1941 жыл: қаһарлы күндер, алғашқы жеңіс

Тойтарылған «Тайфун» операциясы
Германияның Кеңес Одағына шабуылы басталғанына 24 күн өткен соң, 15 шілдеде неміс әскерлері Мәскеуден 300 шақырым жердегі Ельня елді мекенінде тұрды. Алайда кеңес әскерлерінің Смоленск – Ельня аймағындағы және Украинадағы қатты қарсылығы немістерді бірталай уақыт бөгеді де, Мәскеуге шабуыл кешірек басталды. Неміс әскерлері Жоғарғы қолбасшылығының 1941 жылдың 16 қыркүйегінде берілген № 1300/41 бұйрығында Мәскеуді басып алуға бағытталған шабуылға «Тайфун» деген бүркеншік ат берілді. Германия Қарулы Күштерінің Бас штабы шабуыл жоспарын: «Мәскеуге шабуыл орыс қорғанысының омыртқасын сындырады. Осы шабуылдың барысында орыстардың ең ірі күштері талқандалады, өйткені олар Мәскеу үшін шайқасқа барлық күштерін төгетін болады», – деген дәлелдермен негіздеді.

Неміс әскерлерінің Мәскеуге шабуылы 1941 жылдың 30 қыркүйегінде басталды. Жоспар бойынша, генерал Ф.фон Боктың қолбасшылығымен «Орталық» топтың 77 дивизиясы жаппай шабуыл жасай отырып, қыс түскенге дейін маршал С.К.Тимошенко басқарған кеңес әскерлерінің ірі тобын талқандап, Мәскеуді басып алуға тиісті болды. Бұл міндетті іске асыру үшін танк дивизияларынан тұратын үш ірі топ бір мезгілде қуатты шабуыл бастап, кеңес әскерлерінің қорғанысын бұзып өтіп, оларды Вязьма және Брянск ауданында қоршау, талқандау, одан кейін Мәскеуді солтүстік және оңтүстік жақтарынан танктермен, ал батысынан жаяу әскер құрамаларымен қоршап, жылдам басып алу ұйғарылды. Гитлердің шығыс майдандағы неміс әскерлеріне арнаған үндеуінде: «Жауынгерлер! Сендердің алдарыңда Мәскеу тұр. Екі жылда құрлықтың барлық астаналары сендерге мойынсұнды. Сендер ғажайып қалалардың көшелерінде шерумен жүріп өттіңдер. Енді Мәскеу қалды. Оны бағындырыңдар, оның алаңдарында шеру жасаңдар. Мәскеуді алу – бұл соғыстың аяқталуы», – деген желдірме сөздер айтылды.

Гитлер Мәскеудің және Ленинградтың тізе бүгу туралы ұсыныстары бола қалса, оны қабылдамауды, Мәскеуді алған бойда жермен-жексен етіп, қиратуды бұйырды. Сондықтан бұл шабуылды немістердің ең таңдаулы күштері іске асырды. Кеңес Одағының астанасына шабуыл жасауға 1,8 миллион әскер қатысты, 1390 ұшақ, 1700 танк, 14 000 зеңбірек пен миномет пайдаланылды. Шабуылдың ең басты бағыттарында жаудың күші кеңес әскерлерінің күшінен 6-12 есе артық болды. Мәскеуге шабуыл жасауға қатысқан неміс әскерлері,  Гудерианның, Рейнгардтың және Гепнердің армиялары Польшаны жиырма шақты күнде, Францияны бір айда талқандаған тажалдар тобы болатын. Оларды қарулануы, әскери дағдылары және ұйымдық құрылымы жағынан ежелгі македондық фалангалармен және римдік легиондармен салыстыруға болар еді. Мәскеуге жеткенге дейін бұл бөлімдер Гитлердің жедел жеңістерінің құралы болды, олар, негізінен, моторлы және танк дивизияларынан тұратын. Осылайша, мұздай темір құрсанған үш топ әскер шабуылды үдете отырып, қарсыласын талқандайтын, ал жаяу әскерлер шайқаста басып алынған жерлерді қорғау, соғыс тұтқындарын қабылдау сияқты міндеттермен айналысатын.

