Балаңыздың ғылыммен айналысқанын қалайсыз ба?
Тоқтар Есіркепов, экономика ғылымының докторы, профессор:
– Өз басым жас күнімнен ғылымға қызықтым. Кейін жоғары оқу орнын бітіріп, өз салам бойынша зерттеулермен айналыса бастағанда, балаларымның да қалаған ғылыммен шұғылданғанын қаладым. Алайда қазіргі қоғамдағы жастардың ғылымға деген көзқарасы басқа. Бір ағамыз: «Бір отбасында ең кемі үш бала болуы керек. Оның біреуі дәрігер, біреуі заңгер, біреуі өз мамандығың бойынша ізбасарың болса жақсы» дегенді жиі айтатын. Сөзінің жаны бар. Өкінішке қарай, ұлдарым ғылым жолын таңдамады. Әйтсе де кіші баламның ептеп икемі бар сияқты. Менеджмент бағыттары турасында екі-үш ғылыми мақала жазып, басылымдарға жариялап үлгерді. Айналама қарап отырсам, өзімнің ғалым-әріптестерімнің де көбінің бала-шағалары ғылымнан бөлек салаларда еңбек етіп жүр. Бұл ретте қазіргі кезде мемлекетіміз отандық ғылымды ынталандыруды сатылап дамытуға күш салып келе жатқандығын атап өтуіміз керек.
Сағатбек Медеубекұлы, өнертанушы, филология ғылымының кандидаты, доцент:
– Ғылым – ақиқат пен шындыққа көз жетудің жолы. Қай салада болмасын, белгілі бір нәрсенің астарына үңіліп, сырын ашу үшін оны зерттеуің керек. Зерттеу – ғылымның парыз-міндеті. Демек, ғылымға бет бұрған адам өз білімі мен зердесін ұштап қана қоймай, өзгелерге пайдасын тигізері хақ. Қай ғылым болмасын ол, ең бастысы, ұлтқа, жалпы адамзат дамуына пайда келтіруі тиіс.Сондықтан да баламның ғылыммен айналысқанын құптаймын. Бұл жолда оған барынша демеу көрсетіп, тәжірибемді сіңіруге тырысамын. Өйткені адам ғылымға атақ үшін емес, өз ісінен нәтиже шығарып, ақиқатқа жету үшін барады. Ең бастысы, ғылыммен шұғылдану – профессор, академик болуға ғана ұмтылу емес екенін түсінуіміз керек. Тек ғылымға шынайы ықыласпен, таза жүрекпен келу керек. Кезінде Алаштың қаншама ғалым-қайраткерлері атақсыз-ақ өтті. Тағы бір айтарым, ғалымды мансап, дәрежесіне қарап емес, жасаған еңбегіне орай бағалауға тиіспіз.
Шәріпжан Надиров, география ғылымының докторы, профессор:
– Бүгінгі жастардың интеллектуалды білім мен инновациялық ғылымның болашағы бар екеніне көздерін жеткізетін идеологиялық бағыт қажет. Осыны мықтап қолға алғанда ғана мемлекеттік жобаларды жүзеге асыруға жастарды тартуға болады. Ұзақ жылдардан бері ғылыммен айналысып жүргендіктен, сүйікті ісімді ұрпағым жалғастырса деген арман-тілегім болды. Өз ұлымды болашақта ғалым болады деп оқытып, дайындап едім. Өкінішке қарай, осыдан біраз жыл бұрын, қайғылы жағдай орын алып, бұл арманым жүзеге аспай қалды. Әйтсе де ағайын-туыстарымның балаларын ғылымға тартуға күш салудамын. Ұлы Абай «Ғылым таппай мақтанба» деген. Мен көптеген шетелдерде болдым. Ол жақта жастардың ғылыммен айналысуына барынша жағдай жасалған. Бізде ғылыми реформалар енді іске қосылуда.
Мәрия Майлықұтова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетi журналистика факультетiнiң аға оқытушысы:
– «Ғылым инемен құдық қазғандай» дейді. Машақаты мен соқпағы көп. Жемісі мен әділетсіздігі де қатар жүреді. Қазіргі қазақ қоғамында әсіресе жас ғалымдар өз орындарын таба алмай жүр. Өзімнің де ғылымға етене жақындығым болғандықтан бәрін көріп келемін. Өкініштісі сол – кейбір жағдайларда ғылыми атақ, дәрежеге жету тамыр-таныстықтың ықпалымен шешіліп жатады. Қаншама мықты ғалымдар мен жас ізденушілер өз идеяларын жүзеге асыра алмай, үлкен кабинеттердің есігін тоздырып жүр. Осы тұрғыдан келгенде, мен өз балаларымның ғылыммен айналысқанын қаламаймын.