Ел индустриясының дінгегі
Ертістің Павлодар өңірінің ұшы-қиырсыз дарқан даласы, қайың тоғайлары, қарағайлы ормандары, таулары мен көгілдір көлдері күллі қазақ мақтанарлықтай байлыққа толы. Аймақтың аса ірі бөлігін ежелден халық «Сарыарқам – алтын далам» деп атап кеткен тегіс дала алып жатыр.
Кереку елі – Қазақстанның негізгі индустриялық өңірлерінің бірі. Мұнда дәстүрлі күрделі өндірістер мен минералдық және көмірсутекті шикізатты игерумен айналысатын кәсіпорындардың оңтайлы үйлесімділігі бар ТМД-нің экономикалық кеңістігіндегі өндірістік тарихи кешен қалыптасқан. Облыс үлесіне еліміздегі өнеркәсіптік өндірістің 7%-ы, көмір өндірісінің 70%-ы, ферроқорытпа өндірісінің төрттен үші, электр энергиясы мен мұнай өнімдері өндірісінің 40%-ы тиесілі. Облыстың әлеуеті химия, машина жасау және металл өңдеу салалары кәсіпорындарының дамуына тікелей байланысты.
Облыста түрлі меншік нысанындағы 5 мыңға жуық кәсіпорын белсенді түрде қызмет етеді. Бұдан басқа, өңірде ауылшаруашылық өнімдерінің шикізат қоры мен өзге де өндіріс орындары бар. Қазақстанның энергетикалық жүрегі – аса ірі Екібастұз электр стансылары, Ақсу ГРЭС-і, сондай-ақ ірі жылу стансылары бар бұл аймақта.
Өңірдегі қатты пайдалы қазбалар баланстық қорының жалпы құны 460 миллиард долларға бағаланады. Киелі өлкеде Қазақстанның барлық көмір қорының үштен бір бөлігінен астамы шоғырлады. Ең ірі кен орыны – Екібастұз және Майкөбе, оларда сәйкесінше 10,5 миллиард және 2,2 миллиард тонна энергетикалық шикізат қоры сақталған. Ал алтын кен орнының болжамды қоры шамамен 150 тоннаға бағалануда, онда осы бағалы металдан басқа күміс, мыс, мырыш пен барит те бар. Кобальт кен орындары –14 мың, никельдікі – 251 мың, марганецтікі 70 мың тоннаға бағаланады.
Өміршең бастама – экономикаға серпіліс
Бүгінде Павлодар облысында мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 1 310,5 млрд теңге болатын 174 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде 13 жоба республикалық индустрияландыру картасына енген. Тағы 52 жоба өңірлік маңызға ие. Қазіргі кезде 2012 жылға жоспарланған 49 жобаның жалпы сомасы 9,8 млрд теңгені құрайтын 20 жобасы енгізілген.
Бұдан бөлек, аймақта 2014 жылға дейін тапсырылатын 90 инвестициялық жобаны іске асыру жалғасуда. Олардың қатарында «Қазақстан электролиз зауыты» жанынан салынып жатқан бастапқы алюминий өндірісіне қажет күйдірілген анод өнімдері зауытының құрылысы бар. Аймақтағы ірі жобалардың бірі болып табылатын бұл өндіріс орнының маңызы ерекше. Қазірде электролиз зауытына анод Қытай жерінен жеткізілетінін ескерсек, жаңа өндірістің құрылысы қаншалықты қажет екені айтпаса да түсінікті. Бұл жобаны жүзеге асыруға 36,1 млрд теңгенің инвестициясы тартылған. Кәсіпорынның іске қосылуы 500-ге жуық адамды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Алғашында анод зауыты үстіміздегі жылдың соңында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Кейін жобаның тұсаукесерін қыркүйек айында облысымызда өтетін айтулы шара – Қазақстан мен Ресей шекаралас аймақтарының ынтымақтастық форумына орайластырып өткізу туралы шешім қабылданды. Осылайша, кәсіпорын мерзімінен бұрын іске қосылады. Өндіріс орны жылына 136,324 мың тонна күйдірілген анод шығаратын қуатқа ие. Бұдан былай алюминий өндірісіне қажетті шикізатпен өзімізді-өзіміз қамтамасыз ететін боламыз. Бұл – бастапқы алюминий өндірісінің құнына өзге факторлар әсер етпейді деген сөз. Осылайша, зауытты «қанатты» металдың өндірісіне қажетті шикізатпен өзіміз қамтамасыз етпекпіз.
Дерек пен дәйек
Павлодар облысы 1938 жылы құрылған. Облыс орталығы – Павлодар қаласы қарт Ертіс жағасында орналасқан.
