Адыра қалған ауыл бар Азғыр деген
Астана тұрмақ, аудан орталығынан алыста орналасқан Азғыр ауылының әлеуметтік мәртебесі әлі күнге анықталмай келеді. Өткен ғасырдың 60-жылдары 17 рет жерасты сынақтары жүргізілген бұл елді мекеннің ішкені – ірің, жегені желім болып отырған жайы бар. Үкімет үнсіз. Тоқсан үйлі ауыл «шүкірін» айтып қойып, ілдәлдалап тірліктерін жасағаннан басқаға дәрменсіз. Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Бектас Мұхамеджанов жетекшілік ететін экологиялық аймақтардың ахуалын реттейтін жұмыс комиссиясының көшпелі отырысында Азғыр ауылының ауыр халі сөз болды. «Азғыр, Капустин Яр сынды полигондық аймақтардың әлеуеті өте төмен, – деп атап өтті Б.Мұхамеджанов. – Әлеуметтік мәселелер көп. Таза ауызсу арманға айналып отыр». Әрине, мұндай сөздер Азғыр жайы көтерілген мәжілістердің бәрінде де айтылып жүр. Бір өкініштісі, айтылады да қалады. Вице-министр бұл жолы аталған мәселелерді алдағы жылғы ел бюджетіне енгізуге тырысатынын айтты. Ауыл халқы тағы да армандап қалды.
Ядролық физика институтының бөлім басшысы Виктор Николаевич Азғыр полигонында көлемі 1,2 миллион текше метрді құрайтын тоғыз жерасты шұңқырдың пайда болғанын айтады. Қолдан жасалған жарылыстардың әсерінен ойылған жердің қоршаған орта мен сол мекенде қоныстанған тұрғындарға, малға қауіпті екені ғылыми түрде дәлелденген. 2005 жылдан бері аталған институт радиоактивті ластанудың 100-ден астам аса қауіпті дағын жойып келеді. Радиоактивті металл конструкциялар мен бөлшектердің де көзі құртылды. Енді қауіпсіз деп танылған кейбір дақтарды да көзден таса қылу жайы қарастырылып жатыр. Жұмыс комиссиясы азғырлықтар арасында арнайы сауалнама жүргізіпті, 100 адам қатысқан бұл зерттеу қорытындысы жыл аяғында белгілі болмақ. Зерттеу нәтижесінде Азғырды мекендеген тұрғындардың ағзаларында нуклеидтердің бар-жоғы анықталады, радиация көлемі сарапталады.
Полигон аймағында қалған халықтың басты проблемасы – таза ауызсу. «Қоянды топтық су құбырының құрылысы өткен ғасырдың аяғында басталып еді, – дейді Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов. – Енді соны жаңартып, материалдық базасын нығайту керек. Жол мәселесі де шешімін таппай келеді. Балқұдық, Азғыр елді мекендері аудан орталығынан шалғай орналасқан, қатынас қиын. Шекаралық аймақ болғандықтан да, бұл ауылдардың мәселесін ұмыт қалдыруға болмайды, бұл – ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіруі мүмкін жайт». Сенатор осы мәселе төңірегінде өз ойы бар екенін де жасырмады. «Азғыр ауылын Балқұдыққа көшірген дұрыс, – деді ол. – Не мектебі, не ауруханасы, балабақшасы жоқ, тек ығы-жығы салынған үйлерден ғана құралған ауылдың болашағы, расында да, бұлыңғыр». Айтса айтқандай, азғырлықтар күнделікті ішіп-жем тамағын шекара асып, Ресейге барып алады. Басы ауырып, балтыры сыздаса да, көрші елдің клиникаларын төңіректейді. Өйткені ойқы-шойқы қара жолмен аудан орталығына жетудің өзі мұң. Амалсыздан Ресей шекарасына қарай жол тартатын ауыл тұрғындарын ондағылар да қуана қарсы ала қоймайды. Тамақ салған дорбаңның салмағы 30 келіден аспауы керек деген сынды шекарашылардың өз «заңдары» бар.
