Ғылымға деген махаббат басталады партадан...
Қазіргі таңда ғылым-білімде бәсекелесіп, озық технологияны меңгеріп, тұрмысты жеңілдететін техникаларды бірімен-бірі жарыса шығарып жатқан Жапония, АҚШ, Германия, Корея, Қытай секілді елдер екенін мойындамасқа лаж жоқ. Өйткені қанша жерден шикізат қорына бай ел болғанымызбен, біз әлі күнге өткен ғасырда Әлихан Бөкейханов сынды Алаш көсемі айтқандай, «Жердің асты мен үстіндегі әр түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалып, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн осы мемлекет азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуіне» қол жеткізе қойғанымыз жоқ. Өзгенікін тұтынып, соны қымбатқа алғанымызға мәзбіз. Бірақ таусылмас қазына, сарқылмас күш болмайтынын ескерсек, еме-еме бір күні жер -ананы да суалдыратынымызды бәріміз де іштей сеземіз. Сондықтан Елбасымыздың өзі бүгінде білім мен ғылымға, ғылымды өндіріспен ұштастыруға аса ден қойып, инновациялық даму жолына көш бастап барады.
Әйтсе де әзірге ғарыштық технологиясымен ғаламды бүгін Батыс, Жапония сынды елдердің билеп отырғанын мойндауға мәжбүрміз. Алайда, түптеп келгенде, Батыстың осындай деңгейге көтеріліп, ғылым мен технология саласындағы көптеген жаңалыққа қол жеткізуінде шығыс ғұламаларының зор ықпалы болғандығы анық. К.В. Бодлейдің айтқанындай: «Қазіргі Батыс мәдениеті ренессансқа, ренессанс өз кезегінде исламға қарыздар». Мысалы, алгебра ғылымының негізін қалаған әл-Жабр деген – мұсылман ғалым. Бұл ғылым сол кісінің атымен «алгебра» деп аталуда. Алғашқы күн сағатын ойлап тапқан орта ғасыр астрономия және математика ғалымы Жабир ибн Әфлаһ та мұсылмандардан еді. Химия саласының атасы Жабир ибн Хаййан (721-805ж.ж.): «Материяның ең кішкентай бөлшегі атомда тығыз энергия бар. Грек ғалымдарының айтқанындай, атом бөлінбейді деу дұрыс емес. Бұл да бөлінеді. Ал бөлінген жағдайда Бағдаттың күл-талқанын шығаратындай күш пайда болады. Бұл – Аллаһтың құдіретінің нышаны», – деп атом бомбасы жайлы алғаш түсінік берген.
Міне, осындай мықты ғылым мен өркениетті елдің астаң-кестеңін шығарған не? Ол – түрлі жаугершілік саясат, шапқыншылықтар. Әлемдегі ең керемет кітапханасы мен мықты-мықты ғалымдары бар Отырар сынды ғажайып өркениетті елдің қасіреті бізге тарихтан мәлім. Батыстың содан кейін барып бас көтеріп, түрлі географиялық жаңалықтар ашып, ғылымға ден қойғанын білеміз. Біз мұны «кеше сондай еді, енді бүгін неге мұндай» деу үшін емес, өзіміз де өркениетті елдердің қатарына қосылу үшін қайтсек ғылымға ден қоя аламыз, қайтсек ғылым мен технологияны өндіріспен ұштастырған алдыңғы қатарлы индустриялы елге айналамыз деген мәселені сараптау үшін қозғап отырған жайымыз бар. Себебі біздің әзірге шикізат көзі ретінде ғана шеттен инвестиция тартып, өзіміздің жерімізде тауар өндіретін дәрежеге жете алмай отырғанымыз өтірік емес. Мұның себебін мамандар «қазақстандық өндірушілерге ғылыми әдістемелерді нарықтық тауар деңгейіне жеткізу тәжірибесі жетіспейді, менеджмент, маркетинг және талдау саласындағы жоғары білікті мамандар жеткіліксіз. Осыған байласты қазақстандық мамандарды жетекші шетелдік ғылыми-зерттеу институттары мен компанияларына тағылымдарға жіберу және отандық кадрлер даярлау үшін республикаға жоғары білікті шетел мамандарын тарту тәжірибеге енгізіліп жатыр» деп түсіндіреді. Мүмкін, бізге ғылыми инновация деген жаңа пән енгізіп, оны меткеп қабырғасынан бастап оқыту керек шығар?
Зирабүбі Төленова, тарихшы ғалым, педогог:
– Ғылымға баратын жол не, ол, әрине, білім. Сондықтан ғылымның негізі мектептен бастап қаланбай болмайды. Әсіресе ауыл мектебіне көбірек көңіл бөлу керек, себебі олар әлі күнге ғылыми әдебиеттермен, көркемдік жабдықтармен де, қыл аяғы компьютермен де толық жабдықталмаған. Ал ондай балалар ғылым түгіл, компьютерді дұрыстап білмей жатыр, ал ертеңгі күні инновацияны қайдан түсінсін?! Біз әлі күнге мектеп қабырғасында болсын, одан да биік жоғары оқу орындарында болсын, көбіне ескі методологиялық әдіс-тәсілдерден арыла алмай келеміз. Содан келіп инновация біздің өмірімізден етене орын ала алмай отыр. Инновация ұшқыр қиялды, сондай-ақ техниканы, соның ішінде компьютерді жақсы білуді талап етеді. Қазір түрлі-түрлі адам таңғаларлық бағдарламалар жасап шығарып жатқан жастар бар, бірақ соларға дұрыс бағыт-бағдар мен қолдау жетпейді. Қазіргі жастар өте қағілез және олар жаңалық атаулыны, сәл қызықтырсаң бітті, ары қарай өздері-ақ алып кетеді. Сондықтан біз ғылымды дұрыс жолға қойғымыз келсе, онда бүгінгі ұрпақты ғылыми инновацияға бағыттауымыз керек, әншілікке емес. Теледидар қоссаңыз бітті, қосақталған қыз-жігіттер шығады, білетіндері – тек ән салу, мүмкін, солармен дұрыс жұмыс істелгенде кім білсін, ғылымға ден қояр ма еді. Қазір олар үшін инновация деген жат, бір ақылға сыйымсыз, дүдәмал нәрсе секілді көрінуі мүмкін. Біріншіден, бізде ғалымдарға деген құрмет өнер адамдарымен салыстырғанда көп кейін, екіншіден, мектеп қабырғасында жүйелі бағыт жоқ. Осы себептен біз ғылыми инновацияны мектеп пәні ретінде енгізуіміз керек.
Түйін
«Өнер-білім бар жұрттар, тастан сарай салғызар, айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызар» деген қазақтың тұңғыш ағартушысы Ыбырай Алтынсарин тап осы біз өмір сүріп жатқан қоғамды айтқан секілді. Көкірек көзімен көш ілгері заманды алдын ала көріп кеткен ғұламалар аңсаған заманды өз көзімізбен көріп отырған біз – бақытты ұрпақпыз. Алайда ғылымның кереметтігі де сонда, онда меже, шарықтау шегі деген болмайды, яғни дамыған сайын дами береді, соған сай адам баласы да ұшқыр аттай қиялына одан сайын қамшы сала түспесе, көш соңында қалып қоюы ғажап емес.