күретамыр
Ұлыстың ұйытқысы – Оңтүстік
Әр төбесінің, әр тасының тарихи маңызы бар шежірелі өлкеде ел аузында жиі айтылатын қанатты сөз бар: «Адамға өмір бір-ақ рет беріледі, оны жанға жайлы Шымкентте өткізу керек», – деген. Ел аузында, оңтүстік түгін тартсаң майы шығатын, қойнауы қазынаға толы, жоқтан бар жасайтын еңбекқор халқы, бай тарихы бар, ұлттың рухани алтын бесігі саналатын киелі мекен аталады.
Қонағын Құдайындай сыйлайтын дарқандығы даламыздың кеңдігін еске салады. Қашан келсең қазаны бұрқырап, самауыры қайнап тұратын өңір аңқылдақтығынан жаңылған емес.
Жұрт арасында «техастар», «шымкенттіктер» деген кемсітпе сөздердің таралып жүргені өтірік емес. Оған жауапты ұлты үшін ұлы іс тындырған Дінмұхамед Қонаев Асанбай Асқаровты оңтүстікке бірінші басшы етіп жіберерде «Байқа, Шымкентті басқару Қазақстанды басқарудан да қиын» деп айтқан екен. Міне, оның арғы жағында қаймағы бұзылмаған қазыналы қазақы өңірді басқару Қазақ елін басқарумен бірдей деген үміті мен сенімі менмұндалап тұрғандай.
Еліміздің әр өңірінде қызмет етіп жүрген шымкенттіктер – облыстың ең басты байлығы. Оның дәлелі былтыр, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының аясында Шығыс Қазақстан облысына барған жас диқандар өңірдің қара топырағын, күрделі табиғатын бағындырып, жер емшегін еме бастады. Кезінде Алаш зиялыларының басы қосылып, ұлттық деңгейдегі ұлы істерді кеңесетін ұлы ордаға айналған киелі мекен қазір де қасиетінен айныған емес. Оған Түркістандағы хақ дініміздің діңгегіне айналған рухани ұстаз – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Сайрамдағы сансыз бап, Түркістандағы түмен баптар дәлел. Қазақ қара күшінің атасы – Қажымұқан бабамыздың, вальс королі Шәмші Қалдаяқовтың есіміне берілген музей, көше, гүлзар аттары осында жасап жатқан халықтың бабалар аманатына адалдығын көрсетіп бергендей.
Шымкент Қазақстандағы ең көне қала болып саналады. Тарихшы зерттеушiлер Шымкент қаласының 2200 жылдық тарихы бар екенiн растап отыр. Жуырда Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бауыржан Байтанаевтың «История Шымкента» атты кiтабының тұсаукесер рәсiмi өттi.
Кiтап ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң «Ғылыми қазына» бағдарламасы шеңберiнде 500 данамен жарық көрiп отыр. Ол сегіз тараудан тұрады. Ондағы деректер бiздiң заманымызға дейiнгi ІІ ғасыр мен Оңтүстiк Қазақстан Ресей империясының құрамына кiргенге дейiнгi кезеңдi қамтыған. Кiтапта археологиялық және мәдени ескерткiштер, осыдан 200 жыл бұрын түсiрiлген суреттер мен Шымкенттiң көне сызбасы бар. Әрбiр көне жәдiгер зерттелiп, оған терең түсiнiк берiлген. Автор бұл деректердi Өзбекстан мен АҚШ-тың және елiмiздiң жетекшi кiтапханалары мен мұрағаттарынан жинапты. Сондай-ақ облыстық тарихи-өлкетану мұражайының материалдары да кәдеге жараған. Оның айтуынша, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дiң «Археология және этнология» кафедрасының бiлiктi мамандары мен студенттерi 2003-2004 жылдары Шымкент қаласында қазба жұмыстарын жүргiзген екен. Бұл зерттеулер мемлекеттiк «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберiнде 2008 жылға дейiн жалғасыпты. Нәтижесiнде археологтер көне дәуiрлерден сыр шертетiн жәдiгерлер мен тұрмыстық заттарды тапқан. Қорымдардан зергерлiк бұйымдар табылды. Ғалымдар бұл заттардың 2000 жылдан астам уақыт бұрын қолданылғанын айтып отыр.
Шымқаланың жасы да белгiлi болды. Соңғы зерттеулерге сүйене отырып, белгiлi тарихшы, академик К.Байпақов Шымкент қаласының iргетасы қаланғанына 2200 жыл болғанын жазды. Айтулы жаңалықтың ашылуына орай Шымкентте ғылыми-практикалық конференция да өткiзiлдi. Дегенмен Шымқалаға 2200 жыл толғанын дәлелдеп, оны ЮНЕСКО шеңберiнде атап өту үшiн қала туралы нақты деректерге сүйенген ғылыми еңбек керек едi. Мұндай кiтап та жазылды.
Бауыржан БАЙТАНАЕВ, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, тарих ғылымының докторы:
– Бiз жүргiзген зерттеулер Шымкент Қазақстандағы ең көне шаһарлардың бiрi екенiн анықтап бердi. Өйткенi қала маңынан табылған заттар – сөзiмiздiң нақты дәлелi. Әрине, қарсы пiкiр айтушылар да болуы мүмкiн. Ондай пiкiрталастарға дайынбыз. Ең бастысы, бiз Шымкенттiң тарихы өте тереңде жатқанына көз жеткіздік. Қазақтарда қала мәдениетi бар болғанын ұғындық. Бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi ІІ ғасырдан басталатын деректер мен ХІХ ғасырда жүргiзiлген зерттеулердi негiзге ала отырып, қаламыздың жасы шамамен 2200 жыл екенiн анықтадық. Ендi бұл мерейтойды халықаралық деңгейде атап өтуге болады. Оған толық құқығымыз да, дәлелiмiз де бар. Кiтапты облыс әкiмi Асқар Мырзахметов жоғары бағалады. Қала басшылығы тарапынан да қолдау табылып, тарихшыларымыздың бастамасы жүзеге асады деген ойдамын.
демография
11 миллионыншы қазақ та, 17 миллионыншы отандасымыз да оңтүстікте тұрады
Халқының саны бойынша республикада оңтүстіктегі ағайын көш бастап тұр. Облыс бойынша жалпы халық саны 2 миллион 660 мыңнан асса, бала туу көрсеткіші бойынша да бірінші орынды иеленеді бұл облыстың тұрғындары. Еліміз бойынша әрбір төртінші туылған нәресте оңтүстікте дүниеге келсе, жалпы бұл өңірде жыл сайын 75 мыңнан астам сәби туылады екен.
Статистикаға сенсек, Қазақстан халқының саны жуырда 17 миллионнан асты. Еліміздің 17-миллионыншы азаматы да халық тығыз орналасқан осы Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында дүниеге келсе, ал ұлты қазақ 11 миллионыншы азамат осы өңірде дүниеге келіпті. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезектен тыс он үшінші сессиясында облыс әкімі Асқар Мырзахметов жария етті. Сәбидің есімі –Мұхтар Әбдірахым. 2012 жылдың 28 желтоқсанында Қазығұрт ауданы Үшбұлақ елді мекенінде дүние есігін ашқан. Кішкентай сәбидің анасы Шолпан Күдірбекова — мұғалім, әкесі Мәлік Бадамбаев ауыл шаруашылығымен айналысады. Мұхтарға дейін бір қыз, екі ұлды дүниеге әкелген. Облыс әкімі Асқар Исабекұлы Мұхтардың ата-анасына арнайы құттықтау хатын жолдап, онда «Құрметті Мәлік Әбдірахымұлы, Шолпан Бақытжанқызы! Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі атынан Сіздерді отбасыларыңыздағы үлкен қуанышпен құттықтаймын. Әрбір бесінші қазақ дүние есігін ашатын өңірде 11 миллионыншы қандасымыздың туылуы ұлысымыздың ұйытқысы саналатын оңтүстіктің демографиялық мәртебесін тағы бір дәлелдеді, — деп атап өткен. Құттықтау хатты Қазығұрт ауданының әкімі Б.Қыстауов қуаныш иелеріне табыс етіп, облыс әкімдігі мен өңір тұрғындары атынан тұлпар тарту етті.
біле жүріңіз
Ең... ең... ең...
• Ақсу-Жабағылы қорығы – оңтүстік аймақтағы Талас Алатауының солтүстік батыс бөлігін және Өгем жотасын алып жатқан Қазақстандағы тұңғыш қорық. Қазір Ақсу–Жабағылы қорығы ЮНЕСКО бекіткен дүниежүзілік қорықтар тізіміне алғаш болып енген.
• 2003 жылы 23 маусымда Францияның Париж қаласында Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның 27-сессиясында дүниежүзіндегі «Мәдени мұра» тізіміне енген болатын.
• Шымкент қаласындағы Бәйдібек бидің мүсіні – еліміз бойынша ең биік нүктеде орнатылған алып ескерткіш. Шығыс зерттеушілерінің жазбаларында оны Қазақ хандығының құрылуында ерекше орны бар ежелгі Үйсін бірлестігіне кіретін албан, суан, дулат, сарыүйсін, шапырашты, ысты және ошақты ру-тайпаларының түп атасы деп көрсетеді. Ескерткіштің тұғыры 9 метр, мүсіннің биіктігі 10 метрдей, орнатылған нүктесі қаладан 200 метр жоғарыда тұр. Ескерткіштің жанына көтерілген жанға бүкіл шаһар алақандағыдай көрінеді.
• Биыл жаңажылдық шырша тұрғызуды Тәуелсіздік мерекесінен кейінге қалдыруды ең бірінші болып оңтүстік қолға алды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Тәуелсіздік мерекесіне дейін «Жаңа жыл» деп жалаулатпауды қадап тапсырған болатын. Бұл бастама көрші облыстарға үлгі болып, Қазақ мемлекетінің Тәуелсіздік мерекесінің ауқымын кеңейтуді күшейтті.
ерекше адам
Ең ұзын адам Шымкентте тұрады
1953 жылы дүниеге келген шымкенттік Қалдыбай Атажанов қазақ ертегі-дастандарындағы батырлардан аумайды. Бойы 2 метр 14 сантиметрден асатын азаматқа лайықты киім табудың өзі мұң біздің елде. Сол себепті ол өзіне шақ киімдерді Ташкенттегі тігін цехтарының біріне тапсырыс беріп алдыртады. Өкініштісі – волейболдан жоғары дәрежедегі төрешінің өзіне сай көлігі де, баспанасы да жоқ екен. Бірақ оған мұңайған ол жоқ. Керісінше, өзін көргенде есінен танып қалған талай жанның қолтығынан демеп жүр.
7-8-сынып оқып жүрген кезінде бойы тез өсе бастап, мектепті бітіргенде қатарластарынан тым ұзын екендігі жұртты таңғалдырады. Тынық мұхиты жағалауындағы теңіз флотында әскери борышын өтеп, 1975 жылы елге оралғанда оның бойы тіпті ұзарып, 2 метр 50 сантиметрге жеткен екен. Өзінің батырлық жырлардағы батырлардай фантастикалық өсу жолын «Мұхиттың таза ауасы мен судың әсерінен болу керек» деп түсіндіреді. Алайда бұл ерекшелігі қанында бар, атасы Нұржанның бойы 2 метрге жуық болған екен.
1976 жылы сол кездегі Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институтына жаттықтырушы және оқытушы мамандығына түсіп, 1980 жылы қызыл дипломмен тамамдаған соң, Шымкент қаласындағы Қазақ химия-техникалық институтына (қазіргі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті) арнайы жолдамамен келеді. 1990 жылдан бастап оқытушылық қызметке кірісіп, еңбегі еленіп, «Қазақстан Республикасының волейболдан жоғарғы ұлттық төрешісі» атағын алады. Бүгінде – осы университеттің техникалық мамандықтарға арналған дене тәрбиесі кафедрасының аға оқытушысы.
Қолы босай қалса, Махтымқұлының өлең кітаптарын, әдеби шығармаларын, Наурызбек Рахманқұловтың термелерін, Дина, Құрманғазы және тағы басқа да күйшілердің күйлерін тыңдап, таза ауада серуендегенді ұнатады. Мұнан тыс, қазақтың піскен еті, шұбат және жеміс-жидектерін сүйіп жейді. Өмірлік ұстанымына келер болсақ: «Дене тәрбиешісі болған соң, жастарға салауатты өмір салтын ұстануды, дінге бет бұруды жиі айтып жүремін», – дейді.
Бір қызығы кейде бойдың ұзындығы айналасындағылардың таңырқауынан тыс қорқыныш сезімін де тудыратыны бар екен. Ондай жағдайда «Кешірерсіз, мұздай су ішіңіз», – дейді екен ол.
өнер
«Тау адамы» Гиннесстің рекордтар кітабына енбекші
Қарт Қаратаудың Созақ ауданының жерімен өтетін тұсында тауды мекен еткен бір адам бар. Аты-жөні – Шавкат Жортанов. Жұрт оны «Тау адамы» деп атап кеткен. Шындығында да, ол қыстай жұмыс істеп ақша табады да, ала жаздай үй көрмей, тау-тас кезіп жүреді екен.
Шавкат ЖОРТАНОВ, Созақ ауданының тұрғыны:
– Менің жағдайымды жасап жүрген – ата-анам мен бауырларым. Тауға сурет салудың қызығына түскенім соншалық, қазір бар өмірім тауға сурет салумен өтіп жатыр. Қыс бойы үйде жиһаз жасап ақша табамын. Күн жылыған бойда мал-жанды алып, тауға кетемін. Аптасына бір-екі рет інілерім ас-ауқат әкеліп тұрады.
Шавкаттың тауда жүргенін көпшілік түсінбейді. Бірақ сөйлескеннен кейін ол ойларынан айнып қалады. Ол үлкен жартастарға сурет салады. Таудың төбесіне шығып, беліне екі қабат арқан орап төмен түсу арқылы сурет салады. Әр суретке төрт-бес сағаттан уақыт жұмсайды.
Желкесін жапқан шашына қарап, шын өнер адамы екендігі менмұндалап тұратындай. 18 жылдан бері осы өнермен айналысып жүрген ол өз суреттерінің ең үлкенін 60 күнде салып шығыпты. Оның ұзындығы үш жарым шақырымға жетеді. Осы кезге дейін суретіне ақы алмапты. Тасқа екі-үш сантиметр тереңдікте қашалып салынғандықтан, бұл суреттердің де ертедегі ескерткіштер секілді мыңдаған жыл сақталатынына сенімді. Ол таяуда атақты актер Арнольд Шварценеггерге хат жолдапты.
– Қазір менің суреттерім интернет арқылы Австралия, Еуропа мен Американың өнерсүйер қауымына жетіп жатыр. Алдағы бар арманым – осындай суреттерді шетелдің биік тауларындағы жартастарға салу. Әрине, ол үшін қаржылай қолдау керек екені белгілі, қазір соған демеуші іздестірудемін.
Таулы аймақтарға демалыс орындарын салған қалталы адамдар да бар. Егер солар ниет білдірсе, тауларын безендіріп бере де аламын. Жалпы, мұндай өнермен дүниежүзінде түпкілікті айналысып жүрген адам жоқ екен. Мен біріншімін, сондықтан соңғы кездері бұл жұмыстарды патенттеп ал деп ақыл айтушылар да шыға бастады. Бұрын суретті салып кете беруші едім. Кейін оның қасына басқа біреулер өз аттарын жазып кететін болып жүр. Біреудің еңбегін иелену – әділетсіздік қой. Сондықтан қазір әр суреттің тұсына өзімнің белгімді қалдыратын болдым. Яғни «Шавкат» деген жазу болса, ол суреттер менікі деп білерсіздер. Суретті қағазға да саламын, бірақ биік тасқа жабысып тұрып салудың кереметі өзгеше, оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, – дейді Шавкат.
Сөзіне қарағанда оны бүгінде қазақстандықтардан гөрі шетелдіктер көбірек таниды екен. Интернет арқылы көптеген дос тауып, сырласып та, тәжірибе алмасып та тұрады екен.
Ш.Жортанов өзінің тасқа салған суреттерінің үлкендігі жөнінен Гиннесстің рекордтар кітабына енуді де жоспарлап қойыпты. Ол үшін арнайы комиссияның келіп көруі керектігін де біледі. Келешекте Шавкаттың суреттері үлкен биіктерге салынып, көпшілік сұранысына ие болып жатса, арманының орындалғаны болар еді.
жасыл ел
Еліміздегі ең алып саябақ оңтүстікте екенін білесіз бе?
Шымкентте көзі тірісінде аты аңызға айналған тұлғалардың бірі – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, кезінде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Асанбай Асқаров. Оның Оңтүстік Қазақстан облысын өркендетудегі ізгі тірліктерінің ізі аттап басқан сайын сайрап жатыр. Қаладағы Хайуанаттар бағы, жасанды «Тұлпар» көлі Асқаровтың тұсында халық игілігіне беріледі. 1979 жылы осы кісінің тікелей бастамасымен қала сыртындағы күл-қоқысқа толып, шаңы аспанға шығып жатқан 117 гектар жер игеріліп, Дендросаябақ салынған-тын.
Саябаққа әлемнің әр түкпірінен әкелінген ағаш тұқымдары отырғызылған. 80-жылдардың соңында жазықсыз жаланың құрбаны болып, түрмеге жабылған кезде атпал азамат артында қалғандарға осы саябақтың тағдырын ерекше аманаттап тапсырған деседі. Алайда 1990 жылдардың басындағы экономикалық тұрақсыздық пен құлдырау кезеңінде саябақтың күйі кеткен де еді. Тек былтырғы «Жол картасы» бағдарламасы бойынша бюджеттен қаржы бөлініп, саябақты қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, өңі кірді.
Дендросаябақта 600-ге жуық ағаш түрі бар екен. Балқарағай, самырсын, магнолия, тіпті атауын бұрын естіп-білмеген ағаштың түр-түрін кездестіресіз. Біразын танымал тұлғалар отырғызыпты. Мыңнан астам ағашы бар сол саябақтың қақ төріндегі Қонаевтың қолымен отырғызылған алып бәйтерек ерекше көзге түседі. Екі адамның құшағы әзер жететін ағаш қазақтың біртуар ұлының алып тұлғасын елестеткендей.
Бетті дайындаған Нұршат ТӨКЕН