақылаушы органдардың бақылауын күшейткен жөн секілді.


Артық СЕЙІТҚАЛИЕВА, «Адал» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының төрайымы:
Рас, еліміздегі дәріханалардың науқастарға дәрігер рецептінсіз дәрі сатуы жиі кездеседі. Негізі, дәріханалардың мұндай заңсыз іс-әрекетін тексеріп отыратын арнайы құзырлы орган бар. Өкінішке қарай, науқас жаны қысыл­ғанда дәріханаға жүгіруге, ал дәріхана дәріні сата салуға әбден жаман үй­рен­ген. Ал сол дәрінің науқас организміне кері әсері болған жағдайда кімді кінәларымызды білмей алас ұрамыз. Өйткені бұл жерде дәрігерден бұрын дәріханаға жүгіретін науқас та кінәлі. Науқас бір жері ауыра қалған жағдайда алдымен дәрігерге барып, содан кейін ғана дәрігер кеңесімен дәрі қолдануы керек. Осы орайда айта кетер жайт – алдағы уақытта еліміздегі тұрғындардың фармацевтикалық және медициналық сауаттылылықтарын арттыру мақса­тында жұмыстар жүргізілуі керек. Халықты тәрбиелеу арқылы ғана дәріханалар­дың рецептісіз дәрі беруіне тыйым сала аламыз деп ойлаймын.


Қарлығаш ТАБЫНОВА, фармацевт:
Дәрігердің тағайындауынсыз берілген дәрі адам өміріне айтарлықтай қауіпті. Өйткені дәрі кейде адам организмінің бір мүшесін емдегенімен келесі бір мүшесіне зиянын тигізіп жатады. Себебі дәрі құрамындағы заттар адам ағзасына кері әсер ететін кездер жиі кездеседі. Айта кетер жайт – Еуропада еш­қан­дай дәрі дәрігер нұсқауынсыз дәріханадан босатылмайды. Ал бізде тіпті кішкентай балаға дейін қолында ақшасы болса, дәрігер рецептінсіз қалаған дәрісін сатып ала береді. Тіпті осыған дейін құрамында наркотикалық заттары бар дәрі­лерді де жасөспірім­дерге рецептісіз сатылғаны жайлы деректер елімізде кездесті. Сондықтан ақшаға құныққан дәріхана сатушыларының тәртіпке бағынуын құзырлы орындар бақы­лауына алуы тиіс деп ойлаймын.

Бетті дайындаған Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста