Алаш АЙМАҚ

Оңтүстік – тіршіліктін бастауы
Адамзат баласының тарихы аңыздардан бастау алады. Ал аңыздың түбінде бір шындық бары анық. Сол аңызға сенсек, жер бетіндегі тіршілік қасиетті Қазығұрт тауынан басталады. Жер бетін топан су алғанда әр тіршілік иесінің бір-бір жұбын салып алған Нұһ пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауында аялдаған. Бұл кезең наурыздың 22-сіне, яғни жаңа жыл – Наурыз мейрамына дөп келеді. Сол себепті жаңа жыл да Қазығұрттан басталады.
Адамзат тарихынан қазақ тарихына қарай ойыссақ, тағы да оңтүстікке тоқта­луы­­мызға тура келеді. Қазақтың алғашқы хан­дары Керей мен Жәнібектің Әбіл­қайырдан бөлініп, Шу бойы мен Қозыбасы деген жерде Қазақ хандығының алғашқы іргесін қалап, Созақ жерінде ту тіккені тарихтан белгілі. Қазақ хандығының қа­лып­тасып, нығайып, ел болуына тірек болған шаһарлардың ішінде осы Созақтың орны ерекше болғаны жайлы да дерек-дәйек көп. Қазіргі аудан орталығы – Шолаққорғандағы алғашқы хандардың құрметіне қойылған Қазақ хандығы ес­керт­­кіші жастар мен болашағымызға ұлт­тық рух сыйлап, тарихымызға құрмет­пен қарауға баулиды. Атақты ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан: «Қаратаудың солтүстік бөктерінде, Созақ поселкесінің жанында сол аттас қамал қала бар, ол қазақ жерін бі­рік­тірудің бас­тап­қы кезеңінде қазақ хан­ды­ғының тірегі бол­ған. Созақ әр­да­йым да­­лалық аудан­дар­да билік жүргізу үшін де, сонымен бірге Түркістандағы қалалар үшін де Қазақ хандығының сыртқы жау­мен күресіндегі басты таянышы, стра­тегиялық тұғыры болды», – деп жа­за­ды. Одан кейін де қаншама жыл Қазақ хан­дығының астанасы болған, түр­кітілдес мемлекеттер үшін рухани астана сана­латын, екінші Мекке атанған Түркістан – қазақтың маң­дайына біткен хандар мен батырлардың мәңгілік мекеніне ай­налған қасиетті қала. Ұлы Жібек жо­лының бойына орналасқан, еліміздегі ең көне шаһар саналатын сансыз бабтар мекені Сайрам да –  облы­сымыздағы қас­­тер тұтатын оры­н­дардың бірі. Жоң­ғар­­лар­дың жой­қын шап­қыншылы­ғына тап болғанда ойлы кеңестің орда­сына ай­­налған Ор­дабасы тауы да – осында.

1932 жылы 10 наурызда құрылған Оңтүстік Қазақстан облысы Тянь-Шань тауының батыс сілемдері мен Тұран ойпатының шығысын ала 117,3 мың шаршы шақырым аумаққа ор­­на­ласқан. Оның солтүстік бөлігін –  Бет­пақ­дала шөлі, оңтүстік қиыр шетін Мырзашөлдің қуаң даласы алып жатыр. Шығыс жағында – Жамбыл, солтүстігінде – Қарағанды, баты­сында – Қызылорда, оңтүстігінде Өзбекстан Республикасымен шектеседі.

Ресми мәлімет бойынша, 2012 жылдың 1 маусымында облыс халқының саны 2 млн 647 мың адамды құраған. Халқының негізгі бөлігі (69 пайызы) – жергілікті ұлт өкілдері.


Жылыжайлардың 70 пайызы – оңтүстікте
Республикадағы жылыжайлардың 70 пайызы Оңтүстік Қазақстан облы­сы­ның аумағында орналасқан. Осы­дан төрт жыл алдын облыстағы жы­лы­жайлардың жалпы көлемі 56 гек­­тарды құрап, онда өндірілген қыза­нақ пен қияр 7 мың тоннаға жет­кен екен. Оны облыстағы әрбір тұр­ғынға шаққанда 2,8 келіден тиген. Мем­лекет тара­пы­нан қолдау жақ­сарғалы бері жылыжай шаруа­шы­лығы қа­рыштап дами бас­та­ды.


Соңғы уақыттағы жағдай бо­йынша облыстағы жылыжайлардың кө­лемі  400 гектарға жуықтап отыр. Одан түсетін өнім 45 мың тоннаны құрайды. Бұл – осыдан төрт жылғы көрсеткіштен 6,4 есеге көп деген сөз. Мамандардың айтуынша, ашық жерде бір гектардан 30 тонна өнім алынса, жылыжайда оның көлемін 300 тоннаға дейін жет­кі­зуге мүмкіндік бар.


Мақта – ұлт байлығы
Тасын түртсең, тарих болып сөйлейтін оңтүстік шыбық шаншысаң, шынар болып өсетін жерінің жомарттығымен де ерекшеленеді. Ауыл шаруашылығы саласында республика аумағында оңтүстікте ғана өсірілетін мақта шаруашылығының орны бөлек. 


Мақта шаруашылығы оңтүстік өңір экономикасының арбасын алға сүйрейтін бірден-бір сала болып отыр. Оны мынадан-ақ байқауға болады. 1996 жылы облыста 160 мың тонна шитті мақта өндірілсе, қазір бұл  көрсеткіш еселеп артты.  Жыл сайын орта есеппен 300 мың тоннадан астам мақта шиті өндіріліп,  оның басым бөлігі шетелге экспортқа жіберіледі. Бүгінде қазақ мақтасының әлемдік нарықта өзіндік орны бар. Себебі сапасы жағынан кез келген елдің өнімінен кем түспейді.
Елбасының бастамасымен оңтүс­тік­те мақта тоқыма кластерін құрудың қолға алынуы ауыл шаруашылығы саласына тың серпін берді. Кластерді дамыту негізінен екі бағыт бойынша жүзеге асырылып келеді. Біріншіден, мақта саласына ғылыми жаңалық­тарды енгізіп, жаңа технологияларды мең­геруге баса  назар аударылды. Бұл мақ­сатта Қазақ мақта ғылыми-зерттеу институты құрылды. Сондай-ақ облыста арнайы экономикалық аймақ құру қолға алынды.
Ибадулла Үмбетаев – еліміздегі  мақта саласын мықты білетін мамандардың бірі. Мақта шаруашылығының қыр-сырын жетік меңгерген оған ғылыми-зерттеу институты сеніп тапсырылды. Ибадулла Үмбетаевтың пікірінше, елдің егемендік алуы қазақ мақтасының әлемдік нарық­тағы  бәсекеге қабілеттілігін анағұрлым арт­тыр­ды.
Ибадулла ҮМБЕТАЕВ, Қазақ мақта ғылыми-зерттеу институтының директоры:
– 2000 жылға дейін Қазақстанда мақтаның отандық сорттары болмаған. Біз көрші мемлекеттерден әкелінген түрлерін егіп келдік. Ал институт құрылған соң отандық жаңа сорттарын шығара бастадық. Бүгінгі таңға дейін 11 жаңа сорт ойлап таптық. Қазіргі  кезде оңтүстіктегі мақта алқаптарының 90 пайызында біздің институт шығарған сорттар егіледі.

