1991 жылы АҚШ-тағы отбасы асырап алған Луис Азамат Альбертини есімді қазақ өз ұлты туралы көбірек білу үшін Қазақстанға келді. Бүгінде ол КИМЭП-те дәріс береді.
NUR.KZ порталы шетелдік қазақ жігітінің еліміз жайлы әңгімесін esquire.kz-ке сілтеме жасай отырып назарларыңызға ұсынады.
Мені үш жасымда асырап алды
Мені үш жасымда асырап алды. Қазақстаннан емес, Ресейдің Воронеж қаласынан алып кетті. Туған ата-анам туралы жалғыз білетінім – әкем электрик, ал анам мұғалім болған екен. Ресейге жақсы өмір іздеп келген олар, ақыры мені балалар үйіне өткізген.
Әкем мен анам Ресейге Кеңес үкемітінің құлдырауы кезінде келіп, Воронежден мені, одан кейін Санкт-Петербургта болашақ әпкем Жаннаны асырап алды. Жанна ол кезде екі жаста болатын.
Не себепті бізді таңдағанын білмедім. Балалар үйі біз туралы видео түсіріп америкалықтарға жіберіп отырған. Мені видеодан көрген ата-анам асырап алуға бел буған. Ол кезде бұл оңай еді. Видеодан қалаған баланы таңдап, анкета толтырасың. Сосын оны әкете берсең болады. Кейін сол видеоны өзім көріп, таң қалдым. Видеода мен еркін орысша сөйлеп жүрмін. Ал қазір менің орысшам өте нашар.
Бала кезімнен ағылшын тілін өзіме сіңіріп өскендіктен бүгінде таза сөйлеймін. Туылған кездегі есімім – Азамат. Ата-анам мұндай есіммен мені кекететіндер табылуы мүмкін деген оймен Луис деп атайтын болды.
Ал әпкемнің есімі өзгеріссіз қалды. Себебі Жанна олар үшін “Құдай берген” деген мағына беретін экзотикалық есімдердің бірі. Ол маған туған әпке болмаса да, түріміз азиаттық болғандықтан, америкалықтар басқаша ойлайды.
Америкалықтар мені жапондық немесе қытайлық деп санайтын, бірақ тек қазақ емес
Мен Мичиган штатының Гранд-Рапидс қаласында өстім. Онда мені жапондық немесе қытайлық деп санайтын, бірақ тек қазақ емес. Көбісі Қазақстанның не екенін де білмейді. Америкалықтар азиаттар туралы жақсы пікірде. Олар бізді математикадан мықты деп санайды. Бұл мен үшін мақтаныш болатын.
Балалық шағым керемет өтті. Ата-анам – ауқатты кісілер. Анам компания директоры, ал әкем жылжымайтын мүлікпен айналысады.
Әпкем екеуімізде отбасы да, үй де, екі мысық пен екі ит те болды. Біз туған балалары емес екенімізді бұрыннан білетінбіз. Себебі екеуіміз де ата-анамызға ұқсамаймыз.
Бірақ әкемнің де шашы қара. Әкем де, мен де көзілдірік киеміз, сондықтан аздап ұқсаймыз деп санаймын.
Мен қазақ екенімді колледжде бір-ақ түсіндім
Мен қазақ екенімді колледжде бір-ақ түсіндім. Кейін Қазақстанға қызығушылығым туып, Princeton in Asia бағдарламасымен Алматыға келдім. Қазір КИМЭП-те жұмыс істеймін.
Қазақстанда бір ай бойы қазақ отбасымен бірге тұрдым. Қазақтардың қонақжайлылығын көріп таң болдым. Бұл отбасына Америкаға Болашақ бағдарламасымен келген қазақ жігітінің арқасында түстім. Ол Қазақстанда өзінің үйінде тұра тұруға ұсыныс жасады. Анасы күн сайын түрлі қазақ тағамдарын жасап, отбасы мені жылы қабылдады.
Мұнда бәрі маған қазақсың деген сайын жаным жадырап сала береді
Мұнда бәрі маған қазақсың деген сайын жаным жадырап сала береді. Себебі мен расымен де этникалық қазақпын. Көпшілік маған «Сені жергілікті тұрғын деп ойладым!» деп жиі айтады. Дүкенге барып, үндемей тұрсам қазақша немесе орысша сөйлейтіндері де ұнайды. Ал кейбірі ағылшынша сөйлесем, өзінше тіл білімімен мақтанып тұрған қазақ деп санайды.
Әсіресе акцентпен такси ұстасам, «Нее? Қазақсың ба?» деп сұрайтындары қызық. Мен жоқ америкалықпын десем, олар “Жоқ сен біздікісің” деп қоймайды. Кей кездері бар өмірімді баяндап отырғаннан гөрі кәріспін дей саламын.