Немістер қазан айының аяғында Мәскеуді алып, 7 қарашада Қызыл алаңда жеңіс шеруін өткізуге ниеттенді. Шабуылға қатысушы әскерлер бұл жоспардың бұлжытпай орындалатынына күмәнданған жоқ. Офицер А.Нейман ағасына жазған хатында: «Осыдан он минут бұрын мен өзіміздің гренадерлік дивизияның штабынан келдім, онда Мәскеуге соңғы шабуыл туралы айтылды. Бұл шабуыл бірнеше сағаттан кейін басталады. Мен кешке қарай Кремльді атқылай бастайтын ауыр зеңбіректерді көрдім. Мен олардың Қызыл алаңға бірінші жетуге тиісті, Лениннің зираты жанынан өтуге тиісті гренадерлер полкін көрдім... Бұл – соғыстың аяқталуы, ағатай, Мәскеу – біздікі, Ресей – біздікі, Еуропа – біздікі. Асығып отырмын. Штаб бастығы шақырып жатыр. Таңертең өзіңе Мәскеуден хат жазып, осы ғажайып азиаттық астананың қандай екенін суреттеймін», –  деп жеңіске соншалықты сенімді екенін көрсетті. Алайда сол күні таңертең де, келесі күні де, еш уақытта да неміс офицері Қызыл алаңға жете алмады...

Мәскеу қорғанысындағы қазақтар ерлігі
Мәскеу қорғанысындағы Волоколамскіден Калугаға дейін созылған Можайск шебіне айрықша мән берілді. Ал астананың тікелей өз аймағында Мәскеу қорғаныс шебі құрылды. Мәскеу қорғанысы армия генералы Г.К.Жуков басқаратын Батыс майданына және генерал-полковник И.С.Конев басқаратын Калинин майданына тапсырылды. Жаудың бірінші шабуылы қайтарылып тасталған соң, Қызыл алаңда 7 қарашада кеңес әскерлерінің шеруі өткізілді, бұл Мәскеудің жауға берілмейтініне халықтың сенімін тудырды. Мәскеудің қорғанысын күшейту үшін Қазақстанда, Орта Азияда, Сібірде жасақталған әскери бөлімдер әкелінді.

Неміс әскерлері 51 дивизияның, соның ішінде 13 танк және 7 моторлы дивизияның күшімен Мәскеуге екінші шабуылды бастады. 15-16 қарашада неміс әскерлері Клин-Рогачев, 18 қарашада Тула-Кашира бағыттарында шабуыл бастады. Қараша айының аяғында жау Клин, Солнечногорск, Истра аудандарын басып алып, Мәскеу-Еділ каналына жетті. Немістердің солтүстікке одан әрі жылжуына кеңес әскерлерінің Иваньков және Мәскеу атындағы каналдың суқоймаларын жарып, биіктігі 2,5 метр су қаптатып жіберуі бөгет жасады. Ал Мәскеудің оңтүстігіндегі немістердің шабуылы кеңес әскерлерінің ерлік күресі нәтижесінде тойтарылды.

Истра бағытындағы шайқасқа немістердің 400-ден астам танкі мен 200 ұшағы қатысты. 16 қарашада Дубосеково маңындағы 251 метр биіктегі танктермен шайқаста Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Қырғызстанда жасақталған 316-атқыштар дивизиясының 1075-полкінің 4-ротасының саяси жетекшісі В.Клочков бастаған аз ғана жауынгерлер тобы 17 танкті жойып, немістердің Мәскеуге ұмтылысына әжептәуір тосқауыл жасады. 18 қарашада дивизияның 1077-полкінің кіші лейтенант Павел Фирстов пен ротаның саяси жетекшісі Павлов басқарған 11 жауынгері полктың шегініп барып, жаңа шепке орнығуына мүмкіндік беруге тиісті болды. Осы 13 адам бес сағат бойы  немістердің 20 танкке сүйенген бір батальон әскеріне қарсы шайқасты. Шайқастың соңында жалғыз өзі тірі қалған П.Фирстов жау танкісін өртеп, ауыр жараланып, жау қолына түсті. Немістер оны дарға асып өлтірді. Қазақстандық жауынгерлердің ерлік эпопеясы мұнымен бітпейді, оны үздіксіз жалғастыра беруге болады. Дивизияның аты аңызға айналған қолбасшысы И.В.Панфилов 1941 жылдың 18 қарашасында Волоколамск түбіндегі ұрыста қаза тапты. 1942 жылдың 12 сәуірінде И.В.Панфиловқа Мәскеу түбіндегі қорғаныс ұрыстарында дивизияның жеке бөлімдерінің әрекетін шебер үйлестіріп басқарғаны және өзінің айрықша ерлік пен батылдық көрсеткені үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 316-дивизия кейіннен И.В.Панфилов қаза тапқан соң, Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизия деген атауға ие болды.

