Сырымбек Тау: «Мектеп бітіргенше университеттің ақшасын өзім таптым»

Сырымбек Тау: «Мектеп бітіргенше университеттің ақшасын өзім таптым»

BusinessNews.kzBN-2030 сайты 1 тамыздан бастап, «2030 — 50 қазақстандық кәсіпкермен сұхбат» жобасын бастады. Бұл жобада елімізге танымал 20 ірі кәсіпкер және көпшілікке әлі таныла қоймаған 30 жас кәсіпкермен сұхбат құрамыз. Үшінші қонағымызды қабыл алыңыздар.

Сырымбек Тау — Кәсіпкер. YOKOHAMA, TRIANGLE компанияларының Қазақстандағы ресми дистрибьюторы. Моңғолияда туып-өссе де Қазақстанға келіп кәсібін табысты жүргізіп жатыр. Сырымбекпен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

 

Мен Моңғолиядағы Баян Өлгей аймағында 1980 жылы туғанмын. Әкеміз білім саласында жұмыс істеді. Сақсай деген жерде туғандықтан менің атымды Сақсай қоймақ болыпты. Бірақ артынан ойланып, Сырымбек деп есім беріпті. Он жылдық мектепті бітірген соң Ұлан Баторға барып Жоғарғы оқу орнында экономист мамандығында білім алдым.

Негізі мен бизнесті төртінші сыныпта бастағанмын. Естеріңізде болса, ол кезде Bombibom деген сағыздар, оған қоса Юрий Шатунов пен Ласковый майдың төсбелгілері (значок) сән болатын. Ол кезде жағдай қиын. Екі әпкем екі мемлекетте оқыды. Біреуі Қазақстанның Алматы қаласында оқыса, екіншісі Ресейдегі Иркутск қаласында білім алды. Ал әке-шешеміз үкіметтік жалақыда отырды. Соны көріп өскендіктен, алтыншы-жетінші сынып оқып жүріп, базарға шыға бастадым. Ол жерде сататындарымыз жаңа айтып кеткен сағыз бен значоктармен қоса, түріктің аяқ киім майлары. Ол маймен тоқсаныншы жылдары кожаный куртка бояйтын. Біздің бағымызға орай Моңғолия сақшыларының курткалары да кожаный еді. Көбісі өзі бояй алмағандықтан бізден көмектесуді сұрайтын. Соның арқасында мен майды сатып бір, куртканы бояп екі табыс таптым.

2003 жылдары біз көлік бизнесін бастадық. Ұлан Батордан Алматыға көлік тасыдық. Бір-бір көлікке мініп алып, біз 4500 шақырым жол жүретінбіз. Бір күні Қазақстанға Моңғолиядан емес, неге тікелей Жапониядан тасымасқа деген ой келді. Осылайша 2005 жылы Жапонияның өзінен көлік тасуға көштік. Сөйтіп, енді табысымыз жақсара бастағанда 2007 жылы оң жақ рөлді көліктерге тыйым салынды. Жапониядан әкелгендіктен біздің көліктердің барлығы оң рөлді болатын. Енді не істейміз деп біраз ойланғаннан кейін көлік шинасын сатуды қолға алдық. Басында біз Жапонияның бұрын ұсталған резинасын әкеліп жүрдік. Ол жақта халықтың жағдайы жақсы болғандықтан елу пайыз жүрмей жатып, шешіп тастайды. Егер резиналарын жақсы жағдайда апарып өткізсе, жаңасына белгілі бір пайыз мөлшерінде жеңілдік болады. Бұл кәсібіміз жақсарып бастағанында үкімет оған да тыйым салды. Сол кезде мен: «Біз қандай бизнес бастасақ, үкімет соған тыйым салатын болды ғой» деп күлгенім бар. 

Дегенмен әлі де сол саладасыздар ғой?
Иә, қазір жаңа шиналар сатумен айналысамыз. Бұл резиналарды біз үш сұрыпқа бөлеміз. Бірінші сұрыпқа YOKOHAMA, BRIDGESTONE, MICHELIN шиналарын жатқызамыз. Екінші сұрыпқа корейлік және жапондық резиналарды және TRIANGLE-ды кіргіздік. Ал үшінші сұрыпқа қытайдың кейбір дөңгелектері мен ресейлік резиналарды жатқыздық. Ал біз өзіміз қазір екі сұрыппен айналысамыз. Ол – бірінші сұрыптан YOKOHAMA, екінші сұрыптан TRIANGLE. Біз YOKOHAMA-ның Қазақстандағы ресми дистрибьюторымыз. Ал TRIANGLE-дың қазақстандық үш дистрибьютордың бірі бізбіз.

Қазақстанда кәсіппен айналысу қиын деген ұғым бар. Сіз осы сөзбен келісесіз бе?
Бізде қиындық көлікпен айналысқанда туындаған жоқ. Ескі дөңгелекпен айналысқанда болмады. Ал жаңа резиналарға ауысқанда аздап қиындық туғызды. Бизнесіміз жақсарып келе жатқанда Қазақстан Кедендік Одаққа кіріп кетті де, ресейлік тауарлардан кедендік салық алынды. Сәйкесінше, сырттан келетін тауарларға кедендік салық жоғарылады. Қазақстанның өзі дөңгелек өндірмегендіктен нарықты Ресейдің тауарлары баса бастады. Біз тауарымыздан 20-25% пайда көріп отырған едік, бәсекеге төтеп беру үшін өз пайдамызды 2%-ға дейін төмендетіп жібердік. Ал 2% дегеніміз – жұмысшылардың жалақысы мен отырған жерімізді төлеуге ғана жететін. Сол кезде қатты қиналдық. Ресейлік тауарларға кедендік салық болмағандықтан тауарлары арзандап кетті. Бұлармен де бәсекелес болып, бір жылдан кейін қайтадан жағдайымызды сәл түзеп алғанбыз.

Осы кезде тағы бір қиындық – доллардың көтеріліп кетуімен келді. 9-ақпан күні таңертең тұрып доллар бағасын көрген кезде құлап қала жаздадым. Мұның зияны біз үшін ұлан-асыр болды.

Резина деген бұл маусымдық тауар. Қыстық тауарға тапсырысты мамыр айында беріп қоясыз. Өйткені тапсырыс алынған соң, зауыт жасап, оны Қазақстанға жеткізгенге дейін қыс болып қалады. Ал жаздық тауарға тапсырысты қыркүйекте бересіз. Енді біз ақшаны төлеп қойып, тауарды күтіп отырғанда мына жақтан девальвация бах етті. Ол кезде келе жатқан тауардың ақшасына қысқа төлейтін тапсырысыңды жоспарлап қоясың. Долларға 20%, яғни 30 теңге қосылғаны бізге қатты батты. Тауардың үстіне ақша қосайын десең, көп клиенттерден ақшасы алдын ала алынып қойылған. Ал оларға сол бағамен берсек шығынға ұшыраймыз. Бұл тығырықтан шығудың жолы – халыққа бұрынғы бағасында беріп, ең құрығанда өзін-өзі ақтап алуын қадағаладық. Минусқа кірген жоқпыз. Бірақ бір жыл бойы 30-40 адам босқа жұмыс істегенмен бірдей болдық.

Қазақстандық нарықта сіздердің үлестеріңіз қанша? Тағы бір сұрақ – шина саласында Қазақстанда көшбасшы болғыларыңыз келе ме?
Әскери қызметкер болсаң, генерал болуды армандайсың. Білім саласында жүрсең, доктор, профессор болуды армандайсың. Сол сияқты бизнесте жүрген соң, біз де алға ұмтылудамыз. Бір жағынан ақша табу болса, екінші жағынан халыққа қол ұшын созу. Қай салада болса да бірінші нөмір болғанды кім жек көрсін. Бұл салаға келгенімізге төрт жыл ғана болса да, көлік саласындағы компаниялардың ішінен 48-орынды иеленіппіз. Өкімет бұл рейтингті төленген салық бойынша шығарады. Егер салық бойынша емес, тауардың көлемімен санаса, біз әлдеқайда алда болар едік.

Университетте экономика мамандығын оқыдыңыз. Бітіргеніңізге он жыл толғанда сол білім көмектесе ме? Көмектессе қалай көмектесуде?
Мен бұл сұраққа басқаша жауап берейін. Қазақта «адам көргенін істейді» деген сөз бар емес пе?! Шынында адам көргенін істейді. Көрмесе, сол көрмегенін істейді. «Көргенсіз» деген қазақтың жаман сөзі де осындайдан туса керек.

14-15 жасымда әкем екеуміздің бюджетіміз екі бөлек болып кетті. 13 жасымнан өзім ақша жинадым. Университетке барғанда да қатты қиналған жоқпын. Өйткені, мен мектеп бітіргенше сол өзіме керек қаржыны жинап алған болатынмын.
Біздің университетте қызық бір бағдарлама болатын. Егер сен бір жыл бойы сабақты мықты оқысаң, қалған төрт жылыңды тегін етіп береді. Мұны білген мен бірінші курсқа барғанда жатпай-тұрмай оқыдым. Жыл соңындағы нәтижем 1200 адамның ішінде екінші орынды иеленуім болды. Осылайша жаңағы жеңілдікті иеленіп алдым. Екінші курс басталды. Бірінші курста сабақ оқып көрініп тастағанмын. Бәрі оң көзбен қарайды. Қолым сәл бос болған соң, мейрамханада даяшы болдым, кассада тұрдым. Кейін администраторлыққа көтерілдім. Нәтижесінде университетті бітіргенде өзіміздің Баян өлгей аймағынан бір пәтер ала алатын ақшам болды.

Тағы бір айта кетерлік жайт – университетте оқып жүргенде бірге оқитын балалармен шет ел көрсек деген ой туды. Осылайша алдымен Қытай қаласы Пекинге бардық. Ол жақтан не тірлік істеуге болатынын қарап қайттық. Одан кейін төртінші курста Мәскеуге бардық. Мәскеуден кейін Түркияға жол тарттық.

Ел аралап жүріп не көріп, не түйдіңіздер?
Пекинге барғанда Қытайдың қалай қатты дамып кеткенін көрдік. Қонақ үйдің алдындағы тастарды сабынмен жуғанын көргенде қатты таң қалғанбыз. «Мәссаған, жер жуатын машиналары бар екен» деп қоясың (күледі). Осындай ұсақ-түйекті көре жүріп көзің ашылады ғой. Пекинде түнгі базар деген бар. Таңғы бесте ашады да сағат онда жауып тастайды. Оны көрген біз «Е, мыналарға ақша керек емес пе. Сағат онда жауып тастайтыны несі?» деп қоямыз. Сөйтсек, олар тауар бітіп қалған соң жабады екен. Ал екінші себебі жол кептелісі болмасын деп үкімет жаптырып тастайды екен.

Ал, Түркияда антикварлы заттар қатты бағаланады екен. Бізбен бірнеше кісі еріп Моңғолияға келді. Олар ата-бабамыздан қалып кеткен ескі заттарды едәуір бағаға сатып алатын. Осы жерде бір есімде қалып кеткен оқиға болды. Бір 80-90 жасқа келіп жеткен апамыздың ер-тұрманы бар екен. Ол кісінің жас кезінде ұзатылғануына төркіні сыйлапты. Бірақ ердің жағдайы сол кезде өте нашар еді. Біз барғанда ол қорасының бір бұрышында жатыр екен. Барып, ол кісіден алуға рұқсат сұрағанымызда ойланбастан: «Балам, алып кете бер. Бұл өстіп жатып жоғалғанша, Түркияның бір музейінде тұрғаны жақсы» деді. Біз құнына мың доллар бергенде ана кісі балаша қуанған.

Менің білуімше, сіз әуежайда жиі жүресіз. Біреуді күтіп алып, екіншілерін шығарып салып дегендей…
Ә, иә. Сенің фейсбуктағы маған жазған пікіріңде «Әуежайдан үй алсаңызшы» дегеніңді көргенмін. Бизнес жасаған соң жүріс көп болады. Бір жылда он екі ай болса, соның алты-жеті айын далада өткіземін. Әлемді, Қазақстанның барлық жерлерін аралап келдік. Көлікпен жүретін жерлерін көлікпен, ұшақпен ұша алатын жерін ұшақпен дегендей. Кеңестік АН-2 ұшағымен ұшқан кездер де болды. Мысалы, Қызылордаға барғанда таксист жігіт менің қайдан келгенімді білген кезде: «Алматыда Медеу деген жер бар дейді ғой?» деп тамсанғаны есімде. Сол жігіт сияқты қалып кетпей, мүмкіндік болып тұрғанда Қазақстанды толық аралап шыққан дұрыс. 2008 жылдан бастап, әр жұп жылдары Қазақстанды аралап келетінбіз. Көлікпен жүргеннің бір жақсысы – табиғатты көресің. Ұшаққа мінсең ұйықтап қаласың ғой.

Аралайтыныңыз Қазақстан ғана емес қой бірақ?!
Әлемді де көп араладым. 2013-2014 жылдары жүріс мүлдем көбейіп кетті. Содан кейін достарым қайда жүргенін біліп жүрсін деген оймен фейсбук парақшама қайда жүргенімді білдіретін функция қойып қойғанмын. Жапониямен қосылып бір-екі жоба жасап жатқан едік. Сол жұмыс көп жүрісті талап етеді. Әншілерден үйің қайда десе, үйім ұшақ болып кетті дейді екен ғой. Сол сияқты біздің де үйіміз ұшақ бола бастады.

Тоқсаныншы жылдары Американы бір көрген адамның көзі бес жылға ашылады дейді екен. Мен айтар едім, қазір Сингапур, Малайзия, Вьетнам сияқты Азияның мемлекеттерін көргендердің көзі бірнеше жылға ашылады. Оларда қазір көлік саласы да, электроника да қатты дамыған. Бүгінгі күні Америкаға барып жақсы қалаларды көріп қайтатын шығарсың. Ал жаңағы мен айтқан елдерден еңбекқорлық пен алға ұмтылысты көресің.

Менің білуімше, Қазақстанды «Қазақ елі» деп өзгертуге қарсы емессіз. Солай ма?
Былтыр Жапонияда жүрген болатынмын. Ямоуши деген жасы үлкейіп қалған досымыздың үйінде отырғанбыз. Ямоушиді Қазақстанға арнайылап шақырып жатырмын. Ол да «Шақыртуларыңызды қабыл алдым. Міндетті түрде Қазақстанға барамын» деп жатыр. Сөйтсе, 88 жастағы оның анасы: «Байқа, барғанда абайсызда оқ тиіп кетпесін» дейді. Ауғанстан сияқты соғысып жатқан ел екен дегендегісі ғой. Осы бір мысалдан ғана көп нәрсені байқауға болады. Бұл оқиға жаныма қатты батты. Қонақ үйге келген соң мен фейсбукке: «СТАНнан бізге келіп кетер ештеңе жоқ. Бұл атау бізді артқа тартпаса, алдыға сүйремейді. Неге Қазақ елі деп атамасқа» деп жазғанмын. Шамамен екі айдан соң президентіміз «Қазақ елі» деп өзгертсек» деген пікірін айтып қалды. Мұны естіген достарым: «Елбасы сенің фейсбук парақшаңды оқиды ғой деймін» деп қалжыңдап жатыр.

Шет елге көп шығасыз. Солардан бізге қандай бизнесті дамытуға болады деп есептейсіз?
Қазақстан қазір өндіруші елдерге тәуелді болып отыр. Біздің өндіріп шығаратын тауарымыз өте аз. Шикізатпен отыра бермей, Қазақстан үшін өндіріс орындарын ашқан дұрыс. Ол мейлі шанышқы немесе кесе болса да.

Не жасауға болады дегенге келсек, бір мысал айтайын. Резина негізінен каучук, темір және матадан тұрады. Олардың темірін бір бөлек, матасын және каучугін бір бөлек ажыратып жатыр. Дөңгелектегі темір ең мықты тросстан жасалады. Оны алып металлға қосып жатыр, резинасын жол жасайтын зауытқа айдап жатыр. Ал матасын құрылыста қолданылатын стекловата жасауға жібереді. Резинадан қалдық қалып жатқан жоқ. Бәрін қажетке жаратуда. Қазақстанда осы нәрсені қолға алуға болады. Бізде ескі резиналар деген толып жатыр. Ешкімге керек емес. Неге осындай зауыт жасамасқа? Қалай болғанда да бізге өндіріс орнын ашқан тиімді.