Жергілікті тұрғындар шетелдіктерге жылы болғанымен, өз ұлттарына ондай жайдарлылық танытпайды екен. Америкалық досыммен жүрсем, маған мүлдем назар аудармай, досыма ерекше көңіл бөледі.
Ата-анам менің Қазақстанға баруыма қарсы болмады. Олар осында көп ұзамай келуді жоспарлап отыр.
Құжатымда мен Кеңес үкіметінде туылғасын, орыс ретінде жазылғанмын. Екі рет Ресейде болсам да, ол жерде өзімді жат адамдай сезіндім. Бір күні Мәскеудегі жеміс-жидек сататын дүңгіршектен Қырғызстан азаматын жолықтырып қалдым. Ол маған жолың болған екен дегенде, расымен ата-анам асырап алмаса соның орнында жеміс сатып тұрар ма едім деген ой келді. Бүгінде ата-анама алғысым шексіз.
Туған ата-анамды іздемеймін
Туған ата-анамды іздемеймін. Әрине аздап қызығушылық бар. Дегенмен мен өмірімді өзгерткім келмейді. Ал Жанна болса, керісінше іздестіріп жүр.
Маған сүт те, жылқы еті де, бауырсақтар мен бешбармақ та қатты ұнады
Мен бұл елмен өзіме ортақ дүниелер барын сезіндім. Мәселен америкалықтар сүт өнімдерін ұната қоймайды. Ал маған сүт те, жылқы еті де, бауырсақтар мен бешбармақ та қатты ұнады.
Қазақ жігіттері қол алысып, ал қыздары беттен сүйіп амандасатыны маған оғаш көрінді
Қазақ жігіттері қол алысып, ал қыздары беттен сүйіп амандасатыны маған оғаш көрінді. АҚШ-та мұндайды көрмейсің. Маған бұл мәдени ерекшелік қатты ұнады. Тіпті танымайтын адамдар осылайша бір-бірне құрмет көрсетіп жатады. Таңертең келген сайын кеңседегі жүргізуші менімен қол алысады. Күні бойы оны көрмеймін. Бір-ақ әр таңым содан басталатыны қызық.
Қазақ балалары тілді тез үйренетініне таңмын. Олар АҚШ-та бір-ақ жыл тұрса да таза сөйлеп үйренеді.
Мен америкалық достарыммен осы елде алғаш рет пара бердім
Тауға барғанды ұнатамын. Алматыда тауға жарты сағатта жете алатының керемет. Өткен аптада Фурманов шыңында болдым. Көздің жауын алады. Мен америкалық достарыммен осы елде алғаш рет пара бердім. Үлкен Алматы көлін көруге рұқсат бермегесін формадағы азаматқа сұрағаны бойынша 5 мың теңге бердік.
Бәріміз қайтарда үндемей қалдық. Іштей мелмекетті құрдымға кетіріп жатқан бұл жүйенің де бір бөлшегіне айналғанымызды түсіндік. Ұялып, біртүрлі болып отырдық. Себебі бастапқыда бұл қалыптасқан заңдылықтарға еш бағынбайтынымызға сенген едік.
Қазақстан – парадокстарға толы
Қазақстан – парадокстарға толы. Мәселен, билік ел мүгедектер үшін бар жағдай жасауда дейді. Бірақ 5 айдың ішінде мен мүгедектерге арналған пандустарды әлі кезіктірген емеспін. Егер мен бұл елде мүгедектер арбасына таңылған болсам, қазір тірі де болмас едім. Ал Америкада мүгедектер толыққанды өмір сүре алады. Обаманы қара адам деп, ал АҚШ гейлерге толы дегенді жиі естимін. Бұл менің көңіліме қаяу түсіреді.
Архитектура да – парадокс. Бір шеті ескі Кеңес заманының үйлері болса, бір шеті Нұрлы тау. Біртүрлі көрінеді. Тұрғындар қымбат дүниелермен мақтанғанды ұнатады екен. АҚШ-тан гөрі Алматыда қымбат SUV көліктерін жиі кездестірдім.
Сосын қазақтар мен орыстар бөлектеніп жүретінін байқадым. Ең қызығы бейбіт түрде. Бұл да маған оғаш көрінді.
Тағы айтарым, көбісі мұсылманмын деп кеуде соққанымен, кейбірі оған лайық өмір сүрмейді екен.
Болашақта Қазақстан мен АҚШ-ты байланыстыратын тұлға болғым келеді. Америкалық және қазақстандық бизнесті өркендетуге өз үлесімді қоспақпын. Ол қолымнан келеді деп ойлаймын. Себебі екі ел де мені өзінкі санайды.