Кеше, тамыздың 9-ы күні АҚШ-тың Йеллоустон ұлттық паркінде аю сонда жұмыс істейтін медициналық компанияның қызметкерін өлтіріп, жеп қойды. Бұл туралы CNN телеарнасы хабарлады.
Аталған медицина қызметкері кеше жұмысқа шықпай қалады. Содан кейін оны іздеу басталады. Ал қызметкердің мәйіті Йеллоустон көліне жақын маңдағы Элефант-Бэк-Луп-Трейл деген елді мекеннен табылады. Оның денесі ішінара желінген екен. Ал түпкілікті қорытынды дүйсенбі күні жүргізілетін сот-медициналық сараптамасынан соң шығарылады. Соған қарамастан, марқұмның жыртқыш жануардың шабуылынан қаза тапқаны туралы болжамды қазір де батыл айта беруге болады. Оның денесінде аңның іздері қалуы соны көрсетеді.
Мәйіттің жанынан табылған іздер оқиға орын алған жерде ұрғашы аю мен оның қонжығы болғанын байқатады. Шамасы, қызметкердің қазасына олардың тікелей қатыстары бар сияқты.
Парк әкімшілігі атап өткендей, Йеллоустонға көрші Монтана штатынан жұмыс істеуге келген жігіт мұнда бес маусымын өткізіп үлгерген тәжірибелі маман және жорыққа шығып тұратын турист саналады екен. Бірақ оның аты-жөні айтылып отырған жоқ.
Билологтар қазір төтенше жағдай орын алған ауданға тұзақ құрып тастады. Осыған орай оған түскен аңдарды кісі өлтіруші деп танып, өлтіріп тастау туралы шешім қабылданды.
2014 жылғы мәлімет бойынша, Йеллоустон паркінде шамамен жыртқыштардың 840 түрі тіршілік етеді. Олардың арасындағы аюлардың жасаған шабуылдары салдарынан қаза тапқандар сирек. 2010 жылдан 2014 жылға дейінгі аралықта мұнда осындай оқиғадан 4 адам қаза тауыпты.