Аймақ Қазақстан Республикасының солтүстік-шығысында орналасқан және солтүстікте – Ресей Федерациясының Омбы, солтүстік-шығыста – Новосібір облысы, шығыста – Алтай өлкесі, оңтүстікте – Қазақстан Республикасының Шығыс-Қазақстан және Қарағанды облысымен шектесіп жатыр.
Облыстың жер көлемі – 127,5 мың шаршы шақырым.
Облыстағы халықтың саны – 748 мың. Қала халқы – 516001 адам (69%), ал ауыл халқы – 232087 адам (31%) құрайды.
Аймақтың негізгі этникалық құрамын қазақ, орыс, украин, неміс, татар, белорустар, молдован, әзірбайжан мен және тағы басқа ұлттар құрайды. Этникалық топтардың 48,8 % - қазақтар, 37,9 % - орыстар құрайды.
Кереку – өнер мен білімнің Меккесі
Қазағымыздың игі жақсылары киелі Кереку елін әу бастан «Өнер мен әдебиеттің, білім мен ғылымның Меккесі» деп атаған. Павлодар өңірі – Қазақ елінің тағылымды тарихымен бірге жасасып, көгінде шоқжұлдыздай мәңгі жарқырап тұратын өр тұлғалардың мекені. Алтын арқаның құтты мекені атанып жүрген қазыналы, көгілдір таулы көрікті өңірлердің бірі – Баянауыл Тәуелсіз Қазақстан тарихында есімдері алтын әріптермен жазылған тұлғалардың талайын дүниеге әкелді.
Бұл даңқты Бұқар жыраудың, Шоң бидің, композитор Жаяу Мұса Байжановтың, қазақтан шыққан алғашқы тарихшы, ағартушылардың бірі – Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің және қазақ әдебиетінің классигі, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың және тағы басқа зиялылардың Отаны. Баянауылдан 30-дан аса ғылым докторы және 200 ғылым кандидаты шыққан. Олардың арасындағы геолог Қаз КСР ғылым академиясының тұнғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың орны ерекше. Қазақстан ғылымының дамуына зор үлес қосқан академиктер – Ш.Шокин мен Ә.Марғұлан, ғылым докторлары – А.Бектұров, Е.Бекмаханов, С.Бейсенбаевтар, ақын-жазушылар Ж.Аймауытов, Д.Әбілев, З.Шашкин, З.Ақышев, Қ.Исабай, халық әртістері Ш.Айманов, К.Кенжетаев, алғашқы қазақ режиссері Ж.Шаниннің есімдері төрткүл дүниеге кеңінен танымал.
1.Мәшһүр Жүсіп Көпеев (1858-1931)
2. Жүсіпбек Аймауытов (1889-1931)
3.Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893-1920)
4.Қаныш Сәтбаев Имантайұлы (1899-1964 )
5.Әлкей Марғұлан Хақанұлы (1904-1985)
6.Шәкен Айманов Кенжетайұлы (1914—1970)
Тастың тілін түсінген қазақ
Көмір кеніне бай еліміздегі Қарағандының қара алтынын 1833 жылы Аппақ Байжанов ашса, екібастұздық көмірдің «атасы» – Қосым Пішенбаев. Ол Баянауыл даласындағы Александровка, Талдыкөл, Жамантұз, Қарасор, Шөптікөл, Майкөбен сияқты тас көмір кен орындарын да тапқан.
Қосым аты ертеден аталып жүргенімен, оны сонау 60 жылдары барынша зерделеп, қайтадан жаңғыртқан майдангер жазушы Қалмұқан Исабаев еді. Ол 1979 жылы «Простор» журналының 11-санында жарияланған «Вслед за легендой» мақаласында Қосым жөнінде тарихи деректер келтіреді. Ал Павлодардың облыстық өлкетану мұражайынан фотосуретші Д.Багаев Қ.Пішенбаев жөніндегі естелігінде оның А.Деров атты көпестің кеңсесінде қызметте тұрғанын және оның даланы аралап, көмір, темір, мыс, тағы басқа кен көздерін тапқаны туралы айтады. Қ.Исабаев сонымен қатар ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы осы өңірге қатысты Ресей құжаттарын зерттейді. Геолог А.Мейстер «Экибастузское месторождение» атты мақаласында: «Бұл жерде көмір бассейнінің бар екені туралы алғашқы болып Қосым Пішенбаев айтқан болатын», – деп жазған.
Қара алтын мен энергияның отаны
Екібастұз – еліміздің отын-энергетика саласында өзіндік орны бар қала. Өндірістік шаһар биыл 55 жылдық мерейтойын атап өтті. Тарихы 1898 жылдан бастау алатын бұл елді мекеннің өндірісі мен өнегесі жалпақ жұртқа кеңінен танымал. Бүгінде көмірлі де, өндірісті қалада еліміздегі көмірдің – 70 пайызы, ал энергия қуатының 60 пайызы өндіріледі.
