Қазақстанда 2022 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметкерлеріне еңбекақы төлеуге 9 млрд теңгеден астам сома жұмсалды. Бұл туралы мекеменің басқарма төрағасы Сәбит Ахметов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі , “Адырна” ұлттық порталына сілтеме жасап.
- Орта есеппен алғанда 2022 жылдың қорытындысы бойынша қызметкерлерді ұстауға 9 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. Қорда мыңға жуық адам жұмыс істейді. Біздің барлық облыс бойынша филиалдарымыз бар, онда 700-ге жуық адам жұмыс істейді, - деді Сәбит Ахметов.
Қаржының 80 пайызы еңбекақыны, 20 пайызы өзге шығындарды өтеуге жұмсалған.
Сонымен қатар Сәбит Ахметов әлеуметтік сақтандыру қорында қызметкерлердің ұзақ мерзімге тұрақталмайтынын айтты.
- Орташа жалақы – шамамен 450 мың теңгені құрайды. Бірақ бұл ондай көп сома емес. Себебі бізде жыл сайын кадрлардың ауысуы 22 пайызды құрайды. Яғни әрбір бесінші адам жыл сайын жұмыстан кетеді деген сөз. Жүктеме өте үлкен болғандықтан, жұмыс та өте көп. Сәйкесінше олар мұндай жүктемеге шыдамай, қызметтен кетеді. Егер жалақымыз жақсы болғанда, онда адамдар бізден кетпейтін еді, – деді ол.