Ермек АБАСОВ, «Хлопкопром» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы:
– 2000 жылдардың басында Қытайда жылына шамамен 3-3,5 млн тонна мақта талшығы өндірілетін. Ал 2004 жылдан  бас­тап мұндағы мақта өндіру 7 млн тон­на­д­ан асты. Алайда мақта ал­қаптары кө­бей­меген, керісінше, азайған. Зерттеп көр­сек, барлығы  там­шы­латып суару жүйе­сін енгізудің есе­бінен екен. Жаңа тәсілді қол­дана отырып, біз де өнімділікті 75 цен­­тнерге жеткіздік.
Бұл – нағыз халықаралық стандарт. Осы әдіс елімізде жаппай қолданылатын болса, Қазақстанда жылына 1 млн тонна мақта өндіруге болады екен. Деген­мен кәсіпкерлер  тек мақта өсірумен шек­телмей, құны жоғары, табысы мол  дайын өнім шығаруға да ден қоя бастады. Соңғы жылдары оңтүстікте мақта талшығынан дайын өнім шығаратын кәсіпорындар көптеп ашылуда.
 Болашақта «Оңтүстік» арнайы эко­но­микалық аймағында ірілі-ұсақты  30-ға жуық өндіріс орны ашыл­мақ. Онда қа­­зір­­дің өзін­де жал­­­пы құны 26 млрд тең­гені құ­рай­тын бес жоба жүзеге асу­да.

Аймақ барит, көмір, темір және полиметалл рудалары, бентонитті саз, вермикулит, тальк, әктас, гранит, мәрмәр, гипс, кварц құмдары сияқты пайдалы қазбалардың кен орындарына бай. Уран қоры бойынша облыс республикада – бірінші орында, фофориттер мен темір рудаларынан үшінші орын алады.


Шырайлы Шымкенттің ерекшеліктері
Шымкент дегенде елдің есіне ең алдымен не түседі? Әрине, әркім әртүрлі қауесетке жан бітіретіні рас. Бірақ қонақжай оңтүстікке бір қыдырып келген адамның ондай ойдан лезде арылатыны да – шындық. Алайда бүгінгі айтпағымыз басқа. Шынында да, шымкенттіктер несімен ерекшеленеді?
• Ең алдымен, халқының тығыз­ды­ғы­мен. Ал жергілікті ұлт өкілдерінің басым­ды­ғы оңтүстіктің ғана емес, республика халқының ұлттық құрамына да зор үлес қосып отыр. Ұлттық салт-дәс­тү­рі­міздің сақталып қалуындағы оңтүстіктің үлесі теңдессіз. Аллаға шүкір, соңғы жыл­дары балағынан бала саулаған ал­тын құрсақты аналардың саны артып, бүл­діршіндеріміз балабақшаларға сый­май жатыр. Ал жаңадан бой көтерген мек­тептер саны жыл сайын қосылумен ке­леді. Шымкент қаласының өзінде биылғы жаңа оқу жы­лын­да төрт бірдей мектеп пайдалануға бе­рілгелі отыр.
• Оңтүстік әулиелі орындарымен де ерек­шелене алады. «Отырарда – отыз баб, Сайрамда бар сансыз баб, Түркіс­тан­да – Түмен баб, бабтардың бабы – Арыс­тан баб» деген сөз тір­кестері бе­­кер ай­тыл­май­ды. Олар­ға тәу ету­ге алыс-жа­қын­­нан ар­найы ке­ле­тін­дер қа­та­ры уа­қыт жыл­жы­ған са­­йын жиі­леп ке­леді.
«Газет – ха­лық­тың көзі, құ­лағы һәм тілі» деген Ахмет Бай­тұрсы­нов­тың ұранға бер­гі­сіз бұл сөзін шым­кенттіктерден артық түсініп, қол­данысқа енгізген бірде-бір облыс жоқ шығар, сірә! Еліміздегі ең ірі қала – Алматының өзі оңтүстікке теңесе ал­май­ды. Облыстың тыныс-тіршілігінен құ­лағ­дар етіп, шикілік жіберген ше­неунікті сынауда алдына жан сал­майтын қазақ басылымдары­ның өзі 200-ден асады. Содан да болса керек, оңтүстіктің төл шенеуніктері де, өзге облыстан келген лауазым иелері де әр қадамын аңдап басып, әр сөзін ой­ланып барып сөйлейтін дәстүр қа­лып­­тасқан. Бұл да болса қалам-қа­рудың құ­діретінің бір белгісі болса керек-ті.
Шымкенттіктер – тойшыл халық. Бұл да – бір ерекшелік. «Заманың түлкі бол­са, та­зы болып шал» дегендей, оң­түс­тік хал­қының осы қасиетін оңтайлы пай­да­­ланып жүр­ген кәсіпкерлердің қатары да күрт өскен. Қазір бізде тойханасы жоқ ауыл кемде-кем. Ал Шымкентте жаңадан са­лын­ғаны бар, бұрынғы мәдениет үй­лерін пай­даланып жүргендері бар, әй­теуір, аттап бассаңыз, алдыңыздан той­ханалар «сәлем береді де тұрады». Сол себепті де біздің өңірде асабалар – ең элиталы ма­мандықтың қатарында. Ал танымал әнші ша­қырудан алдымызға жан салмаймыз. Елі­міздегі ең атақты ән­шілерді, көрші мем­лекеттің мақ­та­ныш­тары – София Ро­тару, «Ялла» секілді топтарды айт­па­ған­да, атынан ат үркетін, есі­мі жер-жаһанға бел­гілі «Бони М», «Мо­дерн Токинг» се­кілді топтарды той төріне әкелу тойшыл шым­кенттіктерге түк емес. Майкл Джек­сон тірі болғанда ол да шымкенттіктердің алдында ән салып, қуанышында қызмет етіп жүрер еді. Әрине, мұның барлығы – баршылықтың белгісі. Құдай тойдан айырмасын.
• «Оңтүстік – қазақтың қаймағы шай­­қалмаған жер. Бұл өңір шуақты кү­німен, хал­қының жомарттығымен, мей­ман­достығымен, салт-дәстүрге берікті­гімен, ең бастысы, еңбексүйгіштігімен ерекшеленеді. Сіздерге әр келген сайын оңтүстікқазақстандықтардың өз өлкесін гүлдендірумен, тұрмыс-тіршіліктерін жақсарта түсумен қатар, өздерінің негізгі түп-тамырын ұмытпай, әдемі жалғас­ты­рып жатқанын көремін». Елбасы Нұр­сұл­тан НАЗАРБАЕВ.