«Азғырда бірде-бір таза құдық жоқ». Бұл – «Невада-Семей» ядроға қарсы қозғалысының Батыс аймақтық бөлімшесін басқарып отырған Ізімғали Көбеновтің сөзі. 20 жылдан астам уақыт бойы осы жерді зерттеп келе жатқан маман ретінде ол «Азғырда шын мәнінде 17 емес, 48 рет жарылыс болды» деген дерегін алға тартады. «Азғырды зерттеу бизнеске айналып кетті. Мұның артында сыбайлас жемқорлық болуы да мүмкін. Әйтпесе нақты нәтиженің белгілі болатын уақыты жетті. Полигон салдарынан қанша адам мүгедек болды, оның қаншасы тірі, қаншасы көз жұмды, олардың ұрпақтары қалай өсуде екені ешкімді толғантып жатпағаны мені ойлантады», – дейді І.Көбенов.
Тағы бір мәселе – Азғырдағы қауіпті аймақтардың қоршаусыз жатқаны. Ядролық физика институты бұл жердегі шөптерде радионуклеид жоқ деп тауыпты, сондықтан да жоғарыға төрт түлік мал таза шөп жеп жатыр деген есеп беріліп келген. Бірақ жартылай қоршалып, жартылай ашық-шашық күйінде жатқан қауіпті жерге өрістегі мал аттап баспайды дегенге сену қиын.
Алыстағы ауылдардың өркениет игіліктеріне әлі қол жеткізе алмай отырғанына осы Азғыр өңірін мекендеген ел куә бола алады. Балқұдық, Қоңыртерек, Батырбек, Егіндіқұдық ауылдарындағы орта мектептер күрделі жөндеу күткелі қанша жыл. Үштағандағы клубтың да адам көрер сиқы жоқ. Асан ауылында кітапхана мен медициналық бөлімше мектеп ғимаратын мекендеп отыр. Халық саны талапта көрсетілген межеге жетпейді деген желеумен Азғыр айналасына мектеп салу ісі де шешім таппай келеді. Рас, мұндағы ауылдарға 600 орындық мектеп салу қажет те емес, бірақ жоғарыдан қойылып отырған талап осындай екен. Жергілікті атқарушы билік 120 орындық мектепке ғана ұсыныс бере алады. Солай еткен күнде де, бұл ұсыныстың қолдау табуы екіталай. Вице-министр Бектас Мұхамеджанов: «Талап солай екен деп қарап отырмау керек. Ол ауылдарды халық мекендеп отыр. Мемлекет олардың жағдайын жасап беруге міндетті. Сондықтан нормативтердің өзгертілуіне күш салу керек», – дейді.
Экология мәселесін де назардан тыс қалдырмаған вице-министр Атырауда қоршаған ортаға мониторинг жасайтын стансылар Атырау облысында тек «Аджип ҚКО» мен АМӨЗ-де ғана бар екеніне тоқталды. Бүгінде мұндай мониторингімен ел аумағының 40 пайызы ғана қамтылып отыр екен. Қоршаған ортаны қорғау министрлігі бақылаудың жаңа жүйесі жөнінде арнайы бағдарлама әзірлеген. Енді сол ұсынысты Үкімет қолдайды деген үміт бар.
Азғыр жайлы бұрын да жаздық. Өзгергенді көз көрмеді. Қазақ даласының қиян шетіндегі ауыл жұрты сол қоңыр тірліктерін әлі жалғастырып жатыр. Жылына бір-екі рет жоғарыдан атқамінерлер келіп, жақсы сөздермен үміттендіріп кететініне үйренісіп алған. «Бәрібір ештеңе өзгермейді» дейді олар. Күн санап азып бара жатқан Азғырды экологиялық апат аймағы, болашағы жоқ ауыл деп көшіру жұмысын болмаса ауылды сақтап қалу ісін қолға алатын мезгіл жеткен сынды. Алыста орналасқаны үшін, бір кездегі соқыр саясаттың құрбаны болғаны үшін бүгінгі ауыл жұрты, ертеңгі ұрпақ кінәлі емес.