Қостанайдың астығы әлемнің 30 еліне сатылады
Қостанай облысы – әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму жағынан айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген өңірлердің бірі. 1993 жылмен салыстырғанда, 2011 жылғы аймақтың жалпы өнім көзі 226 есеге артып, жан басына шаққанда 975,4 мың теңгені құраған. 1993 жылға қарағанда өткен жылы өңірдегі өндірістердің өнім көлемі 300 есеге көбейіп, 451 млрд теңгеге дейін жеткен.
Аймақтағы ұн өндіру көлемі – 6 есе, бағалы металл өндіру – 3,9, боксит өндіру – 1,7, электр энергиясын өндіру көлемі 2,4 есеге артқан. Индустриялық-инновациялық даму стратегиясы бойынша аймақта құны 83,3 млрд теңгенің 95 инвестициялық жобасы іске қосылып, жаңадан 5 мыңнан астам жұмыс орны ашылса, оның 65,1 млрд теңге көлеміндегі негізгі 17 инвестициялық жобасы 2,5 мың адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр.
Тобыл өңірінде республикалық «Индустрияландыру картасы» бағдарламасы бойынша құны 24 млрд теңгелік 25 жобаның іске қосылуы жоспарланып отыр.
Астық молшылығын жасап отырған облыс сыртқа астық пен ұн сатуда республикада алдыңғы қатарда. 2003 -2011 жылдары Қостанайдың 13,3 миллион тонна алтын астығы мен 3,3 миллион тонна жоғары сапалы ұны экспортталды. Қазір Қостанайдың астығы мен ұнын әлем бойынша 30 ел сатып алады. Еліміздегі сыртқа шығарылатын астықтың шамамен 30 пайыздан астамы Қостанай облысы аумағында жиналады.
Темірден тау көтермек...
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қарқын алған Қостанайдағы Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты – еліміздегі темір кенін игеруде алдына қара салмай келе жатқан іргелі кәсіпорын. Отандық өндірістің өркен жайып, кемерінен асуы – келешектің де кемелденгендігінің айқын көрінісі. Өйткені қазіргі таңда тұтас еліміз бойынша қарыштап қадам жасай бастаған индустриялық-инновациялық жобалар Қазақстанның басты өзекті мәселелерінің біріне айналғанын айғақтап отыр...
Өткен ғасырдың ортасында қазақ жерінде басталған бұл алып жоба Кеңестер Одағы тұсында алып державаның темір өндірісіндегі маңдайалды ошағы болғанымен, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жұмысын тоқтатқан еді. Дегенмен еліміз етек-жеңін жиып, ертеңімізге нақты да батыл қадам басқалы бұл кәсіпорын да елдің индустриясын өрге сүйрейтін іргелі орынға айналды.
Бүгінде аталмыш кен орнының Соколов-Сарыбай, Качар, Қоржынкөл және Соколов кеніші сияқты бес карьерінен құрамында шамамен 34 пайыз темірі бар 35 миллион тоннадан астам кен алынады. Кеңес Үкіметі тұсында Ресейдің Магнитогорск қаласына жөнелтіліп келген шикізат енді Қытайға жөнелтіледі. Сөйтіп, темір кенінің арқасында Қостанай облысының Қытаймен ортақ сауда айналымы бір жарым пайызға асуға өз септігін тигізуде.
Қазір Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі ENRС компаниясының инвестициялық жобалары арқылы болашақта ірі пилоттық жобаны жүзеге асырмақ болып отыр. Қуаттылығы жылына 7 миллион тоннадан артық кенді игеруге қауқары бар зауыт 2014 жылы пайдалануға берілмек. Бұл дегеніңіз – өзгеге жалынбастан өз зауытымызда кенді игеріп, отандық ауыр өнеркәсіптің оңалуына оң ықпал жасалады деген сөз. Жуық арада ENRС компаниясы 920 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы салуға ниет білдіріп отыр.
Өндіріс орнында қазіргі таңда 18 мыңнан астам адам еңбек етуде.
Қостанай облысы 1936 жылы құрылған. Облыс республиканың Ақтөбе, Қарағанды, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарымен, сондай-ақ Ресейдің Орынбор,Челябі, Қорған облыстарымен шектеседі. Тобыл өзені жағасында орналасқан.
Әулиекөл – Марал баба туған жер
Тарихтың тұңғиық сырларын үнсіз іштей бүгіп жатқан қайран далам-ай десеңші... Небір зұлмат оқиғалар мен әулиелер, атақтыларды тудырған дархан даланың бүгінгі күні көпшілікке белгісіз жайлары әлі де болса жетіп-артылады. Соның бірі әрі бірегейі Қостанай облысындағы Әулиекөл жайлы атап өтпеске болмас...
Бұл елдің шежіресінен сыр ақтарсаңыз, біраз даулы жайлардың куәсі болатыныңыз анық. Себебі әр шежірешінің айтқан уәждері мен келтірген дәлелдері әрқалай. Дегенмен соның ішінде шындыққа неғұрлым жанасатын әулиелі жерлер жайлы біршама тың дерек қорлары бар екені мәлім.
Әулиекөлдің есімі бірталай тарихшылардың пікірінше, Марал баба есімімен тығыз байланысты. Себебі күні бүгінге дейін қостанайлықтардың көпшілігі Марал баба рухына тағзым қылып, қабір басына барып құран бағыштайтын көрінеді. Тіпті Марал бабаның аруағы разы болсын деген тілекпен құрбандыққа мал шалып, зиярат етуі де осы азаматтың тарихи аймақтағы орнының айрықша екенін көрсетсе керек. Марал ишан туралы Қостанай өңірінде айтылатын аңыз әңгімелер де өте көп. Осы өңірде ғазауат соғысын жариялаған Марал баба есімін халық есінде сақтау үшін Әулиекөлдегі жеті көлдің бірін Әулиекөл деп атап кеткен. Бұл туралы осы азаматтың мерейтойы қарсаңында арнайы жарық көрген «Сыр еліндегі діни-ағартушылық ой-сана» деп аталатын ғылыми жинақтарында да анық дәлелдер келтіріледі.
Марал ишан Құрманұлы – қазіргі Қостанай облысының аумағында туып-өскен, керей руынан шыққан ғұлама, діндар ғалым. Бұхараға барып, діни сауатын жалғастырған. Ислам дінін уағыздаған, халық арасында ерекше беделге ие болған адам. Оның Қостанай облысына қарасты Әулиекөл өңірінде Ханжатқан деген жерде Кенесары қозғалысын жақтап, орыс отаршылдарына қарсы ғазауат жариялағаны тарихи құжаттарда да кездеседі.
Өмірінің көп бөлігін Сыр елінде өткізген азаматтың Қостанайда қыр түлегі болғанын Қызылорда қаласында жасалған күнтізбе де анық айғақтап береді. Онда Марал баба есімін иеленген Қостанайдағы Ақмешіт, Қамысты ауданындағы кезінде кәсіпкер Ибраш Естаев салдырған Бестау мешіті және Әулиекөлдегі Марал бабаның немересі Әмит ишан (Абдулхамит) атындағы мешіттердің суреттері де бар екен.
Алып жұдырық иесі Қостанайда туған
Лондон Олимпиадасы ойындарында қоржынымызды қола медалімен толықтырған Иван Дычконың жеңісі жерлестерінің де қуаныштарын еселей түсті десек, артық айтқандық емес. Қарсыластарын бірінен соң бірін ауыр соққыларымен есеңгіретіп тастаған қостанайлық жігіттің ерлігі төбемізді көкке екі-ақ елі жеткізбей тастады. Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбековтен кейін қазақ боксында аса ауыр салмақта жоғары класты спортшы бой көрсетпегені белгілі. Сондықтан да бұл қоланың құны да жоғары болуы тиіс. Лондонда тегеуріні мықты Дычконың дүбірлі додада талай елдің мықтыларын төпелей соғып, жүлдені жұлып алғандығы көрермендерін қуанышқа бөледі.
Облыста 100-ден астам ұлттар мен диаспора өкілдері тұрады. 2012 ж 1 қаңтар бойынша облыс тұрғындарының саны 892.4 мың адамды құраған, олардың 34,9% -ын қазақтар құраса, 41,2%-ы – орыстар, 11,9%-ы – украиндар, 3,8%-ы – немістер және 8,2%-ын басқа ұлт өкілдері құраған.
Қазақтың тұлпары – адамзат мақтанышы
Жылқыны ер қанаты деген қазақтың бабалардан бастап басты серігі болғаны тарих қойнауында сайрап жатыр. Ішсе қымыз, мінсе көлік болған жылқының орны алаштықтар үшін қашанда бөлек. Алпамыстың Байшұбарын, Төстіктің Шалқұйрығын, Тарғын батырдың Тарланын, Ақан серінің Құлагерін жаратқан қазақтың киелі топырағы тұлпардың тұяғынан кенде болмағаны тарихтың сарғайған парақтарында сайрап жатыр...
Алайда жыл өткен сайын қазақтың аттары тек қой бағып жүрген қойшылардың мәстегіне не болмаса қыстық соғымға айнала бастауы көңілді құлазытып кететіні бар. Бәйгенің алдын бермес тұлпарларымыздың тұқымы құрып, қазақ жылқысының қасиетінен ажырай бастауы бапкерлердің де бас ауруына айналғалы қашан. Дегенмен жылқы зауытының отаны атанған Қостанайдағы «Қазақ тұлпары» зауыты еліміздегі ең бірегей жылқы тұқымын шығарушы болып отырғаны мәлім.
Тарих беттерін парақтасақ, 1888 жылы құрылған бұл зауыт сонау ғасырлар қойнауынан қазақтың бабалардан мұра болып қалған жылқының текті тұқымын сақтап қалуымен ерекшеленеді. Ал 2000 жылдың 10 қаңтарында аталмыш зауытқа Елбасы арнайы ат басын бұрып, зауытқа «Қазақ тұлпары» деген ат қойғаны да бұл коммуналдық кәсіпорынның еліміз үшін аса маңызы жоғары екенін көрсетті. Сөйтіп, «Қазақ тұлпары» болып тарих сахнасына енген бұл жаңалық жақсылықтың жаршысы болып, қалың қазақтың ауыз толтырып айтар жетістіктерінің біріне айналды.
Бүгінде аталмыш зауыт спорттық жылқы шаруашылығы бойынша республикалық селекциялық-генетологиялық бірден-бір орталық болып саналады. Зауыттың негізгі міндеті – қостанай тұқымын сақтап, селекциялық жұмыстар жүргізу. Алғаш рет 1951 жылы мұнда қостанай жылқысы тұқымы шығарылды. Бүгінде аталмыш жылқы зауытында үш бірдей жылқы тұқымы сұрыпталып, таза қанды қазақ жылқыларының тұқымын шығару қолға алынып отыр.
Атап айтқанда, жүкке арналған белді аттар, мініске арналған аттар және шашасына шаң жұқпайтын бәйге аттары арнайы баптап, барлық жағдайды жасаудың арқасында көпшіліктің сұранысын қанағаттандырып отыр. Қазір кім де болсын қостанай жылқыларының бәйгенің алдын бермес нағыз тұлпар екендігіне көздері анық жетті.
Бүгінде зауыт қожалығы жаңадан зауыт ашуды да жоспарға алып отыр. Сондай-ақ зертханалық жұмыстарға да ерекше мән беріліп, отандық ғалымдар таза қанды араб және батыс еуропалық мініс жылқыларын будандастыру арқылы жаңа тұқым шығару жұмыстарын да қолға алып отыр. Бұл дегеніңіз – болашақта қазақтың қазанаты да шығып қалатыны анық.
Нәбидолла КИКЕБАЕВ, «Қазақ тұлпары» зауытының директоры:
– Қазақтың тұлпарының тұяғын сақтап қалу оңайға соққан жоқ. Өйткені бүгінгі нарық заманында қаржыны табу да қиынның қиыны екені рас. Соған қарамастан, бүгінде басқа араб, ағылшын және парсы жылқыларына төтеп бере алатын нағыз таза қанды жылқы тұқымын шығарып жатырмыз.
Расында да, зауыт тарихына көз жүгіртсек, жеткен жетістіктері тарих парақтарында алтын әріптермен айшықталып үлгеріпті. Мәселен, 2002-2008 жылдары шетелдік таза қанды мініс жылқыларымен жарысқа түскен зауыт жылқылары 294 жүлделі орынды қанжығаға байлап, 13056,0 мың теңге таза табыс әкелген екен. Алғаш құрылған кезде шаруашылықта жылқы саны 226 бас болса, бүгінде таза қанды қостанай жылқысының саны 311 басқа жеткізілген.
Қостанайда темір тұлпар да шығарылады
Еліміздің көлік индустриясын дамытуда жаңа кезең басталды. Олай дейтініміз – қостанайлықтар биылғы жылы өнеркәсіп өндірісінде үлкен серпіліс жасаған еліміздегі бірден-бір өңірге айналып отыр. Елбасы Н. Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында да «Елдің болашағы экономикадағы келешегі зор салалардың дамуымен байланысты» деп отандық индустрияның тамырына қан жүгіру қажеттігін, индустриялық-инновациялық жобалар экономиканы жаңғыртудың басты бағдары болып қала беретінін Президент тағы бір мәрте қадап айтты...
Жолдау барысында шенеуніктердің шетелдік көліктерде шіреніп отыратынын өткір сын садағына алған Елбасының пәрменінен кейін бірқатар министрлік пен облыс әкімдіктері отандық көлікті мінгенді жөн санағанға ұқсайды.
Яғни Қостанайдағы аталмыш кәсіпорын «Қазақстанда жасалған» автокөліктері арқылы шенеуніктердің отанына айналғалы отыр.
Қазір «ҚазАгромашхолдинг» бірқатар жаңа автокөліктің тұсауын кесіп те үлгерді. Атап айтқанда, жаңа кәсіпорын елімізбен қатар, шетел сарапшыларының өздерін таңдай қақтырды. Бір-екі жыл ішінде тұтастай машина жасау ісінде зор табыстарға қол жеткізген «Агромашхолдинг» компаниясы бүгінде ортақ байланыста бірнеше мемлекетпен тығыз қарым-қатынас жүргізіп келеді.
Дәл қазір отандық «Көлік детройты» атанған кәсіпорынның алдына қойған негізгі мақсаты да өз жерімізде отандық кәсіпкерліктің тамыр жаюына жағдай жасап, қазақ автосының сыннан сүрінбей, ертеңгі болашақта қазақ автокөлігінің берік іргетасын қалау болып отыр.
Бүгінде Ssang Yong, Iveco сияқты маркаларды бастап шығарған отандық көліктерге сұраныстың да артып келе жатқаны соншалық – зауыттың өнім шығару көлемі күн санап артып келеді. Бұлай дейтініміз – зауыт басшыларының сөзіне сүйенсек, 2012-2017 жылдар аралығында 10 мыңнан астам автокөлік шығаруды жоспарға алып отыр. Отандық көлік бағасы – 9-12 мың доллар аралығында. Жоғары технологияда жасалу үшін қондырғылар орнату жұмыстары да жолға қойылып келеді.
Сергей МОГИЛАТОВ, «Агромашхолдинг» АҚ Қостанай филиалының директоры:
– Дәл қазір біздің шығарған өнімге сұраныс өте жылдам қарқынмен өсіп келеді. Өйткені өзімізден шыққандықтан, көліктің бағасы да қолжетімді болатыны сөзсіз. Әрі бұл жергілікті азаматтардың патриоттығын да көрсетсе керек. Дегенмен биыл біздің мекеме мыңға жуық көлікті тендер арқылы сатуды жоспарлап отыр.
Қостанайдың қырандары
Ыбырай Алтынсарин – Қазақтан шыққан тұңғыш ағартушы. Алғашқы қазақ мектебін ашқан ардақты азаматтың есімі Алаш тарихына алтын әріптермен жазылған десек, артық айтпаймыз. Тікелей өзінің араласуымен халықтан жинаған қаржыға мектеп үйін және интернат салып, 1864 жылы 8 қаңтарда мектептің жаңа ғимаратын салтанатты түрде ашты.
Әбдіғапар Жанбосынұлы 1870 жылы бұрынғы Торғай облысы Торғай уезінің Қараторғай болысында туған. Оның әкесі Жанбосын – Нияз бидің шөпшегі, қатарынан бірнеше сайлау бойы болыс болған, сауатты адам. Шешесі Алуа – Ахмет Байтұрсыновтың әкесінің ағасы Ақтас байдың қызы (1840-1934). Олар әу баста шаңырақ көтерген жер қазір «Алуа» ауылы деп аталады.
Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылдың 5 қыркүйегінде қазіргі Қостанай облысы Жангелді ауданы, Сарытүбек ауылында дүниеге келген. Алғашқы қазақ әліппесінің авторы атанған жазушының қазақ халқының болашағы үшін жасаған еңбегі ұшан-теңіз. Ахмет Байтұрсыновтың «Маса» жинағында қазақтың сол бір тар жол тайғақ кешудегі өткен өмірі туралы айтылады.
Төлен Әбдіков – атақты жазушы. Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қызметкері (2002). Т.Әбдіковтің «Райхан» атты алғашқы әңгімесі мен «Таңғы шық» 1964 жылы Қазақстан жастар әңгімелер жинағында басылып шықты. Одан кейін «Эллада ерлері» аудармалары басылып шықты. 2002 жылы «Парасат майданы» повесі жарық көрді. Осы шығарма ПЕН-клуб жүлдесіне ие болып, автор Франц Кавки атындағы халықаралық медальмен марапатталды.
Бетті дайындаған: Абзал Алпысбайұлы, е-mail: abzal-8@mail.ru, ұялы телефоны: 8 775 334 33 71