Облыста Қазақстанның Қызыл кітабына енген сүт қоректілердің 17, құстың 39, қосмекенділердің бір, бауырымен жорғалаушылардың үш, балықтың алты түрі мекендейді.


Бүкіләлемдік мұра және оңтүстік құндылықтары
Тәуелсіздіктің 20 жылында Қазақстан өз мәдениетін әлемдік деңгейде танытуда біршама тірлік жасады. Бұған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы үлкен ықпал етті. Сол жұмыстардың бірі: елімізде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген нысандардың саны үшеуге жетті. Алдағы уақытта олардың саны одан ары көбеюі мүмкін. Оның ішінде бірнеше жәдігер Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында орналасқан.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі
Қазақстанда Бүкіләлемдік мұралар ті­зіміне алғаш болып орта ғасырлардан қал­ған қайталанбас туынды – Түр­кіс­тан­да­ғы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі  енді. Бұл қайталанбас кесенені ХIV ға­сыр­дың аяғында Алтын ордаға қарсы жой­қын жорықтар жасап, алып им­пе­рия­ның үстемдігін жойған Әмір Темір өзі­нің осы жеңістерінің құрметіне сал­ған. Кесененің бірнеше күмбезі бар. Ғи­мараттың орталық залының тө­ңі­ре­гіне түрлі мақсатқа арналған 35 бөлме са­лынған. Кесененің биіктігі – 37,5 метр.

Отырар
Бүкіләлемдік мұралардың тізіміне енуі мүмкін деген нысандардың әзірге жал­пы саны – 12. Оның ішіндегі бес нысан Оңтүстік Қазақстан облысының ау­мағында орналасқан. Ең алдыңғысы – Отырар қаласы.
Отырар VIII ғасырдың басынан Тар­банд (Трабан) деген атаумен белгілі бол­ған. Бұл атау Күлтегін және Білге қа­ған құр­метіне арналған көне түркі жаз­ба­­ла­рында кездеседі. Отырар осы кез­ден-ақ та­рихи деректерде Орта Азия­дағы  ірі қалалардың бірі ретінде ата­лады. Кейбір зерт­теушілердің пікі­рін­ше, қалада сол кез­де әлемдегі аса ірі кітапхана және көптеген мешіт-мед­ре­се болған. Көне Оты­рар­ға архео­ло­гия­лық қаз­ба  жұмыстары 1969 жылдан бас­талды.