Өздеріңіз өндіріске қалай мән беріп жатырсыздар?
Болашақта біз NITTO дөңгелек резинасының өндірісін қойсақ па деп жоспарлаудамыз. Баяғыда Шымкетте Шинзавод деген болған. Кейін ол жеке қолға өткенде өндірісті құлдыратып алды. Өндіріс орнын салған соң, сапалы болғаны жақсы. Әйтпесе ол да қиын. Мысалы, біз көлік саласында жүргендіктен, бір детальді дұрыс жасамаудың салдарынан авария болып, адам өміріне қауіп төнуі мүмкін. Екіншіден, ертең мемлекет стандарт қояды. Ол стандартқа сай болу үшін де өнімің сапалы болуы тиіс. Қазір NITTO-мен келіссөз жүруде. Алла қаласа, Қазақстанға зауыт қоямыз деп ойлаймын.

Кез келген мемлекет болсын, компания болсын, белгілі бір уақытқа қойған стратегиясы болады. Сіздерде ондай бар ма?
Менің Нұрсұлтан Әбішұлына бір риза болатын жерім, не нәрсені болса да алыстан қарайды. Мысалы, кейбір адамдарға кезігіп қалсаң «Е, қойшы, 2050 жылға дейін кім бар, кім жоқ?» дейді. Бұл дұрыс емес. Өзі жоқ болса да бала-шаға, немере-шөбересі болады ғой. Алысты ойлаған өте дұрыс. Сол секілді біз де қай компаниямен жұмыс істессек те, алдағы бірнеше жылды жоспарлаймыз. Мысалы, біз 2012 жылы жоспар құрғанда 2020 жылға дейінгі тапсырысты YOKOHAMA-ға бердік. Тағы бір айта кетерлік нәрсе – біз мемлекеттің қалай өркендеп немесе құлдырап жатқанына қарап, алдағы бес жылға сараптама жасап отырамыз. Мысалы, мен өзіммен қоса он адам ертіп, қолымызға фотоаппарат алып, Алматы қаласындаға ірі сауда орындарының алдындағы көліктердің дөңгелектерін суретке түсіріп шықтық. Ондағы мақсатымыз – қандай көлік қандай резина салып жүргенін анықтау. Сараптама жасап, YOKOHAMA адамдарына көрсеттік. Осы сараптамаға сүйеніп, біз 2020 жылға дейін тапсырыс бердік. Мысалы 2015, 2016 жылы тапсырысты көтереміз де, 2017 жылы тапсырысты азайтамыз.

Тапысырысты неге азайтасыздар. Жыл сайын арттырып отыру керек емес пе?
Бізге олар да осындай сұрақ қойды. Ал біздің құлдырату себебіміз, 2017 жылы Қазақстанда ЕХРО өтеді. Сол кезде халық барлық нәрседен, резина түгіл киімнен үнемдеп кете ме деген ойдамыз. Осыны айтқан кезде YOKOHAMA-лықтардың ойымыздың жөн екеніне көздері жетті.

Жетістікке жеткен адам біреуге еліктеп өседі. Сіз кімге еліктейсіз?
Қазір қазақтардың ішінде еліктеуге тұрарлық азаматтар көбейіп келеді. Соның бірі «ZHERSU» корпорациясының президенті Бауыржан Оспанов ағамыз. Екі-үш рет дастархандас болдық. Қандай қазақы адам. Өзіңнен өзің еліктегің келіп тұрады. Тағы бір сондай азамат – Арман Шораев. Қазақстан барысын екі-үш жылда қалай дамытып жіберді?! Ешкімге зиянын тигізбей, өз еңбегімен жұмыс істеп жатыр. Оған қалай еліктемейсің?

Кез келген бизнес, жұмыстың барлығы арманға келіп тіреледі. Арманыңыз қандай?
Сол секілді бизнестің сыртында халыққа, айналамыздағы адамдарға қол ұшымызды беріп, пайдамызды тигізсек. Ешкіммен араздаспай өтіп кетсек деген арманым бар. Егер бір жиындардан көрініп қалсаң, «О, мынау саясатқа араласқалы жүр екен» дейді. Ал бір жерде «Әлхамдилулла» деп қалсаң, дінде жүр екен деп қалады. Біздегі ұғым сондай болып кеткен. Қазақ алдыға шыққанды етегінен тартпай, керісінше иығынан итеріп жіберсін. Қолыңнан келгенше көмегіңді тигіз. Өзінен артылып тұрса, не істейсің оны? Адам болып келіп, адам болып өтіп кету, менің ең жоғарғы арманым.

Сұхбаттасқан Данияр Жаныс

businessnews.kz/2014/08/syrymbek-tau/

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста