Алаш АЙМАҚ

Ғасырлық мәні зор жоба – Қарағанды аймағында
Жасыратыны жоқ, Қарағанды аймағындағы жездің жез бұлағы атанған  Жезқазған қаласының өміріне өзек болып отырған мыс кенінің түбі көрініп қалды деген дерек ел ішіне тарағанда, ондағы жұрт абыржулы еді. Ширек уақытқа ғана жететін қордан соң білдей бір қаланың қаңырап, қаңтарылып қалу қаупі туған. Әйткенмен жақсы аттың жалында жүрген азаматтар бұл іске дер кезінде назар аударды. Жұрттың көңіліндегі күмәннің қалың бұлтын біршама сейілткен.  Үкімет деңгейінде арнаулы бағдарламаның қабылдануы да жезқазғандықтардың жанын жай таптырған. Оған Елбасының халыққа арнаған биылғы Жолдауында айтылған 1200 шақырымға созылатын  Жезқазған – Бейнеу және Арқалық – Шұбаркөл екі теміржол желісі құрылысының жобасы Жезқазғанның татар дәмі таусылмағанын және бір айғақтаған-ды. Бүгінде ғасырлық мәнді  ғаламат жоба ретінде аталып жүрген теміржол құрылысына жұрт зор үміт артып отыр.
Баршаға мәлім, Жезқазған–Бейнеу және Арқалық – Шұбаркөл теміржолда­рының құрылысы басталды. Олардың жалпы ұзындығы – 1202  шақырым, құны 694 млрд  теңгені құрайды. Оның ішінде Қарағанды облысынан өтетін теміржолдың ұзындығы 500 шақырым, ал жалпы сомасы шамамен 300 млрд теңге.
Бұл жобаны жүзеге асыру жүк пойыз­дарының жаңа бағыттарын ашады.  Жол ұзақ­тығын қысқартып, жүк тасымалын едәуір жеңілдетеді. Сонымен қатар сол өңірдегі  кәсіпорындардың дамуына да ықпал етпек. Бұл теміржол желісінің арқа­сында аймақтың экспорттық әлеуеті арта­ды. Әлеуметтік инфрақұрылым нысанда­рының құрылысы да жанданады.
Кеше келешегіне күмәнмен қараған өңір­дің тамырына бүгін қан жүгіріп, тірші­лігі бүлкілдеп тұр. Теміржол құрылысы басталады деген сөздің ел ішіне тарауы да ондағы жұрттың теміржолға көзқарасын түзетіп, мамандық алуда жастарға темір­жол­ды таңдауды ұсынып та жатыр. Онысы да негізсіз емес. Өйткені болашақта Жезқазған – Сексеуіл учаскесінде орташа алғанда 4570 адам жұмыс істейтін болады. Теміржол құрылысынан бөлек мұнда үш учаскелік және үш аралық стансы салу да жоспарланып отыр. Осы стансыларда тұрақты түрде 901 жаңа жұмыс орны ашылады. 171 пәтерлі екі көпқабатты үй, екі орта және үш бастауыш мектеп, бес бала­бақша, амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар бой көтереді. Сонда Жезқазғанның айы оңынан, жұлдызы соңы­нан туады деседі ел.
Арқалық – Шұбаркөл теміржолы құры­­лы­сының техника-экономикалық негіз­демесі бойынша Қарағанды облы­сының аумағында үш аралық стансы, бір разъезд және Шұбаркөл жаңа стансы­сын салу жоспарда екен. Бұларға вахталық әдіспен қызмет көрсетілмек. Ол үшін жаңа­дан 189 жұмыс орны құрылмақшы.  Жезқазған, Шұбаркөл өңірлері үшін ғана емес, жалпы облыстың, бүтіндей елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына  игі әсе­рін тігізбек.
Дүйім елге сенім сыйлаған теміржол құрылысының жобасы мысты өңірдің екінші тынысын ашарына халық қалтқысыз сеніп отыр.

Қарағандыда тұңғыш рет ...
• қазақстандық мазмұндағы ауыл шаруашылығына арналған «Фермер» сериялы ұшақтар шығарылды;
• отандық «КазБелаз» көлігі  құрастырылды;
• пойыз жылдамдығын мейлінше арттыруға мүмкіндік беретін темір бетонды шпалдар өндірісі іске қосылды;
• мемлекеттік-жекелік әріптестік жолға қойылды;
• энергоүнемдегіш жарық диодты шамдар өндірісі ашылды;
• санитарлық-техникалық  бұйымдар зауыты жұмысын бастады;
• панельді радиаторлар нарыққа шығарылды;
• Қарағанды және Теміртау қалаларының политехникалық колледждер базасында оңтүстіккореялық AhA компаниясымен біріге отырып, соңғы үлгідегі инновациялық оқыту жабдықтары шығарыла бастады;
• кеңірдектелген құбырлар алынды;
• метаннан қуат өндірілді.


Туризмге бастау болар табиғат пен тарих бар

• Туған өлке – тұғырым                                                                                                               
Қарағанды аймағына Тәңірдің өзі қос-қостап бере салған туризмге тұма бұлақ болар мекен аз емес. Қарағанды облысы Сарыарқаның тарихи-географиялық аймағының негізгі бөлігін алып жатыр. Облыста «Қазақстанның Швейцариясы» атанған әсем Қарқаралы таулары, Балқаш көлі, көшпенділер мәдениетінің орталығы болған Ұлытау, Алаша хан мен Жошы ханның кесенелері, атақты Қоянды жәрмеңкесі және Ұлы Жібек жолы, Кент, Бақты, Қызыларай, Ұлытау таулары мен Нұра, Сарысу және басқа да көлдер орналасқан. Отандық һәм шетелдік туристер топырлап келмесе де, бағаласа бақ болатын табиғаттың тартуы баршылық.

Абай ОМАРОВ (коллаж)

«Атыңнан айналайын, Қарқаралы!..»
Қазақтың кереқарыс маңдайлы арыс­та­рының табаны тиген қасиетті Қарқара­лыны былайғы жұрт екінші Швейцарияға балайды. Неге екінші Швейцария?  Мүм­кін, Швейцария екінші Қарқаралы шы­ғар?!. Кім білген?! Не десек те, табиғатымен де, тарихымен де тамсандырған бұл топы­рақ­тың киесі бар. Өйткені Алаш арыстары де­сек – ең әуелі ойымызға Қарқаралы түседі. Құнанбай қажы мешіті десек – Қар­қаралы санамызда жарқ етеді. Қоянды жәр­меңкесі десек – тағы Қарқаралы. Мәди, Қаз дауыс­т­ы Қазыбек десе – Қар­қаралы. Абай, Шо­қан десек те – Қарқа­ралы. Қасым десе – Қар­қаралы. Орталық Қазақстандағы тури­зм туралы сөз қозғасақ та, аузымызға Қар­қа­ралы түседі. Атыңнан айналайын, Қар­қаралы!
Жасаған тарту еткен өлкеде ұлттық та­биғат саябағы бар.  Ұлттың айдарлы ұлда­рын әкелген топырақтың ұлтарақтай жерін көздің қарашығындай сақтау үшін Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғат саябағы мемлекеттің қорғауына алынғалы біраз жыл. Қазақстан Республикасы Үкі­метінің қаулысына сәйкес ұйымдастырыл­ған. Мақсаты – Қарқаралы және Кент кешендеріндегі өте сирек кездесетін және экологиялық, тарихи, ғылыми, әсемдік жағынан ерекше құнды тау сілемдері мен ор­ман алқабын сақтау және қалпына келтіру.
Ұлттық парктің жалпы көлемі – 90,3 мың га. Тау баурайлары шатқал-шатқал болып тілініп кеткендіктен, одан бұлақтар мен өзендер ағып жатады. Олардың ең бастылары: Каркаралинка, Керала, Кеңда­ла, Аяноға және Қарасу. Бұлардың барлы­ғы да даладағы тұзды өзендер қоймасына жатады. Қарқаралының көгалды табиғаты­на ерекше сұлулық беретін Шайтанкөл, Бассейн, Пашенный және Үлкен көл сияқ­ты бірнеше көл бар. Сол сияқты тауларда жауын суы жиналған шағын-шағын бірне­ше суат кездеседі. Қарқаралы жерінде сүтқоректілердің 40-қа тарта түрі бар. Олар, негізінен, бедерсіз бір түсті: бұлан, елік, тиін, борсық, суыр, сілеусін, қасқыр, түлкі, қоян сияқты т.б. аңдар. Сирек кез­десе­тін жануар – арқар «Қызыл кітапқа» енгізілген. Құстардың 114 түрі бар. Олар, негізінен, құр, тоқылдақ, құзғын, сол сияқ­ты бүркіт, қарабайқұс, сұңқар, үкі сияқты сирек кездесетін құстар да – «Қызыл кітап­тың» тізімінде. Сирек кездесетін өсімдіктер түрі – 66, негізінен, орман тұқымдас: қара­ғай, қайың, көктерек, тал, арша және т.б. ағаш­ты-бұта тектес түрлері өседі. Ал Қар­қа­ралы бөріқарақаты (барбарис), мүк сияқты өсім­діктің түрлері де «Қызыл кітап­қа» енгізіл­ген.
Қарқаралы – Қарағанды облысының ең көне қалаларының бірі. Қаланың іргетасы 1824 жылы қаланған. Қала теңіз деңгейінен 815 м биікте орналасқан. Қар­қаралыда белгілі саясаткерлер, әдебиет және  өнер қайраткерлері, ағартушылар, ғалымдар мен саяхатшылар болған. Көпес Андрей Рязанцевтің үйінде осыдан 100 жыл бұрын атақты ғалым Г.Потанин тоқтаған. Қарқаралы тарихы қазақтың ұлы ағартушы ақыны Абай Құнанбаевтың  атымен де тығыз байланысты. Оның әкесі Қарқаралы округінің аға сұлтаны Құнанбай қажы мешіт салдырған. Қазіргі кезде Абай тұрған үй қалпына келтіріліп, тарихи және мәдени ескерткіш болып қалды.
Қарқаралыда оннан астам демалыс үйі мен зоналары жұмыс жасайды. Жыл сайын  бұл жерде Орталық Қазақстан туристерінің күзгі слеті өткізіледі. 2007 жылы осы қалада Мәди Бәпиұлына ескерткіш ашыл­ды. Қарқаралы  ауданында қазіргі кезде бір туристік фирма, жеті демалыс үйі, сонымен қатар сегізден астам сауықтыру лагері бар. Мемлекеттік Ұлттық таби­ғи парк базасында алты туристік экскурсиялық маршрут жұмыс істейді.


«Тасы да Жезқазғанның  тіл қатады»
Қазақ жерінің тағы киелі топырағының бірі – Жезқазған. Аумағында 1500-ден астам тарихи және мәдени ескерткіш бар. Сонымен қатар Жезқазған өңірінде қала­лық тарихи-археологиялық мұражай, кен және балқыту ісінің тарихи мұражайы,  Жезқазған кен байлығын ашқан, Қа­зақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың мемо­риал­дық мұражай-үйі бар.


«Ұлытау – ұлт бесігі»
Үш жүздің басын қосқан Ұлытау – қазақ халқының тарихи орталығы.  Дала өркениетінің көне мәдениетінің  кіндігі. Мұнда қазақ аса қас­тер­лейтін тарихи тұлғалардың кесенелері бар. Ұлытауға барған ел ол кесенелерге тәу етпей кетпейді. Кие мен қасиетті қадірлейтін қазақ үшін  – Таңбалы тас та сонда.


Алаша хан кесенесі – XII-XIII ғасырларда ха­лық шеберлерінің қолымен салынған Қа­зақс­тандағы бірден-бір ерекше архитектура­лық мазар. Ол Қаракеңгір өзенінің оң жақ аңғарын­да, Малшыбай кешенінен 2 шақырым жерде салынған. Мазар – төрт бұрышты етіп қызыл кірпіштен қаланған күмбез. Сырт көрі­нісі кірпіш­тен әртүрлі кескінмен өрнектелген. Өрнектің түрлері әсіресе кіреберіс бетінде шығыс кілемнің суретімен безендірілген.
Домбауыл кесенесі Жезқазғанның солтүс­тігіне қарай 50 шақырым жерде, Қаракеңгір өзенінің сол жақ жағалауына салынған. Іргесі төртбұрышты, төбесі шошақ бұл ғимарат текше тастардан қаланған. Аймағы оңтүстіктен сол­түстікке қарай – 8,9 метр, батыстан шығысқа қарай 7,9 метрге созылса, биіктігі – 5,5 метр.
Басқамыр қалашығы – Жезқазғанның солтүстік-батысына қарай 83 шақырым жерде Жезді өзенінің сол жағында. Қаланың орны Талдысай өзенінің Жезді өзеніне құятын жердегі шағын жазықта төбешік болып қалған. Төбешік­тің жанындағы алаңда екі мазардан тұратын Басқамыр моласы бар. Мазарлар тәрізі ортаға­сырда салынуы мүмкін деген де болжам бар.
Ауданда  «Болатсай» демалыс зонасы, «Қа­зақмыс» корпорациясының демалыс зонасы бар. 2011 жылы  «Ұлытау-ел» туристік кешенінің құрылысы жобасы Қарағанды облысының Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының 2012-2017 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына енгізілді. Жобаны іске асыру 2013 жылы басталады.


Арқаның алқасы – Балқаш көлі
Балқаш көлін  халық арасында «Көктеңіз» деп атаған. Көл жаға­лауын­да емдеу-сауықтыру орын­дары мен демалыс үйлерінің жүйе­лері ор­наласқан. Демалушылар үшін қа­ла шетінде үш жағажай жұмыс істейді. Балқашта туристік орта­лық­тар саны жыл өткен сайын көбеюде. Өңірдің негізгі туристік ресурстарын Бал­қаш көлі, Бек­тауата тау шатқа­лы, Қызыларай қо­ры­ғы, Ақсораң шыңы құрайды. Өңір­де демалыс­тың танымал түрі­не жағажай ту­ризмі, сонымен қа­тар Ақтоғай ауда­нын­дағы эколо­гия­лық туризм жатады.


Сарыарқада Сақтардың ізі қалған
Сарыарқаның салқар  төсінде түтін түтеткен Арқа жұртының мекен еткен аймағы еліміздің басқа өңірлерімен салыстырғанда әлдеқайда ауқымды. Жаңылмасақ, Қарағанды облысының аумағына өзге түгіл, дамудың даңғыл көшінде жүрген Бельгия секілді еліңіздің бақандай бесеуі бірдей сыйып кетеді екен. Сөйткен аймақта не жоқ дейсіз. Менделев қарияның кестесіндегі химиялық элементтің көпшілігі де осы өңірдің топырағында тыншып жатыр. Табиғаты көркем. Тарихы тылсым.


Қарағанды аймағынан бұрнағы жыл­дары екі бірдей Алтын адам табылғанда бұл топырақтың қадірін одан әрі асыра түскен-ді. Орталық Қазақстандағы шоқ­тығы биік аймақ, тарихи құпиялы, қас­тер­лі Қарқаралы өңірі бауырында дамыл тапқан  екі бірдей Алтын адамды Алашқа бере салды. Баға жетпес тарихи құнды жәдігерлер  дауылпаз ақын Қасым Аман­жоловтың кіндік қаны тамған және оның есімі берілген елді мекендегі археологтер  шартты түрде «Талды-2» атап жүрген  қорымдағы жеті сақ патшасы қорғанының бірінен қазба жұмыстары кезінде табыл­ған-ды. Экспедиция жетекшісі, Ә.Мар­ғұлан атындағы Археология инсти­туты директорының орынбасары, тарих ғылы­мының кандидаты Арман Бейсенов Арқа жерінен қазылып алынған екінші Алтын адам өз дәуірінде сақ ұлыстарын билеген патша, көш бастаған көсем, ел қорғаны болуы мүмкін деген болжамды айтқан еді сонда. Тұма тарихтың қойнауы болған «Талды-2» қорымы Қарқаралы қаласы­нан – 44 шақырым, Қасым Аман­жолов аулынан батысқа қарай 1,4 шақы­рымдай қашық­тықта орналасқан. Маман­дардың айтуын­ша, сақ дәуірінен қалған жеті қо­рым­ның бесеуі үздіксіз тоналған. Арқа­дан табылған алғашқы Алтын адам­ның 130-дан астам алтын бұйымы анықталға­ны және мәлім. Сөйтіп, Арқада Алтын адам­ның Дала пирамидасы әйгілі болды. Бұл – Алты Алаш­тан сүйінші сұра­ған, Алаш­тың бала­сы бөркін аспанға ат­қан архео­ло­­гиялық қазбаның ішіндегі ең сүбелісі.
Ал күні кеше ғана археологтер Қара­ғандыдан 250 шақырым жерден  тағы бір сақ ханшайымының алтын әшекей­лерін тапты. Алтын зергер-бұйымдарға жат қол тимеген. 10 жасар сақ ханшайы­мы Арқа­ның төскейінде жер бесікке бөленіпті. Қорым б.д.д. VI-VII ғасырларға тиесілі.
Ә.Марғұлан атындағы Археология институты директорының орынбасары Арман Бейсенов бұл бұйымдардың пат­ша қауымына тән  екенін және соған қара­ған­да бұл қорымда билік еткен би­леу­шілер қызының жатқандығын айтады. Ғалым мұның ханшайым екеніне бек сенімді. Қолда бар деректерге сүйене отырып, Ор­талық Қазақстанда әшекей бұйымдардың өндірісі 3 мың жыл бұрын жолға қойылған деген байлам жасауға ғалымдарда толық негіз бар.
«Орталық Қазақстандағы сақ мәде­ниеті» бағдарламасы аясында Қарқаралы ауданында 70-ке жуық қорым мемлекет қорғауына алынған.


Сандарды сөйлетсек....
Қарағанды облысы жалпы өңірлік өні­м­нің үлес салмағы бойынша респуб­ликадағы жалпы ішкі өнім 8,7%-ы  болып отыр. Бұл бағытта  Қарағанды облысы Алматы қаласынан  және Атырау облысы­нан кейін  3-орынды алады.
Қарағанды облысы елдің өндірісі да­мы­ған өңір екені аян. Соған орай, жалпы өңір­лік өнімнің өнеркәсіптегі үлесі – 49,4%.  Ал соның ішінде құрылыстың үлес салмағы – 3,7%-ды, ауыл және ба­лық ша­р­уашы­лығы  2,7%- ды құрайды. Қызмет көрсету саласына облыстың жал­пы өңірлік өнімінің  37,6%-ы, өнімдерге салынатын таза са­лық­тарға (тиісті субси­дияларды шегер­гендегі салықтар) – 6,6%-ы тиесілі.
Облыстағы өнеркәсіпке тиесілі жалпы өңірлік өнімнің республика өнеркәсі­біндегі жалпы өңірлік өніміндегі үлесі – 13,6%.  Бұл – Атырау облысынан кейінгі екінші орын (24,0%). Облыстың ауыл шаруашылығының үлесі республи­кадағы көлемнен – 4,7%-ды, құрылыс 4,9%-ды құрайды. Жан басына шаққандағы жал­пы өңірлік өнім бойынша облыс респуб­ликада 8-орында тұр.
Әл-ауқаты әлді Қарағанды
Ұлу жылының өткен тоғыз айындағы  Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы негі­зінде Қарағанды облысы алдыңғы орын­дардан көрінді.
Айталық, бөлшек тауар айналым кө­ле­мі бойынша Қарағанды облысы рес­публикада Алматы қаласынан кейін 2-орын алады. Көтерме сауда көлемі не­гі­зінде облыс республикада Алматы және Астана қалаларынан кейін 3-орын­да.
Ағымдағы жылдың басынан бері облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 858,8 млрд теңгеге өнім өндірді, бұл жалпы республикалық көлемнің 8,0%-ын құрайды. Өндірілген өнеркәсіп өнімі көлемі бойынша Қарағанды облысына республикада Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарынан кейінгі 4-орын тиесілі.
Ауыл шаруашылығы өнімін (қызмет) жалпы шығару 2012 жылғы қаңтар-та­мыз­да 52037,3 млн теңгені құрады, оның ішінде мал шаруашылығы – 43760,4 млн теңге, өсімдік шаруашылығы – 8193,3 млн теңге, қызмет – 83,6 млн теңге. Республика бойынша мал шаруа­шылығы өнімін өндірудің жалпы көлемін­де облыстың үлес салмағы ет бойынша 7,3%-ды құрады, сиыр сүті – 7,2%, тауық жұмыртқасы – 12,1%.
Тіркелген кәсіпорындар мен ұйымдар саны бойынша Қарағанды облысы рес­публикада 4-орынды алады. Статисти­калық бизнес-тіркелімде осы жылдың 1 қыркүйегіне 21 935 шаруашылық етуші субъект бар.
Көліктің барлық түрімен жүк тасы­мал­дау көлемі бойынша Қарағанды облы­сы республикада 1-орында тұр. 2012 жылғы қаңтар-тамызда жүк тасы­мал­дау көлемі 383,3 млн тоннаны құра­ды, бұл 2011 жылғы қаңтар-тамызға қара­ғанда 23,5%-ға көп. Республикалық көлемде жүк тасымалдаудың үлес салмағы 22,4%-ды құрады.
2012 жылғы 1 тамызындағы мәлімет бойынша Қарағанды облысы халқының саны 1361,0 мың адам. Бұл 2012 жыл­дың басымен салыстырғанда 3,0 мың адамға көп. Қарағанды облы­сының хал­қы Қазақстан Республикасы халқының 8,1%-ын құрайды.

Қызғалдақ Айтжанова, k.askarova@mail.ru, 8 701 490 19 76

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста