Ал экономиканың құлдырауына байланысты адамдар сапасы төмен жұмыс орындарына келісуге мәжбүр болады.
Халықаралық еңбек ұйымы жаңа баяндамасында осындай болжам жасап отыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл әлемдегі геосаяси ахуалдың ушығуы, пандемияның кесірі мен логистикалық буындардың ажырауына байланысты. Сондай-ақ баяндамада түрлі аймақтарда 2023 жылы еңбек нарығы әртүрлі өзгеретіні айтылған. Мәселен, Африка мен араб елдерінде жұмыс орындарының саны 3 процентке артады. Ал Солтүстік Америкада жұмыссыздық деңгейі өсетін түрі бар. Украинадағы жанжал Еуропа мен Орталық Азия мемлекеттеріне ең үлкен әсер етті. Дегенмен осы аймақтарда жұмыссыздар саны айтарлықтай өспейді.
Мануэла Томей, Халықаралық еңбек ұйымы бас директорының көмекшісі: - Болжам бойынша әлемде жаңа жұмыс орындарының ашылуы 1%-ке дейін баяулайды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе аз. Жұмыс іздеп жүрген 208 млн адам бар. Бұған отбасылық жағдайға байланысты еңбек ете алмайтын тағы 267 млн тұрғынды қосыңыз.
Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары цифрландыру мен автоматтандырудың салдарынан еңбек нарығы түпкілікті өзгереді. Көптеген мамандықтар, тіпті экономиканың кейбір салалары жойылады немесе қажеті азаяды. Алайда оның есесіне инновациялық жаңа мамандықтар пайда болады. Сондықтан біраз адамға өмірден артта қалмас үшін, жаңа мамандықтар игеруге тура келеді.