Екібастұздық көмір алқабы – әлемдегі ең ірі орын. «Богатырь Аксес Көмір» ЖШС – ашық тәсілмен көмір қазу бойынша тау кәсіпорны. Кесіндінің өндірістік қуаттылығы жылына 42 млн тоннаны құрайды. Көмірді тұтынушылар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының энергия жүйелері болып табылады.
Екібастұз қаласы- кеншілер мен энергетиктердің қаласы. Шаһар әлемдегі орасан зор тас көмір қоймасымен танылып отыр. №1, № 2 ГРЭС-тердің іске қосылуының арқасында Екібастұз жылу энергетика кешенінің ірі орталығы болып отыр. Бүгінгі таңда үш бірдей – «Богатырь», «Солтүстік», және «Шығыс» кеніштерінде көмір шығарылады.
Қала өзінің 55 жылдығын толайым табыстармен қарсы алды. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 647,3 млрд теңгенің 33 жобасы жүзеге асырылуда. Жуырда ГРЭС-2 стансысының қайта қалпына келтірілген №8 энергия блогы, «Проммашкомплект» ЖШС жаңа зауытының тұсауының кесілуі мен «Бозшакөл» кен байыту комбинаты іргетасының қалануы – игі істердің айқын дәлелі. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанындағы өндіріс көлемі өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 6 пайызға артып, 58,2 млрд теңгені құраған.
Қазақ елі, ұлыңды қолда!
Дәулет Шабанбай – төрткіл дүние көз тіккен Лондон Олимпиадасында ел намысын қорғайтын дарабоздардың бірі. Шеберлігі толысқан еркін күрестің сайыпқыраны Павлодар облысына қарасты Ақсу қаласында туған.
Қазақстанның бес дүркін чемпионы. 2008 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері. Бірнеше халықаралық турнирдің жүлдегері. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Бейжің олимпиадасына жолдама ұтып алса да, бағы жанбай қалды. Бірақ мойымады, нағыз ер мінезділік танытты.
Дәулет – әке жолын қуған талапты жігіт. Оның әкесі Еркін Шабанбай да – спорт шебері, өз ісінің маманы. «Дәулет – тұла бойы тұңғышымыз. Кішкентайынан зерек әрі шапшаң болып өсті. Туғанда оның сол жақ қолының үстінде үлкен қал болды. Біз оны жақсылықтың нышанына баладық. «Баламыздың аты елге мәшһүр болады» деп қуандық. Аманжол деген ағам: «Баланы қыспаққа ала берме. Ол – қасиетті бала», – деп ескертетін. Тұңғышымды темірдей тәртіпке баулыдым», – дейді білекті балуанның әкесі. Ылайым солай болғай!
Еркін күресті жеті жасынан серік еткен балуан кәрі құрлықтағы әлемдік доданың боз кілемінде 11 тамызда бағын сынайды. Қазақ елі, ұлыңды қолдап, тақымын қыс! Дарабоз Дәулет тұманды Альбионнан тек қана жеңіспен оралсын!
Керекудің әулиелі кереметтері
Қазақстанның қай өлкесіне бас сұқсаңыз, есімдері дүйім жұртқа мәшһүр, артына із қалдырған, халық пір тұтатын жандардың атын аз естімейтініміз хақ. Ұлан-ғайыр еліміздің әр тауы мен тасынан қасиет дарыған әулиелеріміз халқымызға рухани тұрғыдан демеу һәм қорған болған. Ертістің Кереку өңірі де әулиелерден кенде емес.
Павлодар облысында дүйім жұртшылық бабалар рухына тағзым ететін қасиетті жерлер баршылық. Бүгінгі таңда жамағат Мәшһүр Жүсіп әулиені жақсы білгенімен, Шарбақты ауданының Шалдай елді мекенінде жатқан Ғабдылуахит Хазіретті тани қоймас. Қытай ойшылы Конфуцийдің «Ең мықты заңдар – халықтың дәстүрлері» дегені шындыққа саяды. Қалың халық ешкімнің үгіттеуінсіз, жүрек әмірімен әулиелерді мойындап, олар жатқан орындарға барады. Осы аймақта бабалар рухына тәу етер негізгі жерлер қатарына Баянауылдағы Мәшһүр Жүсіп кесенесі, қожалар мекені – Ақкөл-Жайылмадағы Исабек Ишан, сондай-ақ Шарбақты ауданындағы Ғабдылуахит Хазірет кесенелерін жатқызуға болады. Бұл – Керекудің әулиелі кереметтері.
Мәшһүр баба басында
Тарихи тұлға, ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіп бабамыздың кесенесі 2006 жылы бой көтерген. Халқымыздың болашағын болжаған дала данасы Асан қайғы бабамыз Баянауыл тауларын көргенде: «Ат ерін алмайтын жер екен. Бір түней кетемін деген адам бір жұма тоқтап қалады», – деген екен. Расында да, жері қасиет пен құдіретке тұнған бұл мекенге келіп, тәу етпеген қазақ жоқ шығар, сірә...
Көне түркі дәстүрі бойынша жасалған кесене жобасын дайындауға С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің мамандары мұрындық болған. Сол кезде қазіргі облыс басшысы Ерлан Арын басқарған университет ғалымдары қолға алған жоба ежелгі түркі тайпаларының сәулет ерекшелігі, ислам дінінің өзіндік өрнектерімен ерекшеленеді. Кесене зиратхана және гурхана атты екі бөліктен тұрады. Гурханада әулие бабамыздың жатқан жері, сандықтасы, құлпытасы қойылып, шамшырағы орнатылған. Әрбір бөліктің көлемі – 8/8 шаршы метр, ал кесененің биіктігі 14 метр болады. Салмағы 9,5 тонна болатын құлпытасы мен сандықтасы мәрмәр тастан жасалған. Айшық темірлері әрленіп, алтынмен жалатылған. Кесененің кіреберісінде Құраннан аяттар жазылған.
Ақкөлдің ақ кесенесі
Керекуліктерге ізгіліктің шапағатын төгіп тұрған кесенелердің бірі – Исабек Ишан кесенесі. Мәрмәр тастарынан соғылған ақ күмбезді кесене алыстан жарқырап, көз тартады. Бұл – мыңдаған халық келіп, тілек-дұға айтылатын қасиетті орын.
Исабек ишан – Ислам дінін уағыздаушы қайраткер, қожалар ұрпағының өкілі. Ақкөл-Жайылма атырабын әулиелі өлке атандырған қожалар ұрпағы осы жерде ізгілік нұрын шашқан. Негізі, әулиеге ерекше құрмет көрсету көптің есінде ертеден жүрген еді. Сауапты істің сәті де түсті. Алдымен ел ағалары ақ күмбезді кесене салды. Исабек ишан мен оның ұрпақтары жерленген Қылдыкөл топырағына шырақшы үйін салып, намазхана орнатты. Үш күмбезді кесенеде Исабек ишанның өзі және оның жалғыз ұлы Нұрмұхамед пен бауыры Мұхаммед Нияз жерленген. Қасында бір күмбезді кесене бар, ол әулиенің ұрпағы Жандарбек қожаның бейітінің орнына тұрғызылыпты. Ақ тастардан қаланған екі кесененің бірінің биіктігі – 9, екіншісі 7 метрге жетеді.
Келдіқыздағы «көненің көзі»
Күмбезі көк тіреген кесенелердің бірі Шарбақты ауданы Арбиген ауылының маңындағы Келдіқыз жайлауында жерленген белгілі исламтанушы, әулие Ғабдылуахит Хазірет Тіленшіұлы рухына орай салынған. Бұл – біздің облыста соңғы жылдары бой көтерген үшінші кесене. Ғимараттың салынуына руханиятқа, ұлттық мүддеге бейжай қарамайтын ел азаматтары ерекше атсалысты. Жергілікті тұрғындар да хал-қадірінше көмек қолын созып, сауапты іс жасады. Ғабдылуахит Хазірет атындағы қайырымдылық қоры да шарапаты мол шаруаның жедел аяқталуына жәрдемдесті. Игі жақсылар ағаштан салынған ескі кесенені бұзбай салды. Күмбезді кесененің сәулеті ерекше көз тартады. Қалың ағаш арасына орналасқан кесенеде Ғабдылуахит әулиенің әйелі Бөпежанның да бейіті бар.
Жақып Қажы, әулиенің ұрпағы, халық емшісі:
– Ғабдылуахит Хазірет – ерекше тұлға. Бұхар қаласындағы «Мір араб» медресесінде білім алған ол ислам дінін дәріптеп, шәкірт тәрбиелеген. Әубәкір, Смағұл, Сәдуақас деген шәкірттері Троицк қаласындағы жоғары оқу орнына қабылданып, ұстаздарының жолын қуып, хазірет атанған.
Бетті әзірлеген Ақмарал ЕСІМХАНОВА.
Суреттерді түсірген – Төлеген Нұрғазы уessimkhanova.kz@mail.ru
Тел: 8-705-162-50-53