Арпаөзен таңбалы тастары
Екінші нысан – Арпаөзен таңбалы тастары. Ғылымда Арпаөзен петроглифтері деген атауға ие болған жәдігер қола дәуірінен сақталған құнды ескерткіштер – жартасқа таңбаланған суреттерден тұра­ды. Ол Созақ ауданы Абай қыстағының оңтүс­тік-батысында жеті шақырым қа­шық­тықта Қаратаудың Келіншектау деген жотасында орналасқан. Таңбалы тас­тар­дағы суреттердің жалпы саны 3,5 мыңнан асады. Негізгі сюжеттері аңшылыққа, жау­гершілік тақырыпқа және жан-жануарлар тір­шілігіне арналған. Ескерткіш біздің за­ма­нымыздан бұрынғы I-II мыңжылдыққа жа­та­ды.

Қарт Қаратау
Бүкіләлемдік мұралар тізіміне ұсынылған үшінші нысан – қарт Қаратау. Қара­тау жоталарының ежелден-ақ адам­дардың тіршілік етуіне қолайлы аймақ болғандығы ондағы тас, қола және темір дәуірлерінен қалған мәдени ескерт­кіш­терден (тасқа салынған суреттер, адам тұрақтары) айқын байқалады. Адамзаттың көне тарихынан, қола дәуіріндегі халық­тардың тұрмыс-тіршілігінен, дүниета­ны­мы­нан мол мағлұмат беретін Қаратаудың палеолиттік және  геоморфологиялық ны­сандары Бүкіләлемдік мұралардың тізіміне үміткер ретінде 1998 жылы ұсынылды.

Ақсу-Жабағылы қорығы
Төртінші нысан – Ақсу-Жабағылы қорығы. Ақсу-Жабағылы қорығы – Талас Алатауының солтүстік-батыс бөлігін және Өгем жотасын алып жатқан, Қазақстанда құрылған тұңғыш қорық. Оның жалпы жер аумағы 128 118 гектарды құрайды. Қорықтың жануарлар әлемі де өте бай. Мұнда  сүтқоректілердің 42, құстардың 238, бауырымен жорғалаушылардың тоғыз түрін кездестіруге болады. Қорық Бүкіләлемдік мұралар тізіміне үміткер ретінде 2010 жылы енгізілген.


Түйеқұс та жерсінді
Африкада мекен ететін түйеқұсты біздің табиғатқа жерсіндіруге болады деп кім ойлаған! Бірақ шымкенттіктер жерсіндірді. Енді оны үлкен кәсіп көзіне айналдырып, пайда да тауып отыр.


«Атамекен» корпорациясының ат­қарушы директоры, кәсіпкер Мұрат Төлтебаев осыдан төрт-бес жыл бұрын мойны қоқиған алып құс – түйеқұс өсірумен ай­налысуды бастағанда елдің бәрі таңғалған болатын. Ақымаққа бала­ғандар да болды. Жоқ, Мәкең жаңылмапты. Бүгінде бей­таныс кәсіпті бастағанына өкінбейді. Оның аталығының еті 100 келіге дейін тартады. Балапандары тәулігіне жарты келіге салмақ қоса отырып, он ай­лығында 100 келіге жетеді екен. Екі жас­қа толғанда толық­қанды түйеқұс са­на­лып, жұ­мырт­қалай бастайды. Ал жұ­мырт­қалары тең­біл доп­­тың үлкен­ді­гін­дей. Біреуін қуыр­са­ңыз, 12-14 ересек адам тоя тамақ­та­на­ды. Еті ем ретінде де пайдалы. Әсі­ре­се қан қысымы жә­не қант диабетімен ауы­ра­тындар үшін табылмас ем екен. Терісі, тұя­ғы, тұмсығы да кәдеге жарайды. Сон­дық­тан түйеқұсқа деген сұраныс күрт ар­ту­да.
Түйеқұс ұзақ жасайтын құстардың қата­рына жатады. 70 жылға дейін өмір сүріп, соның 30-40 жылында өнім бере алады екен.


Оңтүстікте туған ғұламалар мен дарындылар


Әбу Насыр әл-Фараби
Әбу Насыр әл-Фа­ра­би 870 жылы Оты­рар қа­ласында дү­ние­ге кел­ген. Ұлы ға­лым, ой­шыл фи­ло­соф, математик, ас­тро­­лог, музыка тео­ре­тигі. Оты­­рар медресесінде, Шаш, Са­марқан, Бұхара, кейін Хар­ран, Мы­сыр, Халеб (Алеппо), Бағ­дад ша­һар­ла­рында білім алған. Түркі ой­шыл­­да­ры­ның ең атақтысы, ең мәшһүрі, әлем­­­нің екінші ұстазы атанған ғұ­ла­ма. Тарихи де­рек­тер бойынша, 70-ке жуық тіл білген.


Қожа Ахмет Ясауи
Қожа Ахмет Ясауи 1093 жыл­дар шамасында Сайрам қала­сында дүниеге келген. Түркі ха­лық­тарының, соның ішінде қа­зақ халқының байырғы мә­де­ниетінің тарихында айрықша ор­ны бар ұлы ақын, пәлсапашы. Ка­шифи «Рашахат-ул айн-ил хайат» атты еңбегінде Қожа Ахметтің Арыстан баб­тың шәкірті болғандығы, одан заһир және ба­тин ілімдерінің сыры мен мәнін үйренгендігі, оған 16 жыл қызмет еткендігі туралы мәлімет бе­реді.


Сүгір Әлиұлы
Сүгір Әлиұлы Теріскей өңі­рін­де 1882 жылы дүниеге келген. Қа­зақтың атақты күйші, сазгері. Жас­тайынан ел арасында дом­бы­рашы Сүгір атан­ды. Сүгірдің «Тел қоңыр», «Май­да қоңыр», «Шал­­қыма», «Ыңғай төк», «Қос ба­сар», «Бес жорға», «Боз ін­­ген», «Ілме» т.б. күй­ле­рі бар. Сүгір күйлері 1964 жы­­лы түңғыш рет ха­­­лық аспаптары оркестрінде орын­да­лып, 1968-69 жылдары нотаға түсірілді.


Шәмші Қалдаяқов
Қазақстанның Халық әртісі, сазгер Шәмші Қалдаяқов Отырар ауданы Шә­уіл­дір ауылында дүниеге келген. Ол – осы заманғы қазақ эстрадасының негізін салушылар­дың бірі, қазақ вальсі­нің королі. 1986 жылы Желтоқсан көте­рілісіне қа­тысушы ұл-қыздар Алматы алаң­дары мен кө­ше­лерінде айтқан Шәмшінің «Менің Қа­зақстаным» әні 2005 жылдан бастап мемлекетіміздің Ән­ұраны болып бекітілді.


Бекзат Саттарханов
Бекзат  Саттарханов Түр­­кіс­тан қаласында 1980 жылы туылған. Ол – көптеген же­тіс­тігін айтпағанның өзін­де, 20 жасында тәуелсіз еліне Олимпиаданың алтын жүл­десін сыйлаған тұңғыш қазақ. Құй­рықты жұлдыздай жарқ етіп, жоқ болған оның ерлігі елі үшін мәңгі мақтаныш болып қала бермек.

Бетті әзірлеген: Шадияр Молдабек, Оңтүстік Қазақстан облысы, e-mail: m.shadiyar@mail.ru. Тел.: 8-705-987-77-99

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста