Nomad – қазақстандық автокөлік
Алғашқы қазақстандық автокөлік 2013 жылы нарыққа жол тартады
Алғашқы қазақстандық Nomad атты автокөлік 2013 жылдың ортасында шыға бастайды. Бұл жаңалық Астанада өткен «Индустрияландыру күні» көрмесінде айтылды.
Көліктің құрылысы мен жобасы – Қостанайдағы «Агромаш Холдинг» конструкторлық бюросы мен оңтүстіккореялық Ssang Yong Motor Corporation корпорациясы инженерлерінің ортақ жұмысы. Осы орайда Allur Auto автомобильдік компаниялар тобының аға директоры Андрей Лаврентьев бұл жоба Қазақстанға қосымша инвестициялар тартуға серпін болады деген пікір айтты.
Бұған дейін Nomad-тың 2012 жылдың аяғында сатылымға шығатындығы айтылған болатын. Жаңа көліктің бағасы 19 мың доллар болатындығы да хабарланған еді.
Жоба жетекшілерінің айтуынша, аталған көлікті бірқатар шетелдің азаматтарына қолжетімді болады. Атап айтсақ, жаңа көлік Ресей, Беларусь, Украина, Ирак, Пәкістан елдеріне экспортталады деп жоспардануда. 2018 жылға дейін зауыт жылына 25 мың дана көлік шығаруға қуатты нарық қалыптастырамыз деп отыр. Жобаға құйылған инвестицияның жалпы көлемі –16 миллион доллар. Сонымен қатар елімізде бес модификацияда Kyron, Rexton және Actyon автомобильдерін құрастыру жоспарда бар.
Номад – ағылшын тілінен аударғанда «көшпенді» деген мағынаны беретіндігін де айта кетелік.
Болашақта бұл көлік ұлттық компания қызметкерлері мен шенеуніктердің автосына айналуы мүмкін. Естеріңізде болса, бұған дейін Елбасы шенеуніктерге шетелден көлік сатып алуға тыйым салған болатын. Оның үстіне «Агромаш Холдинг» бірнеше ұлттық компаниялар мен мемлекеттік мекемелермен меморандумға қол қойып, келісімге келгендігі хабарланған еді.
Көлік салоны: Былғары дұрыс па, әлде матамен қапталғаны ма?
Көлік алар кезде көп адам алдымен оның салонының түсіне, қандай материалдан жасалғанына мән береді. Бұл тіпті шешуші фактор болуы да мүмкін. Қазір көлік те көп, олардың салоны да сан алуан. Дегенмен, жалпылай алғанда, салонның өзін екі түрге бөліп қарастыруға болады. Олар: былғарыдан жасалған және матамен қапталған. Біреулер былғары салонға жетері жоқ десе, екіншілер еш уақытта ондай автокөлікке отырмайды.
Неге десеңіз, әр материалдың артықшылығымен қатар, кемшілігі де бар. Сатып алушының талғамы да әрқилы. Сондықтан былғары немесе мата жақсы деп кесіп айтуға ешкім асықпайды. Былғарының бір артықшылығы – созылғыш және жұмсақ, адамды шаршатпайды. Мұндай көлікпен жиі алыс сапарларға шығуға болады. Бірақ салоны былғарыдан жасалған автокөліктің бағасы да біраз жоғары. Сатып алушылардың көбі көлікті 3-5 жыл мінетінін ескерсек, бұл фактордың да маңызын түсінеміз.
Былғары салонның соңғы артықшылығы – иесіне ерекше бедел сыйлайтындығы. Соңғы уақытта кең таралған үрдіс – сапалы әрі қымбат көліктің салоны матамен қапталмайды, тек таза былғарымен әдіптеледі. Өзінің беделін, қоғамдағы салмағын көрсеткісі келген жандардың былғары салонға аңсары ауатындығы сондықтан.
Егер былғары салонға іскерлік сипатта қарасақ, оған айрықша күтім қажеттігі айдан анық. Уақыт өте келе былғары өзінің созылғыш қасиетін жоғалтады. Олай болмас үшін былғарыны арнайы косметикалық құралдармен сүртіп тұрған жөн. Дер кезінде шара жасалмаса былғары кеуіп, бетінде жарықшалар пайда болуы кәдік.
Оған қоса, былғары күн сәулесіне мүлде төзімсіз, тез күйіп, түсін жоғалтады. Оны болдырмау үшін арнайы косметикалық құралдарды қолданады және көліктің артқы әйнегін көлегейлеп қояды. Күн ыстық кезде шамадан түс жарықтан салонға зиян келмеуі үшін көліктің көлеңкеде тұрғаны дұрыс. Салоны былғарымен қапталған автоарғымақты таңдағанда материалдың сапасына баса мән беру керек. Әсіресе бұл – қытайлық модельдер көбейген қазіргі заманда аса өзекті мәселе. Былғары салон қалыпты температурада жайлы, алайда тыста ерекше ыстық немесе қатты суық болса, мұндай салон бірден жайсыз болып сала береді. Аптапта былғары айрықша қызады, ал суықта көпке дейін жылынбай, жол жүрген кезде біршама қолайсыздық туғызады.
Матамен қапталған салонға тоқталсақ, ол кәдімгідей арзан, ондай автокөлік сатып алушыға да қолжетімді. Былғарымен салыстырғанда матаның қай түріне де айрықша күтім қажет емес. Матаға ауа райының өзгерісі мүлде әсер етпейді. Яғни мұндай көліктің ішінде сіз өзіңізді қысы-жазы жайлы сезінесіз.
Әрине, матаның да өзіндік кемшілігі бар. Матамен қапталған салон кіршең, матаға сіңген дақтарды кетіру де оңай шаруа емес. Тағы бір кемшілігі – түрлі иістерді тез сіңіріп алатындығында. Ендеше, шылым шегетін адамның бірден салоны былғарымен қапталған көлікті таңдағаны дұрыс.
Автокөліктің парқы мен нарқы
Өткен аптада Алматы автобазарындағы делдалдар сатып алушылардың сырттан көп келгендігін алға тартты. Яғни Алматыға көлік іздеп ағылғандар Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облысының алыс аудандарынан келіпті. Сонымен, өткен жексенбіде автобазардың көркін қыздырған, саудасын жүргізген автолар мыналар:
Ауди-80 (1991-1995) – 4000-7500$
Тойота Карина Е (1992-1995) – 7000-9500$
Субару Легаси (1996-2004) – 5000-13 500$
Мерседес Е230 (1990-1996) – 5000-12 500$
Фольксваген Пассат (1992-1996) – 3500-7000$
ВАЗ 2107 (2000-2007) – 2000-4500$
Опель Вектра (1996-1998) – 5500-7500$
Моторыңыз мазаңызды алса...
Менің машинамда судың температурасы көтеріліп кете береді. Бірнеше рет техникалық жөндеу орталықтарына апарып көрсеттім. Жасап береді, алайда арада апта өткен соң бұрынғы «ауруына» қайта басады. Бұл неден болуы мүмкін ақау?
Жандос Құлтөлеков, Алматы
Жол бойында келе жатып температура тілінің бірден көтеріліп кеткендігін байқасаңыз, дереу салон жылытқышын іске қосып, көлігіңізді мейлінше тез тоқтатыңыз.
Мотордың қызып кетуі – авто маркасына қарамастан, кез келген көлікте орын алатын құбылыс. Мұның себептері қарапайым салқындатқыш сұйықтығы деңгейінің төмендігінен бастап, помпаның дұрыс жұмыс істемеуінен де болуы мүмкін.
Ендігі әңгімені рет-ретімен айталық.
1.Алдымен СС-ның (салқындатқыш сұйықтық) датчигі мен термометрдің дұрыс жұмыс істеп тұрғандығына көз жеткізіп алыңыз.
2.Түрлі капот жылытқыштарды қолдануға кеңес бермейміз. Мұның пайдасынан гөрі жанама зияны көп болуы мүмкін.
3.Қозғалтқыштағы майдың деңгейін тексеріп көріңіз. Әлбетте, майдың қысымы да қалыпты деңгейде болуы керек.
4.Мотордың қызып кетуі сонымен қатар салқындату жүйесінің ластануынан болуы мүмкін. Әсіресе түрлі «радиатор герметиктерін» пайдалану мұның ықтималдылығын жоғарылатады. Мұндай жағдайда салқындатқыш сұйықтығын ағызып жіберіп, қозғалтқышты жақсылап жуып, тазалау керек. Бірақ бұл бөлек мақаланы талап ететін әңгіме.
5.Сонымен қатар радиатордың сыртқы ластануы орын алған болуы мүмкін. Сондықтан оны үлкен қысыммен су шашу арқылы тазалап көріңіз.
6.Радиаторды салқындатуға арналған вентиляторды тексеріп көріңіз.
7.Салқындатқыш сұйықтығының айналуында да олқылықтар болуы мүмкін. Мұндай жағдайда помпаны ауыстыру қажет.
Автокеңес
35 жылдық тәжірибесі бар көлік жүргізушісі Мәмбет Кәленовтің ақыл-кеңесі
Кейбір адамдар автоматты қорабы бар көліктерді сынып қалған жағдайда діттеген жерге сүйреп апаруға болмайды деп жатады. Ал мамандар тіркеуге болатынын айтады, бірақ 20 шақырым қашықтықтан артық бармағаны абзал. Және сүйреп келе жатқан көліктің жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан аспауы керек. Егер алысқа бару аса қажет болып тұрса, кардан білігін алып тастау керек немесе жартылай артып, яғни тек артқы доңғалағымен ғана сүйрелетіндей ету керек. Себебі қозғалтқыш істемей тұрған кезде қораптың май сорғысы істемейді, демек, ол майлап үлгермейді.
***
Егер жолда келе жатқанда тежегіштің сұйықтығы ағып кетсе, аса қобалжымаңыз. Дәл сондай сұйықтық болмаған жағдайда да тығырықтан шығудың бірнеше жолы бар. Үйіңізге немесе жақын маңдағы көлікке қызмет көрсету стансысына жеткенге дейін тежегіштің сұйықтығының орнына шарап, арақ немесе тосолмен толтырсаңыз болады. Бұлар болмаған жағдайда тіпті сабынды суды да құюға болады екен. Тек көлігіңізге тиісті сұйықтығын құяр кезде тежегіш жүйесін тазартуды ұмытып кетпеңіз.
***
Көлік қозғалтқышының дұрыс жұмыс істеуіне салқындату жүйесінің тигізер көмегі зор. Сондықтан радиаторға шаң-тозаң түсіп, жұмыс істеу жүйесі бұзылуы да мүмкін. Сіз қызмет көрсету стансысына жүгірмес бұрын өзіңіз байқап көріңіз. Радиатор ішіндегі тосол немесе антифризді төгіп, орнына сода қосылған су құйып, көлікті 15-20 минут от алдырып қоямыз да, кейін суды төгеміз. Су тазарғанға дейін бұл істі жалғастыра беру керек.
Беттің автомеханигі Дархан Бейсенбекұлы, beisenbekuly@mail.ru