 Мәскеу түбіндегі шайқаста аға лейтенант Бауыржан Момышұлының батальоны мотоатқыштар батальонының көмегімен төрт тәулік бойы шепті жауға бермей қорғап, дивизияның жаңа шепке орналасуына мүмкіндік жасады. Сол шайқаста аса бір тактикалық ұрыс шеберлігін көрсеткен, жалпы алғанда, Мәскеу қорғанысындағы 27 ауыр шайқасқа қатысқан Бауыржан Момышұлы соғысты полковник, 9-гвардиялық атқыштар дивизиясының қолбасшысы дәрежесінде аяқтады. 1990 жылы соғыс ардагері, белгілі жазушы Б.Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Мәскеу түбіндегі ұрыстардың бірінде Панфилов дивизиясының 23-полкінің 3-батальонының комиссары Балтабек Жетпісбаев төрт сағаттың ішінде бір өзі жаудың үш танкісін істен шығарды. Айрықша ерлігі үшін Б.Жетпісбаевты 1942 жылдың 24 маусымында 8-гвардиялық дивизияның басшылары Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынған, алайда ол бекімей қалған. Соғыстан кейін жазушы Д.Снегин, академик А.Нүсіпбеков, Кеңес Одағының Батыры М.Ғабдуллин, бірнеше соғыс ардагерлері Б.Жетпісбаевқа Батыр атағын беру туралы ұсынысты Мәскеуге жіберген, алайда орталық бұл ұсынысты қабылдамаған. Мәскеуді қорғаудағы ерлігі үшін 120 офицер мен жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алды, соның 32-сі – панфиловшылар. Жалпы алғанда, дивизияның 34 адамы соғыс жылдарында Батыр атағына ие болды. Атақты Панфилов дивизиясы мен Қазақстанда жасақталған 75-інші айрықша теңіз бригадасы 1942 жылы ақпан айында Новгород жеріндегі Бородино селосында фашистердің «Жансыз бас» деп аталған нағыз қанқұйлы СС дивизиясымен шайқасты. СС дивизиясы құрамының үштен екі бөлігінен айырылды. Сол шайқаста дивизияның алғы шебінде    Б.Момышұлының батальоны, капитан Гундилович пен саяси жетекші М.Ғабдуллин басқарған батальондар тұрды. Шайқастағы Төлеген Тоқтаров, Рамазан Елебаев, Николай Смирнов, Жұмажан Баталовтардың айрықша ерліктері ел есінде қалды.

1941 жылдың жазында Ақтөбеде жасақталған 312-атқыштар дивизиясы Можайск қорғаныс шебіндегі ұрыстарға қатысты. Осташево селосы түбіндегі шайқаста автоматшылар ротасының саяси жетекшісі Мәлік Ғабдуллин қаза тапқан қолбасшының орнын басып, үш күндік ауыр шайқастан кейін өз ротасының 24 жауынгерін және басқалардан бөлініп қалған 119 жауынгерді қоршаудан алып шықты. Мәскеудің оңтүстігінде ескі орыс қаласы Туланы қорғауға қазақстандық 238-атқыштар дивизиясы қатысты. Бұл бөлім кейіннен 30-гвардиялық дивизияға айналды. Тулаға шабуыл кезінде немістердің 100 танкісі өртелді. Тула қаласын ерлікпен қорғау Мәскеудің оңтүстігіндегі қорғаныс ұрыстарының соңғы нүктесі болды.

Кеңес Одағының бас қаласы үшін шайқаста Тула, Подольск, Мәскеу әскери мектептерінің курсанттары да үлкен ерлік көрсетіп, олардың 2,5 мыңы ерлікпен қаза тапты. Мәскеуге Сібірдің, Қазақстанның, Оралдың, Орта Азияның, Еділ бойының барлық қалаларынан қару-жарақ, азық-түлік келіп жатты. Мәскеу қаласында 120 мың еріктіден 16 халық жасақшыларының дивизиясы, 41 партизан отряды құрылды. Мәскеудің басшылары жау тылына партизан полкін және 10 мың адамнан тұратын 377 бүлдіргіштер топтарын жіберді. 16 қарашадан 6 желтоқсанға дейін Мәскеу түбінде немістердің 55 мың адамы қаза тапты, 100 мыңнан астамы жараланды, 777 танкісі мен 297 зеңбірегі қирап қалды.

Кеңес әскерлерінің қарсы шабуылы
Қиян-кескі ұрыстардан кейін қараша айының басында кеңес әскерлері Калинин, Волоколамск және Серпухов аудандарында жауды тоқтатып, Гитлердің Мәскеуді алып, Қызыл алаңда шеру өткізу арманының жолын кесіп тастады. Алайда жау тоқтатылғанымен, әлі толық талқандалған жоқ болатын, сондықтан кеңес әскерлері қарсы шабуылға дайындалды.
1941 жылдың 5 желтоқсанында Калинин майданының, 6 желтоқсанда Батыс майданның және Оңтүстік майданның жалпы саны 1 миллион болатын әскерлер тобы жаппай қарсы шабуылды бастады. Мәскеу түбіндегі қарсы шабуылда Т-34 танктері, «Катюша» реактивті қондырғылары және ИЛ-12 шабуылшы ұшақтар пайдаланылды. Кеңес әскерінің жылдам толықтырылып, жаңа қару түрлерімен жабдықталып, орасан үлкен күшпен шабуылға шығуы және де қорғаныстан кейін ешқандай үзіліс жасамай, бірден шабуыл тактикасын ұстауы немістер үшін күтпеген жағдай еді. Немістер шегінуге мәжбүр болды, 8 желтоқсанда Германияның құрғақтағы Қарулы Күштерінің бас қолбасшылығы бүкіл майдан шебінде қорғанысқа көшуге бұйрық берді.

Қарсы шабуыл барысында кеңестік үш майданның әскерлері жаудың 38 дивизиясын талқандап, Мәскеуден жауды батысқа қарай әжептәуір шегіндірді, 1942 жылдың қаңтарында бүкіл кеңес-герман майданында шабуыл басталды. Шабуыл 1942 жылдың сәуіріне дейін жалғасты. Қарсы шабуылға қазақстандық 387-атқыштар дивизиясы да қатысты. 1941 жылдың 30 қыркүйегінен 1942 жылдың 20 сәуіріне дейін созылған Мәскеу шайқасында жау 50 дивизиясынан, 1300 ұшағынан, 2500 зеңбірегінен айырылды. Жеңіліске қатты наразы болған Гитлер 35 генералды қызметінен алып тастады. 2-нші танк армиясының қолбасшысы Г.Гудериан немістердің Мәскеуге шабуылының сәтсіздікке ұшырағанын өкінішпен былай деп сипаттады: «Мәскеуге шабуыл сәтсіз болды. Біздің қаһарман әскерлеріміздің бүкіл жанталас әрекеті мен құрбандықтары босқа кетті. Біз жоғарғы қолбасшылықтың жіберген қателіктері салдарынан ауыр зардаптарға әкелген жеңіліске ұшырадық. Неміс шабуылында дағдарыс басталды, неміс әскерлерінің қуаты мен моральдық рухы қатты нашарлады».

Мәскеу шайқасы Екінші дүниежүзілік соғыс тарихындағы ең ауыр және ауқымды оқиғалардың қатарына жатады. Мәскеуді қорғау және қарсы шабуыл ұрыстарына екі жақтан 7 миллион әскер, 6,5 мың танк, 3000 ұшақ қатысты. Мәскеу түбіндегі немістердің жеңілісі «Шұғыл соғыс» («Блицкриг») жоспарын күйретумен қатар, фашистік Германия әскерлерінің «жеңілмейтіні» туралы аңызды да жоққа шығарды. Мәскеу түбіндегі шайқас Ұлы Отан соғысы барысындағы түбірлі бетбұрыстың негізін жасады, ендігі жерде шабуыл жасау бастамасы кеңес әскерлерінің қолына көшті.

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста