Жапонияның Жоғарғы соты 1968 жылы төрт адамнан тұратын отбасын өлтірді деген айыппен өлім жазасына кесілген 87 жастағы Ивао Хакамаданың ісі бойынша жаңа сот талқылауын белгіледі, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
Хакамада сол кезде өлім жазасына кесілді. Amnesty International құқық қорғау ұйымының мәліметінше, ол әлемде өлім жазасына кесіліп, үкімін ең ұзақ уақыт бойы күткен адам болды, деп жазады BBC.
Хакамада бастығын, оның әйелін және екі баласын тонады және өлтірді деген айыппен қамауға алынды. Олардың денелері 1966 жылы Токио маңындағы соя өңдеу зауытында болған өрттен кейін табылған.
20 күндік жауап алудан кейін бұрын кәсіпқой бокспен айналысқан Хакамада кісі өлтіргенін мойындады.
Алайда сот кезінде Хакамада тергеушілер оны ұрып-соғып, кінәні мойынына алғызғанын айтты. Күдіктінің қорғаушылары да тергеушілер дәлелдемелерді қолдан жасады деп отыр.
Хакамаданың ісін қайта қарау кезінде оның ДНҚ-сы өлтірушінің киіміндегі қан дақтарынан алынған деректерге сәйкес келу-келмеуі қайта тексеріледі.
2014 жылы Жапонияның аймақтық соты Хакамаданы қамаудан босатып, істі қайта қарауды бұйырды. Судьялар оның кінәсі туралы дәлелдер ойдан шығарылған болуы мүмкін деп шешті. Токио соты шешімнің күшін жойды, бірақ енді Жапонияның Жоғарғы соты қайта тыңдау туралы шешімді қолдады.
«Мен бұл күнді 57 жыл күттім және қазір келді. Арқамнан жүк түскендей болды», - деді Хакамаданың 90 жастағы әпкесі Хидеко.
Дегенмен, қолданыстағы ережелерге сәйкес, Хакамаданың ісін қайта қарауға бірнеше жыл қажет болуы мүмкін. Жапондық қорғаушылар сот билігін бұл процедураны қысқартуға шақырды.
«Біз қазір 87 жасқа келіп, 47 жыл түрмеде отырғаннан кейін физикалық және психикалық аурумен ауыратын Хакамаданың құқықтарын қалпына келтіруді одан әрі кешіктіруге жол бере алмаймыз», - деді Жапония адвокаттар алқасының басшысы Мотодзи Кобаяси.
Әлемнің дамыған демократиялық елдерінің ішінде өлім жазасы Жапония мен АҚШ-та ғана жойылған жоқ.